Азық-түлiк дағдарысы: ҮМIТ ПЕН КҮДIК
Азық-түлiк дағдарысы: ҮМIТ ПЕН КҮДIК
Апта басында Жапонияда дамыған елдердiң "Үлкен сегiздiгi" бас қосса, Малайзияда дамушы елдердiң "сегiздiгi" жиылды. 1 млрд. мұсылманның мұңын мұңдаған Малайзиядағы жүздесуде президенттер әлемдiк нарықтағы азық-түлiк пен отын бағасының қымбаттауы жайлы мәселе көтердi. Азық-түлiк қауiпсiздiгi немесе ашаршылық қаупi жайлы сөз қозғаған бүгiнгi сараптамада аштықтың ауқымы мен оның салқынын таразыға тарттық.
2007 жылы Қазақстан, АҚШ, ЕО, Аргентина, Австралия,Қытай, Украина, Бразилия, Алжир, Мексика, Оңтүстiк Корея, Марокко, Нигерия, Египет пен Пәкiстан әлем бойынша ең iрi бидай экспорттаушы елдер қатарында болатын. Бiрақ үстiмiздегi жылдың басында экспортер мемлекеттер қатары кәдiмгiдей сиреп қалды. Оған кiнәлi – елдегi саяси тұрақсыздық, қуаңшылық, егiннiң бiтiк шықпауы, топансу қаптау мен үсiк шалу. Азық-түлiк саясатының институты 2008 жылы Жер шарының 37 мемлекетi аштықтан жапа шегiп, сырттан келетiн көмекке зәру боп қалғанын мәлiмдедi. Посткеңестiк елдер арасында Тәжiкстан мен Молдованың халi мүшкiл. Сонымен, былтырғы ипотекалық дағдарыс пен қаржылық дағдарыстың соңын ала бере, ғаламдық күн тәртiбiне "азық-түлiк қауiпсiздiгi" мәселесi шықты. Қазiргi таңда халықаралық нарықта дәндi-дақылды iшiп-жемге емес, биоотынға пайдалануының кесiрiнен азық-түлiк тапшылығы пайда болғаны мәлiм. Малайзиядағы жиылысқа Түркия, Индонезия, Иран, Египет, Пәкiстан, Нигерия, Малайзия мен Бангладеш сияқты халқының басым бөлiгi мұсылман елдердiң жетекшiлерi қатысты. Жер шары тұрғындарының 14 пайызын (1 млрд.) құрайтын бұл мемлекеттер халықаралық нарыққа бағытталатын азық-түлiк пен жанар-жағар май көлемiн арттыру және биоотынға арналған дәндi-дақылды себетiн жерлердiң көлемiн азайтып, есесiне, азық-түлiкке қажеттi астықты көбiрек себу туралы мәселе көтердi. Дәл осы мәселенi Дүниежүзiлiк банктiң жетекшiсi Роберт Зелик жапондар елiндегi басқосуда қозғады. Жапониядағы "Үлкен сегiздiк" (G8) те ауа-райының күрт жылуы, энергетикалық қауiпсiздiкпен бiрге азық-түлiк және отын құнының тым қымбаттауын талқыға салған болатын.
Малайзияда жиналғандар мұнай шикiзатының қымбаттауы дамушы елдердiң экономикасына аса ауыр соғатынын, ал азық-түлiк тапшылығы дамушы елдердегi саяси тұрақсыздыққа әкеп соғатынын айтып, дабыл қағады. Негiзi азық-түлiк бағасының өсуiнен кiрiс деңгейi төмен адамдар жапа шегедi. Халықаралық қаржы қорының өкiлдерi үстiмiздегi жылдың сәуiрiнде таратқан дерегiнде соңғы үш жылда әлемдiк нарықтағы азық-түлiк бағасы 60 пайызға көтерiлдi десе, Дүниежүзiлiк банк 83 пайызға артқанын көлденең тартады. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) мамандары дайындаған баяндамада аштықтан әлемнiң 143 млн. баласы (0-5 жасқа дейiн) зиян шегiп отырғаны айтылған. Олардың 4/5 бөлiгi Оңтүстiк Азияда. Индонезиядағы балабақша жасындағы 21 бүлдiршiн аштықтан көз жұмса, ашаршылықтан ес-түссiз қалған 116 сәби ауруханаға жеткiзiлген. Сел жүрiп, құрғақшылық орын алған бұл елде 85 балаға "құрсағы тоя тамақ iшпеген" деген диагноз қойылыпты.
Жыл басынан берi көптеген мемлекеттерде (Сенегал, Камерун, Гаити, Мавритания, Египет, Йемен, Мозамбик, Индонезия т.б.) наразылық шерулерi өттi. Халықтың әлеуметтiк әдiлетсiздiктерге қатысты Әндiжанда (Өзбекстан) жасаған шеруi қанды қырғынға ұласқан. Халықаралық сарапшылардың басым бөлiгi мұндай толқу Жер шарының түкпiр-түкпiрiнде кеңiнен етек жаятынын айтады. Тамақ тапшылығының туындауына бiрнеше мәселе себеп болған. Мысалы, АҚШ Конгресiнiң Зерттеу қызметiнiң хабарлауынша, бiрiншiден, көлiктерге жанар май ретiнде қолданатын спирттiң жаппай дайындалуы, екiншiден, әлемнiң көптеген елдерiнде егiннiң бiтiк шықпауы, үшiншiден, АҚШ-тың ұлттық валютасы — доллардың әлсiреуi (бұл импортталатын тауарлардың бағасын едәуiр арттырады), төртiншiден, өзге дамушы елдердегi экономикалық көрсеткiштердiң жоғарылауы (бұл тамақтану құрылымын өзгертiп, рационды байытуға, яғни, күнделiктi тұтынып жүрген азық-түлiк түрлерiнiң көбеюiне ықпал етедi), бесiншiден, жанар-жағар май құнының қымбаттауынан азық-түлiк өндiрiсiндегi шығындардың көбеюi азық-түлiк дағдарысына әкеп соққан. БҰҰ Бүкiләлемдiк азық-түлiк бағдарламасының өкiлдерi Жер шарындағы тапқан табысының 80 пайызын iшiп-жемге жұмсайтын 100 млн.-ға жуық адамның өте қатты зиян шегетiнiн ескертедi.
Bread for the World Institute институтының мамандары 2006 жылы жасаған баяндамада аштыққа онша ұрынбайтын елдердiң қатарына Қазақстан, АҚШ, Канада, Австралия, Аргентина, Ливия, Түркия мен еуропалық Одаққа мүше елдердiң бiрқатарын атаған. Бұл мемлекеттерде адамдардың 2,5 пайызы ғана ашқұрсақ қалады екен. Ал Сауд Аравиясы, Египет, Литва, Уругвайда — 2,5-4 пайыз, Ресей, Украина, Қытай, Бразилия, Иран, Мексикада — 5-19 пайыз, Үндiстан, Судан, Таиланд, Намибия, Тәжiкстанда — 20-34 пайыз. Монғолия, Ауғанстан мен Африка елдерiнiң бiрқатарында жағдай күрделi: 35 пайыздан жоғары. Токиодағы (Үлкен сегiздiктiң" кездесуiнде Еуропалық Комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу Еуропалық Одақ дамушы елдердiң азық-түлiк дағдарысынан құтылу үшiн 1 млрд. еуро көлемiнде қаржылай көмек беретiнiн мәлiмдедi. Оның айтуынша, африкалық елдердiң ауыл шаруашылығын қалпына келтiруге бағытталатын көрiнедi. Ал Дүниежүзiлiк банк таратқан "аштық картасында" азық-түлiк дағдарысының Қазақстан, Аргентина, Малайзия мен Венесуэлаға игi ықпал ететiнiн (ЖIӨ көлемi 1 пайызға жоғары көрсеткiшке өспек), яғни, ашаршылық қаупiнiң аталған елдерге пайда әкелетiнiн көлденең тартты. Жалпы мұнай мен газ бағасының шарықтауы тамақ өнеркәсiбiндегi дағдарысқа себеп болатыны белгiлi. Алайда, мамандардың көпшiлiгi "экономикалық тұрғыда дамыған елдер тамақ пен жанар-жағар май бағасын төмендетуге, әлемдiк нарыққа саясат арқылы ықпал етуге қауқарсыз" деген пiкiрде. Өйткенi, мұнай өндiрудi арттыруда асырасiлтеушiлiкке ұрынуға әсте болмайды. Сондай-ақ, "тұтынушылардың жанар-жағар майға деген сұранысын өндiру арқылы қамтамасыз ету керек" деген пiкiр де — жаңсақ. OPEC мұнай шикiзатын көптеп өндiруге емес, шығарылған өнiмдi өңдеуге ден қою керектiгi туралы бекер дабыл қағып жүрген жоқ. Таяу Шығыс пен Қытай сияқты дамушы елдердiң экономикасы ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын ескерсек, жанар-жағар майды, отын мен жарықты тұтыну көлемiнiң оңайлықпен төмендемейтiнiн оңай аңғарамыз. Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының тым шарықтап кетуi биоотын өндiру арқылы энергоқор тапшылығынан құтылудың мүмкiн еместiгiн дәлелдедi. Бiрақ биоотын өндiрушiлер жоқ. Ал бұл Жержүзiндегi ашаршылықтың кеңiнен қанат жаюына, азық-түлiк проблемасының одан сайын ушыға түсуiне ықпал етiп отыр. Бұл кез келген қоғамдағы саяси тұрақсыздыққа, тiптi, СПИД, құрт ауруы секiлдi дерттердiң асқынуына әкеп соқпақ.
P.S. Кейбiр сарапшылар Жер шарына ашаршылық қаупi төнiп тұрмағанын, бiрақ "жұмыртқадан жүн қырқатын" "пысықайлардың" "байбаламның" арқасында, пайдаға шаш-етектен кенелуге жанталасып жүргенiн айтады. Рас-өтiрiгi қаншалықты екенiн қайдам…
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ