ДУАДАҚ – ДАЛАМЫЗДЫҢ “ДУМАНДЫ” ҚҰСЫ

ДУАДАҚ – ДАЛАМЫЗДЫҢ “ДУМАНДЫ” ҚҰСЫ

ДУАДАҚ – ДАЛАМЫЗДЫҢ “ДУМАНДЫ” ҚҰСЫ
ашық дереккөзі
Кербез құсым – дуадақ, Кем дегені он қадақ… (Қара өлең) “ ШӨЛДЕ ЖҮРГЕН ДУАДАҚ КӨЛ ҚАДІРІН НЕ БІЛСІН…” Дуадақ (дрофа) – шығу тегі жөнінен тырналарға жақын бол­ғандықтан тырнатектестер отря­дының дуадақтар тұқымдасына жататын жыл құсы. Кейбір орнитолог ғалымдар дуадақтарды өз алдына жеке отряд деп қарастырады. Оның сыртқы дене тұлғасы мығым әрі тауықтарға ұқсас үш саусақты құрлықта жүруге және жүгіруге бейімделген. Аяқтары біршама ұзын әрі жақсы жетілген. Басы онша үлкен емес, әрі жалпиып келген. Көздерінің түсі сарғыш қоңырқай. Тұмсықтарының түбі жалпақ әрі жұқа болып келеді. Дуадақтың мойны қысқа әрі жуан. Қанаттары үлкен әрі жалпақ. Ол дыбыс шығармай үнсіз жүретін өте сақ құс. Оның құйымшақ безі болмайды. Қауырсындары түлеген кезде ұсақ ұнтақталып түседі. Қораздарының дене тұрқы мекиендерінен ірі және оның қауырсындары түрлі түсті болып келуімен ерекшеленеді. Сондықтан да, қораздарын мекиендерінен бірден айқын ажыратуға болады. “Дуадақтай үлкен” деген теңеу сөздер оның тұлғасының ірі екендігін аңғартады. Дуадақты қазақ халқы дене тұрқы ірі болғандықтан “ тоқтыбалақ” немесе “қозыбалақ” деп те атайды. Тоқтыбалақ, дегенде тоқтыбалақ, Тоқтыбалақ, жайылар шөп қуалап, – деген қара өлең жолдары оның өсім­діктермен қоректенетіндігін және олардың топтанып тіршілік ететінін айғақтай түседі. Қазақстанның жазиралы жазық дала­ларының төл құсының бірі – дуадақ екендігін тарихи жазба деректерден айқын байқауға болады. Дуадақ құсын еліміздің кейбір өңірлерінде “шөл тауығы” те деп атайды. Дуадақтың «тоқтыбалақ» – деп аталуына оның денесінің ірілігі басты себеп болса керек. Өйткені дуадақ елімізде кездесетін жыл құстарының ең ірісі болып саналады. Оның ересектерінің орташа салмағы 10-16 кг, ал кейбір ірілерінің салмағы 20-22 кг-ға дейін жетеді. “Кербез құсым – дуадақ, кем дегені он қадақ…” деген қазақтың қара өлеңі де дуадақтың денесінің ірілігіне байланысты айтылған. Мұндағы “қадақ”сөзі ұлттық өлшем бойынша 750 грамм мөлшерді білдіреді. XIV-XV ғасырда өмір сүрген хал­қымыздың көрнекті шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Ши­пагерлік баян” атты әйгілі еңбегінде кездесетін “дуадақ сілікпесі“ ( піскен еті), “дуадақ нілнәрі“ және “дуадақ қарақ“ деген ұғымдар дуадақ етінің шипалы қасиеті бар екендігін аңғартады. Дуадақтың еті өте дәмді болғандықтан, ертеде көптеп ауланған. Қазіргі кезде араб шейхтары дуадақтың еті адамға күш-қуат береді деп, көптеп аулауға ұмтылады. Дуадақтың қанаттарын жайғандағы шалымы 2,4 метрге жуық. Жон арқа­сындағы қауырсындарының түсі қоңыр-қошқыл, әрі ұсақ ақ түсті теңбілді болып келсе, басы, мойны және құрсақ тұстарындағы қауырсындары сұр-бозғылт түсті болып келеді. Тұмсығының екі бүйірінде қылшықты қауырсындары бар. “Мал атаулыда марал кербез болса, құс атаулыда дуадақ кербез” деген теңеу сөздер дуадақтың тіршілік әрекетіне тән ерекшеліктерін байқатады. Дуадақ Қазақстанның орманды – дала, далалы және шөлейтті аймақ­тарында кездеседі. Дуадақтардың қоразы көктемдегі жұп құру кезінде ерекше «күйойнаққа» түсіп, түрлі қимыл-әрекет жасайды. Бұл кезде, қораздарының мойын қауырсындары дүрдиіп, кере құлаш қанаттары қайқайып, бір-бірімен айқасып қалады да, басын кекжитіп, екі қанатының арасына тыға түседі. Осылайша мекиендерін айнала «билеп», өздеріне еліктіреді. Дәл осындай «күйойнақ» кезінде қораздары ешнәрсені байқамайды. Әккі аңшылар ертеде жайылып жүрген түйелерді паналап барып, дуадақтарды таяқпен ұрып алатын болған. Ал күзде, дуадақтар әбден семірген кезде жерден баяу жорғалап барып ұшатынын білетін аңшылар дуадақтарды жүйрік атпен қуалап, қамшымен де ұрып алған. Ұясын тікелей жерге салып, 2-3 жұмыртқасынан балапан өрбітеді. Жұмыртқаларын мекиендері шайқап, әрі балапандарына да қамқорлық жасайды. Балапандары ширақ. Дуадақтың қораздары «күйойнақтан» кейін мекиендерінен бөлініп, әрі шағын топ құрып тіршілік етеді. Дуа­дақтар еліміздің аумағына көкек-мамыр айларында ұшып келіп, қа­зан-қараша айларында қайтадан жылы жаққа ұшып кетеді. Олар қыс жылы кездері Қызылқұм өңірінде қыстап қалады. Көбіне Түркіменстан, Тәжік­стан аумағында қыстап шығады. Дуадақтар өсімдіктердің тұқымдарымен, тамырсабақтарымен, кейде құрттармен, жәндіктермен, тіпті ұсақ омыртқалы жануарлармен де қоректенеді. Дуадақтар еліміздегі Наурызым, Қорғалжын және Үстірт мемлекеттік табиғи қорықтарында қорғауға алынған. Еліміздегі дуадақтардың санының азаюына заңсыз аулау және олар тіршілік ететін табиғи ортаның тарылуы, әсіресе, тың және тыңайған жерлерді бейберекет жырту әсер еткендігі белгілі. Сондықтан да, саны азайып және таралу аймағы тарылғандықтан дуадақ Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркеліп, қатаң түрде қорғалады.
Рысбай Сәтімбеков