ТІЛ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТІЛ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТІЛ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
ашық дереккөзі
279

Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ана тілім – ардағым» фестивалі болып өтті. Дәстүр бойынша жыл бойы қаладағы жергілікті атқарушы органдарда, кәсіпорындарда, білім мекемелерінде мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. «Ана тілім – ардағым» фестивалі осы шаралардың қорытындысы болып табылады.

Фестивальдің мақсаты – қаладағы барлық қоғамдық ұйымдардың, түрлі әлеуметтік топтардың күшін мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге шақыру, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, отандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге жұмылдыру. Аталмыш шараға арнайы қатысқан Алматы қаласының әкімі А.Есімов мырза бұған дейін өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Үздік аудармашы», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» қалалық байқауларының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру барысында қалада түрлі шаралар қолға алынуда. Мектеп жасына дейінгі және бас­тауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған қазақ балалар әдебиетінің туындылары енген «Балаларға базарлық», «Шәкірттерге шашу», жасөспірімдер үшін қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан құрастырылған «Асыл сөз» атты аудиокітаптар жарық көрді. Кішкентай бүлдіршіндерге шұрайлы әрі бай қазақ тілін үйретуде әрқайсысы он минуттық 85 сериядан тұратын «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты анимациялық мультфильмінің рөлі ерекше. Көпшілік назарына ұсынылған мультфильм ел аузындағы аңыз-әңгімелердің желісі бойынша әсерлі де ойнақы оқиғаларымен балалардың көңілін жаулап алғаны рас. Соңғы заманауи техникалық құралдардың мүмкіндігін пайдалана отырып жасалған мультфильмнің бүлдіршіндерге мемлекеттік тілді үйрету үшін таптырмас дүние екені айтылып жүр.

Ал жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілде іс жүргізу мүмкіндіктерін арттыру мақсатында әдістемелік көмек ретінде жыл сайын түрлі баспа өнімдері мен электронды бағдардамалар әзірленуде. Әр түрлі сала бойынша қазақша-орысша терминологиялық анықтамалық сөздіктер мен ресми іс-қағаздары үлгілерінің жинақтары жарық көріп, электронды нұсқасымен бірге кітап және диск түрінде таратылуда. Алматы қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге байланысты дөңгелек үстелдер мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар жиі өтіп тұратыны бір бөлек, Абай, А.Байтұрсынұлы, Б.Момышұлы, А.Пушкин оқулары да қазақ тілінің дамуына өз септігін тигізіп келеді.

Д.ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары