ҚАЗАҚСТАН 69-ОРЫНДА

ҚАЗАҚСТАН 69-ОРЫНДА

ҚАЗАҚСТАН 69-ОРЫНДА
ашық дереккөзі
256

Forbes журналы кәсiпкерлiкпен айналысуға жағдай жасаған елдердiң рейтингiн жариялады. Жер шарының 192 елiнен 121 мемлекеттi сынға салған тiзiмде Қазақстан — 69-орынды иеленген.

Мемлекеттiң жалпы iшкi өнiмi, инфляция деңгейi, жұмыссыздық, жалақы мен басқа да негiзгi экономикалық көрсеткiштерiмен бiрге салық жүйесiндегi мүмкiндiктер, заңдық құжаттар мен еркiн әрекет етудегi бостандық пен жеке бас бостандығы сарапқа салынған тiзiмнiң 69-қатарында Қазақстан тұр. Ал ең бiрiншi орында — Дания. Былтырға қарағанда, жалпы iшкi өнiм көлемi небары 1,7 пайызға өскен Даниядағы билiкте жемқорлық әлемнiң басқа елдерiмен салыстырғанда, кеңiнен етек жаймаған. Осының нәтижесiнде, кәсiпкерлердiң әрекет ету ауқымы кең әрi олардың заңдық мүмкiндiктерi шектелмейдi, жеке тұлғалардың меншiгi ең жоғары деңгейде қорғалады. Алғашқы бестiкте Ирландия, Финляндия, АҚШ, Ұлыбритания тұр. Ал алғашқы ондыққа енетiндер — Швеция, Канада, Сингапур, Гонконг және Эстония. Демек, кезiнде КСРО құрамында болған елдерден Эстония алда. Мұндағы жалпы iшкi өнiм деңгейi 7,3 пайыз көлемiнде, жан басына шаққандағы кiрiс — 21,8 мың доллар. Электроника мен телекоммуникация саласының қарқынды дамуы да эстондар экономикасының жедел өсуiне жағдай жасаған. Демократиясы дамыған Америка алғашқы үштiктен көрiнуге қауқарлы болатын. Бiрақ былтырғы ипотекалық дағдарыстан басталған қаржылық дағдарыс кәсiпкерлiкке де керi әсер етiптi. Есесiне, дамушы елдердiң экономикасы қарқынды дамып, инвесторларға мүмкiндiк бердi. Мысалы, былтыр 47-орынды қанағат тұтқан Сауд Арабиясы биыл 37-орынға бiр-ақ көтерiлген. Сауалнама жүргiзген мамандар негiзiнен жемқорлықты жою мен кәсiпкерлiк жолындағы кедергiлердi қолдан жасайтын бюрократтар саны азайса, елдегi экономикалық тәуелсiздiк те нығая түсетiнiн айтады.

Жемқорлық пен экономикалық iлгерушiлiктер Германия (21), Австрия (23), Жапония (24), Франция (25), Словения (27), Италия (28), Чехия (29), Литва (30), Венгрия (31), Латвия (32), Польша (33), Испания (35), Румынияға (40) да жат емес. Одан кейiнгi кезекте — Түркия (41), Хорватия (42), Болгария (44), Грекия — 53, Үндiстан (64), Қытай (79). Посткеңестiк елдерге келсек, Армения (63), Грузия (68), Қазақстан (69). Бiрiккен Араб әмiрлiктерi мен Египеттiң ортасынан орын алған Украина 75-қатарда. Сондай-ақ, Әзiрбайжан — 82, Қырғызстан — 84-орында. Кения мен Нигерияның ортасындағы Ресейге бұйырғаны — 86-орын. Орыстар былтыр 103-орынды қанағат тұтқан екен. Ресейдегi экономикалық көрсеткiштердiң тым жедел өсуi кәсiпкерлiкпен айналысуға жағдай жасауға қауқарсыз екен. Мемлекеттiк жүйелеудiң тым күшейтiлуi, экономикалық реформалардың өсудi бәсеңдетуi, оның үстiне, экспортының 80 пайызын шикiзат құрайтын РФ шикiзаттық бағытқа ауытқып кеткен. Күнi кешегi президенттiк сайлауға қатысты саяси науқан да ел рейтингiне керi әсер етiптi. Тым бұлыңғыр тартқан iшкi саяси ахуал ресейлiк және шетелдiк инвесторлардың сенiмiне селкеу түсiргенiн көлденең тартқан Forbes журналының сарапшылары заманауи нарықтық экономиканың негiзi болып табылатын басты қағидалардың көлеңкеде қалып қойғанын айтады. Посткеңестiк елдер арасында ең төменгi орында — Молдова (90), Өзбекстан (106), Тәжiкстан (118). Ең соңғы үштiкте (119, 120, 121-орындар) Сирия, Зимбабве мен Чад респбуликасы тұр.

Дүниежүзiнiң 192 мемлекетiнен 121 елдi сарапқа салған сында ең үздiк атанған Дания еуроаймаққа мүшелiкке өткен жоқ. Бiрақ билiктегi және қоғамдағы жемқорлықпен күрестi күшейте отырып, кәсiпкерлiктiң олардың инфляцияның өте төмен деңгейде сақталып қалуының нәтижесiнде және iшкi сауда айналымының тепе-теңдiктi сақтай бiлуiнiң арқасында ұлттық валюталары — крона сенiмдiлiкке ие. Жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм көлемi — 37,4 мың доллар. Ал 69-орындағы Қазақстан көршiлес көп елден көш iлгерi. Әрине, қазiргi таңда науқанға айналған жемқорлықпен күрес мәселесi, жылы да жайлы орынтақтардағы бюрократтардың кесiрлiгi тезге салынса, келесi жылы 69-қатардан әлдеқайда алға жылжитынымыз анық. Бұл әлем алдындағы беделiмiзге ғана емес, сондай-ақ, экономикалық көрсеткiштердiң өсуiне септiгiн тигiзетiн кәсiпкерлiк пен инвестиция мәселесiн күн тәртiбiнен алып тастайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары