ЕУРОПА ҚАЗАҚ ҚОҒАМДАРЫНЫҢ ІЗГІ ҚАДАМДАРЫ

ЕУРОПА ҚАЗАҚ ҚОҒАМДАРЫНЫҢ ІЗГІ ҚАДАМДАРЫ

ЕУРОПА   ҚАЗАҚ   ҚОҒАМДАРЫНЫҢ ІЗГІ ҚАДАМДАРЫ
ашық дереккөзі
420

Қазіргі таңда қазақ халқының елеулі бір бөлігі ҚР шекараларынан тысқары жерлерде тұрып жатыр. Ал Батыс Еуропадағы бірқатар елдерде де қазақ диаспорасының өкілдері өмір сүреді. Биыл Батыс Еуропа елдеріндегі қазақ диаспорасының қалыптаса бастауына 50 жыл толып отыр. Бұндағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қол қойылған «еңбек миграциясы» туралы келісім-шарт бойынша 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған. Түркиямен сондай келісім-шарттар ол кезде еңбек күшіне мұқтаж басқа Еуропа елдерімен де жасалған. Сол еңбек миграциясы келісім-шарттары негізінде қазақтар тағы Түркиядан сол 1960 жылдардың алғашқы кезеңдерінен бастап, 1970 жылдардың аяқ шеніне дейін Германияға қоса Швеция, Франция, Австрия, Норвегия, Дания және Швейцария сияқты Батыс Еуропа елдеріне көшіп барған. Осылайша Еуропа елдерінде қалыптасқан қазақ диаспорасының қатары 1980 жылдары Түркиядағы қазақтардың өз беттерінше Голландия, Франция, Ұлыбритания және Австрия сияқты елдерге қоныс аударуымен толыға түскен.

Жалпы алғанда Еуропада тұратын қазақтар екі топтан құралады: бірінші топтағылар 1950 жылдары Қытайдың Шыңжаң аймағынан «бұрынғы Шығыс Түркістан» Пәкістан және Үндістан арқылы Түркияға көшкен, ол жерден жоғарыда аталған еңбек миграциясы арқылы Батыс Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақ отбасылары мен олардың балаларынан құралады. Сан жағынан аздау келетін екінші топқа кіретіндер: 1920 жылдардың аяғына таман Қазақстанда жүргізілген советтендіру саясатының салдарынан елдерінен кетіп, Ауғанстан және Иранға көшкен, әсіресе 1980 жылдардан бастап тағы Түркия мен Иран арқылы Еуропаға келген қазақтар мен олардың ұрпақтарынан құралған.

Батыс Еуропаның әртүрлі елдеріне қоныстанып, тұрған жерлеріндегі тұрмысқа бейімделе бастаған сол қазақтар біраз уақыттан соң өздерінің ана тілдерін, ұлттық қасиеттерін, мәдениеттерін және салт-дәстүрлерін сақтап, оларды келешек ұрпақтарға жеткізудің қамына кіріскен. Осы мақсатқа орай олар қоғамдық ұйымдар құрып, солардың айналасынa топтаса бастаған. 1980 жылдардың басында тұңғыш рет Германияда құрылған қазақ мәдениет қоғамдарының қатарына басқа Еуропа елдерінде құрылған қазақ қоғамдары да қосылған. Осы қазақ орталықтары өзара байланыстарын, жұмыстарын белгілі бір жүйеге келтіріп, үйлестіріп отыру мақсатына орай «Үйлестіру кеңестері» ұйымдастырылып, сол арқылы бәрінің басын қосатын бір шаңырақ ұйым құруды қолға алған. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, Еуропадағы 10 қазақ қоғамы 2009 жылы ресми түрде «Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясын» құрған.

Еуропа Қазақ қоғамдары алдарына қойған аталған мақсаттарын жүзеге асыру үшін бірқатар шараларды іске асыруда. Олардың ең бастыларының бірі, жыл сайын Еуропаның қазақтар қоныстанған бір елінде өткізілетін дәстүрлі «Eуропа қазақтарының кіші құрылтайы». 2002 жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан бұл құрылтайларға Еуропада тұратын қазақ диаспорасының жүздеген өкілдеріне қоса, орталығы Aлматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылары, Қазақстанның үкімет адамдары, ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері, ән-би ансамбльдері, баспасөз қызметкерлері де қатысады. Әсіресе, шетелдерде туып-өскен жастардың бір-бірлерімен танысып-білісулеріне дәнекер болған және әртүрлі елдерде өмір сүріп жатқан ағайынның басын қосқан осы құрылтайларда Еуропадағы қазақ диаспорасы душарласып отырған ана тіліне, ұлттық мәдениетке, ұлттық құндылық және салт-дәстүрлерге қатысты проблемалар талқыланып, оларға қатысты шешім-шаралар қарастырылады. Тағы осы тақырыптар аясында, Еуропа Қазақ қоғамдары федерация­сы мен оны құрайтын Еуропадағы Қазақ қоғамдары 2009 жылдан бері жыл сайын Еуропаның бір қаласында Еуропадағы қазақ диаспорасының жастарына арналған конференциялар да өткізіп келеді.

Еуропа елдерінде тұратын қазақтар арасындағы ең басты қиыншылықтардың бірі ана тіліне қатысты болып отыр. Қазірге дейін атқарылып отырған ізгі ниетті іс-әрекеттерге, шараларға қарамастан Еуропа қазақтары арасында қазақ тілінің жағдайы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын, әсіресе жас буынның ана тілін мүлдем білмей, ұмыта бастағанын мойындауға мәжбүрміз. Қазақ диаспорасын қатты алаңдататын мұндай жағдайдың қалыптасуының кейбір себептерін мысал ретінде келтіріп кететін болсақ:

Бұрын диаспора өкілдері елден келген үлкен кісілермен басқа тіл білмегендіктен балаларымен және немерелерімен тек қана қазақ тілінде сөйлейтін. Сондықтан отбасы арасында қазақша сөйлесетін. Бірақ қазір сол аға буынға жататын үлкен кісілердің қатары тым сиреп барады. Бұл шетелдерде тұратын қазақтар арасында қазақ тілінің қолданылу үрдісіне ауыр соққы болып тиді;

Еуропада қазақша сөйлейтін орта жоқ. Балалар мектептерде, үлкендер болса жұмыс орындарында тұрған жерлерінің тілімен сөйлейді. Үйге келсе олар түрікше сөйлеседі. Өйткені қазіргі Еуропадағы қазақ диаспорасының орта буын өкілдерінің барлығы дерлік Түркияда туып-өсіп, мектептерде түрік тілінде оқыған адамдардан құралады. Сондықтан олардың балалары қазақшаға шорқақ немесе мүлдем білмейді. Бұған қоса түрік тілінде кең тараған теледидар хабарлары мен түрік тіліндегі кино фильмдері де мұндай жағдайдың қалыптасуына үлкен ықпал етуде;

Бір ескерерлік жайт, тамырлас, түбі бір тіл болғандықтан ба, түрікше сөйлеген қазақ жастары кейін қазақ тілін үйренгенде тез қабылдап, тез үйреніп кетіп жүр. Мұның кейбір мысалдарын Түркиядан, яки Еуропадан Қазақстанға оқуға барған қазақ жастарының арасынан көріп те жүрміз. Бірақ қазір, қазақ диаспорасының жаңа буынына жататын Еуропада туып-өскен ата-аналар арасында жаңа бір дағды қалыптасып келеді. Осы жаңа буын ата-аналар отбасында, өзара және бала-шағаларымен өздері тұрып жатқан жердің тілімен сөйлей бастады. Бұл енді шетелдегі қазақтар арасында болашақта қазақ тілін сақтап қалуға төнген ең үлкен қауіптің бірі болып есептелсе керек.

Әйткенмен, Еуропадағы Қазақ қоғамдары қазақтар арасында қалыптасқан ана тілі жөніндегі осы ұнамсыз беталысқа қарсы қол қусырып, жайбарақат өз жайларында отыр деуге де болмайды. Мысалы, Лондон, Париж, Кельн, Мюнхен және Вес­терос сияқты қалаларда Қазақ мәдениет қоғамдары көптеген уақыттан бері қазақша үйрететін курстар ұйымдастырып келеді. Бұл оқу курстарына мезгіл-мезгіл Қазақстанның Еуропадағы дипломаттық өкілдері де қолдау білдіріп отырады.

Аптасына бір реттен оқытылатын қазақша үйрену курстарына қызығушылық көп. Өйткені ол курстарға балалар, жастар, тіпті ересек кісілер де қатысады. Бірақ бұл қазақша үйрету курстары кейде жалғасын таппай, үзіліп те қалады. Сондықтан Еуропа Қазақ қоғамдары Федерациясымен Франция Қазақ мәдениет қоғамы тарапынан 2011 жылдың желтоқсан айының 24-25 күндері Францияның астанасы Парижде бірге ұйымдастырылған «III Еуропа қазақ диаспорасының жастар конференциясы» осы мәселені қарап, бірқатар шешімдер қабылдады. Оған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері де қатысты.

Сол шешімдерде қазақ тілін үйренудің ең тиімді жолдарының бірі интенсивті курс­тар ұйымдастыру екендігі баса көрсетілген. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Еуропа қазақ қоғамдары Федерациясы мен Франция қазақ мәдениет қоғамы тарапынан осы үстіміздегі 2012 жылдың сәуір айының 16-29 күндері аралығында Парижде жастармен ересектерге арналып, 2 апталық интенсивті қазақ тілі курсы бірге ұйымдастырылған. Қазақстаннан келген маман мұғалімдердің жетекшілігінде аса табысты өткен осы курсқа қызығушылық жоғары деңгейде болған әрі оған қатысушыларға сертификат берілді. Шетелдердегі қазақ жастарының қазақша тіл сындыруына аса ыңғайлы жағдай жасаған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді.

Бұған қоса, қазақ фильмдері, театр қойылымдары, әзіл-сықақтар, теледидардағы ән-күй, концерт бағдарламалары да шетелдердегі қазақтар арасында ана тілге деген ынтаны одан әрі күшейтері анық. Осы орайда, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шетелдегі, соның ішінде Еуропа елдерімен Түркияда тұратын қазақ жастарының өз беттерінше қазақ тілін үйренуіне көмектесетін қазақ-түрік тілдерінде дайындаған көмекші оқу-құралдарын, CD дисклерін, кітап және газет-журналдар дайындап, кеңінен жеткізіп жүргенін де атап өткен абзал.

Еуропадағы қазақ жастарын ана тілін, ұлттық мәдениетін және салт-дәстүрлерін үйренуге ынталандыратын кейбір шаралардың да маңызы зор. Ал, ана тіліне шорқақ болса да, яки бүтіндей білмесе де Еуропада тұратын қазақ жастарының көбінде «Қазақстан тарихы, атажұртымыз» деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан, Еуропа елдерінде туып-өсіп, орта және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарының қазақша біліп, үйренуге деген ынталары жоғары деп айтуға болады.

Сол себепті, жазғы демалыстарда диас­порадағы қазақша үйренгісі келетін жас­тарды топтарға бөліп, Қазақстанның ауылды жерлеріне жіберу шаралары ұйымдастырылса дейміз. Бұл арқылы жастар бірнеше айға болса да аздап қазақша үйреніп, әрі салт-дәстүрлерді біліп, атажұртқа деген ынта-ықыластары артып қайтар еді.

Ал жоғары оқу орындарын бітірген, университеттерде мамандық алған жастарға қалаулары бойынша Қазақстанда ұзағырақ тұрып, қазақша тіл курстарына барып, атажұрттарын әбден танып-біліп қайтуларына жағдай жасауға да болады. Осы орайда, өткен 2011-2012 оқу жылында Астанадағы Назарбаев Университеті мен Еуразия ұлттық университетінде шетелде туып-өскен және Еуропада мамандық алған кейбір жастарымыздың уақытша келісім-шартпен оқытушы маман ретінде қызметке тартылғанын атап өткеніміз жөн болар. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасса әсіресе, Еуропада тұратын жастарымыз атамекенге келіп, қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін үйреніп қайтуға мүмкіндік табар еді.

Ал Еуропадағы қазақтардың ұлттық салт-дәстүрлерді қаншалықты сақталғандығына келер болсақ, жағдай жаман емес. Тіпті, оны күтілмеген деңгейде жақсы деуге де болады. Құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік той, тұсау кесу рәсімдері, азан шақырып, балаға ат қою дәстүрлері, баланы сүндетке отырғызу салты, қайтыс болған кісіге жетісін, қырқын беру, жыл айналғанда асын өткізу, ораза айында Құран-хатым түсіру сияқты жоралғылар, салт-дәстүрлер азды-көпті өзгешеліктерімен бұрынғысынша орындалып келеді. Мұнда әрине, қазір қатары сиреп бара жатқан елден келген аға буынның ықпалы үлкен болған.

Бірақ қазір қажетті шаралар қол­данылмаса Еуропадағы жаңа буын жастардың ассимиляцияға ұшырау қаупі бар. Aйталық, Eуропадағы жастардың көпшілігі болашақта не ата-аналары келген Түркия және түрік мәдениеті салтымен өмірлерін жалғастыратын болады немесе тұрған елдерінің мәдениетін және салт-дәстүрлерін қабылдап, оларға сіңісіп кетеді. Сондықтан, Еуропа елдеріндегі ата-аналарға жүктелетін міндет өте көп. Бірақ өздері шетелдерде туып-өскен осы ата-аналарға Қазақстандағы тиісті орындардың рухани қолдаулары қажет. Мұндай рухани қолдаулардың жүйелі түрде жүзеге асырылғаны абзал. Осы тұрғыдан алғанда, үстіміздегі 2012 жылдың мамыр айында Данияда өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы кезіндегі халықаралық дөңгелек үстел басқосуында әңгімеге арқау етілгеніндей, Еуропа елдерінде ашылуы жобаланып отырған «Aбай институты» секілді Қазақстан мәдени орталықтарының атқарар жұмысы мен қосар үлестерінің маңызы өте зор болмақ.

Қорыта айтқанда, «жабыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөзде айтылғандай, жоғарыда аталған қиыншылықтарды ретке келтіру үшін Еуропадағы қазақ орталықтары шама-шарқылары жеткенше бірге жұмыс істеуге күш салып жатыр. Сондықтан, Еуропадағы қазақ қоғамдары өзара ынты­мақтарын нығайтып, іс-әрекеттерін бір жүйеге келтіру және үйлестіру үшін Еуропа қазақ Федерациясын да құрып үлгерген. Олар шетелдердегі қандастар арасында қазақ тілін, қазақи қасиеттерді, ұлттық-мәдени құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап қалу, оларды жас буындарға жеткізу үшін бірлікті, берекені және елдікті сақтауға, сонымен қатар, атажұрт Қазақстанмен барлық салаларда байланысты нығайтуға тырысып келеді. Әңгімеге арқау етілген мәселелер шешіліп, аталған жағдайлар ретке келсе, Еуропадағы қазақтар тұрған жерлерінде қазақ мәдениетін танытып, Қазақстанмен ол елдер арасындағы мәдени-шаруашылық байланыстардың нығаюында елеулі рөлге ие болар еді.

Абдулқайым КЕСИЖИ,

саясаттану ғылымдарының докторы,

Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы

Германия, Мюнхен қаласы

Серіктес жаңалықтары