ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗIНIҢ “ҚАЛЖАСЫ”

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗIНIҢ “ҚАЛЖАСЫ”

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗIНIҢ “ҚАЛЖАСЫ”
ашық дереккөзі
284

Құрбым екеумiз қазақ елiнiң әлеуметтiк ахуалы туралы "мақала жазамыз" деп, деректер мен дәйектердi, сандар мен салыстыруларды нақтылау үшiн интернетке иек арттық. Құрбым мырс етiп күлдi де:

— Қазақстанда 1593 газет пен 650-ге жуық журнал өз өнiмдерiн бұқараға ұсынады екен,— дедi. Мен iле-шала:

— Жаман емес. Онда оқу бiтiргесiн осы газет-журналдардың ең мықтыларының бiрiне тiлшi болып орналасатын боламыз,— десем:

— Сен мынаған қара: қазақ тiлiндегi қай газет-журналды ашсаң да, проблемамен шақшадай басың шарадай болады. Зар илеп жазылып жатқан проблемалардың ешқандай нәтиже бермейтiнiне зығырданым қайнайды. Қазақ басылымдары "Тiлiм, дiлiм, дiнiм" деп ұлтымызды iрiлiкке, рухымызды оятуға талпынған сайын, кежегей тамырымыз кейiн тартып барады, — деп көкейдегi шерiн тарқата түстi.

Ойлансам — қазақ басылымдарының жағдайы кетiгi көп, күрмеулi мәселе екен. Кейде қазақ оқырмандарын аяйсың, онсыз да шаршап жүрген халық газет-журналдардағы жазылып жүрген Қазақстандағы "қазақ мәселесiнiң" шешiлмейтiндiгiне күйзеледi. Менiңше, қазақ журналистикасы баяғыдан қанына сiңген романтика мен эмоциядан әлi айыға алмаған. Дұрысы, ақпараттық технологиясы дамыған ХХI ғасырда суық зерде, ащы шындық керек. Абызша ақыл айтып, қобыз тартатын заман алшақтаған сияқты. Мамандар ақпарат өзiнiң мазмұндық-тақырыптық жағынан айғақтық, жалпылама, баға беру, концептуалдық, директивтiк түрлерге бөлiнедi дейдi. Олай болса, бiздiң бүгiнгi қазақ журналистикасы жалпыламалылыққа бойұсынған. Яки, бiзде нақты айғақпен журналистiк зерттеу жүргiзу кенже қалып келедi. Мұның өзi қазақ журналистикасында орны толмас бiр олқылық. Сондай-ақ, экономиканың диагнозын дөп тауып, салмақты саяси сараптау жүргiзетiн маман-журналистер жоқтың қасы. Тiптi журналистерiмiз ақпарат алуда өз құқықтарын аяқ асты етiп жүрген жайы бар.

Үстiмiздегi жылдың қаңтар айында елiмiздегi әйгiлi табиғат жанашыры өзiнiң кезектi даулы мәселесiне байланысты баспасөз конференциясын өткiзген-дi. Өндiрiстiк тәжiрибеден республикалық газеттерде өтiп жүрген бiз де баспасөз конференциясына қатыстық. Әдетте баспасөз релизi мемлекеттiк және ресми тiлдiң негiзiнде жазылады. Бiрақ, бұл жолы баспасөз релизi тек ресми тiлде ғана журналистердiң қолына тапсырылды. Бiздiң қазақ тiлiндегi баспасөз релизiн сұраған өтiнiшiмiзге жауап болмады. Сонда әлгi ағамыз қай елдiң журналистерiнiң көмегiне жүгiнгiсi келдi екен? Жоқ, әлде қазақтiлдi журналистер баспасөз релизiне дейiн аударма жасап отыруы керек пе? ҚР-ның Конституциясында да және басқа да заң негiздерiнде бұл жағдай өрескелдiк болып табылады. Дегенмен, көпшiлiк бұған мән бере бермейдi. Өйткенi, империалистiк құлдық сананың жетегiндегi қоғам мұндайды қайдан байқасын? Кiм бiледi, асыра сiлтемейiк, журналистер қазаққа қажетiн байқап та, онымен ой майданында шайқасып та жүрген болар. Бiрақ, бiздегi бiр iшкi дауыс көптеген "сауысқаннан сақ, тазыдан ептi" редакторлардың цензурасынан журналистердiң сөз еркiндiгi тапталуда дейдi. Осыған қарап, журналистер ерiктi қоғамның ерiксiз қызметкерлерi ме дерсiң.

Бүгiнде елiмiздiң журналистикасы қазақ және орыстiлдi болып екiге жарылғаны белгiлi. Орыс тiлдiлер мысықтай айбар шексе, қазақ тiлiндегiлер әр тесiктен сығалаған тышқандай жан бағу үшiн тыраштануда. Орыс тiлiндегiлер орыс идеологиясы үшiн жұдырықтай жұмылса, қазақ тiлiндегiлер белгiсiз тұлғалар мен топтардың сойылдарын жеке-жеке, iштей қызылшеке болып соғуда. Елiмiздiң ақпарат кеңiстiгi ортақ идеологияға бет бұруы керек. Ол қазақ елiнiң, тiлiнiң, дiнiнiң болашағы деген мақсатта айқындалса құба-құп. Әйтпесе, түбiнде бөлiну жақсылыққа апармайды, опындырып тынады.

Ертеде бiр патша өмiр сүрiптi. Ол елдiң хал-ахуалын өз көзiмен көру үшiн қарапайым халықтың арасын диуананың кейпiне енiп аралайтын көрiнедi. Патшаның бұл әрекетiн байқаған он қарақшы оны оңашада ұстап алып:

— Сенiң патша екенiңдi бiлемiз, қалтаңдағы алтындарыңды ортаға салмасаң, басыңды аламыз, — дейдi.

— Жарайды. Әйтсе де, бiр шартым бар: екi топ болып шайқасыңдар, қай топ жеңсе, сол топқа үстемемен алтын берем,— деп патша айлаға көшедi. Сөйтiп, ол әр топты екiге бөле отырып, ең соңында бiр ғана жендетпен бетпе-бет қалады. Патша алтын салынған әмиянды жеңiмпаз жендеттiң алдына лақтырып жiбередi. Өз-өзiне риза болған жендет әмиянды еңкейiп ала бергенде, патша алдаспанымен оның басын шауып алады. Ақылмен құрылған айласын iске асырған патша "бөлiп ал да, билей бер" деп өз жөнiмен кете берiптi. Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн ортақ ұлттық идеологияға жұмылдырмаса, жағдайымыз жоғарыдағы жендеттердiң тағ¬дырын кешпесiне кiм кепiл?

Алайда, сананы тұрмыс билейтiн заманда қазақ журналистерiне өкпе арта берудiң өзi орынсыз-ау. Ай сайын алатын азын-аулақ тиын-тебенi пәтер ақысы мен жол ақысынан артылмайтын журналистер қайдан құлшынып жұмыс атқарсын?! Журналистiк зерттеудi қалай жазсын, егер, қаламақысы шыққан шығынды өтемесе?! Мәселен, Түркия елiнде беделдi ақпарат құралдарының журналистерiнiң ел аумағында, қоғамдық көлiктерде жүру ақысы тегiн көрiнедi. Сондықтан, тұрмысы жақсы түрiк тiлшiлерi "төртiншi билiк" емес, негiзгi билiк өкiлдерiмен тең дәрежеге ие. Олар "төккен тер, есiл еңбек" деген ұғымдардан ада. Ал, бiздiң қазақ журналистикасының кейбiр редакциялары телефон-факс, интернет жүйесi секiлдi ақпарат алу құралдарының соны техникасымен де жабдықталмаған. Беделдi деген басылымдарымыздың өзiнде бес-алты журналистке бiр компьютерге ғана қондырылған интернет жүйесi жұмыс жасайды. Мұндайда қазақ "Қалға болар қарақтың қалжасынан түңiлдiм" демеушi ме едi…

Жадыра НАРМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары