1596
"ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – СПОРТ, ӨНЕР, ҒЫЛЫМ..."
"ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – СПОРТ, ӨНЕР, ҒЫЛЫМ..."
Әрбiр халықтың салт-дәстүрi олардың ұлттық ұстанымы болып табылады. Бүгiнде көшпендiлердiң бай этнографиялық мұрасы әлем назарын өзiне аудартуда. Мәселен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тоғызқұмалақ ойыны бiз үшiн баға жетпес рухани құндылық десек қателеспеймiз. Мұны бiз ҚР-ның тоғызқұмалақ ойынының мемлекеттiк жаттықтырушысы, "Таңғажайып тоғызқұмалақ", "Тоғызқұмалақ ойынының тұздықты тартысы", "Тогызкумалак игра интеллектуалов" деген еңбектердiң авторы Шотаев Мақсат Есенбекұлымен әңгiме барысында айқын аңғардық.
– Мақсат аға, көшпендiлер мәдениетiндегi тоғызқұмалақ ойыны қандай ойын және ол қай уақыттан берi ойналып келедi? – Тоғызқұмалақ – жасөспiрiмнiң ақыл-ойын шыңдап, ми қызметiн жетiлдiретiн зияткерлiк ойын. Дүниежүзiндегi зияткерлiк ойындарды Д.Мюррей деген ғалым 5 топқа бөлiп қарастырады. Олар: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды және гоо. Мiне, осы бес топтың ерекшелiктерiне сай тоғызқұмалақ манкала тектес ойындардың құрамына кiредi. Әр ойын әрбiр ұлт мәдениетiнiң көрiнiсi дейтiн болсақ, шахмат еуропалық, дойбы грек, гоо қытай, нарды иран, ал, тоғызқұмалақ көшпендiлер дүниетанымына сәйкес келедi. Тоғызқұмалақтың басқа ойындардан ерекшелiгi – ойын құралдары ақ, қара түстерге бөлiнбейдi және арнаулы отаулық тақталарда ұсақ шарлармен ойналады. Ойынның мақсаты – қарсыластан көп шарларды (құмалақ) жинап, ұпай санымен алға шығу. Тоғызқұмалақтың тарихына келер болсақ, бұдан 4 мың жыл бұрын ата-бабаларымыз осы ойынды бос уақыттарында ойнаған екен. Ғұндар мен түркiлердiң кезiнде 3 отаулық, 5 отаулық, 7 отаулық шарттармен тоғызқұмалақ ойынын ойнаған болса, келе-келе дами түсiп, қазақтар мұны 9 отаулық үлгiмен ойнай бастаған. Осы орайда, "тоғызқұмалақ" атауы қайдан шықты, 9 санының қандайда бiр арифметикалық ерекшелiгi бар ма деген заңды сауал туындайды. Негiзiнен, 9 саны ежелгi түркiлерде қасиеттi сан болып есептелген. "Тоғыз жолдың торабы" деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, аңыз-ертегiлерде кездесетiн "бiр байдың тоғыз ұлы болыпты" деген жолдан-ақ бiраз жайттың басын ашуға болады. Яғни, 9 саны көптiктiң белгiсi. Тоғызқұмалақ ойынының шарттарына қарап бiз ата-бабаларымыздың арифметиканы терең меңгергенiн байқаймыз. Қазiр бiз ойнап жүрген тоғызқұмалақтың классикалық үлгiсi 1948 жылдан берi ойналып келедi. Осы жылы тоғызқұмалақтан республика бiрiншiлiгi өткiзiледi. Бiрақ, республиканың әр аймағынан келген тоғызқұмалақшылар ойынды өз түсiнiктерiнде, әртүрлi нұсқада ойнайды. Бүдан кейiн, тоғызқұмалақтағы әртүрлiлiктi реттеу үшiн ұлт жанашырлары М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Ш.Ибраев секiлдi қоғам қайраткерлерiмен бiрлесе отырып, тоғызқұмалақ бапкерлерi тоғызқұмалақтың классикалық үлгiсiн жасайды. 1949 жылдан бастап, тоғызқұмалақ ойынының үлгiсi бiр iзге түстi. Бүгiнде дүниежүзi осы ережемен тоғызқұмалақты танып отыр. – Қазiргi кезде байырғы түркi тектес халықтардың өкiлi болып табылатын, қазақтардан басқа қай ұлтта тоғызқұмалаққа ұқсас ойын түрi кездеседi? — Тоғызқұмалаққа ұқсас ойындарды қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар ойнайды. Мысалы, қырғыздарда "тоғызқорғоол" деген ойын бар. Тоғызқұмалаққа аты синонимдiк тұрғыдан жақын болғанмен, екеуiнiң ойналу үлгiсi екi бөлек. Бұл туралы венгр ғалымы А.Алмаши "Азияға саяхат" деген кiтабында тоғызқұмалақ пен тоғызқорғоолды мүлдем екi басқа ойын деп қарастырып, тоғызқорғоол ойынының шарттарын қағазға сызып көрсеткен. Әлемде тоғызқұмалақ тектес ойындардың 400-ге тарта түрлерi бар. Түркi халықтарының бөлiну кезеңiнде тоғызқұмалақ ойыны жан-жаққа әртүрлi нұсқамен тарқаған. Тоғызқұмалақ ойынынан бiз өз ата-бабамыздың даналығына куә боламыз. Бүгiнгi күнi түркi халықтарының iшiнде қазақта ғана тоғызқұмалақ ойынының "тұздық" ережесi сақталған. Тұздық ережесi – ойынның тартысты өтуiне септiгiн тигiзедi. Әрбiр ойыншы қарсыласының отауынан тұздық құра алады. Мұның өзi қазақ халқының жауынгер халық екенiн дәлелдей түседi. – Бүгiнде тоғызқұмалақты әлемге таныту шаралары қандай нәтиже беруде? -Тоғызқұмалақтың ең алғаш әлемдiк деңгейде танылуы 2006 жылдан бастау алады. Осы жылдың тамыз, қыркүйек айларында Лондонда халықаралық зияткерлiк ойындар олимпиадасы өттi. Бiз сонда бiрiншi рет олимпиадаға қатыстық. Онда 36 спорт түрiнiң iшiнде шетелдiктер тоғызқұмалаққа ерекше қызығушылық бiлдiрдi. Содан кейiн, олимпиадалар мен фестивальдердi ұйымдастырушылар, ғалымдар тоғызқұмалақтан бiздердi жарыстарға шақыра бастады. 2007 жылдың қазан айында Прагада өткен Шығыс Еуропа елдерiнiң 7-шi зияткерлiк ойындарының бәсекесiнде тоғызқұмалаққа құмартқан чех ғалымдары бiздiң құраманы басты олимпиада сайыстарына қатыстыруға мүдделiк танытты. 2008 жылдың 10-17 шiлде аралығында Қазақстан құрамасы Чехияда өткен 19-шы халықаралық зияткерлiк ойындар фестивалiнде бақ сынады. Көптеген шетелдiк мемлекеттер өздерiнiң ұлттық ойындарын осындай фестиввальдерге қатыстыра алмағанына өкiнiш бiлдiрдi. Тоғызқұмалақтың осылай жедел түрде әлемге танылуына интернет сайттары мен блоктарында аталмыш ойын туралы мағлұматтардың мол болуы, сондай-ақ, халықаралық зияткерлiк ойындарда мүшелерiмiздiң болуы игi ықпалын тигiзуде. Қазiргi кезде тоғызқұмалақтан халықаралық федерация құрылды. Ал, елiмiзде тоғызқұмалақ федерациясы 1991 жылы қоғамдық ұйым болып жұмысын бастаған болатын. Бүгiнде әлемнiң бiрқатар дамыған елдерi тоғызқұмалақ туралы жақсы бiледi. Ұлттық ойынымызды басқа елдерге насихаттап жүрген Қазақстан Құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Әбсадыққызы, 10-шы халықаралық зияткерлiк олимпиада ойындарының 1-шi орын иегерi Айдос Сейiтжанов, Шығыс Еуропа елдерi зияткерлiк ойындарының бас жүлдегерi Әсел Дәлиева, жақында ғана Пардувициде өткен жарыстың жеңiмпазы Ғалымжан Темiрбаев секiлдi азаматтар деп айтсақ болады. – Елiмiзде, шетелдерде тоғызқұмалақты насихаттауда, дамытуда кiмдер тарапынан демеушiлiк жасалуда? – Бiзге Cпорт және туризм министрлiгi тарапынан ғана демеушiлiк көрсетiледi. Жыл сайын бюджеттен бөлiнетiн 10 миллион теңге қаражатты бәрiне жеткiзудемiз. – Тоғызқұмалақты ойнау басқа, ал оны ғылыми тұрғыдан зерттеу басқа болар… – Дұрыс айтасыз, тоғызқұмалақты ғылыми тұрғыдан зерттеу керек. Өйткенi, тоғызқұмалақта қазақтың ұлттық дүниетанымы, болмысы, ұшқыр қиялы бар. Тоғызқұмалақ – қазiргi кезде спорт, өнер, ғылым және мен үшiн сонау түркi халықтарының қайталанбас дүниетанымының ерекше көрiнiсi. Тоғызқұмалақты ғылыми тұрғыдан насихаттап жүрген Қазақстанда Ы.Әбдiжаппаров, Қырғызстанда М.Киiзбаев, Германияда Р. Джейн, Англияда П.Смит секiлдi азаматтар баршылық. – Елiмiзде жалпы тоғызқұмалақ үйiрмелерiнiң нақты саны бар ма? – Қазақстан бойынша 36 мың тоғызқұмалақ ойыншылары мен 1500 жаттықтырушының нақты саны тiркелген. Сол бiр жарым мың жаттықтырушы жергiлiктi үйiрмелердiң жетекшiлерi. Павлодар, Ақтөбе, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстарында тоғызқұмалақ жүйелi жолға қойылып, жақсы дамып келедi. Атырау, Жамбыл облыстарында бiр-бiрден ғана тоғызқұмалақ үйiрмелерi болса, Алматы қаласында тоғызқұмалақтан ешқандай үйiрме тiркеуге тiркелмеген. Бұл әрине ұят, әрi өкiнiштi жағдай. Егер, жергiлiктi әкiмшiлiктер тарапынан зияткерлiк ойындарға қолдау болса, онда жастарымыздың ұлттық дүниетанымының, ой-өрiсiнiң кеңейуiне сеп болар едi. – Әңгiмеңiзге рахмет. Ұлттық ойынымыздың да, санамыздың да өрiсi кеңейе берсiн.
Сұхбаттасқан Жадыра НАРМАХАНОВА