Нью-Дели арманы...

Нью-Дели арманы...

Нью-Дели арманы...
ашық дереккөзі
1591

Үндістан мен Ұлыбританияның тарихи байланысының тамыры тереңде жатыр. Екі жүз жылға таяу уақыт Англия үнді жерінде өз үстемдігін жүргізіп келді. Империяның отары болған Үндістанның жоғалтқаны баршылық, дегенмен тапқаны да аз емес. Мысалы, үнді жеріне шәй жапырақтарын алғаш ағылшындар келіп еккен екен. Отар елдің басқыншылардан көрген бір пайдасы осы. Қазір Үндістан шәй өндірісі жөнінен әлемдегі аса ірі экспорттаушы елдердің бірі. Оның үстіне, жер жаһанды жаулаған ағылшын тілінде үнділер бүгінде еркін сөйлейді. Яғни, ағылшындар кезінде Үндістанның саяси тәуелсіздігін тұншықтырса да, бірқатар экономикалық-әлеуметтік игіліктерді де ала келді. Бірақ ХХІ ғасырда тарих дөңгелегі кері айналып, енді үнділер ағылшын жерін «үнсіз» жаулауға кіріскен. Жалпы саны бір жарым миллионнан асқан британдық үнділер бүгінде Ұлыбританияның саяси-әлеуметтік сипатына сынамалап өзгеріс енгізе бастады.

ОТАРШЫЛ САЯСАТТЫҢ ОЗБЫРЛЫҚТАРЫ

Еуропалықтар ішінен Үндістан то­пырағын алғашқы болып пор­ту­галдықтар, одан соң француздар­ бас­қанымен, уақыт өте олар ағыл­шын­дарға ығысып орын беруге мәж­бүр болды. XVII ғасырдан бас­тап ағыл­шын­ның «Ост-Үнді компаниясы» Үндістанның барлық жағалауларында өз билігін орнатты. Ол сауда-саттық, әскери жорықтар, тіпті саяси оқиғалар тізгінін қолына алды. Осылайша, он сегізінші ғасырдың ортасынан Ұлы­британияның Үндістанды өз отарына айналдыру тарихы бас­талды. Бүгінгі Бомбей, Калькутта, Мадрас қалалары ағыл­шындардың қорғаныс қамалдары негізінде бой көтерді.

Отар ел болған тарихында­ Үндістан көрген игіліктердің бірі – Батыстық демо­кратиялық құндылықтар еді. Қазіргі таңда бұл ел «жер бетіндегі ең ірі демократиялы ел» деп аталып жүр. Жергілікті «демократияның» клас­сикалық қағидаларға қаншалықты сай екені даулы екеніне қарамастан, үнділер өздерін осылай атағанды мақ­таныш көреді.

Бірақ Британ корольдігінің отары бол­ған тұста Үндістанда мамыражай тір­шілік болды деу қисынсыз. Отар ел болған тұсында Үндістан бірнеше дүр­кін аштық пен жұттан, ел аралаған жұқ­палы дерт эпидемиясынан зардап шекті. Мысалы, 1876-1878 жылдар аралығында 6-10 миллион үнді көз жұмған деседі. Ал 1899-1900 жылғы аштық кезінде қаза тапқандар саны бір деректерде 1,25 миллион делінсе, кей дерек көздері 10 миллион құрбанның санын атайды. Тарихшылар осындай зұлматтардың алдын алуда әлде қауқарсыздық, әлде самарқаулық танытқан Британдық Корольдікті айыптайды. 1820 жылғы тырысқақ эпидемиясынан 10 мың британ әскері көз жұмса, жергілікті халықтың қаншасы қырылғаны жайлы есеп жоқ. Жалпы, Үндістанда 1817-1860 жылдар аралығында 15 миллион адам, 1865-1917 жылдар аралығында 23 миллион тұрғын қаза тапқан.

Британдықтар үнді жеріне темір жол, суландыру жүйесін, көпірлер мен телеграф әкелдік деп мақтанады. Бірақ жол мен көпірлер салып, байланыс сымдарын жүргізудегі империяның басты мақсаты Үндістаннан арзан шикізат тасу болғаны ашық айтыла бермейді. Сол тұста Англияға үнді мақтасы, жібегі, тоқыма өнімдері тасымалданса, ал Үндістанға дайын тауарлар­ жеткізіліп тұрған.

1858-1947 жылдары Британдық Үндістан бүгінгі Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Бирма жерлерін алып жатқан бо­латын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Британ империясы халықаралық саясатта үстемдігінен айырыла бастады. Өз аумағындағы экономикалық дағдарыстардан тұралаған империя 1942 жылы Махатма Ганди бастаған азаматтық бағынбау кампаниясына қарсы тұрарлық қауқар көрсете алмады. Бес жылдан соң дербестігін жариялаған Үндістан биыл өз тәуелсіздігінің 66 жылдығын тойлады.

БРИТАНДЫҚ ҮНДІЛЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Британ отаршылдығының бір салдары – көптеген үнділердің еріксіз жат жерлерге қоныс аударуы еді. XIX ғасырдан бастап Британдық Үндістаннан талай адам жұмыс күші ретінде басқа елдерге апарылған. Олардың дені Ұлыбританияның басқа отар елдері: Гайана, Шығыс Африка, Кариб аралдары, Маврикий мен Фиджиге жеткізілген. Мысалы, 1838-1917 жылдар аралығында жарты миллион үнді Кариб аралдарына жұмыс күші ретінде жеткізілген. Жат елдерге қоныс аударғандардың ішінде өз еркімен кеткендер өте сирек. Ал империя ыдыраған соң көптеген үнділер отанына оралудың орнына Батыстың дамыған мемлекеттерінде тұрақтап қалуды жөн көрді.

Бүгінде әлем елдеріндегі үнді диас­по­расының саны 25 миллионға жеткен. БҰҰ деректеріне сәйкес, бұл қауым қытай диаспорасынан кейінгі әлем бойынша ең қарасы қалың диаспора саналады. Оның ішінде ең көп шоғырланған үш мемлекет: Непалда – 4 миллион, АҚШ-та – 2,7 миллион, Малайзияда – 2,4 миллион үнді тұрса, Ұлыбританиядағы үнді диаспорасының саны 1,6 миллионға қарайлас. АҚШ-тағы үнді диаспорасы ең жылдам көбейіп келе жатқан қауым саналады.

Үндістанның АҚШ пен Ұлыбри­та­ниямен қарым-қатынасында үнді диас­порасының орны ерекше. Мұны қазіргі премьер-министр Нарендра Модидің өзі де мойындайды. Оның айтуынша, өзара достық және ортақ демократиялық құндылықтарды сіңіруге үнді мигранттарының ықпал-әсері зор болған.

Бүгінде Ұлыбританиядағы диаспора «үнді текті британдықтар» деп аталады. Олардың жалпы саны 1,6 миллионға жеткен. Бұл дегеніңіз, Ұлыбритания халқының 2,3 пайызы. Олардың дені пенджабтықтар, гуджараттықтар мен бенгалдықтар екен. Жартысынан көбі Англия аумағын мекен еткен. Қазір мұнда тек үнділер тұратын аймақтар бар. Лондонның Хитроу халықаралық әуежайында қызмет ететін үнді текті британдықтардан көз сүрінеді. Жалпы, Лондонның өзінде жарты миллион үнді тұрады екен. Бұл көрсеткіш Нидерланды, Германия, Франция, Италия мен Португалиядағы үнді диспорасының жиынтық санынан көп.

Ресми деректерге жүгінсек, бри­тан­дық үнділердің 46 пайызы ағылшын же­рінде дүниеге келген. Туған тілін, төл мәде­ниетін сақтаған үнділер жергілікті жердің әлеуметтік-мәдени бет-бейнесіне айтарлықтай ықпал етуде. Британдық үнділердің 45 пайызы индуизмді ұстанса, 29 пайызы – сикхтар, ал 13 пайызы – мұсылмандар.

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ҮМІТІ

Былтыр PricewaterhouseCoopers атты компания Үндістан болашағына қатысты таңғажайып болжамдарын жариялап, елді елең еткізді. Жорамалға сенсек, 2030 жылға қарай Үндістан ЖІӨ көрсеткіші бойынша Ұлыбританияны басып озатын көрінеді. Осылайша, әлемдегі үшінші алпауыт елге айналмақ. Ал бірінші және екінші орындарда АҚШ пен Қытай қала бермек.

Бүгінде Үндістанның ЖІӨ 1,99 трил­лион долларға шақ. Бұл көрсет­кішпен әлемде оныншы орында тұр. Яғни, жақын болашақта ол дамуы жағынан Жапония, Ресей, Бразилияны басып озып, он бес жылда ЖІӨ көлемі 5,7 триллион долларға жетуі мүмкін.

Ал Ұлыбритания алдағы бес-он жылда ЖІӨ көрсеткіштерін жақсартып, Францияны басып озып, Германиямен құйрық тістесіп қалуы ғажап емес. Бірақ бұрынғы отары Үндістанмен салыстырғанда, Британияға тұрғын халқының қартаюы, еңбек қолының жетімсіздігі қолбайлау. Оның үстіне, Шотландияның бөліну қаупі ағылшын экономикасын одан әрі шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Сондықтан сарап­шы­лар­дың айтуынша, дамушы нарықтар да­мыған елдерді шаң қаптыратын күн алыс емес.

Сарапшылар Үндістанның жарқын болашағын былтыр ғана сайланған премьер-министр Нарендра Модидің есімімен тығыз байланыстырады. Ол соңғы оншақты жылдарда тоқырауға ұшыраған Үндістан экономикасын қайта жандандыруға және оның сыртқы саясаттағы ықпалын күшейтуге қабілет-қарымы мол саясаткер саналады.

Моди сайлауалды уәделерінде «Үндіс­тан ғаламдық секіріс жасайды» деп мәлімдеген болатын. Бұл үшін ол бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты жойып, заманауи қалалар мен инфрақұрылымдар салуға және 2022 жылға қарай 100 миллион жаңа жұмыс орнын ашуға уәде етті. Шындығында, Моди билікке келгелі Үндістанға келген сыртқы инвестиция көлемі өсе түскен. Моди қазірдің өзінде темір жол құрылысына шетелдік инвестиция құюға рұқсат беріп, қорғаныс кәсіпорындарындағы шетелдік капитал көлемін 26 пайыздан 49 пайызға дейін өсірді.

Үндістан баламалы қуат көздерін өндіруде қалыс қалмақ емес. Бұл орайда Моди үкіметі бірнеше ірі жобаларды қолға алған. Мұндай жобалардың бірі – «Таза Ганг» деп аталады. Ганг өзенін тазартып қана қоймай, қоршаған ортаны сақтау үлігісін қалыптастыруды көздейді. Бұған қоса, оншақты айдың ішінде Моди қуат қорын сақтау, жасыл желекті көбейту, қоқыс түрлерін өңдеу сияқты істерді қолға алған. Жаңашыл премьер-министр «ел экономикасының өрлеуі қоршаған ортаға зиян тигізбеуі керек» деп санайды.

Дегенмен, бүгінгі таңда үнділердің 59 пайызы күніне 2 долларға күн көреді деген дерек бар. Өзі кедей отбасыдан шыққан Моди жарлы-жақыбайлардың жағдайын жақсы түсінеді. Балалық шағында әбден таршылық көрген ол өз отандастарын кедейшіліктен құтқаруды жастайы­нан армандаған екен. 64 жастағы премьер-министр әлі күш-қуаты бойын­да, тың көрінеді. Білетіндердің айтуынша, ол күніне үш сағатын ғана ұйқыға жұмсап, әр күнін йога жаттығуларымен бастайды екен.

Модидің сөзімен айтқанда, «барша әлем қайтадан Үндістан мен оның мүмкіндіктеріне үлкен үмітпен қарай бастады». Шындығында, Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік банк Үндістанның жарқын болашағы бар екенін жоққа шығармайды. Moody’s агенттігі жақында бұл елдің рейтингісін оң бағалады.

ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТТЫҢ ИІРІМДЕРІ

Моди сыртқы саясатқа жіті ден қойып отыр. Бір жылда ол 19 елді аралап шыққан. Оның АҚШ пен Қытайға барған ресми сапарларының нәтижесі Үндістанның ғаламдық сая­сатта бәсі өсе бастауына себепкер болғанын жоққа шығару қиын. Сыртқы саясаттағы белсенділігі үшін «Time» журналы Модиді әлемдегі ең ықпалды жүз тұлғаның тізіміне кіргізді.

Британдық Үндістан ыдыраған кезде екі мемлекет – Үндістан мен Пәкістан құрылды. Сол уақыттан бері бұл аймақ діни қарама-қайшылықтың зардабын тартып келді. Ұлыбританияның отарынан құтылған Үндістан КСРО мен социалистік Қытаймен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысты. Бірақ өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы шекаралық қақтығыс Қытаймен қарым-қатынасты жоққа шығарғандай болды. Ал Үндістан мен КСРО арасында «Достық туралы келісім» болғаны мәлім. Оның үстіне, екі ел Ауғанстан мен Пәкістанға қатысты сыртқы саясаты қарайлас болса, екінші жағынан Мәскеу Делиді қару-жарақпен қамтамасыз етті.

Модидің мамыр айында жасаған Пекин сапары барысында екі ел арасында 22 миллиард долларға татитын келісімдерге қол қойылды. Егер территориялық даулар ушықпаса, екі елдің саяси-экономикалық әріптестігі ХХІ ғасырда Азияның дамуына айтарлықтай роль ойнайтыны сөзсіз.

Бірақ Қытайдың Пәкістанмен тығыз қарым-қатынасы, Ауғанстанға қатысты саяси белсендігі Үндістанның тамағына тірелер сүйек болғалы тұр.

Ал жыл басында АҚШ президенті Барак Обама Нью-Делиге ресми сапармен келген болатын. АҚШ-тың ұзақ жылдар бойы Үндістан мен Пәкістан арасындағы қайшылықтарды геосаясаттағы өз мүддесі үшін пайдаға асырып келгені жасырын емес. Дегенмен, Нью-Дели бүгінде өткен келеңсіздіктердің бәрін ұмытуға дайын. Себебі Қытаймен теке-тіресте АҚШ-тың қолдауына мұқтаж. Оның үстіне, Үндістан өз жерінде америкалық инвестиция­лар көлемін арттыруға ынталы. АҚШ болса Қытайдың аймақтық көшбасшылық амбициясын тежеу үшін Үндістанның қарым-қабілетін пайдалануға құштар. Бұл орайда, АҚ үй тіпті Үндістанның атом қаруын жетілдіру бағдарламаларын қолдап отыр.

Ұзақ жылдар бойы Үндістан басшылығы АҚШ пен Ұлыбри­та­ниядан бойын аулақ ұстағаны бай­қалды. Жарты ғасырдан астам уақыт­тан соң ғана Нью-Дели өткеннің елесінен құтылып, Батыс елдерімен әріптес болудың тиімділігін түсініп, олармен бар салада стратегиялық қарым-қатынас жасауға ұмтыла бас­тады.

...ҚЫТАЙДАН ОЗУҒА ДӘМЕЛІ

Қытай мен Үндістан бақталас­тығын кез келген саладан көруге болады. Үндістан тотаритарлық жүйедегі Қытайдан артықшылығын аңғарту үшін өзін «әлемдегі ең үлкен демократиялы ел» деп атайды. Екі елдің арасындағы ортақ шекара сызығының ұзындығы 4000 шақырымнан асады. Олардың арасында территориялық дау да жоқ емес.

Екеуі де әлемдегі халқы саны жағы­нан біріншілікке таласуға қабілетті елдер. Бірақ ресми деректерге сәйкес, Қытай 1,37 миллиард тұрғынымен 1,25 халқы бар Үндістаннан асып тұр. Шетелдік валюта қоры жағынан да Қытай Үндістаннан әлдеқашан қара үзіп кеткен. Қазір Қытайдың қорында 3,7 триллион доллар бар екен, бұл Үндістан қорынан он еседей көп.

Экономикалық өсім жағынан Қытай алда келеді. Бүкіләлемдік банктің деректеріне жүгінсек, 1978 жылдан бері жүргізілген реформалар нәтижесінде 500 миллион қытайлық кедейшілік қамытынан құтылған. Ал 1993-2011 жылдар аралығында Үндістанда 175 миллион кедейдің тұрмысы түзелген екен. Қысқасын айтқанда, Қытай шетелдік капи­талға есігін Үндістаннан он үш жыл бұрын ашып, нарықтық эконо­миканың игілігін ертерек көріп отыр.

Қытайдың ЖІӨ бүгінде 10 трил­лион долларға жуық. Экономикасының жылдық өсімі 9,8 пайыз болып келген. Ал Үндістанда бұл көрсеткіш 4,7 пайыз. Шындығын айтқанда, биыл жыл басында Үндістан статистика министрлігі ЖІӨ көрсеткішін санау әдісін өзгертіп, былтырғы өсім 6,9 пайыз болды деп жариялады. Бірақ бұл «жаңалыққа» көптеген сарапшылар күмәнмен қарайды.

Бірақ Үндістанның Қытайдан озар тұсы – арзан еңбек ресурсының молдығы болмақ. «Бір отбасыға – бір бала» саясатының салдарынан Қытай жақын болашақта елдегі жұмыс күшінің тапшылығына ұрынуы мүмкін. Оның үстіне, Қытай экономикасының дамуы соңғы бірнеше жылда баяулап қалды. Былтыр оның даму қарқыны 7,4 пайызды құраған. Бұл соңғы 24 жылдағы ең төменгі көрсеткіш дейді сарапшылар. Халықаралық валюта қоры Қытай экономикасының биылғы өсімі 6,8 пайыздан аспайды деп болжап отыр. Ал Үндістанның биылғы экономикалық өсімін бұл ұйым 7,5 пайыз деп болжаған. Осылайша, 1999 жылдан бері бірінші рет Үндістан Қытайды басып озбақ.

Үндістан халқының орта жасы бүгінде 27 болса, бұл көрсеткіш Қытайда 36,7 жаспен шектеледі. Демографиялық өсім қарқыны сақталса, 2028 жылға қарай Үндістан халық саны бойынша Қытайды артта қалдырып, 2030 жылға қарай оның жұмыс күші 300 миллионға көбеюі мүмкін. Бұл дегеніңіз, Германия, Франция, Италия мен Испанияның еңбекке жарамды тұрғындарының ортақ санына тең. Жұмыс күшінің көптігі Үндістанға ғаламдық корпора­ция­лардың капитал құюына себепкер болуы мүмкін. Осылайша, бүгінге дейін арзан жұмыс күшінің көптігін басымдық ретінде пайдаланып келген Қытайдың орнын баспақ. Ендеше, жақын болашақта Үндістан екі аяғынан нық тұрып, Қытай ғажайып реформаларына көлеңке түсіруі ғажап емес.

Былтыр сайлау алдындағы сөздерінің бірінде Моди: «Біздің үкіметіміз барлық кедейлердің, тастан­дылар мен ұмыт қалғандар­дың үкіметі болады», – деп уәде берген еді. Ол әрбір үндіні арма­нына жетелеуге уәде етті. Кім білсін, бәлкім, «Америка арманы» мен «Қытай ғажабына» куә болған әлемде көп ұзамай «Үнді арманы» термині тілдік қолданысқа еніп қалар...

Ұлыбритания

Серіктес жаңалықтары