"ҚАЗАҚПЫН ҚАЗ МОЙЫНЫ ОЙНАҚТАҒАН”

"ҚАЗАҚПЫН ҚАЗ МОЙЫНЫ ОЙНАҚТАҒАН”

"ҚАЗАҚПЫН ҚАЗ МОЙЫНЫ ОЙНАҚТАҒАН”
ашық дереккөзі
371

"Естисiң бе, даусымды?"… Бұл — 1990 жылы Алтайдың ар жағынан атажұрттағы ағайынға ақын Кәкей Жаңжұңұлының жолдаған аманат үнi едi. Осы бiр аманат үннiң ақыры ақтық-аманатқа айналарын ешкiмiмiз бiлмедiк. Жазмыш солай… Ақын аманат сөзiнiң ақырын күте алмай аспанға алыс сапарға кете барды (1993ж).

Елiмiз егемен болғаннан кейiнгi жылдарда сана бостандығына да иелiк еттiк. Қоғамға, өмiрге, айналамызға өзгенiң емес, өз көзiмiзбен қарай бастадық. Мұндай құбылыс қоғам өмiрiнiң барлық саласында байқалады. Соның iшiнде көркем әдебиеттегi серпiлiстi ерекше бөле жара атауға болады.

Бұрын қазақтың көркем әдебиетi тек Қазақстан шекара аумағымен ғана шектелiп, шет елдердегi өзiндiк өзгешелiктерiмен қалыптасып, дара дамып қазақ әдебиетiнен ойып орын алатын, олқысы болса толтыратын, кемтiгi болса жетiлдiретiн көркем әдебиет жөнiнде жөндi, мардымды пiкiр де айта алмадық, «өзiмдiкi» деп санап, санатқа да қоса алмадық. Дұрысы – ауызға қақты. Бүгiн шетелдерде қазақ әдебиетi жасайды, ол қазақ әдебиетiнiң қомақты бiр қабырғалы бөлiгi десек, ел болғанның арқасы. Алайда, "алыстағы ағайынның хал-жағдайынан мүлдем бейхабар болдық" десем шындыққа жатпайды. Сол бiр "бiз ғана мықтымыз, бiзден басқаның бәрi жаман" деген заманда да қысқа қайырып болса да, үзiп-жұлып болса да, ара-тұра аса ерлiкпен шет елдерде де қазақтың небiр керемет сүбелi сүрi – жамбастары жатқанын байқатып отырды.

Мәселен, 1972 жылы "Жазушы" баспасынан Баян-Өлгей аймағының ақындары мен ауыз әдебиет өкiлдерiнiң "Бозiнген" атты жинағы Соян Қажыбайұлының құрастыруымен жарық көрдi. Атына заты сай жинақтың iшiнде мынадай жолдар бар едi:

«Қазақпын қаз мойыны ойнақтаған,

Ой да баққан, бiр ыңғай қой бақпаған.

Ер елдiгiм ешкiмдi жатсынбаған,

Тереңдiгiм ешкiмдi бойлатпаған».

Осы өлеңнiң авторы бозбала Кәкей болатын. "Әрине, өлеңнiң толық нұсқасы берiлмедi, бар жоғы төрт шумағын ғана кесiп алдық. Осының өзiне тәубе дедiк" дейдi бүгiнде Талдықорған қаласы тұрғыны Соян Қажыбайұлы.

Жиырмадан ендi асқан жасында "Мен қазақпын" деп төсiн соғып, екiнiң бiрiнiң дәтi жете бермейтiн өрлiк көрсеткен Кәкей елiне ерте танылған кiсi.

11 жасында туып-өскен өлкесiнiң жеке сұмын (аудан) болып құрылуының жиырма жылдығына орай өткiзiлген он күндiкте атқа жеңiл, қаңылтақ, жұп-жұқа сары ауыз бала-қыран барша жұрттың көңiлiнен шығады. Осыдан не бары сегiз жыл өткенде өзi:

«Таулы Бұлғын, ойлы Бұлғын, түз Бұлғын,

Көктем Бұлғын, көк өрiм тал, түз Бұлғын.

Жұмақ Бұлғын, жұлдыз Бұлғын, жыр Бұлғын,

Қызыл Бұлғын, қымыз Бұлғын, қыз Бұлғын»,

— деп жырлаған жұмақ жерiнiң тума ақындарының "Бұлғын әуендерi" атты жыр жинағының да (1966ж) алдын бастайды. Бастағанда:

«Сан жүректер сырына,

Жақын болғым келедi.

Қанат берiп жырыма,

Ақын болғым келедi»,

— деп бастайды. Бұл оның бала жасында-ақ айқындап алған бағдаршамы едi. Сол ұстанған бағыт-бағдарынан айнымастан айтқанына жеттi. Ақын да, адамға жақын да болды. Жаратылысы қандай биязы болса, өмiрi де сондай жайма-шуақ, төңiрегiне жеңiл әзiл тастап, айналасына нұр шашып, пендешiлiкке бой алдырмай, ақындық пен адамгершiлiктiң қос тiзгiнiн тең ұстаған, "жайнаған туы жығылмай, жан бiткеннен түңiлмей" (Абай) өмiрден жақсы өтiпсiң дегiзген жан.

Кәкей Жаңжұңұлының ақын болып қалыптасуына отызыншы жылдардың ойраны мен қырқыншы жылдардың қырғынынан ("Құжырты қылмысы") аман қалған жырынды ұрпақтың ат төбелiндей бiр шоғыры — шежiре қарт Мұзбай, жырау Мәлғажы, әңгiмесi ән салғандай Зайнолда, жазушы Жақсылық қатарлы туған жердiң тума таланттарының тәрбиесi, олардан тыңдаған кеңесi зор ықпал еттi. Ол үшiн де құйма құлақ, дарын болуға керек. Құйма құлақтық пен дарын тамыры тереңде жататын, тұқым қуалайтыны табиғи заңдылық. К.Жаңжұңұлы атасы тарапынан қазақ тарихына әйгiлi Ер Жәнiбек шешеннен бастау алатын, Қотырақ, Қондыбай ұрқы. Ал анасы Бәтима шешей жасында көп айтысқан, сөз зергерi. Ұзын бойлы, тiп-тiк, жүрiсi жылдым, аппақ шатырдай шылауышы жер сызған, мұнтаздай ақ сары кiсi едi. Бiр тiзерлей отырып, кимешектi құлаққа қарай сәл ысырып қойып, маңдайы тепшiп сөйлегенде, пай-пай-пай, ұзаққа шабар жүйрiктей көсiлiп кететiн шешен-дi. Менiң шешем төркiн қып, о кiсi қайын сiңiлiм деп жақын тартып, екеуара күрең шайды жеке демдеп қойып кеңестi соғып отырғанын бала күнiмiзде талай көрдiк. Оның үстiне "әйгiлi ақын Кәкейдiң шешесi" деген дақпырты жер жарған, атағы да өзiне назарды ерекше аудартса керек. Бұл күнде Кәкей дегенде көз алдыма алдымен жарықтық анамыз Бәтима келедi. "Алып анадан" деп халқымыз бекер айтпаса керек.

Оныншы класты үздiк бiтiрiп аймаққа әйгiлi болған бозбала ақынды ел де, сол кезде ел басқарған ат үстiндегi азаматтар да ерекше қолдап, оның Қазақстаннан бiлiм алуына аса ден қойыпты. Алайда, бiр-екi жыл Қазақстанға жiберуге қолдары жетпейдi. Өкiмет пен партия Баян-Өлгей аймағының қазақ тiлi пәнiнiң маманына зәру екенiн бiле тұра, жұмған жұдырығын ашпайды. Сөйтсе де ел тiлегi ескерiлiп, Кәкей Қазақтың Абай атындағы Педагогикалық институтына оқуға түседi. Алыстағы ағайынның арман қаласы – Алматыда шыңдалып, жетiледi. Сол кездегi қазақтың тұлпарлары мен тұяқ қағыстырып, үзеңгi соғыстырады. Жырлары қазақ баспасөз беттерiнде жарияланып, өлеңдерiне ән жазыла бастайды. Арман қала – Алматыда жүрсе де, ауылын, анасын, Алтайын аңсайды.

«Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде.

Алтай алқа таққанда,

Бұлғын сылдыр қаққанда».

"Бұл күнде осы ән қазақ радиосынан берiлiп жүр. Әттең, осы бiр маржандай төгiлген шумақтың "Бұлғын сылдыр қаққанда" деген жолы "Бұлақ сылдыр қаққанда" болып бұзылып айтылып жүргенi түзетерлiк". (А.Мауқараұлы).

Кәкей бiзге мүлдем бейтаныс тұлға емес. Онымен бiрге оқыған курстастары, көз көрген құрбы-құрдастары, қызметтес болған замандастары, әдебиетшi қауым, ең басты жырларынан ләззат алған оқырманы бар. К.Жаңжұңұлы жырлары жөнiнде Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Несiпбек Айтұлы: "Ұшақ апатынан опат болған ақын досым Кәкей Жаңжұңұлы аруағына" атты арнау өлеңiнде студенттiк жылдары жайлы "Мұқағали ағасындай тез оралған Мәскеуден, Алматыда қоштасқан әлi есiмде бiр жылы" деп еске түсiре отырып, "Ақ сауыттай елес берiп ақ боз үйдiң тұлғасы, найза ұшындай жылтылдайтын арулардың сырғасы" ("Қазақ елi", №23-24,25.10.2007ж) деп оның өлеңдерiнiң сұлулығына, көнеден тартар көмекейiн аңғартады. Ал кеңестiк маман, бiраз жыл Баян-Өлгейде қызметте болған ақын Лайық Тоқайұлы: "Табиғатында Кәкей сегiз қырлы, бiр сырлы едi. Ол керемет талғампаз, таза жанды, мөлдiр сезiмдi, лирик ақын едi… Тұңғиықтағы тұмадан нәр, аспанмен астасқан Алтай тауларының асқар биiктерiнен нұр емген тамаша талант иесi" ("Көш", №01, 2007ж) дейдi. Ол тек бағалап қана қойған жоқ, Кәкейдiң шырақшысына айналып, ақын туралы "Тау қыраны" атты естелiк кiтап жазып, Алматыда бастырды.

К.Жаңжұңұлы ақындықпен мал тапқан адам емес. Аршыл, ақындығымен азаматтық борышын адал атқарған адам. Қай заманда, қай кезеңде жазса да оның өлеңдерi айқын да, жарқын, жалтақсыз. Көкейкестi мәселенi дер кезiнде қозғай, қаузай бiлдi. Қоғамдық келеңсiздiктердi көрсету өлең икемiне келмеген кезде қаламын өткiр сатираға бұрған — "Жебе". Ал құлашын кең сермер тұста адымы арыс — жазушы. Архивiнде қанша дүниесi қалғаны бiзге әзiр бимәлiм. Мынау "Қасқыр" әңгiмесi — ұрпағыңды бiр-бiрлеп (кезең-кезеңiмен) жалмаған зұлмат заманның зұлымдығына, бодандыққа қарсы саясаттың салқыны соғып тұрған, "ашылып сайрамайтын" кезде, "өткiзу үшiн шындықты, iшiне өтiрiк қоспаған" классикалық шығарма. Қазақтың ХХ ғасырының 100 әңгiмесiнiң қатарынан орын алатын бiрегей туынды.

Кәкей Жаңжұңұлы өмiрiнiң көбiн әдеби мұраларды жинап, халық игiлiгi етуге жұмсады. Оның зерттеушiлiк, ғалымдық қыры осы тұстан еркiн аңғарылады. Ғұмырының қалыптасуы мен қанат жаюының жиырма жылын Баян-Өлгейде өткiзген, К.Жаңжұңұлының сөзiмен айтар болсақ, "өзi ғұмыр кешкен Алтай мен Қобда бетiндегi ҚХР мен МХР қазақтарына ғана емес, күллi қазақ халқына ортақ дүлдүл ақын, ғұлама ағартушы, iрi тұлғалардың бiрi" Ақыт Үлiмжiұлының шығармаларын жинап, зерттеп, зерделеп, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгiзген зерттеушi- ғалым. Оның еңбектерiн 1991 жылы Өлгей қаласында "Қажыбаян" деген атпен бастырды. Алайда, Ақыт Үлiмжiұлы еңбектерiне елiмiзде әлi күнге дейiн тиянақты зерттеу жүргiзiлiп, тиiстi баға берiлген жоқ.

Кәкей Жаңжұңұлы белгiлi ақын Имашхан Байбатырұлымен бiрлесiп Моңғолия қазақтарының көркем әдебиетiнiң негiзiн қалаушыларының бiрi, драматург-жазушы, әрi аудармашы Құрманхан Мұхамәдиұлының шығармаларының толық жинағын құрастырды. Осы жинақ К.Жаңжұңұлының отыз беттiк талдау жасаған кiрiспесiмен 1983 жылы жарық көрдi. Құрманхан да қазақ әдебиетi үшiн ашылмаған кеннiң бiрi болса керек.

К. Жаңжұңұлы қай уақытта да қазақтың қамын жеген қоғам қайраткерi. Ұлт тағдыры сынға түскен күрделi шақтарда шегiнiп, шет қалмады. Оның осы батырлығын Моңғолия Жазушылар Одағының қазақ бөлiмшесiнiң меңгерушiсi болып тұрған кезiнде жергiлiктi жердегi ана тiлiнiң хал-ахуалын Моңғолия Жазушылар Одағының 8 съезiнде (Ұланбатыр, 1989 ж.) өткiр де батыл, қаймықпай қатты сынға алғандығынан көруге болады. Ол осы съезде сөйлеген сөзiнде: "Ұлттық тiлiн жоғалтқан халық — халықтығын да жоғалтумен бiрге, ұлттық мәдениетi мен әдебиетiн, өнерiн жасай алмайтыны белгiлi. Тарихи дамуымыздың бүгiнгi деңгейi тұрғысынан үңiлсек, дәуiр талабы мен өмiр шындығы алға қойып отырған, назар аударып, соз бұйдаламай шешудi талап ететiн өткiр мәселелер де орын теуiп (орын алып) отырғанын жасыруға болмайды" дей келiп, жыл өткен сайын қазақ тiлiнiң оқытылу деңгейi, қоғамдық қатынастағы қолданылу аясы, рөлi мен беделi төмендеп бара жатқанын ашық жеткiзген. "Аралас ұлтты сұмындар мен өндiрiс, кәсiпорындарды былай қойғанда бiрыңғай қазақтар мекендейтiн сұмын, өндiрiс мекемелердiң өзiнде кеңсе қызметтерi, жиындар мен митингiлер, лекция, әңгiмелер, үгiт, насихат жұмыстары, кездесу, кештiк секiлдi әр алуан шаралар қазақша жүргiзiлмейдi. Нендей бiр iс қағаздар, ұран үндеулер, насихаттық плакаттар мен таныстырулар, ұйым, мекеме, жер-су аттарынан тартып, жарнамаларға дейiн моңғол тiлiнде жазылатындықтан, қазақ тiлiнiң қолданылу шеңберi тым тарылуда. Тек ауызекi сөйлеу тiлiнде ғана керектенiлiп, қоғамдық ресми қолданыстардан сырт қалғандықтан кереметтей шұбарлануы, бiртiндеп ұмытыла бастауға айналды. Ана тiлiнде хат танымайтын, оқи да, жаза да, дұрыс сөйлей де алмайтын жастар молая түсуде" дедi. Мұның салдарын ол: "Бұл — ең әуелi, ана тiлдiң және жас ұрпақтың болашақ тағдырына көзжұмбайлықпен қарап, ұлттық психология мен сана-сезiм, ойлам ерекшелiгiн елемеген, аймақтағы және халыққа Бiлiм беру министрлiгiндегi кейбiр басшы жолдастардың сыңаржақ, терiс түсiнуiнен, жан-жақты ойластыра, ақылдаса отырып шешетiн күрделi мәселеге жеңiл-желпi, атүстi қарап, өз бетiмен шешуiнiң зиянды нәтижесi" деп ашық та, шынайы, еш бұқпасыз айта алған. (Моңғолия жазушыларының VIII съезiнде МЖО-ның аймақтық бөлiмшесiнiң меңгерушiсi Ж. Кәкейдiң сөйлеген сөзi //Шұғыла, Өлгий, 1989, № 1, 5-10 б.б.)…

Осындай ұлтшыл, отаншыл, жеке басының емес, жетi жұрттың қамын жеген Жаңжұңұлы неге атамекенге оралмады? Бұл сұрақты мен о кiсiге 1992 жылы, Дүниежүзi қазақтарының тұңғыш құрылтайы кезiнде, "Атакентте" бiр киiз үйдiң сыртында жиналған қалың топтың алдында "Қазақпын" атты өлеңiн толқыныспен жатқа оқып тастап, автобусқа қарай бет алған жолда қойып үлгердiм. "Келемiн. Елдiң артын жиып келемiн!" – дедi жұлып алғандай. Бiрақ… Бiрақ, келесi жылы, не бары 46 жасында алыс сапарға аттанып кете барды…

Бақытбек Бәмiшұлы,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары