МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Өткен аптада Моңғолияда төрткүл Әлемдi дүрлiктiрген оқиға болып өттi. Моңғолияда Конституцияға сәйкес Парламент 4 жылда бiр рет жасақталады. Парламентке саяси партиялар мен жеке адамдар атын ұсынып, көпшiлiк дауыс иеленген үмiткер Ұлы Хурал мүшесi болады. Әрбiр аумақтың халқының санына байланысты Парламентке 2-4 орын берiлген.
Мысалы, Баян-Өлгей аймағына Парламенттен 3-орын берiледi. Парламент мүшелерiнiң саны 76. Ең көп орын алған саяси партия немесе одақ Үкiметтi басқарып, өзiнiң сайлау алды әзiрлеген жоспарын осы 4 жылда орындауы керек.1990 жылы Демократиялық Мемлекет орнағаннан берi 5-рет Парламент сайлауы өтiп отыр. Моңғолия Конституциялық-парламенттiк мемлекет болғасын, әрбiр Парламент сайлауы – әрбiр Моңғолия азаматы үшiн маңызды.Бұл жолғы сайлау Моңғолия үшiн дe өте маңызды едi. Себебi, жаңадан ашылған кен орындарын игеру, Орасан зор қазба байлыққа алдағы 4 жылда кiмнiң қожайын болуын анықтайтын шешушi сайлау едi. Моңғолиядағы ең үлкен екi партия да бұл қазба байлықтан түскен пайданы халыққа бөлiп берудi сайлауалды жоспаына еңгiзген едi.Ең соңғы Парламент сайлауы 29 маусымда өткен едi. Моңғолия тарихында өзiндiк орны бар, Моңғол Халық Революциялық Партиясы (МХРП) өткен сайлаудың алдын-ала қорытындысы бойынша 76 орынның 45-не ие болған едi. Бұл қорытындыға разы болмаған басқа партиялар (Дем. партия, Республикалық партия, Азаматтық Қозғалық партиясы) Орталық Алаңда, кейiн МХРП үйiнiң алдында ереуiл ұйымдастырған. Олар сайлаудың әдiл өтпегенiн, қайта сайлау өткiзудi, дауысты қайта санау керек екенiн Үкiметтен және МХРП басшыларынан талап етедi. МХРП партиясы Сайлаудың қорытындысына басқа партиялар разы болмаса, сайлауды қайта өткiзуден именбейтiнiн мәлiмдейдi. Тек сайлаудың толық қорытындысын күту керек екенiн, Президенттiң мәлiмдемесiн күту қажеттiгiн айтады.
Бiрақ, бұған қанағаттанбаған МХРП үйiнiң алдына жиылған халық, сағат 19.00 шамасында, партия үйiне басып кiрiп, от қояды. Полиция өкiлдерiне тасты қарша жаудырған соң, қосымша полиция күшi келедi. Олар газ, резина қолданып халықты шегiндiредi. Көтерiлiсшiлерге қосымша күш келiп қосылып, МХРП үйiн түгелiмен өртеп, iшiндегi бизнес орталықтарының мал-мүлкiн алып кетедi. Соңынан оның жанында орналасқан Мәдениет сарайына басып кiрiп, моңғолдың ұлттық аспаптарын қиратып, киiмдерiн өртеп, қалғанын тонап кетедi. Моңғолияның 50 жылдан берi жинап келе жатқан Архитектура үйiнiң архивiн өртеп, компьютер, үстел, орындығын ұрлайды. Моңғолия суретшiлерiнiң еңбегi талай жылдар жинақталған Галерея үйiн де өртеп, iшiндегi суреттердi көтерiп кеткен.
Арашаға түскен, қарсы келген адамның барлығын басып-жаншып, сабайды. Жайымен жүрген азаматтардың машиналарын өртеп, журналистер мен фотожурналистердi соққыға алады. Соққыған жығылған журналистердiң iшiнде Жапондық журналист де бар екен, оны емдету үшiн елiне қайтарады.
Ереуiл осылайша полицияға күш бермей, тәртiпсiздiк пен бейберекетсiздiкке бет алғасын Президент жарлық шығарып Ұланбатырда 4 күнге төтенше жағдай жарияланады. Әскер күшiн еңгiзiп, көтерiлiсшiлердi басады. Көтерiлiс салдарынан 700-дей адам ұсталады. 5 адам қаза болған, 20 шақты адам ауыр жараланған. Оның iшiнде милиция мен көтерiлiске еш қатысы жоқ қарапайым адамдар да бар. Көтерiлiске қатысқан адамның саны 1500-дей, көпшiлiгi 20-30 арасындағы жастар мен кәмеклетке толмаған балалар. Соққыға жығылғандардың мәлiмдеуiне қарағанда, көтерiлiсшiлердiң көбi мас адамдар көрiнедi. Кейбiр деректерге қарағанда, көтерiлiс ұйымдастырушылар жастарға ақша берiп, ереуiлге ертiп келген көрiнедi. Тұтқындағы жастардың кейбiрi ақша алғанын мойындап отыр. Бұдан бұрын да Моңғолияда бiрнеше мәрте бейбiт ереуiл ұйымдастырылғаны белгiлi. Оның алғашқысы – 1990 жылы 70 жыл бойы елдi басқарған Коммунистiк режимнiң билiктен кетуiн талап еткен демократтардың шеруi едi. Ол шеру нәтижесiн берiп, коммунистiк режимнiң құлауына әкелiп соққан болатын.
Бұл жолы сайлауға разы болмаған топ көтерiлiстi ұйымдастырса да, көтерiлiстiң арты бейберекетсiздiкке баратынын бiлмеген болар. Oқиға жайында әркiм әртүрлi көзқараста. Бiреуi жеңiске жеткен билiк сайлауды әдiл өткiзбегендiктен болды десе, бiреуi жеңiлгенiн мойындамай көшеге жастарды елiктiрiп, бастап шыққан оппозиция басшыларын сынап отыр. Қалай дегенмен де, бұл оқиға Моңғолияны 60-70 миллион доллар шығынға ұшыратып кеттi. Ең өкiнiштiсi қаза болған азаматтар мен халықтың өз мәдениетiн өздерi өртеуi, өздерi таптауы. Қарапайым қызметiн атқарып жүрiп, соққыға жығылған сақшы.
P.S. Қазiр Моңғолия төтенше жағдайдан шығып, қалыпты тiрлiк басталды. Олар өздерiнiң тәуелсiздiк тойы – "Наадамға" дайындық үстiнде. 11-шiлдеде ұлы дүбiр той, ұлы той басталады. Ал, бейберекетсiздiктiң салдарынан, қаза болғандарды кiм аза тұтар екен.
Бақытнұр БӘЙТЕЛҰЛЫ, Оңтүстiк Кореяның
Ақпарат және Телекоммуникация Университетiнде магистрант