ТҮРКIСТАННЫҢ "ЖЕТI КЕРЕМЕТI"
ТҮРКIСТАННЫҢ "ЖЕТI КЕРЕМЕТI"
Түркiстан киелi жер. Тұнып тұрған тарих. Бағзы замандарда бұл қала Яссы деп аталынған. Сол қалада күллi түркiлердiң пiрi – Қожа Ахмет Яссауи өмiрге келгенiн жұрт жақсы бiледi.
Осыдан алты жүз жыл бұрын атақты Әмiр-Темiр Қожа Ахметке арнап алып кесене салдырды. Құрылысы таң қаларлық. Сол кездегi инженерлiк ақыл-ойдың, өркениеттiң биiк шыңына күнi бүгiнге дейiн тамсанып, таңдай қағасың. Оның iшi-сыртын өрнектеген оюларының, Құран аяттарынан алынған жазуларының бояулары әлi құпиясын ашқан жоқ. Құрамы жұмбақ күйiнде қалып отыр. Кесене сан ғасырды, сан зобалаң жаугершiлiктi бастан кешсе де, өзiнiң бастапқы тұрқын берiктiгi арқасында сақтап қалды. Кесененiң құдығын айтсайшы. Шыңырау түбiндегi суы мөп-мөлдiр. Қаншама құдықтардың көздерi заманалар желiмен бiтiп қалды. Ал бұл құдық сол қалпында тұр. Кесененiң кереметтерiнiң бiрi осы ма дерсiң. Кезiнде тай қазанға осы құдықтан қауғамен су тартып құйып, талай пақырларды тамақтандырғаны анық.
Кесене салынып бiткен соң барша түркiлердiң назары Яссыға ауды. Жан-жақтан ағылып келiп, тәу етiп, Құдайға құлшылығын жасады. Әлеуеттiлер өмiрден өткен қадiрмендiлерiн жердiң алыс шалғайлығына қарамай, осында әкеп жерлеген. Кесенеде он сегiз ханның, үш жүзге әйгiлi билер мен ел қорғаған батырлардың бейiттерi бар. Едендiк табан астына бес қабат етiп жерленген мәйiттердiң анықталмағандары қаншама. Мұнда жерленгендердiң бәрi де жәй адамдар емес екенi бесенеден белгiлi.
Яссының төңiрегiнде бiрнеше қалашықтар болған. Кесене салынғаннан кейiн олардың саны да көбейе түстi. Шекаралық шеттерi қорғандап салынған Қаратөбе-Сауран, Қарашық – Қарнақ, Жүйнек, Төрткүл – Құшата, Шаға, Иқан, Мiртөбе т.б. қалашықтары соның айғағы iспеттi. Қазiр бұл қалашықтардың орны табылып, жұртында археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Қаратау мен Сырдарияның бел ортасынан орын теуiп, белгiлi бiр кезеңге дейiн өсiп өркендеген бұл қорғанды қалашықтар аймағы Түркiстан жазирасы деп аталына¬ды. Сол қалашықтардан табылған құнды жәдiгерлерге қарап, сол уақыттағы отырықшылық тұрмыс тiршiлiктiң, iлiм мен бiлiмнiң, халықтың мәдениетi мен тұрмысының, қол өнерiнiң, өндiрiстiң, рухани жан дүниесiнiң қаншалықты дамып жетiлгенiн бағымдауға болады. Түркiлердiң адамзат ақыл ойының дамуына да қосқан өзiндiк үлесi осы тарихи көне жәдiгерлерден де көрiнiс табады. Соның тағы бiр айғағы түркiлердiң ауыл шаруашылық мәселелердi шешуi дер едiк. Әсiресе елдi мекендердi, бау-бақшаларды суландыруы өзгелерден ерекше. Әр қалашықтар жанындағы төбелерден бiрнеше құдықтарды тiзбектей қазып, солардан шыққан мал суды етектегi арықпен қалашыққа жеткiзген. Құдықтардың iшi күйдiрген балшықтан шеңберлеп шегенделген. Тереңдiгi қырық құлаш құдықтардың сулары арнайы жасалынған кәрiздермен жер бетiне шығарылыпты. Бұл сол кездегiлер үшiн аз тапқырлық па. Жалпы мұндағы терең құдықтардың саны екi жүзден асады.
Түркiстан жазирасы отырықшылық пен көшпендiлер мәдениетiнiң, өркениетiнiң тоғысқан жерi. Кезiнде бұл жазира "Қалалар елi" деп аталса керек. Қазiр сол қалашықтардан, iрi елдi мекендерден табылған он сегiз мыңға жуық жәдiгердi археология ғалымдары зерттеу үстiнде. Жәдiгерлердiң әлi талай тарих беттерiн ашары күмәнсiз.
Биыл "Әзiрет Сұлтан" мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының құрылғанына отыз жыл толды. Соған орай өткен аптада мұражай ұжымы Алматыдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Орталық мұражайында "Түркiстанның жетi кереметi" атты көрме ашып, құнды жәдiгердi қала тұрғындары мен қонақтарының назарларына ұсынды.Мұражай директоры Альберт Сафуллин мен аға ғылыми қызметкер Мұрат Тұяқбай қысқаша мағлұматтар бердi. Көрме үстiмiздегi жылдың он сегiз маусымына дейiн жалғасады.