ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСI КӘСIПКЕРЛIКТI ДАМЫТУЫ ТИIС
ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСI КӘСIПКЕРЛIКТI ДАМЫТУЫ ТИIС
Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң қатысуымен жаңа Салық кодексiнiң негiзгi ережелерiн таныстыруға арналған алқалы жиын өткен болатын. Елбасы жүктеген мiндет бойынша атқарушы билiк тарапынан әзiрленген жаңа кодекс Парламентке қыркүйектегi сессияда ұсынылады. Егер халық қалаулылары кодекс жобасын бiрауыздан қабылдаса, 2009 жылдан бастап қолданысқа енгiзiлмекшi.
Рас, бұған дейiнгi осы мәселе арқау болған басқосу мен жиындарда Үкiмет тарапынан салыққа қатысты тың өзгерiстер енгiзiлетiнi, кәсiпкерлiкке тиiмдi жағдайлар қарастырылатыны аракiдiк айтылып жүрдi. Тiптi, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бiр сөзiнде: "Шағын және орта бизнес саласы жаңа Салық кодексiне енгiзiлетiн өзгерiстерге риза болады" дегенi бар едi. Және кодекс жобасында мұнай компаниялары үшiн өнiм өндiруi және оны экспорттауына қатысты салықтық талаптар енгiзу жағы да талай әңгiме болған. Сонымен, жөн-жобасы дайын, бағыты әрi тұжырымдамасы жарияланып отырған жаңа Салық кодексi не бередi?
Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүгiнгi салық жүйесiн Қазақстанның жаңа сатыдағы дамуының мiндеттерiмен сәйкестендiру қажет. Осы тұрғыдан алғанда жаңа кодекс iскерлiк және инвестициялық климатты жақсартуға, экономиканы әртараптандыруға және елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң тұрақты өсуiне жағдай жасауға тиiс. Осы бағытта шикiзаттық емес сектор мен шағын және орта бизнеске түсетiн салық жүктемесiн төмендету шаралары қарастырылып отыр. Сондай-ақ, Салық кодексiне ұсынылған өзгерiстер бойынша шикiзаттық емес саланың, шағын және орта бизнестiң дамуын тежейтiн салықтық кедергiлердi жою, салық преференциялары мен салық жеңiлдiктерiн беру тәртiбiн жетiлдiру, экономиканың көлеңкелi саласын төмендету үшiн мүмкiндiк жасау сынды ұсыныстар жетiп артылады.
Жобадағы тағы бiр игi жаңалық — салықтық жеңiлдiктердi оңтайландыру мәселесi. Нақтырақ айтқанда, жобада салықтық жеңiлдiктер тiзiмiн айтарлықтай қысқарту ұсынылуда. Бүгiнгi қолданыстағы кодексте үнемi және жүйесiз өсiп отыратын 170-тен астам жеңiлдiктер мен преференциялар бар екен. Ал, жаңа кодексте бұның қайсысы қалып, қайсысы алып тасталынатыны әзiрше белгiсiз. Себебi, атқарушы билiк тарапынан алып тасталынатын жеңiлдiктерге шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi бiрауыздан ризашылығын бiлдiрiп отырған жоқ. Бiр бiлетiнiмiз, бұл құжатта тек халықаралық тәжiрибеде қабылданған жеңiлдiктердi қалдыру көзделген.
Қазақстанда қазба байлық өндiретiн компанияларға да қатысты салық салудағы тағы бiр жаңа үрдiс туралы айта кетсек деймiз. Кодекс жобасында бюджеттiң күтiлетiн шығындарының орнын өндiрушi сектордың экономикалық қайтарымын арттыру есебiнен өтеудi қарастырған деп айтуға келедi. Мәселен, қазба байлықтарды өндiрушiлер үшiн 2009 жылғы қаңтардың 1-iне дейiн жасалған өнiмдi бөлiсу туралы келiсiмшарттардан басқа, бөлiсу туралы келiсiм түрiндегi жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттардың түрiн алып тастау жоспарлануда. Осылайша, 2009 жылғы қаңтардың 1-iнен бастап жер қойнауын пайдаланушылар бiрқатар әлеуметтiк төлемдер мен салықтарды төлейтiн болады. Олар — бонустар, пайдалы қазбаларды өндiруге арналған салық, үстеме пайдаға арналған салық, мемлекеттiң келiсiмшарт аумағын геологиялық зерттеуге және жайластыруға жұмсаған тарихи шығындарын өтеу жөнiндегi төлемдер. Үкiмет келiсiмшарттары Парламентте ратификацияланбаған жер қойнауын пайдаланушыларға келер жылдан бастап экспорттық кедендiк баж салығын төлетудi ойластыруда. Яғни, жаңа Салық кодексi қолданысқа енсе, онда келiсiмшарттары Парламентте ратификацияланбаған жер қойнауын пайдаланатын кез-келген компания 2009 жылғы қаңтардың 1-iнен бастап пайдалы қазбаларды өндiргенi үшiн салықтар және өндiрген өнiмдерi үшiн экспорттық кедендiк баж салығын төлеуi тиiс.
Сол сияқты кодекс жобасында әлеуметтiк салықтың мөлшерi де нақтыланып, бұндай салықтың бiртұтас ставкасын бекiту ұсынылады. Үкiмет көпшiлiкке таныстырған жаңа Салық кодексiнiң тұжырымдамасы негiзiнен осыған саяды. Дегенмен де, атқарушы билiк тарапынан әзiрленiп жатқан бұл құжат әзiрше тек жоба күйiнде ғана. Алдағы уақытта әлi де пысықтауды қажет етедi. Кодекс тамызда Үкiметте талқыланып, қыркүйекте Парламентке ұсынылатын болады. "Кодекстiң қоғам үшiн маңызы өте зор. 2009 жылғы қаңтардың 1-iнен бастап бiз жаңа Салық кодексiмен өмiр сүремiз. Бiздiң болашақтағы дамуымыз бұл құжаттың қаншалықты үйлестiрiлгендiгiне және онда мемлекеттiң, қоғамның, бизнестiң мүддесi қаншалықты нақты ескерiлгендiгiне тығыз байланысты", – дедi Үкiмет басшысы.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ