ҚЫЛМЫС ТIЛIН ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТУГЕ БОЛАДЫ

ҚЫЛМЫС ТIЛIН ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТУГЕ БОЛАДЫ

ҚЫЛМЫС ТIЛIН ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТУГЕ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі
418

Қазақ тiлiнде қазақ тiлi, әдебиет және журналистика саласына қатысты ғылым салалары ғана дамып, өзге ғылымдардың барлығы орыс тiлiнде қалыптасып дамығаны белгiлi. Тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiнгi 20 жылға жуық уақытта елiмiздiң ғалымдары ғылым тiлiн мемлекеттiк тiлде сөйлетуге барын салды. Соның iшiнде тым кенже қалып қойған саланың бiрi — "Криминология" саласы болатын.

Бiзде мемлекеттiк тiлдi айналымға енгiзу мәселесi туындаса, "ғылым әлi де қазақша сөйлеген жоқ, техника тiлi сiресiп аударуға келмей тұр, қаржы саласын қазақшалау мүмкiн болмай тұр" деген байбаламдар күн сайын алдымыздан шығады да тұрады. Бiрақ, ғылымның қай-қай саласы болса да, мемлекеттiк тiлде сөйлей алатындығын танытты. Оған кәдiмгiдей тер төгiп еңбек етiп жүрген ғалымдар баршылық. Соның бiрi — заң ғылымдарының докторы, Iшкi iстер академиясының профессоры Есберген Алауханов. Есберген Алауханов Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тiлiнде "Қылмыстық құқық" атты оқулық жазып, ғылымның осы саласында тыңға түрен салған ғалым. Бұдан кейiн ғалым "Криминология" атты оқулық жазады. "Криминология" оқу кiтабының алғы сөзiн жазған криминолог-ғалым, профессор У. С. Жекебаев: "Осы күнге дейiн мемлекеттiк тiлде қылмыспен күресудегi қылмыстық заңдардың тиiмдiлiгi, оны жетiлдiру жолдары, қылмыстан сақтандыру мәселесi толық қарастырылмаған. Осы еңбекте орны толмай, шешiлмей жүрген криминология мәселелерiн шешу жолдары кеңiнен қарастырылып отыр" дейдi. Осы пiкiрдiң өзi-ақ автор iсiне берiлген баға десек те болады. Автор сондай-ақ, оқулық жазумен шектелiп қоймайды, газет-журнал беттерiне жиi мақала жариялап, қылмыс, қылмыскерлiк туралы — iлiмнiң қазақ тiлiнде қалыптасуы үшiн көп тер төгiп келедi. Терминдiк сөздердiң қалыптасуына ат салысып, олардың орысшадан аударылуын мұқият қадағалап, осыған байланысты өз пiкiрiн үнемi айтумен жүредi. Айталық, "Казахстанская правда", "Егемен Қазақстан" газеттерiнде жарияланған "Қылмыстық кодекс" және "Қылмыстық iстер жүргiзу кодексiнiң" орысшадан қазақшаға аударылған редакциясындағы олқылықтарды қатты сынға алады.

Жақында Санкт-Петербургтiң "Криминология" журналының №1 санында автордың "Қазақстан криминологиясының дамуы" атты мақаласы жарияланды. Онда криминологияның қалыптасу тарихы Қазақстандағы дербес ғылым ретiнде қаралады. Соңғы 20 жылда мұндай тыңғылықты әрi толық талдау криминология саласында жасалынбаған екен. Жалпы КСРО-ның өзiнде криминологиялық зерттеулерге 30 жылдан астам уақыт тыйым салынған. Сондықтан бұл ғылым саласы, бiз түгiлi Ресейдiң өзiнде жас сала болып есептелiнедi. Ал, бiзде даму жолына ендi түсе бастады десек те болады. Соның iшiнде қазақ тiлiндегi сүбелi еңбектерге ендi ғана жол ашылғандай.

Жастайынан қазақтың бай әдебиетiмен сусындап өскен Есберген Оразұлы өзi де әдеби шығармалар жазуға ден қояды. Оның шығармалары әдебиетiмiзде тағы да кенже қалып келген детективтi жанрда жазылған. Мәселен, бiр жылдары оның "Заң" газетiнде "Шытырман оқиғалы шығарма" деген айдармен әңгiмелерi жиi жарияланып жүрдi. Кейiннен ол әңгiмелерi "Ажалдың түсi", "Қасиеттi мекендегi қала" деген кiтаптарға арқау болған. Есберген Алаухановтың жазушылығы жайында ғалымдар, философия ғылымының докторы, академик Ғ. Есiм мен филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Әбдезұлы былай ой толғайды: "Алғашқы әңгiмелерiнен-ақ оның қаламының ұшқырлығы, кәдiмгi төселген жазушыға тән стильдiк, тiлдiк қарымы мен аршыны, қанша шығармаларды оқып үйренсе де, солардың әуенiне түсiп, эклектикалық жүйеге ұрынбағаны, образ жасаудағы психологиялық мiнез-құлықтың әр адамдағы ерекшелiгiн аңғарғыштығы, дөп басып, нанымды суреттеу шеберлiгi, "болар жазушы басынан" деуге сиярлық екен.

Оның үстiне Есбергендi, тағы да басқа жазушылардан, тақырып жағынан үйреншiктi болып бара жатқан көркем дүниелерден ерекшелеу көрсететiн, яғни өзiндiк бетiн, қырын, әдебиетке әкелген өз үлесiн даралайтын нәрсе — қазақ әдебиетiнде аз жазылып келген жанр — детективтi оқиға тақырыбына құрылған шығармалар. Дүниежүзi әдебиетiндегi бұл жанрдың үздiк шыққан қайсыбiр өнiмдерiн санамай-ақ қояйық, ол бiздегi фантастикалық шығармалардың аздығы секiлдi, авторы аз детективтi шығармаға Есбергенннiң, бұл тақырыптың ұңғыл-шұңғылын көбiрек бiлетiн заң қызметкерiнiң баруы, жазушының бұл өнердi тез игерiп, тамаша туындылар беруiне деген қалың оқушының сенiмiн екi есе арттыратыны сөзсiз" деп жазады.

Есберген Оразұлы жар құлағы жастыққа тимей, мемлекеттiк тiлдi дамыту iсiне үнемi көңiл бөлiп келген ғалым. Айталық, ол Шығыс Қазақстан облысында облыстық Әдiлет басқармасы мен Қаржы полициясының бастығы қызметтерiн атқара жүрiп, сол облыстағы "Қазақ тiлi" қоғамының төрағасы болады. Осы жұмыстың басы-қасында болған ол 2003 жылы ақпан айында Өскемен қаласында "Қазақ тiлiнiң дамуы" атты халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастырады. Оған Мәскеуден белгiлi түрколог ғалым, академик Кеңесбай Мұсаев, академик Өмiрзақ Айтбайұлы және сенаторлар Әбiш Кекiлбаев, Оңалбек Сапиевтер қатысқан. Солтүстiк облыстармен бiрге елiмiздiң шығысында да мемлекеттiк тiлдiң көсегесi көгерiп тұрғаны белгiлi жайт қой. Есберген Оразұлының облыстағы "Қазақ тiлi" қоғамына бас-көз болуы тегiн емес секiлдi. Қазағы аз, қаймағы бұзылмаған өзге ұлт өкiлдерiнiң арасында мемлекеттiк тiл туралы үгiт-насихат жүргiзудiң өзi оңайға соқпаса керек.

Осыдан 15 жыл бұрын академик Салық Зиманов "Квалификация хищений, совершенных по подложным документам" атты монографиясына ден қойып "қазақтың криминологиясына жас ғалым келдi" деп жар салған екен. Қазiр шәкiрт тәрбиелеп отырған ұстаз, ғылыми монографиялар мен 20-дан астам ғылыми еңбек пен мақалалардың авторы Есберген Оразұлы жайындағы әңгiмемiздiң түйiнi Мағжан айтқандай "Қарлығаштың қымбаттығы тасыған суының көптiгiнде емес, ниетiнiң адалдығында" болмақ. Яғни, өз ғылым саласында мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн барын салып жүрген ғалымға iсiңiз оңға бассын демекпiз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары