МАҢҒЫСТАУ: ОРАЛМАНДАР МӘСЕЛЕСI ОҢТАЙЛЫ ШЕШIЛIП ЖАТЫР
МАҢҒЫСТАУ: ОРАЛМАНДАР МӘСЕЛЕСI ОҢТАЙЛЫ ШЕШIЛIП ЖАТЫР
Маңғыстау облысы — алыс және жақын шетелдердегi ағайындар көптеп қоныстанып жатқан аймақтардың бiрi. Негiзiнен, Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы туыстарын жағалап келетiн оралмандар ескi саяжайларды паналап тұратын. Әу бастан тұрғын үйге лайықталып салынбағандықтан бұл үйлер тұрғындарының жағдайы сын көтермейтiн.
Электр жарығы, жылу мен су сияқты мәселелердi шешу қиынға соққан. Тұрғындардың денсаулығын сақтау мен балалардың қала мектептерiне қатынауы да күрделi проблема болды. Оралмандардың осындай әлеуметтiк жағдайын жақсарту мақсатында облыс әкiмi Қ.Көшербаевтың бастамасымен өткен жылы жаңа аудан құрылды. Тәуелсiз Қазақстанда алғаш ашылған Мұнайлы ауданының құрамына оралмандар шоғырланған Ақтау маңындағы саяжайлардың барлығы ендi.
Астананың 10 жылдығы қарсаңында тұрғындарының денiн оралман бауырлар құрайтын жаңа ауданның бiр жылдық тойы болды. Осы мерекеде жас ауданның бiр жыл iшiнде қарыштап өсу қарқыны айқын көрiндi. Мұнайлының бұрынғы саяжайлар негiзiнде құрылған Атамекен және Басқұдық елдi мекендерiнде биыл Денсаулық сақтау министрi А.Дерновойдың қатысуымен бастапқы дәрiгерлiк-санитарлық көмек орталықтары ашылды. Өткен жылы аудан орталығында басталған 1200 орындық мектеп құрылысы биыл бiтiп, пайдалануға берiледi деп күтiлуде. Қыркүйек айында ауданның Қызылтөбе ауылындағы № 18 мектеп базасы негiзiнде лицей ашылады.
Аудан халқының саны күннен күнге арта түсуде. Ал аудан орталығын кеңейту мүмкiндiгi жоқ. Сондықтан Ақтау мен Жаңаөзен қалалары арасындағы бос далада Мұнайлының орталығы салынбақ. Маңғыстауға толассыз келiп жатқан қандастарымыздың бiрқатар проблемасы осылайша шешiмiн таппақ.
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында келесi жылы оралмандардың көшiп келу квотасын 20 мың отбасына жеткiзудi тапсырғаны анық. Ал бұған дейiн оралмандарға бөлiнетiн квотаның мөлшерi 15 мың болатын. Ендi, атажұртқа қоныс аударатын ағайындар отбасын 5000-ға арттырған кезде, Маңғыстау облысына едәуiр салмақ түсерi белгiлi. Облыс орталығының оралмандарды қабылдау мүмкiндiгi азайып келедi, ал жыл сайын 2000-дай жаңа қоныстанушылар келiп жатқан Жаңаөзен қаласында 2006 жылы бекiтiлген бас жоспардағы жер телiмдерiнiң барлығы бөлiнiп берiлдi. Қалған жер телiмдерi биыл келетiн ағайынға жетуi мүмкiн, алайда келесi жылдан бастап бұл мүмкiндiк те болмайды. Осындай қиындықтарға байланысты оралман бауырлардың көшiн инвестициялық жобалар табысты жүзеге асырылып жатқан аудандар орталықтары мен қалаларға қарай бұру жөнiндегi шаралар қолға алынған. Мысалы, Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында 80 оралман отбасына арналған 40 тұрғын үй құрылысы жүрiп жатыр. Алдағы уақытта Қарақия ауданында да алыстан келген ағайындарды қабылдап, орналастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылмақ. Басқа аудандарда да оралмандарға жер телiмi мен жұмыс беру мәселелерiн шешу шаралары жүрiп жатыр.
Оралмандарды қабылдау және орналастыруға байланысты жұмыстар облыс әкiмi жанындағы оралмандар кеңесiнiң жiтi бақылауында. Облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұрымов төрағалық ететiн бұл кеңестiң мәжiлiстерiне жауапты қызметкерлермен қатар оралмандар өкiлдерi де қатысып отырады. Соңғы өткен кеңес мәжiлiстерiнiң бiрiнде облыстық көшi-қон басқармасының бастығы Т.Қалжанұлы Түркiменстанда әлi 15 мыңдай қазақ отбасы бар екендiгiн, олардың 3000-ға жуығы атамекенге қайтқалы отырғанын, ал Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас аймақтарында 360 мың шамасында қандастарымыз бар екендiгiн айтты. Ал оларды қабылдап, ел мен жерге сiңiсiп кетуiне жағдай жасау оралмандарға шын жаны ашитын азаматтардың ғана қолынан келедi.
М.ЕРЕЖЕП