УКРАИНА КYШIНЕ МIНДI

УКРАИНА КYШIНЕ МIНДI

УКРАИНА КYШIНЕ МIНДI
ашық дереккөзі

Бiлiм ошақтары мен БАҚ мемлекеттiк тiлге көшпек

Айт, айтпа, дүйiм қазақ мемлекеттiк тiлде сөйлессiн десек, әуелгi үлгiнi билiктiң өзi көрсетуi керек. "Балық басынан шiридi" деген сөз бiздiң билiкке арналғандай. Қанша жерден "қазақ тiлi" деп байбалам салып, кеңiрдегiмiздi созғанмен оны қағаз жүзiнде емес iспен дәлелдемесек бос әурешiлiк. Бар болғаны бюджеттен бөлiнiп жатқан қыруар қаржыны желге ұшыру ғана. Билiктiң соны бiле тұра, мемлекеттiк тiл мәселесiн шешу жолдарын қазақ тiлiнде емес, көзге түрпiдей етiп орыс тiлiнде түсiндiрiп бағатынына не жорық?

Iс-қағаздары да бәз-баяғысынша сол тiлде. Қарап тұрсақ, "Қазақ тiлi — мемлекеттiк тiл" деп айдар таққан тiлiмiзге өзiмiз қолдан кертартпалық әрекет жасап жүрген жоқпыз ба?!

Ақпарат кеңiстiгiмiздi ғой бүкiл ресейлiк өнiм жаулап алды. Өзi де өлместiң кебiн киiп, жан бағып жүрген қазақтiлдi ақпарат құралдарының алдын орағытып әкетiп, көсе-көлденеңмен келедi. Газет дүңгiршiктерiне көз қиығын салар болсаңыз, көбiне қазақтiлдi басылымдар кәдiмгi жасырынбақ ойнап тұрады. Құдды бiр кәмпитiн тыққан баланың әрекетiн елестететiн сияқты. Ал Ресейден келетiн және өзiмiзде шығатын бояуы қанық орыстiлдi мерзiмдi басылымдар "менмұндалап" дүңгiршектен бұрын көрiнедi. Өйткенi, сатушы өз пайдасы үшiн алдымен сол газет-журналдарды сатып бiтудi құп санап, алдыңғы қатарға самсатып iлiп қояды. Қазақтiлдi газеттiң өтуi, не өтпеуi оған мұң емес. Керек десеңiз, басын ауыртпайды да.

Негiзi өз Отанымыз бен ана тiлiмiздi туған анамыздай сүйiп, құрметтеп, ұлықтайық десек, жыртық намысты жиып қойып, өзге елден үйренсек игi. Ақпараттық кеңiстiк демекшi, жақын көршi Өзбекстан мемлекетi жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаулап кеткен ресейлiк ақпарат құралдарының таралуына бiртiндеп тыйым салып жатса, Украина билiгi мемлекеттiң қоғам өмiрiнен орыс тiлiн бiртiндеп ығыстырып шығаруға байланысты бiрқатар шешiм қабылдады. Қысқасы, ұлтжанды Өзбекстанда "өзбектену", Украинада "украиназация" процесi басталып кеттi. Украинаның конституциялық соты заңның орындалуын талап етуi бойынша сот мәжiлiсiн украин тiлiнде өткiзуге көштi. Демек, бұдан былай мемлекеттiк тiл — украин тiлiн нашар бiлетiн орыстiлдi азаматтар сот процесiне аудармашы жалдауына тура келедi. Ел Үкiметi "Мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асырудың концепциясы" атты құжатын мақұлдады. Мұның аясында 2015 жылға дейiн БАҚ тiлiн және орыс тiлi сiңiсiп кеткен Шығыс Украина және Қырымдағы қоғамдық мекемелердiң қызмет көрсетуiн тұтастай украин тiлiнде жүргiзу үшiн заңдар қабылданып, түрлi шаралар қарастырылады. Билiк Концепцияны жүзеге асыру мақсатында қажеттi қаражат көзiн салық төлеушiлерден — мемлекеттiк және жергiлiктi бюджет ақшасынан алуына тура келедi. Егер заң күшiне мiнсе, ел аумағындағы БАҚ жүйесiне айтарлықтай әсер етуi мүмкiн. Қазiрдiң өзiнде украиндық билiк телеарна, радио және кинотеатрларды қатаң бақылауға алған. Соңғы нәтижесi — орыс тiлiне аударылған шетелдiк фильмдерге тыйым салды. Ал жалпыұлттық телеарна мен радиоарналарда орыс тiлiне 25 пайыз көлемiнде квота берiлген болса, жуық арада бұл квота мүлдем қысқарып, телеарналарға — украиндық ұлттық өнiм эфир уақытын толығымен алып жатуы керек деген жаңа талап қойылмақ. Бұдан өзге шенеунiктерге БАҚ-ның соңғы үлгiсi — интернет ғаламторларын украин тiлiне көшiру саясатын бақылауға бұйрық бердi.

Ал "Русский мир" қорының ұйымдастыруымен өткен орыс тiлi мәселесiне арналған басқосуда "Наследие Евразии" қорының президентi Елена Яценко: "Посткеңестiк елдерде орыс мектептерiнiң, мәдениет ошақтарының, орыс тiлiнде жарық көретiн бұқаралық ақпарат құралдары, оның iшiнде газет-журналдардың күрт қысқаруы байқалады" деп күйiнiптi. Оның айтуынша, ТМД елдерi арасында жүргiзген әлеуметтiк зерттеудiң нәтижесiнде әр елдiң саясаты өзара айқындалған. Мәселен, орыс тiлiне қатысты қарама-қарсы саясат Балтық және Кавказ жағалауы елдерiнде жүзеге асып жатса, тек қана екi мемлекет — Белоруссия мен Қырғызстанда орыс тiлiнiң жоғары мәртебеге ие екендiгiне көздерi жетiптi. Өйткенi, Белоруссияда орыс тiлi мемлекеттiк тiл болса, Қырғызстанда ресми тiл болып есептелетiнiн қуана айтады. Сол сияқты Армения, Тәжiкстан, Өзбекстан мемлекеттерiнде де орыс тiлiнiң мәселесi бар екендiгiне жаны ауырып, орыс мектептерi мен сыныптарының жоқтығына ашынады. Мәселен, Яценко келтiрген мәлiмет бойынша, Арменияда орыс тiлiнде бiлiм алатындар 1,2 пайызды құраса, Тәжiкстанда — 2 пайыз ғана. Жалпы, сауалнама нәтиже¬сiнде елдердiң орыс тiлiн қоғамдық өмiрде қолдану көрсеткiшiне қарай екi топқа бөлiп қарастырып, Белоруссия, Қазақстан және Украинада орыс тiлiнде сөйлейтiндердiң үлесi 80 пайыздан асқанын, ал халқының 50 пайызы орыс тiлiнде емiн-еркiн сөйлейтiндердiң қатарында Кавказ жағалауы республикалары мен Литвоның бар екендiгiн дабырайтып көрсетiптi.

Сонымен, тiл саясатын түбегейлi қолға алған Украина билiгi тәжiрибе жүзiнде қоғамдық өмiрдiң бар саласында орыс тiлiнiң қолданылуына тыйым салып жатыр. Үлгiнi өздерi көрсетпек болған олар алдымен iс-қағаздары мен мемлекеттiк мекеме орындары қызметiн украин тiлiнде жүргiзуге бет бұруда. Әсiресе, бiлiм ошақтарын ұлттық бағытқа бағыттап, орыс тiлiнен тазарту жұмысы басталып кеттi. Ұлтшыл азаматтар: "Бiлiм мекемелерiнде тек қана этникалық украиндердiң жұмыс iстегенi дұрыс" дей келе, "Орыс мектептерi ендi Киевте болмайды!" деген ұран тастады. Олардың пiкiрiнше, тiл Концепциясы 2015 жылға дейiн барынша жүзеге асса, орыс тiлi өзiнен-өзi ысырылып қала бередi. Соған қарағанда, Украина Ресей саясатынан 2015 жылы емес, қазiрден бастап-ақ азат етiлiп, идеологиялық бұғаудан құтылып жатқан сияқты. Ал егемендiгiн алып, өз қолы өз аузына жеткен Қазақ елiнiң әлi күнге 70 жыл бойғы езгiден арылмай жүргендiгi өкiнiштi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ