«ЖАҢА ЗАМАН ӘДЕБИЕТІНІҢ» ӘДЕМІ КЕШІ

«ЖАҢА ЗАМАН ӘДЕБИЕТІНІҢ» ӘДЕМІ КЕШІ

«ЖАҢА ЗАМАН ӘДЕБИЕТІНІҢ» ӘДЕМІ КЕШІ
ашық дереккөзі

«Жаңа заман әдебиеті» сериясымен шыққан кітаптар 45 атаудан тұрады, оның ішінде 25 прозалық және 19 поэзиялық шығармалар. Дәл осылай, «Драматургия» бөлігі бойынша «Тәуелсіздік толғауы» байқауының ең үздік пьесалары топтастырылған «Өрілген өмір өрнегі» атты кітап басылып шықты.

Шығарылған кітаптар ішінен Фариза Онғарсынова, Қадірбек Сегізбайұлы, Рахымжан Отарбаев, Әкім Тарази, Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Гүлнар Салықбай, Ұлықбек Есдәулет, Мархабат Байғұт, Төлен Әбдік, Несіпбек Дәутайұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Қуандық Түменбай, Нұрлан Мәукен, Рафаэль Ниязбеков, Жолтай Әлмашұлы, Есенқұл Жақыпбек, Несіпбек Айтұлы, Бауыржан Жақып сынды белгілі ақындар мен жазушылардың жаңа туындыларын атауға болады.

Мемлекеттік тапсырыспен шығарыл­ған кітаптарға үстіміздегі жылы респуб­ли­к­алық бюджеттен 1 093 286 мың теңге бөлініп, жалпы таралымы 816 430 дананы құрайтын 407 аталым кітап шығарылып, республикалық кітапханаларға тегін таратылған.

Тұсаукесер рәсімін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев ашты. «Жаңа заман әдебиеті» сериясымен шыққан кітаптар – тәуелсіздік жылдары жарық көрген таңдаулы шығармалардың басын біріктіреді, – дейді ол. – Сондай-ақ төл әдебиетімізге үлес қосып жүрген қаламгерлерімізге қанат бітіреді деп ойлаймын. Өйткені олардың ішінде әдебиеттің аға буын өкілдерінен бас­тап, жазғандары заман талабына сай келетін жастардың да шығармалары бар. Шындығына келсек, дәл қазіргі кезде қазақ әдебиеті қайтадан жаңғыру алдында тұр: жақында біз «Жас толқын» сериясын қолға алмақ болып едік, жас ақындардың өзі отызға жақындап қалды. Бұл дегеніміз, қазақ әдебиетінің болашағы алда деген сөз», – дей келіп, барша қаламгерлерге шығармашылық табыстар тіледі.

Содан соң сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Бораш «Жаңа заман әдебиеті: проза, поэзия, драма» сериясымен 2012 жылы басылып шыққан кітаптарға шолу жасады. «Жаңа заман әдебиеті» сериясында белгілі бір үйлесімділіктің бар екенін және шығарылған кітаптарда шығарманың мазмұны ескерілгенін, бұрын-соңды баспа бетін көрмеген туындыларға жол ашылғанын атай келіп, қазіргі қазақ әдебиетінің деңгейін осы кітаптардан аңғаруға болатындығын жеткізді.

Ал жарыққа шыққан туындылар жөнінде Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Дүкенбай Досжанов, Несіпбек Айтұлы, Әлібек Асқар, Мереке Құлкенов, Ғарифолла Әнес, Жүсіпбек Қорғасбек, Темірғали Көпбаев секілді қаламгерлер мен баспагерлер өз пікірлерін білдірді. – Серияға енген туындылар, әсіресе халықтың рухани-білім және ақыл-ой, мәдениеттілік деңгейінің жоғарылауына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге жағдай жасайды, – дейді тұсаукесерге қатысушылар.

Шынында да, «Жаңа заман әдебиеті» сериясымен шыққан кітаптар мемлекеттік ұс­танымды; ұлттық, этикалық, мәде­ниет­ті­лік, рухани құндылықтарды, биік өнегелі және патриоттық сезімді қалыптастырып, болшақ ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге сеп болары сөзсіз. Ендеше, «жазар көбейсін, жазылған шығарманы жарыққа шығаратын баспа мен жанашыр жандар көбейсін!» – деп тілейік. Сонда осындай халыққа, қоғамға қажетті шараға бірден бір мұрындық болып отырған министрліктің де мәртебесі артып, беделі одан сайын бекем бола түседі.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана