ТҮРКIСТАН БАҒЫ

ТҮРКIСТАН БАҒЫ

ТҮРКIСТАН БАҒЫ
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары денсаулығына байланысты Түркiстанға бiржолата қоныс тепкен танымал қаламгер, белгiлi әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек "Түрiк дүниесiнiң ортақ астанасы" (Н.Назарбаев) жайында кiтап жазу үстiнде. Кiтап көне Түркiстанның бағзы тарихы, бойын тiктеген бүгiнгi халi, ертеңгi тағдыры жөнiнде ой-толғаныс.

Ертеде…

Иә, ертеде Түркiстанда "Жиһан бақ" аталатын бақ болыпты. Оның iшiн атпен жүрiп алты күн араласаң о шетi мен бұ шетiне шыға алмайтын болсаң керек. Ханның жүйрiк аты арқанын үзiп кетiп, шабармандар "Жиһан бақ" iшiнен алты ай iздеп зорға тапқан деседi.

Сырдың бойы сыңсыған орман, Түркiстан өңiрi толы тұтасқан тоғай болған деседi. Басын көкке көтерiп, тамырын тереңге жiберiп, небiр нарқамыстар өсiптi. Небiр жыртқыш аңдар жүрiптi нарқамыс арасында. Өткен ғасырларда iс-сапармен Түркiстан өңiрiне тарантаспен саяхаттаған жиһанкездерге Сыр жолбарысы қауiп төндiрер екен. Ұмытпасам, сондай жазбаның бiрiн талантты тәржiман, қаламгер, әзiз адам Әбiлмәжiн Жұмабайұлы қазақшаға аударып "Қазақтар" аталатын кiтабында бастырды.

Түркiстан өңiрiнде аң-құстың жыртылып-айырыларын "Н.А.Северцевтiң Түркiстан хайуанаттарын көлбей және тiгiнен зерттеуi" аталатын Мәскеуде 1873 жылы басылған кiтапты оқыған кiсiнiң көзi жетедi. Императордың жаратылыстану, антропология және этнографияға жантартушылар қоғамы арқылы жарық көрген кiтап менде сақтаулы.

Тұма-бастауын қарт Қаратаудан алып өзара сырласқандай сылдырай табысып, жамырай жарысып Сырға қарай жөңкiле жөнелетiн сан тармақты өзендер болыпты. Ол өзендер де жоқ бұл күнде. Қаратаудың ботагөз бұлақтарының әсем көзi тартылып кеткен. Сол өзендердiң бiрi Қаратаудан құлап, қаланы қақ жарып, жарықтық Ясауи кесенесiн солтүстiк шығыс жағынан орай өтiп Сырдарияға қарай сырғып кете барады екен. Бүгiнде өзен жоқ, қалада шағын арнасы жатыр күл-қоқысқа толып.

Ертеде аталарымыз "Көкше құрақ, көкше құрақ болған көлге тұрақ" деп жырлаған. Бүгiнде көкше құрақ та жоқ, көл де жоқ.

Ну орман, қалың тоғай, нар қамыс, сыңсыған көкше құрақ – қолдан егiлiп, бапталған "Жиһан баққа" қосылып, табиғи тамырласып Түркiстанға әр берген, сән берген, абат баққа айналдырған. Андыздаған аңыздар, ғажайып әфсаналар содан туады. Содан да Түркiстан бауырындағы адамзатқа омырауынан сүт саулаған, қойнауынан құт дарыған қайырлы мекенге айналған.

Бүгiнде баяғы "Жиһан бақ" жоқ әрине!

Дегенмен, Түркiстанның шығысынан батысына қарай бiрсыпыра жердi алып жатқан әдемi бақ бар едi. 1999 жылы Алматыдан келiп қала әкiмiнiң орынбасары болып аз уақыт қызмет iстегенде мың болғыр Өмiрзақ Әметұлына айтып сол бақты жекешеленуден сақтап қалған едiм.

Ендi бiлiп отырмын, сол "Түркiстан бағы" сатылып кеткен. Ендiгi күнi не болар? Барып көрмедiм. Тоз-тозы шықпаса не қылсын? Өзектi өртер өкiнiш көп әрине.

Төс соққылап "Түркiстан, Түркiстан!" – дей бергенмен жәдiгер қала қарадай көркейiп кете қоймайды. Көркейту үшiн перзенттiк пейiл керек. Сондай перзенттiк пейiлдi Түркiстандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң 100 га жердi алып жатқан бағын егiп баптаған бағбаннан көрдiм. Әңгiме сол бақ, оны бастаушы-баптаушы ботаник ғалым Құлахмет Байжiгiтов туралы.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi құрылған 1992 жылы Түркiстан қаласының төл перзентi академик Иса Омарұлы Байтулин университеттiң сол кездегi президентi Мұрат Жұрынұлына ұсыныс айта келедi. Ол ұсыныс Түркiстанда ботаникалық бақ ашу туралы. Себебi ол кiсi осы өңiрдi, яғни Сырдария, Қаратау өңiрлерiнiң өсiмдiктер дүниесiн (флорасын) зерттеп, Түркiстан климатының соңғы елу жылда қатты өзгергендiгiн байқаған болатын.

Сырдарияның Қазақстандағы алып жатқан аумағы 1400 шақырымды құрайды. Бұрын Сырдария тасып, жылға-жылға суға толып, өзеннiң суы арнасынан асып, соның салдарынан өзеннiң екi жағалауында қалың тоғай қаптаған. Сол тоғай бұл өлкенi Қызылқұмның ыстық желiнен қорғаған. Кейiн мақта шаруашылығы дамығаннан кейiн, өзен суын көп жерден бөгеп, пайдаланудың әсерiнен судың көлемi азайып кеттi. Өңiрдiң құрғақ тартып, сыңсыған қалың тоғайдың құруына әкелген жағдай осы! Қазiр ол тоғайды Сырдария жиегiнен ғана кездестiресiз.

Екiншi бiр жағдай Сыр алқабын құрғақшылықтан сақтайтын қарт Қаратаудан бастау алып ойпаңға қарай жамырай ағатын өзендер болатын. Қарт Қаратау бойынан комбинаттар салынып қорғасын өндiрiле бастағалы, ол өзендердi құрайтын сұлу көздер – ғажайып көлдер құрып кеттi. Бағзыда көне шаһардың шығыс жағындағы Шошқа көл жылда арнасынан асып-тасып, Түркiстанға дейiн келетiн болған. Қазiргi таңда ол да тартылып кеткен.

Қысқасы, осы сияқты бiрнеше себептердiң салдарынан климаты өзгерген Түркiстан – экологиялық қасiреттi өңiрге айналып отыр. Кезiнде Түркiстанда туған, көне қалада педагогикалық училищеде оқыған, Қазақстанның iшiн былай қойып, көптеген шетелдерге танымал Иса Омарұлы Байтулин бұл жайларды жақсы бiледi. Халықаралық конференция, конгрестерде талай рет қабырғасы қайыса тұрып баяндама жасаған. Келелi ойларын кеңеске салған. Қайтсек даңқты Түркiстан уалаяты жерiн тұзданудан, шөлейттенуден сақтаймыз? Өзара байланыста өрiстейтiн, өзара ықпалмен қалыпты күй кешетiн Түркiстан климатын қалай сақтаймыз? – деп бiралуан ой кешетiн академик Иса Омарұлы!

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi ашылғанда оны Түркiстанға жетелей жөнелген – туған жер табиғатына қайтсек болысамыз деген жанды жегiдей жеген жайтаптырмас ой!

Иса Омарұлы Түркiстанда ботаникалық бақ ашу керек екендiгiн жете түсiнiп, ретiнде Өкiлеттi Кеңес төрағасы Н.К.Зейбек алдына тартты. Обалы не, ол да қарсы болмады. Бiрақ, жақсы ой, жарқын идеяны жүзеге қалай асыру керек?

Түркiстанда ботаникалық бақ ашу үшiн алдымен жанын аямбас-жансебiл адам, жақсы маман қажет! Алматыдағы Қазақтың егiншiлiк ғылыми-зерттеу институтының лаборатория бөлiм меңгерушiсi Құлахмет Байжiгiтовке қолқа салды. Өзiн Иса Байтулин шәкiртiмiн деп есептейтiн ол ұстаз ұсынысына келiстi. 1993 жылы маусым айында Түркiстанға бiржолата келдi.

Биолог ғалым Құлахмет Байжiгiтов бұл бақтың ғылыми негiзде салыну қажеттiгiн және оның өзiндiк белгiлi ғылыми жобасы болу керектiгiн айтады. Бұл мәселенi өзi қолға алып, Алматыдағы Казгипрограф (қалалардың бас жобасын жасайтын мекеме) мекемесiнiң бас инженерi Татьяна Жүрсiнғалиқызымен бiрiгiп жобаны дайындауға кiрiстi. Иса Омарұлы Байтулин бұған дейiн Ұлттық Ғылым академиясының бағын жасаған, ел аралап, жер көрген тәжiрибелi адам, айтулы ғұлама. Мiне, сол ұстаз басшылық жасады. 1994 жылы ботаникалық бақтың жобасы дайын болады. Ол Ұлттық Ғылым Академиясы қарамағындағы Қазақстанның бас ботаникалық бағының ғылыми кеңесiнде қаралып, бекiтiлдi.

"– Жалпы ботаникалық бақ оңтүстiк америка, солтүстiк америка, сiбiр, орталық азия дегендей бiрнеше зоналарға бөлiнсе, бұл ботаникалық бақ олай емес, өзгеше ерекшелiкке құрылды– дейдi Құлахмет Байжiгiтов.

Ботаникалық бақ үш бөлiмнен тұрады: дендрари секторы, қандай декоративтi ағаштар өседi, қандай жемiс ағаштарының питомниктерi бар екенiн эксперимент бөлiмi қарайды.

Қазақстанда бес топырақ климат зонасы бар. Осы климат зоналары осы ботаникалық баққа салынуы қажет. Ботаникалық бақтың аумағы 104 гектар жердi алып жатыр. Бақта 28 питомниктiң түрi бар".

Түркiстан қаласы шаруашылық аймақ болғандықтан, жемiс ағаштарының бiрнеше түрi бар. Өзбек ағайындар көршiлес Өзбекстан, Түркiменстан, Тәжiкстанның барлық аймақтарында өсетiн жемiс ағаштарының түрлерiн (алманың, өрiктiң т.б) Түркiстанға әкелiп өсiрген. Оларды зерттеп, бiрнеше питомниктерiн осы ботаникалық баққа әкеп отырғызды. Қосқорған мекенiнде тұратын бiр кiсiнiң үйiнде шабдалының 12 сорты бар екен. Оның бiрiншi сорты мамыр айының аяғында пiседi. Онан кейiнгiлерi әрбiр он күн сайын пiсiп, қазан айының 15-не дейiн барады. Шабдалы ешқандай сақталмайтын жемiс. Оның көп уақытқа дейiн базарларда сатылуы осыған байланысты. Туа бiттi бағбанға барып қолқа салуға тура келдi. Құлахмет бағбан кiсiлiгiн сақтап кiшiрейiп барды.

Түркiстан, Кентау өңiрлерiнде сары өрiктiң 28 сортын кездестiресiз. Алманың да бiрнеше сорттары бар. Осылардың барлығын зерттеп, ботаникалық баққа байырқаландыруға Байжiгiтов барын салды. Одан басқа жидектердiң де бiрнеше түрлерiн жинаған. Айтулы өңiрдi алып жатқан бақ осындай жансебiлдiкке бiттi.

Бүгiнгi таңда ботаникалық бақта декоративтi сәндiк ағаштар мен жемiс ағаштарының 127 тұқымы бар. Олар 59 атаға, 28 әулетке жатады. Бұл ағаштардың барлығы ғылыми негiзде егiлген. Ал ол ғылымның теориясын жасаған Иса Омарұлы Байтулин. Ол қандай теория?

"– Түркiстан өңiрi жаз айларында өте ыстық болады. +45° кейде +50°-қа дейiн көтерiледi, ал қыста -20°, қара суықтың есебiнен кейде -30° қа дейiн төмендейдi. Осындай ауа райының жағдайына төзетiн декоративтi ағаштар мен жемiс ағаштарының тiзiмiн жасайды. Ондай ағаштар қайда өседi? Мысалы, бiр декоративтi ағаштың түрi Өзбекстанда өссе, сол ағаш Жезқазғанда да өседi. Яғни бұл ағашты бiзде өсiруге болады, суыққа да, ыстыққа да төзiмдi ағаш. Ботаникалық бақтағы ағаштың 127 тұқымы болса, оның 98-i декоративтi ағаш, соның 80 түрi бұрын Түркiстанда өспейтiн. Ендi қалыптастырып, оларды халыққа ұсынып отырмыз" – дейдi бағбан Байжiгiтов!

Университет ботаникалық бағын дендрари, розари, сиренгарилер бар. Бақта роза гүлiнiң бүгiнгi күнi 15 түрi өседi. Бұл басқа ботаникалық бақтарда жоқ. Сиреннiң оннан аса түрi өседi. Сондай-ақ, ақ қайың да бар. Негiзi ақ қайыңның жүзден аса сорты бар. Оның бiздегiсi бiр ғана түрi. Ботаникалық бақта жемiс ағаштарының 30-дан аса сорты жиналған. Оны үшке бөлуге болады: қортық түрi (карликовый формасы), жартылай қортық, яки орта бойлы түрi (полукарлик формасы) және сұңғақ бойшаң түрi (высокорос формасы). Түркiстан желдi өңiр. Байжiгiтов зерттей келе, бiздiң климаттық жағдайға қортық алма түрiнiң қолайлы екенiн, жатаған ағаш желге ұрынбай көп жемiс беретiнiн анықтады.

Ағашты егудiң өзiнiң технологиясы болары хақ. Мәселен, ағаш биiк болған сайын жел шайқап жемiстерi пiспей төгiлiп қалады. Сондықтан қортық алма ыңғайлы. Бiрақ Түркiстандағы көп бағбандар биiк ағаштар отырғызады. Оның араларын сирек қылады да арасына тұрмысқа қажеттi түрлi көкөнiс егедi. Бұл – жердi ұтымды пайдалану ниетiнен туған жайт. Аз жерден тиiмдi түрде көп өнiм алу шарасы!

Ботаникалық бақтың қоныс тепкен жерiнен бұған дейiн тұрғындар өнiм ала алмаған. Себебi, топырақтың механикалық құрамы сазды сары топырақ. Су болмаса қатып қалады, су болса, ерiп кетедi. Ол топырақтың қалыңдығы бiр метр ғана! Әрi қарай тас. Өйткенi бұл жер Қаратаудың аяқталар етегi. Бұл топырақтың құнарлылық бонусы 1% пайыз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Сайрамда 3,5% пайыз, Солтүстiк Қазақстанда 8-10% пайыз. Осыдан Түркiстан топырағы құнары қаншалықты жүдеу, жұтаң екенiн көруге болады. Сондықтан бұл жердегi өнiмнiң 70% пайызы тыңайтқышқа байланысты. Қолдан жемдеп тыңайтып отырмасаң өнiм бермейдi.

Бұл – кәнiгi бағбан Байжiгiтовтiң түйгенi!

Құлахмет Байжiгiтовпен әңгiме-дүкен құрып отырмыз. Ертеректе Отырар музейiн жасақтау жолында жанын пида етуге бар фидайы жан – Асантай Әлiмовпен сұхбаттасқан жайымыз бар. Одан кейiнгi кездестiрген "қияли"-ғұлама – Құлекең. Түркiстан қаласын, жалпы Түркiстан өлкесiн көгалдандыру мықтап қолға алынбаса – қуаңшылық жәдiгер қаланың ажарын алып, базарын тарқатады. Жылдан жылға қоныс аударып, көшiп келушiлер көбейiп, жергiлiктi тұрғындар саны артып келе жатқан қала климаты қалыпқа келiп жасаң тартпаса, экологиялық жадап-жүдеушiлiкке түсiп тұрмысқа қолайсыздана берерi хақ! Тартылған Арал теңiзi тұзының ұшып жетуi, жердiң тұздануы, Қаратау су бұлақ көздерiнiң тартылып, жердiң қуаң тартуы – Түркiстан аймағын жұмақ өңiрден жұтаң өңiрге айналдырып барады. Оның үстiне Кентау кен өндiру комбинатының жерасты суларын ластауы, қалдықтарының ауамен ұшып келуi – адам денсаулығын бұзады. Қазiргi таңда Түркiстан уранды аймақ. Айнала уран өндiрiс орындарының ашылуы – Түркiстандай тарихи аймақты қасiреттi аймаққа айналдыра түсерi тағы бар.

Демек, көне Түркiстан климатын қалпына келтiру, өзiн тарихи-туристiк кешендi орталыққа айналдырып, өркендету оңай шаруа емес. Алдымен – Түркiстан климатын қалыпқа келтiру жөн. Ол үшiн Түркiстанды көгалдандыру керек! Түркiстан көгалданса – абаттанады. Мiне, осындай мақсатпен биыл ботаникалық бақтан 100 мыңнан аса көшет дайындалды қала үшiн.

Әрине, қалаға көшет берудейiн берiп-ақ жатырмыз. Бiрақ, Елбасының "Жасыл ел" бағдарламасын бетке алып, көшелерге бiз ұсынған көшеттердi шықсыз суға салып, "iс бiттi, қу кеттi" дегендей сырғаңсып сырттап кету – олардың өлiп тынуына әкелiп отыр. Оны қадағалап жатқан әкiмшiлiк жоқ.

Бiздiң ботаникалық бақта теректiң оннан аса түрi бар. Олардың өзiндiк ерекшелiктерi мол. Солардың iшiнде "колифорния терегi" аталатын тегi бар. Оны тек қаңтар айында ғана дайындау қажет.

Осы бақтың басшысы Құлахмет Байжiгiтов 1996 жылы осы колифорния терегiнiң 30 мың қаламшасын дайындап, Қазбек би көшесiне барар жолдың жиегiндегi 3 шақырым жерге үш қатардан 9 шақырым жерге отырғызған. Қалашықтың сыртына желден қорғау үшiн тағы да 28 қатар терек отырғызды. Бiрақ қазба құдықтарының суы жетiспей, судың тапшылығынан көбi қурап қалады. Қ.Байжiгiтов "Ботаникалық бақ ғылыми өндiрiстiк мекеме болғандықтан, оған кез-келген адам басшылық жасауға болмайды, онда қарапайым жұмыс iстейтiн адамның өзi маман болу қажет және ол жүрегiмен iстеу керек, жалпы агрономдардың да қолынан келмейтiн iс. Ағаш ексе болды өсе беретiн нәрсе емес" деп құдайдың зарын қылады.

Түркiстандағы қара ағашты Иқанға дейiн, Кентауға дейiн Садыл Ахмет деген кiсi еккен. Соның арқасында көгерiп, көбейген. Түркiстанда ағаш өсiру деген оның iшiнде қылқан жапырақты ағашты өсiру өте қиын iс. "Шымшық сойса да қасап сойсын" деген сөз осыдан қалса керек.

Құлекең алдымен 100 га жерге бау екккен практик. Бiрақ, бақ алғашқы жобадан бастап ғылыми негiзде өрiстедi. Практика теорияға жетеледi. Ол – докторлық диссертацияға отырды.

Ботаникалық бақтың материалынан Қ.Байжiгiтов диссертациясын Ресейдiң, Сiбiрдiң ғалымдары жоғары бағалады.

Ботаникалық бақты алғаш медицина мамандары жасаған. Олар дәрiлiк өсiмдiктер жинаған. Бiздiң ботаникалық бақта дәрiлiк өсiмдiктен облепиха бар. Боярка секiлдi декоративтi дәрiлiк ағаштар да бар. Оның екi сортының 60-тан аса ағашы өсiп тұр. Оның жемiсi жүрекке, қан қысымына өте пайдалы.

Түркiстанға келген әрбiр адам (туристер, қонақтар) бiр тал егiп кетсе екен деген мақсатпен "Достық аллеясы" салынды. Ұзындығы 700 метр. Әрбiр студент университет қабырғасын аттағанда бiр ағаш егу керек, өзi бiтiргенше қарап, келесi студентке дайындап кетсе, бiз көп ұзамай жасыл Түркiстанға айналамыз. Осыны университетте бәрiмiз қолға алуға тиiспiз.

Түркiстанда осындай бақ жасап, бақытқа кенелген ғалым Байжiгiт Құлахметовпен әредiк-әредiк әңгiме-дүкен құрысамыз. Ұдайы әңгiмелеуге ол кiсiде уақыт бола бермейдi. Құлекең Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетi жанынан құрылып, тұтас Түркiстан бағына айналып келе жатқан бақ жайында, оның баянды болашағы хақында толғанады.

Мұндай университет жанынан ашылған ботаникалық бақ Қазақстанның бiрде бiр қаласында жоқ. Ботаникалық бақ бiздiң мақтанышымыз. Алматыда Қазақстанның мемлекеттiк ботаникалық бағы бар. Ол – 1934 жылы ашылған. Он¬да бүкiл институттар жұмыс iстейдi. Ал басқа елдерде, соның iшiнде Ресейдiң әрбiр университетiнiң қарамағында кiшiгiрiм ботаникалық бақтары бар.

Бiз ботаникалық бағымызды сақтап, көлемiн кеңейтуiмiз керек. Ботаникалық бақ – ашық аспан астындағы музей. Халықтың дем алатын орны болуы керек.

Мiне арман!

Арман қартаймайды.

Қазiргi таңда ботаникалық бақтың бизнес жоспары жасалып жатыр. Жыл сайын кемiнде декоративтi ағаштың 100 мың қаламшасын, жемiс ағаштарының 100 мың қаламшасын дайындайтын болсақ, ботаникалық бақ өзiн өзi қаржылай қамтамасыз ететiн болар едi. Бiрақ оған арнайы топ құру керек. Көшет дайындаудың бiрнеше ғылыми әдiстерi бар. Дендрари ғылымында көшеттi ағаштың шыбығынан емес көзiнен (глазок) пайдаланады.

Ботаникалық бақтың көлемiн кеңейтiп, теплицаға өсiмдiктер, гүлдер өсiруге болады.

Түркiстан өңiрi итсигек секiлдi техникалық өсiмдiктерге бай. Осыларды зерттеп, пайдаланатын болсақ, экологиялық таза өнiм алуымызға болады. Өсiмдiктердiң зиянкестерiне пайдаланатын химикаттар өсiмдiкке өте зиян.

Алда не iстеу керек? Ботаникалық бақты ғылыми өндiрiстiк орталыққа айналдыру керек, көшет өндiру, тағы да тың түрлер табу керек.

Мiне, Алматыдағы салқын үй, салулы төсегiн тастап, Түркiстанға келген жансебiл ботаник ғалымның арманы!

Жасырар несi бар, кеше ғана министрлiкке Елбасы көзi – "жауапты хатшы" болып қызмет ауыстырып кеткен Серiк Пiрәлиев екеумiз екi жақтап "Сенатта қарап, осы ботаникалық баққа негiзiн салушы ретiнде Сiздiң атыңызды берейiк" дедiк. Құлахмет оқымысты шыр-пыры шығып қарсы болды. "Түркiстан бағы" атасақ жетедi дейдi ол.

Түркiстан бағы…

Апыр-ау, ол да жөн.

Бағзыдағы "Жиһан бақ", күнi кешегi "прихватизацияға" ұшыраған "Түркiстан бағы" өтеуiне жүрсе-жүрiп те қалар-ау – бiздiң бақ!

Бақты айтамыз-ау, қала халқы бiр мезгiл ауа жұтып, сейiлдер, сейiлдер де перзенттiк пейiлдерге кенелер. Түркiстандағы парк те жекешеленiп, есебiн тауып, екi асайтындардың қолында кеттi. Қала паркi iшiнен кезiнде орайына қарай арнайы жүйемен жоспарлана салынған "Спорт сауықтыру кешенi" де басқа сипатты мекемеге айналып кеттi. Кезiнде аяқталған ғимаратқа орынсыз жұмсалған қаражатты айтпағанның өзiнде Парктi тiрiлту үшiн жасалған ғимарат пәнiне орай жасақталу орнына өзге мекемеге айналып кетуi көңiл көншiтпейдi.

Түбi бiр, туысқан Түркияда болғанда көрдiк. Қалаларда босаған аядай жер болса Ататүрiк атындағы қор немесе Ататүрiк атындағы "Түрiк тарих, тiл қоғамы" ол жердi сатып алып, Ататүрiк атындағы парк, саябақ жасап, ұлттық байлыққа, халық демалатын орынға айналдырады екен. Бiз неге осы дәстүрге ден қоймаймыз? Түркiстандағы қала паркiн мемлекет қарауына қайта алып Елбасы Н.Ә.Назарбаев атындағы парк жасауға тиiстiмiз. Бұл – кейбiр келте ойлаушылар тiлге тиек етердей Елбасына жағыну емес, халық байлығын халыққа қайтару, ортақ пайдаланар орынға айналдыру! Бұл – бүгiнгi өмiрге келешектiң көзiмен қарау! (Ал, әлгi ғимаратқа орынсыз жұмсалған қаржы – дербес әңгiме еншiсi! Онымен Елбасы жолдауына орай Сыбайлас жемқорлықпен күресушi органдар айналыса бастаса тiптi игi).

Иә, Түркiстанда бiреу бақ жасайды. Бiреу, жең үшiнен жалғасып бар бақты құртады. Шерхан аға Мұртазаша айтқанда "Бiр кем дүние!"

"Түркiстан бағы" көзге қуаныш, көңiлге жұбаныш! Сен жойымпаз адамның назарында емес, жасампаз адамның жанарында бол "Түркiстан бағы"!

Түркiстандай империялық қысымнан азат жәдiгер қаланы абаттандыруға себепшi бол!

Құлбек ЕРГӨБЕК