ЖАНАРМАЙДЫ ТАЛОНМЕН ҒАНА ҚҰЯ АЛАСЫЗ...
ЖАНАРМАЙДЫ ТАЛОНМЕН ҒАНА ҚҰЯ АЛАСЫЗ...
Қызық, кешкiлiк жеңiл көлiгiме жанармай құяйын деп, "Helios" бекетiне соққам, кассир операторлар "талон мен карточкасыз жанармай бермеймiз" деп қарап тұр. "Бензиндi ендi қайдан құям?" десем, "АИ-96 жанармайын құюыңызға болады" дейдi. Екi кештiң ортасында қайдан жанармай iздеп жүресiң, шарасыз АИ-96-ны құюға тура келдi. Айналдырған бес-алты минуттың iшiнде әлгi жанармай құю стансасына қаншама жеңiл көлiк келiп тоқтады десеңшi. Қалтасында ақшасы бола тұра, жанармай ала алмаған жүргiзушiлердiң түрiнде өкпе-ренiштерi көрiнiп-ақ тұр. Бiрi – басқа жанармай бекеттерiн iздеп кетсе, ендi бiрi – АИ-80 маркалы жанармайды құйып жатыр. Оның өзi 80 теңгеден асып кеткен.
Жанармай құю бекетiнен шыққан соң, бiрқатар жанармай құю бекеттерiне соғуды жөн көрдiм. Ондағы мақсат, жанармай маркаларының бағасын бiлу. Қаланың шыға берiс жолындағы бiрнеше жанармай бекеттерiнде баға әртүрлi. Бiрi тiптi, шарықтап кеткен. Жанар-жағармайдың бағасы бұрынғы қалпына түседi деген сенiм ақталмады. Қалпына түсу қайда, тiптi, күннен күнге бағасы өсе түскендей. Мәселен, кейбiр жанармай бекеттерiнде АИ 92-93 маркалы жанармайдың бағасы 105-103 теңгенiң аралығында болса, кейбiрiнде АИ-93-тiң бағасы 107 теңгеге жеткен. Ал, АИ-96 маркаңыз тiптен аспандап кетiптi. Бiрiнде 112 теңге болса, ендi бiрiнде 122 теңгеге дейiн жеткен. Бұл тамыз айы басталмай жатқандағы баға. Күнi ертең егiстiктi жинау науқаны басталған кезде, бұл бағаның бұдан да әрi шарықтамасына кiм кепiл?! Күнi-түнi егiстiктiң басында жатқан шаруаның жайын ойлайтын кiм бар? Онсызда биылғы қуаңшылық қарапайым шаруаға көп кесiрiн тигiзген жоқ па?
Кеше ғана оңтүстiк өңiрлерге барғанымызда шаруаның көбi биылғы жылы шөп тапшылығын сезiнiп отырғандықтарын ашық айтқан. "Сәуiр болмай, тәуiр болмайды" дейтiн шаруаның жаңбырсыз өткен көктемнiң күндерiнен кейiн егiсiнiң қандай боларын бiлмей дал болып жүрген жайы тағы бар. Оған шөп шауқанға шүйлiгiп, жаудай қырып түскен шегiрткенi қосыңыз. Осындай қиындықтарға қарамастан, "қыстың қамын, жаз ойлап" отырған шаруаға жанар-жағармайдың бағасының қымбаттауы екi есе қиындық әкелерi сөзсiз.
Ал Үкiмет болса, маусымның 1-нен бастап, қыркүйектiң 1-не дейiн мұнай өнiмдерiн, дәлiрек айтсақ, бензин мен дизель отынын сыртқа шығаруға тыйым салған болатын. Бұл iшкi нарықтағы мұнай өнiмдерiн тұрақтандыруға да септiгiн тигiзу үшiн жасалынған шара едi. Бiрақ Үкiметтiң қаулысына қарамастан, маусымның 1-нен бастап, баға 5-7 теңгеге дейiн өсiп кеттi. Әлде бұл мұнай нарығындағы алпауыттар мен шенеунiктердiң қолдан жасап отырған бағасы ма екен. Қалай десек те, баға тұрақтанудың орнына, күннен күнге өсiп келедi. Әрi бұған жанармайдың тапшылығы да өз әсерiн тигiзiп отырған сияқты.
Естуiмiзше, көршi Қырғызстанда жанармайдың бағасы бiзге қарағанда арзан көрiнедi. Ал, бiздiкi әлемдiк мұнай бағасымен пара-пар болып қалғандай. Кейбiр мамандар бұған себептi жанармай өңдейтiн зауыттардың ескiргендiгiнен iздейдi. Өйткенi, бiздiң зауыттар 1 тонна мұнайдан 400-500 келi ғана жанармай алады екен. Ал, көршi Ресейде 600-700 келi көрсеткiштi көрсетiп отыр. Сондықтан болар, өзiмiз тұтынатын жанармайдың 25 пайызын Ресейден алуға мәжбүр болып отырғанымыз.
Жанармай бекеттерiндегi кассир операторлардың мiндетi тапсырманы орындау ғана. Ал оларға берiлген тапсырма карточка мен талон арқылы жанармай тарату. Жанармай тапшылығы осылай жалғаса берсе, баға тұрақтанады деудiң өзi бекершiлiк.
Гүлзина Бектасова