ЕЛ ҚОРҒАУ — ЕРДIҢ МIНДЕТI НЕМЕСЕ ЕЛ ӘСКЕРI МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ЕГЕМЕНДIККЕ КЕПIЛ ЖОҚ
ЕЛ ҚОРҒАУ — ЕРДIҢ МIНДЕТI НЕМЕСЕ ЕЛ ӘСКЕРI МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ЕГЕМЕНДIККЕ КЕПIЛ ЖОҚ
Әскери iс үздiксiз оқу-жаттығуды талап етедi. Тосын бiр жағдайдағы қимыл-әрекеттердiң тактикалық тәсiлдерiн үйрену, үнемi жаңартылу үстiндегi қару-жарақ, техника түрлерiн меңгеру қалыптасқан тәртiп. Бiз жолымыз түсiп Сарыөзек гарнизонына барғанымызда жас жауынгерлерiмiздiң дәл осы дайындығы үстiнен түстiк. Ескерте кетейiк, мұнда бiрден кiрiп кету қиын екен. Есiк алдында тұрған сарбаздар жоғарыдан келген бұйрықсыз ешкiмдi кiргiзбейдi. Себебi, бұл — жабық зона. Ал қорғанның ар жағында атылған автоматтардың даусы жауынгерлердiң дайындық жұмыстарын қызу жүргiзiп жатқанын аңғартқандай…
Сарыөзек гарнизоны жалпы "Оңтүстiк" өңiрлiк қолбасшылығының құрамындағы iрi құрамалардың бiрi. Оны әскери қызметтiң сан түрлi баспалдағынан өтiп ысылған бiлiктi басшы, подполковник Юрий Асқаров басқарады. Аты орысша аталғанмен, ол – қазақшаға судай, әрi мұсылмандықты, қазақы дәстүрдi жаңғыртып жүрген бiрден-бiр басшы. Оның: "Қазiргi сарбаздардың жағдайлары жақсы. Бiз кез-келген мерекелерде ауылдың молда-ақсақалдарын шақырып, қой сойып, құдайы тамақ берудi дәстүрге айналдырдық" деген бiр ауыз сөзi iшiмiздi жылытқандай болды. Әрине, осындайда қазақы дәстүрдi әскерде жаңғыртып жүрген басшыға риза болмасқа лажың жоқ екен.
Бiзге осы гарнизонға қарасты №29108 әскери бөлiмiнiң (Артиллерия бригадасы) бастығы Бақтияр Исламовпен бiрге әскери бөлiмнiң күнделiктi тыныс-тiршiлiгiмен жете танысу мүмкiндiгi туды. Мұнда қатаң тәртiп, сергектiк пен сенiм жауынгер өмiрiнiң бұлжымас заңы iспеттi көрiндi. Қай ғимаратқа бас сұқсаңыз да реттiлiк пен тазалық, әскери қатаң тәртiптiң нәтижесi байқалады. Қазақтың ержүрек ұлы Бауыржан Момышұлының: "Тәртiпке бағынсаң, құл болмайсың", — деген сөзi ерiксiз еске түстi. Әскери қатаң тәртiпсiз табыс та, жеңiс те болмайтыны аян. Осыдан 2-3 ай бұрын осы бөлiмнiң табалдырығын имене аттаған жас жауынгерлер қатаң тәртiпке мойынсұнғанда ғана, өз iсiнiң бiлгiрi болатынын анық сезiнуде.
Мұнда бөлiмге келген ата-аналар үшiн арнайы бөлме жабдықталған. Жауынгерлердiң ата-аналары осы бөлмеде жайғасып, балаларымен әңгiмелесiп, теледидар көруге, газет-журнал тiгiндiлерiн қарауға мүмкiндiк алады. Екеуара отырып тамақтануға да болады. Жауынгерлер үшiн кiтапхана, шайхана жұмыс iстейдi. Асханада сарбаздар үш мезгiл тамақтанады. Дастарқан мәзiрi де бай.
Бiр ерекшелiгi, бiз аталмыш горнизонды аралап жүрiп, әскер сапында нәзiк жанды арулардың да бар екенiн байқап қалдық. Осы ретте артиллерия бригадасының штаб бастығы Бақтияр Исламов жалпы әскер санының 10-11 пайызын қыз-келiншектердiң құрайтындығын, соңғы екi жылда сол мөлшер көбеймесе азаймағанын айтып қалды. Олар мұнда негiзiнен iс жүргiзумен айналысады екен. Мұның сыртында байланысшылар мен дәрiгер-мейiрбикелердiң басым бөлiгiн солар құрайды. Асханаларда астың дәмiн келтiрiп жүрген де негiзiнен солар. Солай дей тұрғанмен де, аз да болса да мерген, артиллерист қыздар бар көрiнедi. Ең бастысы сол, офицерлердiң қай-қайсысымен де сөйлесе қалсаңыз, қыздардың өз iсiне ұқыптылығын, тәртiпке берiктiгiн айтады. Соған орай, оларға қарап жiгiттер де бой түзейдi екен. Бұл дегенiңiз, бетiн аулақ қылсын, бiрақ ел басына қысылтаяң күн туса, кешегi Әлияларымыздың iзбасарлары қасымыздан табылатындығын айғақтаса керек. Ал пулеметшi Мәншүктi бүгiнгi артиллерист қыздарымыз және алмастырып жататындығына еш күмән жоқ.
Гарнизонда әскери тәртiппен бiрге мемлекеттiк тiлге, рәмiздерге деген жауынгерлердiң сүйiспеншiлiгiн орнықтыруға да баса көңiл бөлiнген. Гарнизон басшылығы орналасқан биiк ғимараттың қабырғасында Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Қазақтың болашағы — қазақ тiлiнде" деген сөзiн әдемiлеп жазып, iлiп қойыпты. Бұл қанатты сөз жас жауынгерлердiң бойына патриоттық сезiмдi, мемлекеттiк тiлдi үйренуге деген құлшыныстарын арттыруға зор ықылас берiп тұрғандай сезiлдi. Оның үстiне, онсыз да сарбаздар арасында мемлекеттiк тiлдi үйренуге ынта зор. Бөлiмде жауынгерлерге арналған 7-8 казарма болса, олардың әрқайсысында арнайы спорттық жаттығу бұрыштары жабдықталған. Сондай-ақ, жауынгерлер домбыра, баян, гитара және басқа да музыкалық аспаптарда еркiн ойнайды екен.
— Бiздiң басты жұмысымыз — жауынгерлердiң тәлiм-тәрбиесi. Оларды ұлттық рухта, отансүйгiштiкке баулуға көп көңiл бөлудемiз. Нәтиже жаман емес, жауынгерлерiмiздiң мемлекеттiк Рәмiздерге деген құрметi ерекше. Олардың әрқайсысы мемлекеттiк Әнұранды әуелете шырқайды. Мереке күндерi бөлiмде елiмiздiң аспан түстес Туы желбiреп, әртүрлi спорттық ойындар өткiзiледi. Оның iшiнде ұлттық ойындарға да ерекше мән берiледi. Бiр сөзбен айтқанда, қазiр әрбiр жауынгер Отан қорғау абыройлы iс екендiгiн жан-тәндерiмен сезiнуде, — дейдi әскери бқлiмнiң штаб бастығы майор Б. Исламов.
Иә, сарбаздардың iшiнде — орысы да, қазағы да Әнұранның мәтiнiн мүлтiксiз меңгерiп алғандығын көзбен көрдiк. Командирлердiң бұйрықтары да қазақша естiледi. Әскери байланыс бөлiмшесiнде мемлекеттiк тiлге ерекше көңiл бөлiнетiндiгiн аңғарып, риза болады екенсiң.
Сөз соңы:
Кiшкентай ғана шағын қалашықта азаматтық борышын атқарушы жауынгерлер осында тап болуларын сәттiлiк санайды. Оларды үлгiлi ұйымдастырылған тұрмыстық жағдай риза қылумен бiрге бойларындағы қабiлеттерiн барынша таныта алатындықтары көңiлдерiне қош. Әсiресе, әскерге шақырылғанда мамандықсыз келiп, ендi мұнда кәсiп түрлерiне бейiмделулерi үлкен қуаныш. Әрi оны ұштап, жетiлдiруге мүмкiндiк толықтығы ынта-ықыласты ерiксiз тудырмай қоймайды. Әскери қызметшiлердiң тұрғылықты мекенiне айналған қалашық тазалығымен де көз тартады.
Серiк ЖҰМАБАЕВ