ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ КЕЛГЕН ЕЛIНIҢ ТIЛIН БIЛУI КЕРЕК!
ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ КЕЛГЕН ЕЛIНIҢ ТIЛIН БIЛУI КЕРЕК!
Ресей еңбек мигранттарына қатысты талап пен шартты күннен күнге қатайтуда. Әсiресе, еңбек көзiн iздеп келген мигранттардың орыс тiлiн бiлуi керектiгiн әркез айта беруiнiң өзi – орыс тiлi тасының өрге домалап жатқанын аңғартады. Жақында Федеральды миграциялық қызмет (ФМС) директорының орынбасары Вячеслав Поставнин: "Eңбек мигранттарының көпшiлiгiнiң орыс тiлiн жетiк бiлмеуiнiң салдары кәсiпорындар мен жұмыс орындарында техника қауiпсiздiгi қызметiнiң бұзылуына әкеп соғуда" деген кезектi арызын жолдады. Ол сондай-ақ, тiлдi үйрету мәселесiн заңдық тұрғыдан шешу керектiгiн бiлдiрiп: "Ресей мен ТМД елдерi арасында екiжақты келiсiмнiң негiзiнде орыс тiлiн тегiн оқытатын тiл орталықтары ашылуы тиiс" дейдi.
Тәуелсiз сарапшылардың пiкiрiнше, мигранттардың шамамен 50 пайызы орыс тiлiнiң кез келген сөзiн дұрыс айта алмайтын көрiнедi. Ал, тiл меңгерейiн десе, мүмкiндiк жоқ. Ақылы курстардың құны өте қымбат. Күндiзгi бөлiмде тегiн оқуға қол байлайтын жұмысы тағы бар. Дегенмен, Ресейге жан-жақтан жұмыс iздеп келiп жатқан мигранттардың өздерi болмаса да, баласының Пушкин мен Чехов тiлiнде сөйлеуге мүмкiндiгi зор. Мәселен, мигрант баласының орыс тiлiн үйрену талпынысы көңiл көншiтерлiктей деген сарапшы-мамандар мәскеулiк бiлiм ұяларында 30 мың мигрант баласының оқып жатқандығын қуанышпен айтады. Бұдан басқа, 2006 жылы үлгерiмi нашар балалар үшiн 11 "Орыс тiлiнiң мектебi" ашылған. Онда ата-анасы немесе тiркеуi жоқ кез келген Мәскеуде тұратын бала оқи алады. Мұнымен қоса, 270 жалпы бiлiм беретiн мектепте орыс тiлiнен қосымша сабақ өткiзiледi.
2006 жылдың өзiнде Ресейдiң Бiлiм департаментi елдiң аймағынан еңбек мигранттары мен оның балаларына арнап орыс тiлiн үйрететiн мектептер ашылады деп жоспарлаған болатын. Әлбетте, бұл мектеп тек орыс тiлiнiң грамматикасы мен айтылу ережелерiн оқытып қана қоймай, жаңа ортаға бейiмделуге едәуiр септiгiн тигiзедi деп күтiлдi. Бiрақ та бұл жоспар ойдағыдай жүзеге аспаған сияқты. Дәл қазiр Мәскеуде бар-жоғы екi мектеп iске қосылған. "Мектепте әр жерден келген мигранттар дәрiс алады. Жалпы, мұнда 15 пен 40 жас аралығындағы 50 шақты адам бар. Оның денi Ауғанстан, Қырғызстан, Иран, Сомали, Әзiрбайжан елдерiнен келген келiмсектер" – дейдi мектеп директоры Галина Ваганова баспасөзге берген сұхбатында. Бiр қарағанда, еңбек мигранттарының орыс тiлiн сондай бiр құлшыныспен үйренiп жатпағаны аңғарылады. Өйткенi, тiл үйрететiн мектепте оқитынның көбi еңбек мигранттары емес, келiмсектер. Тiптi, зәрезап болған мигранттың кейбiрi: "Бiзге орыс тiлiн не үшiн үйретiп жатыр? Ертең тiлдi бiлгеннен кейiн, осында қалдыру үшiн ғана. Бiрақ бiз Ресей секiлдi басқа ұлт өкiлiне тiсiн батыра бермейтiн елде жұмыс iстегiмiз келедi" деп айтуға лажсыз барған.
Рас, Ресей үкiметiнiң өз тiлiн ұлықтауда еш мүдiрiп қалған жерi жоқ. Бұрын Балтық жағалауы, тiптi ТМД елдерiндегi басқа ұлт өкiлдерiнiң орыс тiлiн бiлуiн мiндеттеп, қолдан келгенше бар жағдайды үйiп-төгiп жатқан алып көршi уақытша нан табуға келген мигранттардың да орыс тiлiнде сөйлеуiн құп көрiп отыр. Ол үшiн тегiн мектеп ашқанымен қоймай, мұндағы тыңдаушылар БҰҰ тарапынан төленетiн 2 мың рубль көлемiнде шәкiртақы мен жол жүру билетiмен де қамтамасыз етiледi. Ал негiзiнен мемлекеттiк институттарда орыс тiлiн үйрену курсы шамамен 14 мың рубльдi құраса, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiнен бастап бұл сома өседi деп күтiлуде. Әзiрге мектепте дәрiс беретiн мұғалiмдер еңбек мигранттарының үлкен саясаттың жемiсi арқылы өмiрге келген мектептiң ашылғандығын әрi онда орыс тiлiн тегiн оқытатындығын бiлмейтiндiгiне налып, өздерi аудандар мен жатақханаларды аралауға кiрiскен.
Германия болса, 2005 жылдан берi имигранттардың азаматтық алудағы шарттарын қатаңдатып жiберген. Осында тұрақтанып қалу үшiн елдiң конституциялық заңын, құқық жүйесiн, сондай-ақ мәдениетi мен тарихынан тест тапсыруы керек. Ең негiзгiсi — бұл сұрақтарға жауапты немiс тiлiнде беретiндiгi. Ал бiршама жылдан берi тұрып келетiн жасы егде тартқан шетелдiктер бүгiнге дейiн кезiнде тастап кеткен Отанының тiлiнде шүйiркелессе де, азаматтық алуға келгенде бармағын тiстейдi екен. Германиялық билiк қарттарға көмектесiп, немiс тiлiнiң көсегесiн көгерту үшiн арнайы дайындық мектептерiн ашуды көздеуде. Алдағы үш жылда мигранттарды тегiн оқытатын 500 жаңа курс қаржыландырылмақ. Немiс тiлiн үйренуге қарсылық танытатындар не жеңiлдiк түрiнен қағылады не елден бiржола аластатылады. Айта кетерлiгi сол, талап пен тәртiбi күшейтiлiп әрi заңы қатаңдатылған Германияға ағылып жатқан шетелдiктердiң легi бiршама қысқарған көрiнедi. Алысқа бармай-ақ қояйық, көршi Өзбекстанның Премьер-министрi Шавкат Мирзияев та ел аумағындағы шетел азаматтарының жүрiп-тұруына байланысты заңға өзгерiс енгiздi. Бұрын өзбек елiнiң заң жүйесiн бұзған шетелдiк ақшалай айыппұл төлесе, бұдан былай ел аумағынан қуылмақ.
Бұдан былай Қырғызстан мен Тәжiкстаннан Ресейге келетiн еңбек мигранттары жұмыс берушiлердiң нақты бiр тапсырысымен ғана келе алатын болады. Халықаралық-аймақтық байланыстар және Мәскеу ұлттық саясаты комитетiнiң баспасөз хатшысы Ольга Вельдинаның айтуынша, Ресей Тәжiкстан мен Қырғызстан билiгiмен өзара екiжақты келiсiмге келе отырып, өте-мөте қажеттi деген жұмыс күшiн ғана қабылдауға уағдаласты. Сол себептен де, Мәскеу аталған елдерден жiберiлетiн еңбек күшiн жұмыс берушiнiң ұсынысына қарай таңдауды ұсынды. Бұдан өзге, жұмыс берушi өз тапсырысында қандай маман иесi керектiгiн, жалақының көлемiн, еңбек шартын, медициналық қызмет көрсетуге кепiлдiк бере алатындығын көрсетуi тиiс. Ал Қырғызстан мен Тәжiкстанның көшi-қон жөнiндегi комитетi осы тапсырысты алғаннан кейiн жұмыс берушiнiң бар талабына сай жасақталған жұмыс көзiн арнайы медициналық зерттеуден өткiзiп жiбередi. Әрине, еңбек мигранттарын жұмысқа дәл осылай қабылдаудың пайдасы көп. Бұл әуелi жергiлiктi халықты жұқпалы дерттен, түрлi ауру-сырқаудан сақтайтыны анық.
Екi жақ та аталмыш келiсiмшартқа қол қойғаны сол-ақ екен, еңбек мигранттарының алғашқы легi келiп, алдын ала белгiленген жұмыс орындарына таратылды. Естерiңiзге сала кетсек, биыл Мәскеудiң еңбек мигранттарына арнаған квотасы 300 мың адамды құрайды, оның 105-i Ресейге визалық жүйемен келетiн мигранттарға, 195 орын визасыз кiрiп-шығатын жұмысшыларға бөлiнген. Былтырғы жылғы статистикалық мәлiмет Ресейде мигранттың саны 12 миллионға жеткендiгiн растайды.
Ресей үкiметiнiң жоспары бойынша, келешекте кез-келген кәсiпкер әрбiр гастарбайтер үшiн мемлекеттiк қазынаға белгiлi сомада ақша төлейдi. Егер жұмысшының мамандығы немесе квалификациялық бiлiмi болмаса жұмыс берушi қыруар қаржы құюы тиiс. Мәскеу қалалық әкiмшiлiгi жаз мезгiлiнен бастап мәскеулiк бiрыңғай миграциялық терезе (МЕМО) атты жаңа жоба ұсынбақ. Мәскеу қаласы мэрiнiң орынбасары Валерия Виноградованың пiкiрiнше, МЕМО — жан-жақтан келген жұмыс күшiн еңбекпен қамтыған жұмыс берушiнi қадағалап отыратын мемлекеттiк мекеме. "Миграциялық терезе" сондай-ақ таңдап алынған маңдайалды жұмысшылардың қолдарын еш қалт еткiзбестен жұмысқа тартады. Бұл аз десеңiз, күзде мәскеулiк билiк электрондық жүйедегi "қонақ картасын" енгiзуге құлшыныс танытып отыр. Алғашқы кезде карточка тегiн таратылады. Негiзi бұл жүйенiң гастарбайтерге де, жұмыс берушiге де пайда келтiретiнiнде шек жоқ. Мәселен, мигрант ұшақ пен пойызда келе жатып, миграциялық қағазды толтырады да, электронды чиппен беретiн қонақ карточкасын алу үшiн миграциялық қызметке келедi. Нәтижесiнде еңбек мигранты туралы мәлiмет өз-өзiнен сартылдап шығады да, оның заңсыз не заңды жүргендiгi анықталады.
Қысқасы, ресейлiк билiк еңбек мигранттарының iшiнен әуелi орыс тiлiн бiлетiндердi, одан кейiн жоғары бiлiмi бар мамандарды қабылдау қажет екендiгiне көздерi жеттi.
Бiзде ше? Керiсiнше. Заңсыз мигранттарға бар жағдайды үйiп-төктiк. Құжатын заңдастырдық. Ол аздай әлеуметтiк сақтандыруды да қолға алдық. Есесiне, шекарамыздан емiн-еркiн өтiп жүрген келiмсектер тiптен көбейдi. Денi сау екендiгiн растайтын медициналық құжаты жоқ. Ауру ма, сырқау ма, оған да бас қатырып жүрген ешкiм көрiнбейдi. Ал мигранттардың заңды не заңсыз екенiн қадағалап отыратын мекеме жайбарақат. Бар болғаны жылына бiр-екi рейд жүргiзгенiн қанағат етуде. Тағы бiр жайт, бiз мигранттарға басқа елдердегiдей мемлекеттiк тiлден тест алмақ түгiлi, бiлу керектiгiн де мiндеттемеймiз. Тiптi, қоғамдық орындарда жергiлiктi қазақ елiнiң тiлiн менсiнбеген кейiп танытып, өз туған тiлдерiнде шүлдiрлесетiндерiн қайда қоярсыз. Мұның бәрiне себеп, еңбек мигранттарына деген талаптың жоқтығынан немесе тәртiптiң босаңсып кеткендiгi. Бұл бұл ма, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкiлi Сапарбек Нұрпейiсов Конституциядағы көрсетiлген түрлi кемсiтушiлiктерге салған тыйымдарға қарамастан көптеген шетелдiк компаниялар елiмiздiң азаматтарының еңбек құқығын жиi және өрескел түрде бұзып келетiндiгiн, көбiнесе олардың еңбек қаупсiздiгiнiң жағдайына, демалыс пен тамақтануына, еңбек ақысын төлеу мен ұжымдық келiсiмшарт еркiндiгiне қатысты құқықтары аяқ асты болып жатқандығын жеткiздi. Мысалы, қытайлық "Петро-Қазақстан, Құмкөл-Ресорсиз" акционерлiк қоғамында өзiмiздiң инженерлерiмiздiң орташа жалақылары 170 мың теңгенi құраса, қытайлық инженерлердiң еңбек ақылары бұдан 10 есе жоғары, яғни 2 млн. теңгенi құрайды! Оның үстiне, қытай азаматтарына ай сайын 600 ден 800 мың теңгеге жуық сыйақы берiледi.
"Қазақстан азаматтарының өз Отанында тұрса да жергiлiктi атқарушы және уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың немқұрайдылығының кесiрiнен осындай кемсiтушiлiктерге ұшырап отырғанын прокурорлық тексеру анық көрсетiп бердi", — дейдi ресми өкiл. Мұндай фактiлер жетiп артылады. Ел азаматтарының құқығын таптау деректерi корея, америкалық, ағылшын, түрiк және итальян капиталдары қатысатын жеке кәсiпорындарда да кездеседi екен. "Есiктен кiрiп, төр менiкi" деген осы да. Ал бiз осындай бассыздық пен бейберекетсiздiктi көре тұра шетелден келген кiрмелерге жағдай жасап, жалпақтаудан арыла алмай келемiз. Өкiнiштi!
Керек дерек:
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Серiк Әбденовтiң айтуынша, Қазақстанға 2002 жылы шетелден 12 мың жұмыс күшi тартылса, 2006 жылы – 40,9 мың, 2007 жылы – 58,8 мың шетелдiк жұмыс iстеген. Ал, 2015 жылы еңбек мигранттар саны 500 мыңнан аспақшы. Елiмiздiң жыл сайынға шетелдiк жұмыс күшiне сұранысы — 60 мың адам.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ