"ЕУРАЗИЯ" КИНОФЕСТИВАЛI АСТАНАДА ЖАЛАУЫН КӨТЕРДI

"ЕУРАЗИЯ" КИНОФЕСТИВАЛI АСТАНАДА ЖАЛАУЫН КӨТЕРДI

"ЕУРАЗИЯ" КИНОФЕСТИВАЛI  АСТАНАДА ЖАЛАУЫН КӨТЕРДI
ашық дереккөзі

Жыл сайын Қазақстанға әлемнiң майталман кино жұлдыздарын топтастыратын "Еуразия" кинофестивалi бесiншi мәрте жалауын көтерiп отыр. Биылғы кинофестивальдiң ерекшелiгi де сол, әдеттегiдей Алматы қаласында емес, елiмiздiң бас қаласы — Астанада тұсауын кестi. Қыркүйектiң 7-сi мен 13-i аралығында өтетiн кинофестиваль асында Орталық Азия елдерi кинематографистерiнiң үздiк туындылары паш етiлмекшi.

Бiр айта кетерлiгi, елордада алғаш өтiп жатқан кинофестивальдiң бас демеушiсi елiмiздiң мұнай саласында өзiндiк қолтаңбасы бар алпауыт компания – "ҚазМұнайГаз" АҚ. Қашан да, өнер мен мәдениетке, ғылым мен бiлiмге аса жанашырлықпен қол созып жүрген "ҚазМұнайГаз" АҚ компаниясы бұл жолы да елдiң рухани өмiрiнде үлкен маңызға кинофестивальдiң елiмiзде жалғасын табуына мұрындық болуда.

Сонымен, биылғы фестивальдiң тағы бiр ерекшелiгi, қазақ киносының жылдағыдан көбiрек қатысуында. Халықаралық байқауға негiзiнен Орталық Азия мемлекеттерiнiң кинорежиссерлерi түсiрген толық және қысқаметражды фильмдер сынға түссе де, бұл кинофестивальден тыс Канн, Берлин, Венеция, Пусан, Токио кинофестивальдерiнде жүлделi орындарды иемденген әлемдiк үздiк фильмдер мен қазақ елiнiң кинолары, Нұрмұхан Жантөриннiң 80 жылдығына, белгiлi жазушы Шыңғыс Айтматовты еске алу кештерi сынды көрерменнiң көзайымына айналатын әсерлi кештер өткiзiлiп жатыр.

Елiмiзге Орталық Азия толық және қысқаметражды фильмдерi байқауының қазылар алқасы мүшелерi ретiнде АҚШ-тан Майкл Фицджеральд, Өзбекстаннан Шухрат Аббасов, Румыниядан Нае Каранфил, Грузиядан Николаз Тавадзе секiлдi тағы басқа майталман кинорежиссерлерi келдi.

Фестивальдiң ашылу салтанатына қатысқан Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев өнер мерекесiне қатысушыларды құттықтап, "Еуразия" кинофестивалiнiң халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуда үлкен орны бар айрықша шара екенiн, биылғы фестивальдiң Астананың 10 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келiп отырғанын айта кеттi. Осы аптада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжiкстан кинотуындаларынан толықметражды 10, қысқаметражды 15 фильм сарапқа салыну үстiнде. Ал оның iшiнде Қазақстан жағы қандай киноны бәйгеге салып жатыр десеңiз, олар мыналар: Данияр Саламаттың "Әкем екеумiзi", Ардақ Әмiрқұловтың "Қош бол, Гүлсарысы", Марат Сарулудың "Оңтүстiк теңiздерiнiң әнi", Ерлан Нұрмұхамбетов, Ғалия Елтай, Нариман Жаныбеков қойған "А қаласындасы", ал қысқаметражды фильмдерден Әмiр Байғазиннiң "Весогонщик", Серiк Ибрайымның "Ұры", Талғат Бектұрсыновтың "113-шi", Әдiлхан Ержановтың "Бақытжамал", Ақтолғай Төлеуованың "Шоқ" сынды көркемтуындылары бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ