Босқын елге бәрі «бөжей»
Босқын елге бәрі «бөжей»
Туған жерден береке таппаған жатжұрттықтар кәрі құрлық үшін, бейнелеп айтқанда, Троя атынан бір мысқал кем емес. Бас сауғалап, бейбіт тұрмыс іздеген, жанұшырып, жұмыс іздеген иммигранттар үшін бөтен елдің заңы да, тәртібі де, тіпті, шекарасы да бөгет бола алмайды. Еуропа елдері Африка құрлығынан ауған жатжұрттықтар тасқынын толастата алмай әуреге түссе, Еуроодақтың мүшесі болғанымен, оңаша отауы бөлек Ұлыбритания еуроаймақтан ағылған еңбек мигранттарының қатарын сиретудің амалын қарастыруға көшті. Тіпті, Британ аралынан бақыт іздеген мигранттарын тыймаса, Еуроодақтан шығатынын айтып, қыр көрсетіп отыр. Осылайша, жаңа ғасырдағы миграция – өркениетті Еуропаның ең қиын түйткіліне айналды.
КӘРІ ҚҰРЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ӨЗГЕРУДЕ
Кім кіндік кескен туған жерін тастап, жат елге қоныс аударады дейсіз? Өміріне қауіп төнген не өз елінің келешегінен күдер үзген адам ғана мұндай қадамға баруға бейім шығар. Соғыс пен берекесіздіктен қашқан Солтүстік Африка тұрғындарының басындағы жағдай осы. 2011 жылы Ливияға әскери интервенция жасалғаннан кейін Еуропа осы елден өрген босқындармен бетпе-бет келді. Кеше ғана гүлдей жайнаған Ливия енді халықаралық босқындардың өткеліне айналды. Қазіргі таңда Еуропаға ауа көшкен заңсыз мигранттардың 70-80 пайызы осы ел арқылы келетін көрінеді. Каддафидің өкіметі құлағаннан кейін бұл елде халықаралық контрабандистер біржола орнықты. Соғыстан, бей-берекет тірліктен, ауыр тұрмыстан қашқан адамдар қандай жолмен болса да тыныштық пен бақуатты мекенге жетуге асық. Осыны пайдаланған контрабандистер енді кәрі құрлыққа «тірі тауар» тасумен пайда табуға көшті. Бүгінде Ливияға Сомали, Кения, Эфиопия, Нигерия елдерінен және Сахара аймағынан қашқан мигранттар топтасуда. Былтыр мигранттардың жартысына жуығы Эритрея мен Сириядан келген болатын. Олардың бар мұраты – кәрі құрлықтың бір шетіне аяқ басып, тұяқ іліндіру.
Жыл басынан бері дамыған Еуропаға қарай бет алған босқындар саны күрт артқан. Жақында Францияның Atlantico басылымы «мигранттар тасқыны – Еуропаның сыртқы саясатындағы қателіктерінің салдары» деп жазды. Бұл сөздерде шындық бар. Басылым келтірген деректерге жүгінсек, 2002-2010 жылдары Еуропаға заңсыз жолмен жыл сайын 20 мыңдай иммигрант келсе, былтырғы жылы олардың саны сегіз есе өсіп, 169 мыңға жеткен. Кейбір деректерге қарағанда, қазір 1 миллиондай мигрант Ливия аумағына өтіп, енді Еуропаға қарай бет алуға буынып-түйініп дайын отыр.
Өткен айда Жерорта теңізінде заңсыз мигранттар мінген кеме суға батқаннан кейін еуропалық саясаткерлер мигранттар мәселесінің тіпті ушығып бара жатқанын мойындауға мәжбүр болды. Жыл басынан бері Еуропаға бет алған 2000 босқын Жерорта теңізінде ажал құшты. Былтырғы жылдың алғашқы төрт айында дәл осындай жолмен Еуропаға өтуге талпынған 100 адам қаза тапқан еді. Жағдайдың осынша ушыққаны бір жағынан мигранттар тасқынының артуына байланысты болса, екінші жағынан Еуроодақ елдерінің миграцияға қарсы саясатының күшеюіне де қатысты. Арнайы қызмет орындары таратқан мәліметтерге сәйкес, заңсыз миграция құрбандарының саны алдағы уақытта артпаса, кемімейді. Ендеше, қайғылы оқиғалардың тізбегі де тыйылмайды деген сөз.
Осылайша, Еуроодақ мүшелері заңсыз мигранттарды қабылдау мәселесін талқылап жатыр. Босқындарды отырғызған қайықтарды әскери күшпен тоқтату, тіпті жойып жіберу жайлы ұсыныс айтылды. Бүгінге дейін адам құқығын басты құндылық ретінде қарастырған кәрі құрлық енді қарама-қайшылыққа ұрынғалы тұр.
Еуроодақ мүшелері босқындарды арнайы квота арқылы бөліп, қай елдің қанша адам қабылдайтынын анықтап алу мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Кей деректерге қарағанда, 2014 жылы Еуропаға 500 мың босқын келіп, қоныс тепкен. Оның жартысына жуығы Германия мен Швецияда орнықты. Салыстыру үшін айталық, Швеция 75 000 босқынды қабылдаса, Финляндия өз аумағына тек 3500 адамды кіргізген. Мұндай келеңсіздікті болдырмас үшін кейбір саясаткерлер босқындар легін Еуроодақтың 28 мемлекеті арасында теңдей бөлу керектігін айтып, ұсыныс тастады. Бірақ Ұлыбритания бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы. Себебі қазіргі таңда Біріккен Корольдік Солтүстік Африкадан ауған босқындардан емес, Шығыс Еуропадан ағылған мигранттардан зәрезап болған. Британдықтар оңаша жайлы тұрмысын кедей одақтастарымен бөлісуге риза емес.
Британ ішкі істер министрі Тереза Мэй босқындарды табанын жерге тигізбей, келген ізімен кері қайтару керек деп ашық мәлімдеді. Кейбір саясаткерлер босқындар ағынын тоқтату үшін Солтүстік Африкада оларға арналған мекен-жай ашу керектігін айтуда.
Өлген-тірілгеніне қарамай кәрі құрлыққа жетуге асыққандар Еуропа үшін экономикалық ауыртпашылық әкелумен бірге жақын болашақта саяси, әлеуметтік және демографиялық қиындықтар туғызуы мүмкін.
Жатжұрттықтарға кесе-көлденең тұру саясатын қолдайтындар қазіргі кезде Франциядағы түрмеде отырғандардың шамамен 19 пайызы шетелдіктер екенін алға тартады. Сондай-ақ бақуатты Францияда үйсіз-күйсіз жүргендердің жартысы тағы да жатжұрттықтар.
Қазіргі таңдағы миграция осыдан отыз, жиырма, тіпті бес-он жылғы толқынға ұқсамайды. Заманауи миграцияның ауқымы да, мазмұны да өзгерген. Біріншіден, оның қарқыны ай санап, күн санап күшейіп келеді. Ендеше, оны қатардағы әлеуметтік мәселе ретінде қарастырудың жөні жоқ. Жаңадан туындаған шетін мәселелер тың шешім қабылдауды қажет етеді. Екіншіден, бүгінгі миграция кәрі құрлыққа өзімен бірге еуропалық қоғамның түп-тамырына қауіп төндірер өзгерістерді алып келуде. Демографиялық дағдарысқа ұшыраған Еуропа санаулы жылдарда түр-түсі өзге, тегі басқа тұрғындармен лық толуы ғажап емес. Бұл қат-қабат мәдени-әлеуметтік қайшылықтар, діни қақтығыстар, саяси-экономикалық қиындықтар туындайтын күн алыс емес деген сөз.
Қалай дегенмен де, мигранттар мәселесі жақын арада оң шешімін табатын түрі жоқ. Ол кәрі құрлықтың болашақ бейнесін өзгертіп, дамыған, өркениетті Еуропаның кескін-келбеті басқаша сипат алуы да ғажап емес.
«ОРТАҚ ӨГІЗДЕН ОҢАША БҰЗАУ ЖАҚСЫ»
Жалпы, Ұлыбритания одақтастарына қарағанда пана іздеген жатжұрттықтарға жылы қабақ таныта қоймайды. «The Financial Times» газетінің жазуына қарағанда, былтыр кәрі құрлыққа келген мигранттарды Германия мен Швеция мыңдап қабылдап жатқанда, Біріккен Корольдік өз жеріне жүздеген босқынды ғана кіргізген. Онда да олардың бұл елде тұрақтап қалуы, адал нәпақа табуы, әлеуметтік жеңілдіктерге ие болуы неғайбыл.
Еуроодақ аумағында тұрғындардың еркін жүріп-тұруына еш кедергі жоқ. Сондықтан Ұлыбритания соңғы кезде дамушы елдерден келіп жатқан босқындардан гөрі, Шығыс Еуропадан шыққан азаматтардың топтап келуіне көбірек алаңдайды.
Енді биыл жыл басынан бері Румыния мен Болгария азаматтарына Еуроодақ аумағында жұмыс істеуге шектеу алынғалы бері бұл дау күшейе түсті.
Бұған дейін Ұлыбританя ішкі істер министрлігі сырттан келетін арзан жұмыс күшінің саны жыл сайын 13 мыңнан аспайды деп болжаса да, шын мәніндегі жағдай бұл көрсеткіштен әлдеқайда асып түсті. Шығыс Еуропадан келген еңбек мигранттарының саны бір жарым миллионнан асқан деген дерек бар. Былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айында Біріккен Корольдік аумағында 624 мың иммигрант келсе, оның 251 мыңы Еуроодаққа мүше елдердің азаматтары. Осылайша, Шығыс Еуропадан шыққан еңбек мигранттары, атап айтқанда, поляктар, болгарлар, румындар, Балтық елінің азаматтары жергілікті тұрғындарды нәпақасынан айырып, елдегі арзан жұмыс күшіне айналды.
Өткен айда қайтадан премьерлікке сайланған Дэвид Кэмерон енді мигранттар тасқынын азайтуға қатысты уәдесін орындауға талпынуда. Ол жақында Еурокомиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесіп, Ұлыбританияға қарай бағытталған миграция толқынын азайту мәселесін талқылады. Егер бұл мәселеде Еуроодаққа мүше басқа елдердің басшыларымен бір келісімге келмесе, Біріккен Корольдік Еуроодақтан шығу жайлы мәселені референдум арқылы шешуге әзір. Себебі Кэмеронның сөзімен айтқанда «күшті ел – иммиграцияға тосқауыл қойған ел».
Ұлыбритания