Тектiлiк
Тектiлiк
Орыс сыншысы В.Белинскийдiң "Ақын – бәрiнен бұрын адам, содан соң өз жерiнiң азаматы, өз дәуiрiнiң перзентi", – деген осы уақытқа шейiн естен кетпей келе жатқан ойлы тұжырымы Б.Майлинге де, тiптi барша ақын-жазушыларға да қатысты. Осыдан туындайтын мәселе – Бейiмбет өз халқының, туған жерiнiң азаматы бола алды ма? Әрине, оның тектiлiгi – ең алдымен елiне, ұлтына адал қызмет еткендiгiнде. "Отымен кiрiп, күлiмен шыққан" дегендей, ол он ойланып, жүз толғанса да, төпеп, төгiлдiрiп жазса да халқының қасiретiн, қайғы-қуанышын көрсетуден ауытқымаған, жаны ауырып, бүйрегi күйзелген нағыз азамат суреткер.
Қаламгер пешенесiне қашанда кiндiк кескен жерiне, туған халқына қызмет ету жазған ғой.
Алашорда көсемi А.Байтұрсынов:
"Қазағым, елiм!
Қайқайып белiң
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзiңдi оянып.
Қанған жоқ па әлi ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!"
– деп, жырласа М.Дулатов "Көзiңдi аш, оян қазақ, көтер басты" деп халқының жiгерiн жанып, рух берiп жатқанда, жас Бейiмбет те елi үшiн жаны егiлiп, көкiрегi езiлiп, санасы сан қырды шарлайды. Қайтсе ел тұрмысы жақсарады деп елжiреген ол да жалын атқан үнiн шығарып, iшкi мұңды да шерлi сырын, тiлеуi мен үмiтiн ақтарған.
"Қазағым" деген ағайынды елiм бар" деп "Көңiлiме" деген өлеңiнде мәшһүр дүниеге жар салған жас ақын қазағының тiрлiк-тынысына көңiлi толмай "Мұқтаждық" өлеңiнде шерменде күйге түссе, "Қанды тұман" деген өлеңiнде 1916-жылғы аласапыранда "Сабылған ел арасы елдiң ерi, қысылып, елдiң сасар келдi жерi", "Елдiң iшi қалың тұман, жылау-сықтау" деп жан-жүрегi дегбiр таппайды. "Елге барғанда" деген өлеңiндегi:
"Бiрiнен бiрi жақын, маған жылы,
Томары, жарық, шалшық көлi, қыры…
Көк жасыл минутына жүз құлпырып,
Өзгеше әлденеге бүгiн түрi.
Жұмақтың бақшасындай гүл жапырақ,
Сайраған түрлi құстар қылып тұрақ.
Жұбатқан жанның бәрiн жайлы жердi
Сағынбай тұрар адам не ғып шыдап!"
– деген шумақтар оның сағыныш күйiн шертедi.
Кеңес өкiметi орнап жатқан кезде де, Алашорда құрылған уақытта да, одан кейiнгi қоғамда болып жүрген оқиғалар тұстарында да – бәрiне үмiт арта қарап, өз елiне жақсылығы болса игi деп тiледi. Кейде кеуде керген қуаныштан көңiлi тасып, лепiрiп, қыран құстай саңқылдаған үнi шартарапқа тарап кеттi. "Қазаққа" атты өлеңiн "Келдi кеңдiк, туды теңдiк басыңа" деп бастап, "Алалықты араңдағы жой, қазақ!" деп, береке-бiрлiкке шақырса,
"Бiрлiк қылсаң, алашым,
Iлгерi қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағын мәңгi қалдырып,
Жасасын алаш, жасасын!"
– деп, "Алашордаға" деген өлеңiнде ниеттес екенiн бiлдiрiп, пейiлiн ұрандатып жар салған. Ал "Елiме" атты өлеңiнде разы көңiлден шабыт буып:
"Елiм-ай, бiр сен үшiн мiндiм атқа,
Көзден жем қылмаймыз деп ендi жатқа.
Көтерiп Алаш туын ұрандадық,
Қарамай шапқан қылыш, атқан оққа",
– деп елi үшiн атқа мiнгенiн, алаш туы астында ұрандағанын жасырған жоқ. Соңғы екi өлең Бейiмбет ақталғаннан кейiн шығарылған жинақтарына енгiзiлмей келдi. Оның мәнiсi алаш полкiнде бiрнеше ай қатардағы жауынгер болғаны, алашордашыл деп сыналғаны, таңылған таңбадай жабысып қалғаны. Есесiне "Әкесiнен хат", "Садақбай" өлеңдерi қалдырылмай келдi. Бұл туындыларында алаштың кейбiр iстерiнiң салқыны тигенi сезiледi. Бiрақ оның алашта болғандығы үлкен айып болып жапсырылып, содыр сыннан көз аштырмады.
Алайда, ол халқына деген адалдығынан, ақ жүрегiнен айныған емес. Қай шығармасын алмаңыз, сол ойының желiсi созылып жатқанын көремiз. "Гүлденсе ауыл – гүлденемiз бәрiмiз", "Құтты болсын мейрамың", "Жаңартты қазiр жырды ауыл" сияқты өлеңдерден шалқыған көңiл, шарықтаған қуанышқа бөленгенiн аңғарамыз. "Он бес үй", "Әмiржанның әңгiмесi", "Кездескендер" (алғашқысы "Қырманда"), "Майдан", "Аманкелдi" (киносценарий), "Тартыс", "Азамат Азаматыч", "Қоңсылар", "Қызыл жалау", тағы басқа шығармалары қиын-қыстау өмiр кезеңдерiн басынан кешiрген елiнiң тағдырын әспеттеп көрсетуге арналған. Елi жыласа, көзден жасы тамшылаған, қуанса, қайғы-шерi аршылған Б.Майлиннiң ұлылығы да осында.
Тектiлiктiң бiр белгiсi – парасаттылық. Шығыстың Аристотелi, ғұлама Әбу Нәсiр әл-Фарабидiң: "Күллi игiлiктiң iшiндегi адам үшiн ең ерекше мәнi бар игiлiк – парасаттылық болып табылады, себебi адам парасаттылықтың арқасында адам болған" деген сөзiнiң мағынасы Б.Майлин биiгiнен мол табылады. Бұл ұғымның тарамдары сан-салалы. Ақыл-ой да, сана-сезiм де, адамгершiлiк те, адалдық та, зерделiлiк те, салиқалылық пен салауаттылық та, қарапайымдылық пен кiшiпейiлдiлiк те, жоғары мәдениеттiлiк пен әдептiлiк те жатады дер болсақ, солардың бәрi Б.Майлин болмысына дарып, бойына терең сiңген. "Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын" деген Абайдың асыл сөзi Б.Майлиннiң жолын көрсеткен жарық жұлдызындай. Оны еңбекқор дей салу жеткiлiксiз. Ең алдымен оның еңбегi-таза еңбек. Ешқандай ұрлық-қарлығы, алдап жеуi, бiреудiкiне қол сұғуы, жырымдап алуы жоқ.
Сырттай жұпыны көрiнетiн оның есте қаларлық жерi қою қара шашының ұш жақтары бұйралана шиырылып маңдайына төгiлетiнi, бадырайған үлкен көздерi, тостағанның аясындай домалақ келген беттерi өзiне жарасымды-ақ едi. Сөзге жоқ, өсекке әуес емес. Қағазға төнгенде сөздiң мәнi мен көркiн маржандай төгiлтетiн суреткердiң мiнбеге шықса, жұртты аузына қарата сөйлейтiн шешендiгi де жоқ. Тегi мiнбеге ұмтылып, көрiнiп қалайын дейтiн мiнезден аулақ.
Ғ.Мүсiреповтың "Совет дәуiрiнiң барлық күнделiгiн қағазға түсiрiп қалдырған – Бейiмбет" деген сөзiне ойлана, үңiле қарасаң, Б.Майлиннiң аса бiр ерекше тағылымына, асқан еңбекшiлдiгiне айтылғандай. Редакторлық, журналистiк, жазушылық, баспагерлiк, қоғамдық жұмыстар бастан асып жатса да бар есiл-дертi жазуға ауған. Ешқандай бап талғамаған, өзiне бiр ерекше жағдай талап етпеген, қайта жайлы креслодан өзiн аулақ ұстауға тырысқан. Кейде амалсыз көнуге тура келген. Соның өзiнде қанша мәндi шығармалар қалдырған. Мiне, оның ақталғанына да елу жыл болды, зерттеушiлерi, шығармаларын iздеушiлерi көп-ақ, әлi күнге дейiн туындыларының бас-аяғын жинақтап түгендеп ала алмай жүрмiз.
Б.Кенжебаев: "Бейiмбет алуан қырлы, ұшқыр қиялды, зор талантты жазушы едi" деп жалпы оң пейiлдi сипат берiп, "қаламы әдебиет жанрының бәрiне бiрдей жүйрiк те жетiк едi" деуi зор бағалауы, үлгi-өнеге тұтуы. Ал, М.Әуезов: "Тарихтық бағалы еңбек етушi", I.Жансүгiров: "Жазғанының көптiгi мен көркемдiгiнен де алда келедi", С.Мұқанов: "Жұмысының көптiлiгi және өнiмдiлiгi жағынан Бейiмбетке теңдесетiн қазақ жазушысы, әсiресе журналист аз болатын, бұрқыратып төпеп жiбередi" деп зор баға бергенiнен Бейiмбеттiң еңбек ету ерекшелiгiн аңғарамыз. Оның тез жазатынын, кеңседе болсын, үйiнде болсын үнемi жұмыс үстiнде болатыны, редакцияда ұзақ отырса да қарап үлгiре алмаған материалдарды үйiне алып кетiп, ертеңiне даяр қылып әкелетiнiн, пәтерiнде балалары шулап жатса да алаңдамай жаза беретiнiн, "жазу жұмысында қажымас қайраткер" (Ғали Орманов) адам екенiн, қатарынан екi-үш шығарма жазып жүретiнiн, жемiстi, көп қырлы жазушы екенiн замандастары тебiрене әңгiмелеп, бiздерге көп сыр шертiп кеттi. Ендi бiр мысалға тоқтамай кету қиянат. Бұрын да шет-жағасы белгiлi болып келсе де, көпшiлiк жұрт бiле бермеуi мүмкiн.
1923 жылы Қостанайда шығатын "Ауыл" газетiне арнайы жiберiлген Б.Майлин бар жұмысты үйiртiп алып кеткен ғой. Бiрiншi қыркүйекте шыға бастаған газеттiң әуелi хатшысы, көп ұзамай редактордың орынбасары болып iстеген ол ерекше еңбек үлгiсiн көрсеткен. Оның тұсындағы алғашқы редактор М.Сералин губерниялық атқару комитетi төрағасының орынбасары әрi губерниялық жер-су бөлiмiнiң меңгерушiсi, одан кейiнгi – М.Бейсенұлы губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы қызметтерiн атқарды да газетке мойын бұра алмаған. Бар жұмыс Бейiмбеттiң мойнына түскен. М.Бейсенұлы оны "Ауылдың жүрегi һәм жұлыны" деп бiр жылдан соң жоғары бағалаған. Сол кiсiнiң жазған төмендегi пiкiрлерiне көңiл қояйықшы: "Ұзақ күнге дамыл жоқ, ойын-күлкiден тыс, жатса-тұрса ойлайтыны "Ауыл". Ертеңгi сағат алтыда тұрып, басқармада түртiнiп отырғаны. Тiлшiлерден келген хабарларды қарап шығып, сұрыптап, кешiктiрмей, маңызын жоғалтпай, уақытында басып шығару… Басқарма үйiнде толған басқарма қызметкерлерi. Бәрi орыс, iшiнде жалғыз-ақ отырған қазақ. Бұл – "Ауыл" газетiн шығарушы Бейiмбет… Жалғыз Бейiмбет газет iсiнiң бәрiн атқарады. Әрi үлгередi. Газет уақытында шығып, үлгерiп отырады. Кейде жетiсiне екi-үш рет шығып қалады. Шығаратын, басқаратын жалғыз өзi. Көмекшi алуға қаражат жетпейдi. Бiр өзi бес кiсiнiң жұмысын атқарады… Бейiмбетте ренжiп қабақ шыту жоқ. "Ауыл" газетi мақтау алып отырса, ол Бейiмбеттiң арқасында".
М.Бейсенұлының сөзiн толық келтiрмесек те, қайран Бейiмбеттiң еңбекке берiлгендiгi анық та айшықты көрiнiп тұрған жоқ па. Қыруар жұмысқа қарамай, мақалаларын, өлеңдерiн айтпағанның өзiнде, "Шұғаның белгiсiнен" кейiнгi екiншi повесi – "Раушан-коммунист" повесiн, әлi күнге шейiн маңызы жойылмаған "Айранбай", "Құлбай", "Құлақ", "Бақ ауған", "Мұсадан хат келдi" сияқты көптеген әңгiме мен фельетон жазып, абырой-атағы кең тараған. Бiр жарым жылдан артығырақ iстеген бұл мезгiл – ол үшiн журналистiгi мен жазушылығы арбаға жегiлген қос арынды аттай алға сүйреп, шарықтау өрiсiне сара жол ашқан кезең. Сол қарқынды бетiнен ауытқымай, шабытты еңбек тiзгiнiн тартпай алысқа құлаш сермей түстi. Қайда жұмыс iстемесiн, ол солай еңбек етуден бiр танбаған. Нәтижесiнде небәрi 43 жыл, үш ай, он күн өмiр сүрген Б.Майлин бес роман, он жетi повесть, он сегiз поэма, жиырма төрт пьеса, жүзден аса өлең, сол шамалы әңгiме, жүз елудей фельетон, қырық шақты очерк, екi сценарий, екi либретто, жетi жүзден аса мақала жазып үлгердi. Олардың бұрынғы жинақтарына кiргенi жартысын ғана құрайды, кейбiрi табылмай белгiсiз болып келедi. Архив ақтарып жүрiп жинақтағанымыз он томнан асып жатыр. Бейiмбеттiң көптомдығын шығаруды "Қазығұрт" баспасы қолға алып едi, жетеуiн бастырды. Қаржылық жағынан Мәдениет министiрлiгi уақытылы жәрдем берiп отырса, баспа тездетiп шығара алады. Оған сенiмiмiз кәмiл. "Өзi жоқтың көзi жоқ" деп қарамайық. Бұл iс – тiрiлердiң арыс азаматымыздың алдындағы парызы.
Жас талаптарға ақылымен де, қалам көмегiмен де, жұмысқа орналастыруымен де қол созған ол, ешкiмнен сый-сияпат көрейiн, мақтау естиiн, деп әсте ойламаған. Сондықтан ғой Б.Майлиннiң: "Ұядан жаңа ұшқан көк қанат балапан қандай болса, қолына жаңа қалам ұстаған жас та сондай, ар жағында өнерi болса, ондай жасты қолдап, көтермелеп жiберу керек. Тырнақалды шығармасын ерiнбей өңдеп, қырнап, сырлап жiберсем, ендiгi жолы өзi әрi қарай тәй-тәй басып жүрiп кетедi" дегенi.
Өзiнiң ерiнбейтiн еңбекқорлығын былай қойғанда, икемге, жөнге келетiн-келмейтiнiне қарай әсер-ықпалымен басқа жанға мейiрлi шуағын төгетiн Бейiмбеттiң қол ұшын бермеген адамы кемде-кем десек те, өте-мөте Ғабеңе, Ғабит Мүсiреповке, iшi-бауыры елжiреп-ақ тұратын. "Жазушының тәртiпке көшуiне" үлкен себепкер болған.
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ әдебиетi жедел дами бастады дегенде әуелi ойға оралатындары кесек шығармалардан М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамалы", Ж.Аймауытовтың "Ақ бiлек", С.Көбеевтiң "Қалың мал", С.Торайғыровтың "Қамар сұлу", М.Сералиннiң "Гүлхашима" деген туындыларынан басқа Б.Майлиннiң "Шұғаның белгiсi" повесiнiң әсерлiлiгi де ерекше байқалған. 1915 жылы әңгiме ретiнде жазылған бұл шығармасын 1922 жылы повестке айналдырып, "Қызыл Қазақстан" журналына жариялатады. Сол кезде оқырмандардың назарын бiрден аударған шығарма осы, әсiресе, жас таланттарға тиген әсерi аса бөлек. Әркiм өзiне үлгi етуге, үйренуге талпынған. Б.Майлин шығармаларының жоғары реалистiк және профессионалдық деңгейде жазылғанын көрсетiп, "алғашқы прозаик – суреткерiмiз" деп бағалаған Ғ.Мүсiрепов "Бiздiң қай-қайсымыз болсақ та "Шұғаның белгiсi" повесiнiң құрсағынан шығып, етегiне оранып өстiк" десе, ол текке айтылған сөз емес. Проза ғана емес, өлең, әңгiме, фельетон жазуда да Б.Майлиндi өнеге етушiлердiң қатары аз емес. Ол екi жағынан – шығармашылық және қамқорлық жәрдем беру арқылы бiрталай апыл-тапыл басқан таланттардың жолын ашқан. М.Әуезов те оны реалист жазушы деп есептеген.
Б.Кенжебаев: "өзiмiздiң де тырнақалды әдеби сын мақаламызды қарап, түзеп газет бетiнде жариялаған, сөйтiп, бiздi мәдениет майданына енгiзген осы Бейiмбет болып едi" (Бейiмбетпен бiрге. "Оңтүстiк Қазақстан", 30.04.64.) дедi.
Сонау Қызылжардан iздеп келген Мариям Бектембекованы бiрден қамқорлыққа алып, "Еңбекшi қазақ" газетiнiң хат бөлiмiне орналастырғаны да өнеге. Бейiмбет оған аударма жасатып, келмей жатқан жерiн өзi түзетiп, жәрдем көрсеткен. "Аяулы аға ұстаздық етуден бiр жалыққан емес" деуi Мариямның ақ жүрегiнен айтылған сөз. Нәтижесiнде М.Бектембекова журналистер институтында оқыды, республикалық әйелдер журналының редакторы қызметiне дейiн көтерiлдi, басқа да баспасөз орындарында жауапты қызметтер атқарды.
1928 жылы Қызылордаға келiп, "Лениншiл жас" газетiне орналасқан Жақан Сыздықовты алғаш көргенде-ақ Бейiмбет жылы жүзбен биязы сөйлесiп танысады да: "Келген орның құтты болсын. Осы ортаға келгенiң дұрыс болыпты. Жазам деген кiсiнiң жанымызда болғанын жақсы көремiз" деп үйiрiп әкеткен. Мұндай жан толқытар лебiз бiлдiру сирек кездесетiн құбылыс шығар. Онымен қоймай, сол жерде-ақ "Бiздiң үйге жүр" деп ертiп әкеткен Бейiмбет барған соң бiраз әңгiменiң басын қайырып, оқып бiлiм алу керек деген ақыл бередi. Әмiсе қол ұшын берiп жәрдемдеседi. Сөйтiп Жақан басылымдарда жауапты қызметтер iстей жүрiп, сүбелi шығармалар жазып шығарды. Досындай болып кеткен Бейiмбеттi ұмытсын ба, кейiн Ж.Сыздықов "Жастарды жанындай жақсы көретiн. Ешкiмнiң жасына, дәрежесiне қарамай сыйлаушы едi" деп ағынан жарылып Бейiмбеттiң ерекше бiр қасиетiн бейнелеп бердi.
Ал Бейiмбеттiң қамқорлығын көрген А.Тоқмағамбетов те тебiрене: "Биекеңдi бiр мен емес, бәрiмiз жақсы көретiн едiк. Бәрiмiз "Бiздiң Биекең" деп құрметтеушi едiк. Өйткенi артық сөзi болмайтын, ақылгөй аға, әрi жақсы ұстаз едi" деп кеткенi аса бiр құрметтiң белгiсi.
Кейiн "қырғи тiлдi Асқар" атанған А.Тоқмағамбетов "Бiздiң Биекең" деген естелiгiнде Бейiмбеттен алған бiр хаты жөнiнде былай деп жазған: "Бейiмбеттен ең соңғы рет Шәуiлдiр ауданында жүргенде хат алдым. Онда мынадай деп жазыпты: "Асқар, құттықтаймын. "Уборщица" деген поэмаң бәйгi алды. Үздiк шыққан Сәбиттiң "Ақ аюы" мен сенiкi болды. Бұл жолы Iлияс та қалып қойды. Комиссияның мүшесi мен едiм, сенiң жазғаның өте кешiгiп тидi. Оқып көрсем ойдағыдай екен. Сәлеммен Бейiмбет". ("Ленин жолы" газ. Қызылорда облыстық. 1965ж., 19 қараша). Кiм осылай мыңдаған шақырым жерде жүрген адамға хат жазар едi. Оны iстеу үшiн Бейiмбеттей адамгершiлiгi биiк кiсi болу керек.
1920 жылы Қостанайдың оқу бөлiмiнде нұсқаушы болып iстеген Таутан Арыстанбеков "Қостанайдағы Бейiмбет ауылдағы мұғалiмдерден күн сайын тақпақ жазып жiбер деген өтiнiш хаттар алды. Бейiмбет ерiнбей-жалықпай сол өтiнiштерге жауап қайтарып отырады" деп кейiн есiне алғанда сол кездi "Бейiмбет дәуiрi" деп есептеген.
Ақын Д.Әбiлов "Шындықтың шырқын бұзбау керек" деген мақаласында ("Қазақ әдебиетi" газ., 1994 ж., 17 маусым) "Қолыма алғаш қалам алып, өлең жаза бастағанымда Биағаң жырларын үлгi-өнеге етiп өрнектейтiнмiн. Мысалы "Кооператив", "Өрбi ендi", "Құлтаң бай" деген өлеңдерiм солай жазылып, газеттерде басылған. Ал прозада тұңғыш әңгiмем "Сырлы шкафтың сыры", поэзияда тұңғыш дастаным "Шалқыма" Биағаң талғамынан өткен, тұсауын Биағаң кескен жүрек перзенттерiм" деп жазса, ол да Б.Майлинге деген iлтипат және құрмет.
Б.Майлинге 1929 жылы алғаш рет Семейдегi "Жаңа ауыл" газетiнде кездескен, 1933 жылдан бастап жиi көрiп жүрген қаламгер Қ.Малаев "Шiркiн-ай, жастарды жанындай көретiн едi ол. Мына Әбдiлданы, Зейiндi, марқұм Саттарды аясына ала беретiн едi. Ол "Лениншiл жас" редакциясына келгенде жас таланттар бәйгi аттың бауырына жанасқан құлын-тай сияқты көрiнетiн көзге. Талабы бар жасты Бекеңнiң өзi iздеп табатын. Дәл осы бiр оның мiнезiн Ғабит дұрыс айтыпты. Достың сырын досы бiледi ғой. Ғабит пен Бейiмбеттiң достығындай достықты бұрын-соңды бiлген емеспiн", – деп "Жаңа дәуiр жаршысы" деген мақаласында ("Коммунизм туы" газ., 1965 ж., 19 қараша. Шығыс Қазақстан обл. газет) тебiрене сыр шертсе, Бейiмбеттi бiлетiн көбiнiң ойындағысымен орайласып жатқанын байқай аламыз, айқын дәлел деп бiлемiз.
Жамбылдың өлеңдерiн жазып жүретiн хатшыларының бiрнешеуiн бiлетiн едiк. Олардың қатарында Зейнелғабиден Иманжановтың аты айтылмайтын. Ол, сөйтсе, Жамбылдың алғашқы хатшысы екен. Сәтi келiп оны анықтаған бiрегей бiлiмдi де ақиқатшыл ғалым әрi ұстаз Т.Кәкiшев болды. З. Иманжановтың сол игi iске себепшi болуына ықпал жасаған Б.Майлин екен. Оны "Ғалия" медресесiнде бiрге оқыған кезiнен бiлетiн Бейiмбет 1932 жылы Жамбылдың өлеңдерiн жинауға оның кiрiскенiн жөн көредi. Өзi оқу халық комиссары Т.Жүргеновпен келiсiп, жазып алған қаламақысына ақша төлеттiрмекшi болып сендiредi. Келiскен З. Иманжанов Жамбылды үйiне алдырып, жазуға кiрiседi әрi шарт жасасып, алғашқы авансын алған. Бұл жерде Т.Кәкiшев екi түйiн түйедi: бiрiншiсi, Жамбылдың асыл рухани қазынасы ұмытылып кетпей тұрғанда жазып алып қалу, екiншiсi, сол бiр ауыр жылдардағы Зейнелдiң отбасына қосымша табыс, күнкөрiсiне септiгi тиетiн жағдайды ойластыру. Сонда Б.Майлин екеуiне де қамқоршылық еткен болып шығады.
М.Хакiмжановаға деген iлтипатына аз-маз тоқтала кеткен ләзiм. Б.Майлин елiне бiр барғанда естiген "Жаңа шыққан жоқтау" деген өлеңдi жазып алады. Оны шығарған М.Хакiмжанова екен. Тағы бiрде "Әйел теңдiгi" журналына келген хаттарды алқа мүшесi ретiнде қарайтын ол бiр өлеңдi ұнатып, журналға бастыртады. Оның да авторы сол Мариям. 1929 жылы "Еңбекшi қазақ" газетiнде кездескен оған Бейiмбет: "Ақындық сенiң тұқымыңда бар. Арғы атаң Балғожа бидiң өзi ақын болған. Одан қалды Ыбырай Алтынсарин ақын болған. Ақын болмасаң сен мұнда оңайлықпен келе қояр ма едiң. Ерiксiз қанатыңды қақтырып, астанаға алып келген сол ақындықтың күшi, шырағым, – деп талабына дем бере келiп, ағалық ақылын алға тартады. – Ендi оқуыңды бiл. Әсiресе күнделiктi газет-журналдарды көп оқы. Неғұрлым көп оқысаң, солғұрлым ойыңды тереңдетiп, тiлiңдi ұштайтын нағыз мектеп солар"– деп жазған өлеңдерiн әкелiп тұруын, өзiнiң үйiне келiп жүруiн, көмектесетiнiн сол жерде-ақ мәлiмдейдi. Содан бастап Мариямның жанашырындай болған Бейiмбет өлеңдерiн де қарап, жариялатып отырды, жұмысқа орналастырды, оқуға түсуiне көмектестi. Оны Мариям "қамқор әке, ақылды аға, қатал ұстаз" ретiнде көрiп, үй-iшiмен тонның iшкi бауындай араласып кеткен. Сөйтiп М.Хакiмжанова қазақтың ақын қыздарының ортасынан берiк орын алған.
Халқымыздың сүйiктi жазушыларының бiрi С.Ерубаевтың есiмi әдебиетiмiздiң көрнектi өкiлi ретiнде есте қалды. Оның "Менiң құрдастарым" романы Б.Майлиннiң кеңес жәрдемiмен жазылғанын бәрiмiз бiле бермеймiз. .Тұрманжановтың айтуына қарағанда, Саттарды өз баласындай жақсы көрген. "Менiң құрдастарым" деген шағын дүниемнiң жарыққа шығуына Би ағадан көп көмек көрдiм. Жұрттың бәрi Би ағаңдай болсайшы", – дейдi екен С.Ерубаев. Бойындағы дарын қуатын қанаттандырып самғатқан адамның бiрi – атақты әртiс, актер Е.Өмiрзақов "өнер есiгiн ашып, оның төрiне шығарып, менi адам еткен Бейiмбет" деп өзiнiң жүрек жарды пейiлiн айтып кеткен.
Б.Майлиннiң парасаттылық бейнесiн аша түсетiн, толықтыратын лебiздердiң бәрiн болмаса да, кейбiрiнiң терең мәнiне үңiлiп көрейiкшi. Журналист Ғ.Әмiров: "Анау-мынау көлденең шаруамен де жұмысы жоқ. Есiл-дертi өзiнiң кеңседегi қызметiнде ғана. Жұмысқа өте ұқыпты және айтқанын орындатпай қоймайды, сөйтiп жұрттың бәрiн тәртiптi, тәлiмдi болуға баулитын", – дегенi Ғ.Мүсiреповтiң "менi қатал тәртiпке көшiрдi" деуiмен бiр арнада тоғысып, еңбеккерлiк қабылетiн ашып тұр. Ал адамға деген аңқылдаған ақ көңiлiн ғалым, ұстаз Б.Кенжебаевтың: "Бейiмбет өз бiлгенiн бiреуге үйретуден, бiреуге жәрдем, жақсылық етуден тартынбайтын да, жалықпайтын да. Және соларды бiлгiшсiп, артықсып, кiсiмсiп iстемей, мiндеттi адамша кiшiлiк, тең құрбылық қалыппен күлiп-ойнап iстер едi", – дейдi.
Жасы да аздап үлкен, қызмет дәрежесi де жоғары, өзi де қалам қайраткерi болса да С.Сейфуллин басқалармен айтысып, дәлелдi пiкiрлерiн iркiп қалмай қарсы сөйлейтiн батыл мiнездiң адамы болған ғой, ал Бейiмбет дегенде емешегi үзiлiп, елжiреп тұрады екен. Сәкен де басқалар сияқты Бейiмбеттi өзiнен де жоғары бағалаған. Әйтпесе, бiрде Ж.Сыздықовқа: "Осы Бейiмбет бар ғой, Құдай бiледi дейiн, әруақ қонған, нар шөккен адам. Көрмейсiң бе мiне, қалай-қалай көсiлгенiн", – деп әрi мақтаныш, әрi риза сезiмге берiлген. Бұл Сәкеннiң "Азамат Азаматычты" оқығаннан соңғы пiкiрi. Б.Майлин жазған шығармаларын әрiптестерiне не оқып шығуға бередi, не өзi оқып бередi екен. Сол әдетпен "Дударай" либреттосын да, "Қызыл жалау" романын да оқып берген, аяқталған туындылар едi, алғашқысы мүлдем жоғалды, соңғысының кезiнде басылып үлгерген тараулары ғана табылды. Сол "Қызыл жалауды" С.Сейфуллин, I.Жансүгiров және Ғ.Мүсiрепов үшеуiне 1937 жылғы жаздың бiр күнi оқып берген. Сол сәттi Би ағаның әрi адал досы, әрi қорғаушысы болған Ғабең еске түсiрiп Сәкеннiң: "Жақсы екен, Би ағасы. Өкiрткен екенсiң, Би сақал… Той қылатын роман. Тек соңғы төрт-бес бетiн бере тұршы… Былжырлау аяқтағансың ба, қалай…" дегенiне назар аудартса, ол да Бейiмбеттiң еңбекқорлығын, жазғыштығын, беделiнiң жоғары екендiгiн тағы да түйiндей көрсету емес пе? Сәкеннiң сөзiнде мақтау да, сыйлау да, дос көңiл де бар. "Би ағасы" деп мәртебесiн көтерсе, "Би сақал"… деп құрбы-құрдастық қалжыңға салады.
Кейiн еске түсiрген Ғ.Мұстафин: "Шiркiн, тұтастай тұлғасымен өлшеп-пiшпей жаратылған бiр адам Бейiмбет едi ғой. Ондай қарапайым, жайсаң сырбазды көрмедiм өз басым" деп таңдай қағып, тым таңырқаса, Ә.Тәжiбаев: "Бүкiл қазақ ауылының сүйiктi ұлы боп туып, сүйiктi жазушысына айналған сегiз қырлы, бiр сырлы Бейiмбет ағамыз қазiр де көз алдымда" деп шалқып кетедi. Ал Ә.Сәрсенбаев "Рухыңа бас идiм, қарапайым қазақ – Би аға" деп қысқа қайырса, әулие санап, табынғаны.
Ой-өрiсi кемелденiп, қалам қуаты қатып ширыққан, бұрынғыдан да маңызды көркем шығармалар жазатын дер шағында қанатын қырқып, өмiрiн үзген жендеттерге лағнет айтасың. Қалай ғана көздерi қиды екен осындай арыс, кемеңгер тұлғаны деп ашу-ызаң келедi.
Күрделi де күрмеуi шырғалаң өмiрдiң бiраз кезеңдерiнде болған келеңсiз кемшiлiктер, рухани жұтаңдық пен азаматтық ар төмендiгi, күндестiк пен күншiлдiктiң қыл-бұрауына шырмалған шылықтың өрiс алуы сан зиялы азаматтарымыздың жанын жаралап, жарық дүниеден аластатты.
Сондай жағдайға Голощекин 1925ж. республикамызды басқаруға келгеннен тап болып, кейiн әдебиет майданы деген науқан өршiп, жазушылар арасындағы айтыс өрескел бағыт алды. Бұл тұста Б.Майлинге қатты шүйлiге қойған жоқ болатын, бiрақ тиiп-қашты ауыр сынға iлiгiп жүрген едi. ҚазАПП-тың 1932-жылғы 26-30 ақпанда өткен бiрiншi құрылтайында әжептеуiр сынға ұшыраған ол, басынан ауыр таяқ тигендей, есеңгiреп-ақ қалды. Бұрын "ауыл ақыны" деп мақтаса да өндiрiстi жазбай жүр деген кiнә жеңiл-желпi шаңын қағу ғана екен. С.Сейфуллин ұлтшыл, жiкшiл, өркөкiрек, төңкерiсшiл, халық жауы, I.Жансүгiров тапшыл емес, жолбике, халық жауы делiнiп жатқан кезде, Б.Майлиндi де көзден таса қалдырсын ба, оған да тас лақтырып, "ескiшiл, байшыл, ұлтшыл, алашордашыл, жолбике, фашист, халық жауы" деп жаналғыштай шүйлiккен едi. Елiнiң тағдыры үшiн нардың жүгiн қайыспай көтерер жазушы қашанда қыл көпiрдiң үстiнде, қылпып тұрған ұстараның жүзiнде жүредi. Билiктiң айтқанына көнiп, айдауына жүрмесе, бұйдалы ботадай байпаңдамаса қылша мойны талша болуы, абақтының азабын тартуы, тiптi бiр ғана қорғасын оқ желкеден үңги кiрiп, қақ маңдайдан ойып шығуы кәдiк. Бiрiне төңкерiсшiл ақын ұнамайды, ендi бiрiне алаш елi болайық деген жақпайды, тағы бiреуiне оза шауып, оқ бойы шырқап кеткен майталман жазушы өлшемiне келмейдi. Арамдық, алдампаздық, iштарлық, көре алмаушылық, бақталастық, әпербақандық, мақтаншақтық, күншiлдiк, даңғойлық, арамтамақтық, билiкқұмарлық, сатқындық, жалпаңдаушылық, жантықтық, қойшы әйтеуiр, осының бәрi тексiздiктiң неше түрi боп, тамырын терең жайып, жақсының, тектiнiң аяғынан шалып, алқымынан алып, жойып, құртып жiберуге де таптырмайтын құрал, әдiс-айла. Осындай жандардың бейпiл сөздерi сүйегiнен өтiп, санасын торлаған Б.Майлин опыныс күйге түстi ме екен.
Ұядан жаңа ұшқан балапандай көрiп, қанатын қатайтып демеп жiберуге бар ықыласын аударып, жас сәбидiң тәй-тәй басып кетерiнде тұсауын кесетiндей ниетпен тырнақалды туындыларын қарап, сәл-пәл түзетiп, жариялатуға қол ұшын берiп, iнiсiндей көргендердiң тарпа бас салып, жақсылығын ұмытып кеткендерi жанына инедей қадалса да iшiнен тынып, бет жыртыспауы, қарсы айбар көрсетiп, жағадан алмауы – не деген төзiмдiлiк, не деген шыдамдылық, әлде ондайларға деген жанашырлығынан арыла алмаушылық па. Көреалмаушылық, бақталастықпен уланған кейбiрi аяғынан шалып, зор нұқсан келтiрiп, тiптi жау етсе де артық кетiп, ғайбат жасап, өздерiн сөкпедi-ау. Жау өзi емес, солар деуге қыймайды, сiрә қайғысын да, қасыретiн де, ренiшiн де, қыжылын да шығармай, өзiмен бiрге ала кеттi. Бұл кемшiлiгi ме, жоқ тектiлiгi ме? Сiрә, соңғысы болар.
Бұл дүниеден бақилыққа кеткенше Б.Майлин жөнiнде көп сыр ақтарған бiр ғана адам болды, ол – Ғабит Мүсiрепов екенiн айтып жүрмiз, әлi де айтылар. Таң қаларлық бiр ғажабы – оның Бейiмбетке деген адалдығы, тiптi сүйiспеншiлiгi дер едiк, қашан да ағынан жарылып, оның кiм екендiгiн еш қоспасыз әдiл көрсетiп бергендiгi. Өмiрiнiң соңғы кезiне шейiн қамыға, қайғыра Бейiмбет қасыретiн еске алатын. Оның сөздерi жалған жала жауып, "халық жауы" етiп дүрлiге көрсетiп, жарық дүниемен ерте қоштастырғандарға қарата айтқан қаралы қарғыстай, кеудеден лықсып шыққан лағнеттей естiледi.
Әдебиеттiң аса бiлiктi сыншысы, бiрегей ғалым әрi ұстаз Ш.Елеукеновпен болған бiр сұхбатында:
"Менiң түсiнбейтiнiм асыра сiлтеудiң бiздегi көрiнiстерi. Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы болды. Әкiмшiлiк қызметi дұшпанын көбейтуiне себеп еттi делiк. Ал, Бейiмбет бейбақ ше? Ең үлкен мансабы – "Еңбекшi қазақ" газетi редакторының орынбасарлығы. Осы қой аузынан шөп алмасты көрсеткен қай жауыз?" – деп ызалы ренiшiн ақтарыпты. (Ш.Елеукенов. "Әттең дүние…" "Атамұра" баспасы., 2005, 263 б. "Сұлулық күнi тұтылмайды". "Қазақ әдебиетi" газ., 2002 ж., 11 қаңтар).
Зиялылар арасында бiр ой берiк қалыптасып жатқандай. 1937-1938 жылғы репрессияны ауызға алсақ, бәрiн үйiп-төгiп Сталинге жаба саламыз. Тек ол ғана кiнәлi ме екен? – деген сұрақ та құлағын қылтитатыны және бар. Оны "күн көсем" дегендердi қайтемiз. Сан мыңдаған құрбандар үшiн сол көсемдi ешкiм ақтағысы келмейтiнi анық. Ал басқа кiнәлiлер жоқ па? Мiне, осы ойлантады. Сондықтан екеуара әңгiмеде (Ғабең мен Шәкеңнiң) "1920 жылғы мамырдың жиырмасыншы жұлдызы күнi қабылдауында болған, өзiне таныс революционер Сәкендi, не құлағы естiп, көзi көрмеген Майлиндi "ұстаңдар"! деп Сталин тiке нұсқау түсiрмегенi анық", – деуi Ғабеңнiң (сонда) бiраз нәрсенi аңғартады. Демек, кiнәлiлер өз iшiмiзде де болғаны деп түйемiз.
1937 жылы тырналардың мазасызданып қиқулағанындай жағдайдың дүрлiгуiн бiз көргемiз жоқ, бiрақ сол кездегi шыққан газет-журналдардан оқып, алақұйын дүбiрiн, сұсты бет-пердесiн анық байқаймыз. Ғ.Мүсiрепов көп жазып кеттi ол жөнiнде. Қазiр көзi жоқ бiрнеше кiсi бiраз деректер берiп кеттi. Солардың бiрi Әуелбек Қоңыратбаев Алматыдағы офицерлер үйiнде (қазiр музей) жазушылар жиналысы өтiп, онда кеңiрдектескен қаламгерлердi, С.Мұқановты, Б.Майлиндi, I.Жансүгiровты сынап, Бейiмбет пен Iлиясты кейбiреулер "Жолбике" деп жатқанын естiп, көрген адам екен. ҚазАПП сыншылары да Бейiмбеттi солай деп кемiтiп жүрген. Кешегi өзi қанатының астына алып, қамқорлық жасағандардың бiразы қиқуға қызып кетiп, сын сойылының астына алған. Бұл жөнiнде аз жазылған жоқ.
Ақыры Бейiмбет Майлин 1937 жылғы 6 қазан күнi тұтқынға алынды, төрт ай жиырма күннен кейiн, яғни 1938 жылғы 26 ақпанда "халық жауы" деген жалған жаланың құрбаны болып атылды. Тектi адам маңдайға сия ма, қайран Бейiмбет, жаман жердi баспайтын арғымақтай, жаман көлге қонбайтын аққудай тектi жан қараулықтың құрбаны боп кеттi-ау.Содан берi мiне, 70 жыл өттi, қылмыстық iс жоқ деп ақталғанына 50 жыл толды.
Б.Майлиннiң туғанына 100 жыл толуына орай Қостанай темiржол вокзалы алдындағы алаңда оған 1994 жылы 5 тамызда ескерткiш ашылып едi. Сонда сөйлеген арынды ақын Ғ.Қайырбеков "Бiр уыс топырақ" деген өлеңiн оқыды. Соның бiр шумағында:
"Ол тәңiрi қасында отыратын,
Адам едi-ау құрандай оқып атын.
Жабыққанда жанына медеу етiп,
Қайран елi әулие, пiр тұтатын.
Дәл осылай алыпты туғызамыз,
Туғызып ап, желкесiн қиғызамыз.
Бiр талантқа жүз иттi салып қойып,
Талатамыз, жұлдызын жұлғызамыз",
– деп шамырқана саңқылдағанда айнала жаңғырып кеткен едi. Бұл сөздер жазушы жұртының опынысындай, лағнет айтқанындай әсер еткен едi.
Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ, жазушы, ғалым, публицист.