АҚШ: САЙЛАУ ҚАРСАҢЫ
АҚШ: САЙЛАУ ҚАРСАҢЫ
Осыдан 232 жыл бұрын ағылшындардан iргесiн аулақ салған иммигранттар елi — Американың халқы өткен аптада ел тәуелсiздiгiн 232-рет тойлады.
4 шiлде — АҚШ тәуелсiздiк алған күн. 1776 жылы 4 шiлдеде Американың негiзiн құрушылар Ұлыбританияның құрамынан бөлiнiп шығатындықтарын мәлiмдедi: "Мырзалар мен ханымдар! Мен сiздердi Америка Құрама Штаттарының азаматтары деп жариялаймын!". Өткен аптада тәуелсiздiк мерекесiне қатысты айтылған құттықтау сөз 232 рет қайталанды. Егемендiк мерекесiнен басқа америкалықтар үшiн өте маңызды бiр мәселе бар. Ол — күздегi сайлау. Үстiмiздегi жылдың қарашасында америкалықтар өздерiнiң жаңа президентiн сайлайды. Негiзi АҚШ-тағы дауыс беру процесi ұзаққа созылатын қиын шаруа. Осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын өзара бәсекеге түскен қос демократ Хиллари Клинтон мен Барак Обаманың сайысының нәтижесiнде Обама үстемдiкке ие болды. Бүгiнде ол республикалықтар додаға қосатын Маккейнмен бақ сынасуға күш пен жақтастар жинап жүр.
Осыдан сегiз жыл бұрын кiшi Джордж Бушқа есе жiберiп алған Джон Маккейн республикалықтар атынан, ал жуырда ғана миллиондаған америкалық жеңiске жетедi деп сенген Хиллари Клинтонды саяси сахнадан тайдырып жiберген Барак Обама демократтардың атынан сынға түспек. Сарапшылар пiкiрiнше, 2 үмiткер де жетiстiкке өз күшiмен жеткен өте талантты да табанды саясаткер болғандықтан, алдағы президенттiк сайлау өте қызықты өтпек. Америкалық қоғам нәсiлшiлдiк мәселесiмен күрескелi қаншама уақыт өттi. Бiрақ нәтиже аз. Сондықтан консервативтiк көзқарастағы америкалық дауыс берушiнiң қара нәсiлдi Обаманы iштартуы күмәндi. Өткен аптада өзiнiң Американы сүйетiндiгiне күмән келтiргендерге "Мен елiмдi шексiз сүйемiн!" деп тойтарыс беруге тырысқан Барак патриоттық туралы әрекеттердiң арандатушылыққа құрылатынын мәлiмдедi. Есесiне, Маккейннiң жас мөлшерi демократ қарсыласынан әлдеқайда үлкен болуы жеңiс жолында бiраз кедергi жасауы мүмкiн. Оның үстiне, 8 миллионға жуық америкалық мұсылманның қазiргi президент Бушқа наразы болуы дауыс беру процесi кезiнде Ирактағы соғысқа қарсылық танытатын Обаманы таңдауына ықпал етуi ғажап емес. Дiни мәселелердегi өз мүмкiндiгiн Обама барынша пайдаланып қалуға тырсуда. Мысалы, Огайо штатындағы дiндарлармен кездесуiнде ол: "Мен өзгерiстердiң зиялылардан емес, халықтан бастау алуы керектiгiн бiрнеше рет айттым. Шiркеу, синагога мен мешiттерден жақын тұратын ешкiм жоқ. Осы себептi, Вашингтон олармен жұмыс iстеуi тиiс". Иллинойстық сенатор президенттiк таққа отырғаннан кейiн 16 айдың iшiнде америкалық әскерилердi Ирактан алып кететiнiн жеткiзген. Бiрақ оның қарсыласы Маккейн "Америкалық әскерлер Ирактан әлi бiрнеше жыл кетпеуi керек. Өйткенi, осы уақытқа дейiн қол жеткiзген жетiстiктерден айырылып қаламыз" деген сенiмде.
Обаманың таққа отыруы халықаралық саясаттағы АҚШ-тың келбетiн түбегейлi өзгертуге қауқарлы. Кезiнде Бушты жиi сынға алған Маккейн бүгiнде Ақ Үйдiң саясатына онша қарсы емес. Сондықтан Буштың саясатына наразы сайлаушыларды өзiне дауыс беруге үгiттеу республикалық үмiткерге қиынға түспек. Әрине, Маккейннiң саясатқа сiңiрген еңбегiн, Вьетнам соғысына қатысқан ардагер екендiгiн ескерсек, Джонның салмағы да бiраз бар. Әрi Джон Маккейн өткен аптада Латын Америкасына жасаған сапарын аяқтады. Колумбия мен Мексикадағы сапарында ол еркiн сауда аймағын құру мен iшкi саясатқа қатысты қордаланып қалған мәселелердi қаузады. Ал Обама Иордания, Израиль, Германия, Франция мен Ұлыбританияға ден қоймақ. Тiптi, Ирак пен Ауғанстанға да ат басын бұруға кетары емес.
Associated Press агенттiгi мен Yahoo News жүргiзген сауалнамада тәуелсiздiктi тойлаған америкалықтардың басым бөлiгi шаңырақтарына мерекенi бiрге тойлауға Маккейндi емес, Обаманы шақырғысы келетiндiктерiн айтқан.
Латынамерикалықтардың бүгiнде республикалықтарға емес, демократтарға бүйрегi бұрады. Өйткенi, АҚШ-тағы ең өзектi мәселелердiң бiрi — латиностар проблемасы. Биыл президенттiк сайлауда 9 миллионға жуық латынамерикалық дауыс беретiн көрiнедi. Олар әсiресе, Нью-Мексика, Колорадо, Невада мен Флорида штаттарында көп шоғырланған. Бұл Америка тарихындағы рекордтық көрсеткiш. Иммигранттар елiне әртүрлi жолмен келген латынамерикалықтардың АҚШ-тағы құқықтарын заңдастыра алмай жүргелi бiраз болды. Осыдан екi жыл бұрын миллиондаған латинос Конгресс қабылдаған иммигранттарға қатысты заңға наразылық шараларын ұйымдастырған болатын. Шерулердi жиi өткiзiп, Ақ үйге деген өкпелерiн жиi бiлдiретн латиностар тiптi, АҚШ-та өз тiлдерiне мемлекеттiк мәртебе берудi де талап етiп көрген.
Бүгiнгi таңда Құрама Штаттарда америкалық иммиграциялық саясатқа алаңдайындар саны көп. Қазiргi кезде Америкада 12 миллионға жуық заңсыз мигрант бар. Осы себептi, екi үмiткер де иммигранттарға қатысты мәселенi шама-шарқы жеткенше қаузады. Обама бұл мәселеге қатысты "Бiзге шекараларымызға төнген қауiптi сейiлтетiн және иммигранттардың арзан еңбегiн аямай пайдаланатын жұмыс берушiлердi жазалайтын иммиграциялық реформа қажет. Сондай-ақ, бiздiң елдегi 12 миллион мигрантты заңдастыратын, олардың Америка азаматтығын алуға жағдай жасайтын да реформа керек". Мексикамен шекарасы ұзаққа созылып жатқан Аризона штатының сенаторы — Маккейн заңсыз миграция мәселесiн терең бiлетiндiгiн көрсетiп бақты.
Өткен аптада қос үмiткер сырттан тасымалданатын мұнайға деген тәуелдiлiктi төмендетуге қатысты да бiраз ой айтты. Маккейннiң пiкiрiнше, "ең қысқа мерзiмде қаржылық қиындықтардан құтылып, мұнай өндiрудi қолға алу қажет, энергияның балама жолдарын пайдаланып, сумен, жарықпен жұмыс iстейтiн көлiктердi қолданысқа шығару өте маңызды". Ал Обама болса, "Бензиннiң бағасы удай қымбат. Алайда, алдағы уақытта жанар-жағар майды арзандату күнмен, желмен, биоотынмен, сонымен қатар жаңа автомобиль техникасын пайдалану арқылы бензинге деген сұранысты төмендете аламыз" дедi. Алдын ала жүргiзiлген сауалнамалар Барак Обаманың жеңiске жету мүмкiндiгi қарсыласына қарағанда, 37-39 пайызға артық екендiгiн бiлдiрдi. Оған себеп: амеркиалықтар әлi күнге экономикалық мәселелерге, әсiресе, отын мен жанар-жағармай бағасының тым шарықтап кеткенiне алаңдайды. Сол себептi, респонденттердiң көпшiлiгi Буштың жақтасы — Маккейннен гөрi Обаманы жақын тартқан. Егер аяқастынан өзгерiстер болып қалмаса, Барак мiндеттi түрде жеңiске жетедi. Жүргiзiлген қаншама сауалнамалар америкалықтардың көпшiлiгiнiң Ирактағы соғысты құптамайтындығын бiлдiредi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ