ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
409

ТМД ТАҒЫ БАС ҚОСПАҚ

Үстiмiздегi жылдың 23 мамырында Минскiде өтетiн ТМД елдерi үкiмет басшыларының отырысына Қазақстан тарапынан вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев қатысады.

Отырыста ТМД мемлекеттерi арасындағы сауда, экономикалық, көлiк мәселелерi талқыға салынады. Сонымен қатар азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтаамасыз ету шаралары, экономикалық ынтымақтастық, ТМД елдерiнiң қаржы саласына қатысты мәселелер де күн тәртiбiне шықпақ. Вице-премьер II Дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Беларусь топырағында немiс басқыншыларының қолынан қаза тапқан қазақ сарбаздарының құрметiне қойылатын ескерткiштiң ашылу салтанатына қатысады.

ҚАЗАҚСТАН – ЕУРООДАҚТА

Дүйсенбi күнi Брюссельде қазақстандық делегация Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынасты таразыға тартты.

Еуроодақпен ынтымақтастық жөнiндегi ұлттық үйлестiру кеңесiнде ҚР Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Қайрат Сарыбай ЕО Шығыс Еуропа, Кавказ бен Орталық Азия iстерi жөнiндегi басқарм басшысы Гуннар Вигандпен кездестi. Кездесу барысында "ЕО пен Орталық Азия елдерi арасындағы "Жаңа серiктестiк стратегиялары" шеңберiнде "Қазақстанға арналған басымдықтар" жобасы талқыға салынды.

ФРАНЦУЗДАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Астанада Қазақстандық-француздық үкiметаралық комиссияның экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi 7-отырысы өттi.

Отырыста интеграциялық бiрiгулер, индустриалдық инновациялар, энергетика, көлiк және коммуникация, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту, ауыл шаруашылығы, ғарышты игеру, спорт, туризм және бiлiм мәселелерi туралы әңгiме қозғалды.

ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов: "Қазiргi кезде екi ел арасындағы қатынас тұрақты және пiкiр қайшылығы жоқ. Франция Қазақстанның сауда серiктестерi арасында 5-орынға ие. 2007 жылы Франциямен арадағы сауда айналымы 4,7 млрд. долларға жеттi. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 20 пайызға артық. Франция елiмiздегi ең iрi инвестор болып табылады. 1993 жылдан 2008 жылға дейiн француздар елi 3,5 млрд. доллар көлемiнде қаржы салды. Қазақстан Республикасында француз капиталының көмегi арқасында 40-тан астам компания қызмет етуде" – дедi.

"ЖОЛДАР, ЖОЛДАР"…

Парламенттегi пiкiрсайысқа себеп болған ақылы жолдар мәселесi кейiнге шегерiлдi. Яғни, елiмiздегi жолдар жөнделiп, қауiпсiз де жайлы деңгейге жеткенше, тегiн болады.

Апта басында Мәжiлiс депутаттарының сауалдарына жауап берген ҚР Көлiк және коммуникациялар вице-министрi Дулат Көтербеков бұған дейiн бiрнеше рет талқыға түскен ақылы жолдардың мәселесi жолдар халықаралық деңгейге жеткiзiлгенше, тоқтатылатынын айтты: "Ең алдымен жолдар жөнделiп, төрт немесе алты жолақты әдiспен салынып, халықаралық автобан немесе автомагистраль деңгейiне жетпейiнше, оған ақы алынбайды. Егер биыл осы мақсаттағы заң қабылданып, келесi жылы арнайы байқаулар өткiзiп, ұйымдастыру жұмыстары аяқталғанша, айтылған сапалы жолдар пайдалануға дайын болады. 2010-2011 жылдарға қарай. Ал ақы төлеу мәселесi 2012 жылы енгiзiлуi мүмкiн". Вице-министрдiң сөзiне қарағанда, Астана-Бурабай бағытындағы есептi жылдамдық шамамен сағатына 150 шақырымға белгiленiп отыр.

ҚОСЫМША ЖҰМЫС КҮШI ҚАЖЕТ

Елiмiздегi жұмыссыздық мәселесi 7 жылдан кейiн едәуiр оңалатын сыңайлы. 2015 жылға қарай Қазақстандағы қажеттi қосымша жұмыс күшi 500 мыңға жуықтайтын көрiнедi.

Өткен аптада Мәжiлiсте өткен "Iшкi көшi-қон: үдерiстер, қиындықтар мен оларды шешу жолдары" атты конференцияда 2015 жылға қарай 500 мың жаңа жұмыс күшiне сұраныс болатынын көлденең тартқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң орынбасары Серiк Әбденов: "Қосымша жұмыс күшiне деген сұраныстың артуы еңбекке қабiлеттi азаматтарды қалаға көптеп тартуға мүмкiндiк бередi. Ауылдан ағылатын ағайынға жағдай жасау қажет. Осыған байланысты қызметпен қамтамасыз етудiң вахталық әдiсiн жолға қойған дұрыс" деп мәлiмдедi. Вице-министрдiң хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың басынан берi республикамызда 315 адам вахталық әдiспен жұмысқа орналасқан. Әбденов iшкi көшi-қон мәселесiне қатысты жаңа заң жобасының дайындалғанын тiлге тиек еттi.

ТЕМIР БАНКТIҢ "БӘЙГЕСI"

15 мамырда Темiр банк клиенттерiне арналған кезектi "Бәйге" акциясын өткiздi. Бұл жолғы акция II Дүниежүзiлiк соғыстың ардагерлерi мен тылда еңбек еткендердiң құрметiне арналды.

Банктiң Қазақстанның 20 қаласы бойынша екiншi рет ұйымдастырған акциясына Ұлы Отан соғысы ардагерлерiн қонақ еткен Темiр банк өкiлдерi көңiл көтеретiн бағдарламалармен бiрге салтанатты ас мәзiрi және түрлi ақшалай, заттай сыйлықтар табыс етiлдi. Әр ай сайын ұйымдастырылатын акцияда салымшыларға арналған сыйлықтардың саны мен ақшалай сыйдың көлемi өсiп отырады. Алматыдағы келесi "Бәйге" 15-маусымда, 15-қыркүйекте, 16- желтоқсанда, ал Астанада 4-шiлдеде, 16-желтоқсанда, банктiң қалған филиалдарында 16-желтоқсанда өткiзiледi. Басты сый ретiнде бiрнеше көлiк тiгiлген акцияда 2008 жылы шығарылған көлiктер сыйға тартылмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары