НАСИХАТ ТОБЫ ОҢТҮСТІККЕ КЕЛДІ

НАСИХАТ ТОБЫ ОҢТҮСТІККЕ КЕЛДІ

НАСИХАТ ТОБЫ ОҢТҮСТІККЕ КЕЛДІ
ашық дереккөзі

Жуырда оңтүстікке ауыл шаруа­шы­лығы министрі келді. Асылжан Мамытбековтің бұл іссапары Елбасының жыл басында халыққа арнаған Жолдауын кезекті рет насихаттауға арналған. Яғни ауыл шаруашылығы министрінің бұл сапары Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауын насихаттаудың екінші кезеңіне жатады.

Әлем елдері ғаламдық дағдарыстың құрсауынан шыға алмай жатқанда, қазақ елінде керісінше экономика қарқынды дамып, жалақы, зейнетақы, сондай-ақ қаржылай көмектер жыл сайын өсуде. Президент жолдауының мәнін түсіндіруде Мамытбеков осындай мысалдарды тілге тиек етті. Енді қолда бар алтынның қадірін бағалап, мәселелерді шешу үшін 10 түрлі басым бағытты ұстануымыз ләзім. Қазақстандықтарды жұмыспен қамту, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, білім мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру, зейнетақы мен жәрдемақыны жүйелі ретке қою — басым бағыттардың бір парасы болып табылады. Асылжан Мамытбеков өз сөзінде ауыл шаруашылығы ісінде, әсіресе мақта өсіруде облыстың әр гектардан 27 центнерден ақ алтын алғанын да айта кетті. Бұл – бұрын болмаған көрсеткіш. Сондықтан саланың одан әрі дамуы үшін «Инвестициялық субсидиялау» жобасы іске қосылатынын да мәлімдеді. Оның пікірінше бұл ауыл шаруашылығының жаңа технологиямен, жаңа әдіспен дамуына көмек беретін болады.

Болашақта ауыл шаруашылығы саласының маманы болатын Алтынай бүгінгі насихаттау ісін ерекше ыждағатпен тыңдады. Студентті әсіресе, фермерлерге жасалатын көмек қуантыпты.

Алтынай ЖАҚШАНОВА,

студент:

«Маған ұнағаны, мемлекеттің фермерлерге көмек беретін тұсы. Қазір мәселен, ісін дамытқысы келетін адам көп, бірақ қолында қаражатының жоқ болуы жұмысының кері қарай кетуіне себеп болуда. Сондықтан осындай азаматтарға көмек қолы созылса, нұр үстіне нұр болар еді».

Президент Н.Назарбаевтың «Әлеумет­тік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауын 10 адамнан құралған 8 топ облыстың өзге де өңірлеріне барып насихаттады. Министрліктен келген насихат тобы осылайша Оңтүстік Қазақстан облысында екі күн болып, толымды жұмыстардың басын қайырып қайтты.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы