ОЛ — СТАЛИН ЕДI...

ОЛ — СТАЛИН ЕДI...

ОЛ — СТАЛИН ЕДI...
ашық дереккөзі

Соңғы жарты ғасыр бойы И.В.Сталин туралы айтылмаған сөз аз. Бiреулер оны миллиондардың басын жұтқан қаныпезер десе, ендi бiреулер мемлекеттiк мүдде үшiн бәрiн де құрбан еткен асқан мемлекетшiл басшы ретiнде бағалайды.

Қалай десек те, ХХ ғасырдың алғашқы жартысының аяқ кезiне таман Батыс — капиталистiк, Шығыс — социалистiк лагерь болып, екiге жарылған ғаламшарды Шығыс бөлiгiнiң бiрегей билеушiсi Иосиф Виссарионович Сталин болды. Көзi тiрi кезiнде оның аты аңызға айналды. Атақты антикоммунист, Ұлы Британияның Премьер-министрi Уинстон Черчилль, ССРО-да Хрущев бастаған партаппаратчиктер тарих пен баспасөз өкiлдерiн алға салып, Сталинге табынушылықты әшкерлеп жатқан кезде, бүкiл Батыс сол ұлы дүбiр у-шуға қосылып, жанығып-жамырап жатқан кезде, 1959 жылы Сталиннiң туғанына 80 жыл толу қарсаңында, Англияның Палаталар қауымында — өзi ғана емес, АҚШ-тың қайтыс болып кеткен Президентi Делано Рузвельт атынан да — сөз сөйлеп, аса iрi тарихи тұлға болып табылатын Сталин жөнiнде өз ойын айтты. Сол сөзден үзiндi келтiрсек артық бола қоймас: "…Сталин бiзге кереметтей қатты әсер еттi. Ол ешқашан да қорқып-үркудi бiлмейтiн, iстiң қисыны мен мән-жайын терең түсiнетiн данышпан едi. Ол өмiр жолының тығырықтан шыға алмайтындай ең қиын жағдай туған аса ауыр сәттерiнен шығуды табатын, жеңiлудi бiлмейтiн шебер болды. Бұған қоса Сталин ең ауыр сын сағаттары мен салтанат құру сәттерiнде де байсалды қалпынан әсте аумайтын және ешқашан да бос қиялға емексiп көрген жан емес. Ол ғажайып күрделi тұлға болды. Ол орасан зор империяны құрып, оны өзiне бағындырды. Ол өз жауын жауының қолымен құртатын адам едi. Сталин әлемде ешбiр теңдесi жоқ, аса ұлы диктатор болды, ол Ресейдi соқамен қабылдап, оны атомдық қарумен жарақтап кеттi. Несiн айтасыз, тарих пен халық мұндай адамдарды ұмытпайды".

Сол бiр құдiреттi, ұлы империяны аңсау ма, әлде сол империяның соңғы сәулетшiсi Сталиндi қисынсыз кiнәлады деп ұғу ма, әйтеуiр соңғы жылдары Совет халқының миллиондаған адамын "халық жауы" деп жариялап, атқан, асқан, "жер-Сiбiрге" айдаған жауыз билеушiден гөрi құбылмалы, қатыгез заманда, қанды қырғын соғыс жылдарында ел iргесiн жауға сөктiрмей, аман алып қалған жайсаң Сталин бейнесi соңғы жылдары путиндiк Ресейде көбiрек көрсетiле бастады. Орыс жазушысы В.Карповтың Сталин жөнiндегi екi томдық романы "Генералиссимус" аз жылдар iшiнде төрт рет қайта басылды. Ресей Жазушылар одағы мен кәсiпкерлер қауымының шешiмiмен кiтап авторына елдiң ең мәртебелi Александр Невский атындағы сыйлығы берiлдi. Мәскеудiң "НТВ" телеарнасынан "Күн-көсем" жөнiндегi сериалдық 17 сериясы көрсетiлдi. Газеттердiң жазуына қарағанда бұл кино-дастан 47 сериялы болуға тиiс. Ал биылғы наурыз айында И.Сталиннiң қайтыс болуының 55 жылдығын Ресей телерадио арналары кеңiнен атап өттi.

Тек бiржақты пiкiр айтпау керек деген принцип тұрғысынан, Ф.Чуевтiң "Тарихтың жел-құзы" кiтабынан үзiндiнi берген жөн тәрiздi.

Аудармашы

Менiң Сталинмен бiрге жұмыс iстеген , тым болмаса онымен кездесiп тұрған ондаған адамдармен сөйлесуiме тура келдi. Соның кейбiреулерi менiң кiтаптарыма, мақалаларыма, өлеңдерiме енген едi, әрине, түгелдей емес. Дос-жарандарыммен әңгiмелескен кездерi мен көп жылдар бойы естiгендерiмдi соларға талай рет айтып жүрдiм. Мұны жазу керек, әйтпесе, олардың жоғалып кететiнiне, ұмытылатынына достарым көзiмдi жеткiздi…Есiме түскендерi, мiне, осылар…

ФЕЛИКС ЧУЕВ:

ЗАСЯДЬКО

Көмiр өнеркәсiбi министрiнiң орнына баратын кiсiнiң кандидатурасы талқыланады. Шахталардың бiреуiнiң директоры Засядько ұсынылады. Әлдекiм қарсы шығады.

— Бәрi дұрыс, бiрақ ол спирттi iшiмдiктерге үйiр!

— Оны маған шақырыңыздар, — дейдi Сталин.

Засядько келедi. Сталин онымен сөйлесе бастайды, сосын iшiмдiк ұсынады.

— Бәрекелдi, — дейдi Засядько, ыстақанға арақ құйылады.

— Сiздiң денсаулығыңыз үшiн, жолдас Сталин! — iшедi де, әңгiмесiн жалғай бередi.

Сталин ұрттайды да қояды, бұған байыптай қарап отырады, сосын екiншiсiн көтередi. Засядько екiншi ыстақанды да қағып салады, бiрақ мүлде сыр бермейдi. Сталин үшiншiсiн ұсынады, бiрақ оның сұхбаттасы ыстақанын әрiрек ысырып қояды да:

— Засядько шама-шарқын бiледi, — дейдi.

Бiраз сөйлеседi. Саяси бюроның отырысында министрдiң кандидатурасы туралы мәселе қойылған кезде, тағы да ұсынылып отырған кандидаттың спирттi iшiмдiкке әуес екенi айтылады, трубкасымен жүрген Сталин:

— Засядько шама-шарқын бiледi! — дейдi.

Хош, сонымен Засядько ұзақ жылдар бойы бiздiң көмiр өнеркәсiбiмiздi басқарады.

КӨП ЖАСАУДЫҢ МӘСЕЛЕСI

Академик А.А.Богомолец ұзақ жасқа келудiң теориясын алға тартады. Сталин бұл үшiн, оның бұл iсiне институт құрып бередi. Алайда академиктiң өзi 1946 жылы, небәрi 65 жыл жасап, қайтыс болады.

— Бәрiмiздi алдап соқты! — дейдi оның өлгенiн естiген Сталин.

БУЛГАНИН

Соғыстан кейiн Н.А.Булганиндi қорғаныс министрi етiп тағайындайды, ол ендi парадты қабылдау iсiне әзiрлене бастайды — атқа мiнiп жүруге жаттығады. Оған ең жуас байталды жетелеп әкеледi, ендi ол Кремль ауласында жаттыға бастайды. Бiр кезде Сталин шығып, бұған қарап тұрып:

— Сен ат үстiнде әскери сауданың бастығы сияқтанып отырады екенсiң! — дейдi.

Ендi көз алдыңа ә дегеннен әскери киiм киген, шоқша сақалды Булганиннiң жай қарапайым бейнесi келiп тұра қалады… Парадты кейiн автомобиль үстiнде қабылдайтын болады.

"Қанша айтқанмен, Сталиннiң әзiлдей бiлетiнiн сезесiң" — деп күлушi едi осы бiр жәйттi маған айтқан генерал-полковник А.Н.Пономарев.

МАО

"Берлиннiң құлауы" фильмiнде бас рөлдi ойнаған киноактер Борис Андреевтi Мао-Цзедунге таныстырып жатып:

— Борис Андреев деген артист осы. Бiз екеумiз бiрiгiп, Берлиндi алғанбыз, — дейдi Сталин.

Маған бұл туралы — мұны сол қабылдауға қатысқан, сол кезде әйгiлi болған "Ақ қайың" кiтабының авторы Михаил Бубеннов айтқан едi.

Мао Цзедун Сталиннiң қабылдауы кезiнде, ол одан 20 миллион қытайлықты Советтiң Қиыр Шығысына қоныстандыруға рұқсат сұрайды.

— Менiң өзiмнiң 200 миллионым да жетедi, — деп жауап бередi Сталин.

ЛАҚАП АТСЫЗ

Сталин Көркем өнер театрының спектаклiне барады. Оны Станиславский қарсы алып, қолын берiп жатып: — Алексеев, — дейдi өзiнiң шын фамилиясын айтып.

Сталин: — Джугашвили, — деп жауап бередi де, оның қолын бiр қысып, өзiнiң креслосына қарай беттейдi.

ӘРТIС ПЕН ХАЛЫҚ

Көп рөлдердiң бiреуiн онша сәттi орындай алмаған әртiс Большаков қатысатын опера аяқталғаннан кейiн, Сталин:

— Ол не, ССРО-ның халық артисi ме? — деп сұрайды.

— Иә, жолдас Сталин.

— Бiздiң халқымыз қандай жомарт! — дейдi Сталин.

РЕЙЗЕН

Әншi Рейзен Сталиннiң сүйiктiсi болады. Ол оны тiптi отызыншы жылдары байқап қалады да, Ленинградтан Мәскеуге алдырады. Рейзен үкiметтiк концерттер атаулының бәрiнде әндетiп жүредi.

Оған Поскребышев телефон шалады.

— Марк Осипович, сiз бүгiн әндетесiз ғой, бiз сiзге машина жiберемiз.

— Жоқ, сiз бiлесiз бе, мен ендi әндете алмаймын: менi Үлкен театрдан шығарып жiбердi.

Бiрақ Поскребышевтiң бiр бiлетiнi: Сталин концерттiң Рейзенсiз өткенiн бiрден байқайды ғой.

— Бiз сiзге машина жiберемiз, Марк Осипович.

…Кремльдегi кабинетiнде Сталин олай-былай кезiп жүредi. Оның алдында сiресiп, Беспалов тұр. Кабинетке Рейзен келiп кiрген кезде, Сталин оны нұсқап көрсетiп:

— Бұл кiм? — деп сұрайды.

— Рейзен, жолдас Сталин.

— Ал сен кiмсiң?

— Көркем өнер iстерi жөнiндегi Комитеттiң председателi Беспаловпын!

— Ал ол кiм?

— Совет Одағының халық артисi Марк Осипович Рейзен!

— Үлкен театрдың солисi ме?

— Дәп солай, жолдас Сталин.

— Ал сен кiмсiң?

— Көркем өнер iстерi жөнiндегi Комитеттiң председателiмiн!

— Ал ол кiм?

— Совет Одағының халық артисi, Үлкен театрдың солисi Марк Осипович Рейзен!

— Ол солист, ал сен боқсың! Кет, бұл арадан!

"ИВАН СУСАНИН"

Үлкен театрда Глинканың операсы "Иван Сусаниннiң" жаңа қойылымы әзiрленiп жатады. Оны председатель Большаков бастаған комиссия мүшелерi тыңдайды да, "Орыс халқының даңқы артсын!" деген финалын алып тастау керек — шiркеудi уағыздайды, патриархалды нәрсе деседi.

Мұны Сталинге айтады.

— Ал бiз басқаша жасаймыз — финалды қалдырамыз да, Большаковты қызметтен алып тастаймыз, — дейдi Сталин.

ЛАЖДЫҢ ЖОҒЫНАН АЯЛДАУ

Сталинмен бiрге фильмдердi көрулерiне тура келген әртүрлi адамдар маған сол тақырып туралы көптеген эпизодтарды айтып бердi. Соның бiреуi мынадай:

1949 жылы "Пойыз шығысқа кетiп барадыны" көредi. Фильм анау айтқандай жақсы емес: пойыз жүрiп бара жатып, тоқтап қалады…

— Мынау қандай станция? — деп сұрайды Сталин.

— Демьяновка.

— Мен осы арадан түсемiн, — дейдi де Сталин залдан шығып кетiп қалады.

"КРЕМЛЬ КУРАНТТАРЫ"

Н.Погодиннiң "Кремль куранттары" пьесасы бойынша көркем суреттi фильм де түсiрiлген болып шығады. Сталин оны көредi де былай дейдi:

— Немене, әне бiр сағатты жүргiзу үшiн, орыс адамы табылмады ма?

Гәптiң бәрi, елдiң ең басты сағатын жөндейтiн кiсiнiң рөлiн фильмде еврейдiң орындағанында екен.

Картина тоқтап қалады, сонымен бiз оны мүлде көре алмадық.

"ҰМЫТЫЛМАЙТЫН 1919-ЫНШЫ"

"Ұмытылмайтын 1919-ыншы" фильмiн үкiмет мүшелерi көргеннен кейiн, жұрттың бәрi Сталиннiң не айтатынын күтедi. Бiрақ ол үндемейдi. Тек залдан шығып бара жатқанда:

— Жарық тым шақырайып кеттi! — дей салады.

Бар болғаны осы.

Фильмдi жасаушылар Бериядан бұл сөздiң мәнiсiн түсiндiрiп беруiн сұрайды.

Лаврентий Павлович оны:

— Екi күн қатарласа шықпайды! — деп жориды.

Фильмде Ленин мен Сталин өте көп көрсетiледi екен, сол себептi де Ленин көрiнетiн жерлердi кесiп, азайтады. Дегенмен, әсiлiнде, Сталин басқа бiрдеңенi мегзеген болуға тиiс: салтанатшылдықты, шындықтан қол үзгендiктi…

ЖАЗУШЫЛАР

Сталин ұдайы:

— Көркем туындыға үкiм шығаруға болмайды — ол туралы тек айтысып, тартысу керек, — дейдi екен.

… "Советский писатель" баспасын ашқан кезде, Сталин, бұл Жазушылар одағының баспасы, ендi Пушкин мен Толстойды қайдан шығарамыз. Тағы бiр баспа қажет дейдi. Сөйтiп "Художественная литература" баспасы пайда болады.

…Партия қызметкерi Поликарповқа оны Жазушылар одағына жауапты хатшы қызметiне жiберетiнiн хабарлайды. Поликарпов жалынып, жалбарына бастайды:

— Мен бiр қалыпты байсалды адамдармен жұмыс iстеп дағдыланған жанмын — олар шеттерiнен маскүнемдер, басқаруға көнбейдi… — деп.

Бұл жәйттi Сталинге жеткiзедi, сонда ол:

— Поликарпов жолдасқа айта барыңыздар, менiң олардан өзге жазушыларым жоқ, — дейдi.

Ираклий Андронников сөзбен әр түрлi қайраткерлер бейнесiн шебер жасайды екен, ол тiптi Сталиндi де айнытпай бейнелейтiн болыпты. Сталин соны есiтiп бiледi де, зәуiмен бiр кездескенде, өзiн бейнелеп көрсетуiн сұрайды.

— Сiздi ме — батылдығым жетпейдi! — дейдi Андронников қолында дәп бiр трубкасы бардай-ақ, бiр сiлтеп қояды.

СЫЙЛЫҚТАР

Жазушы әйел Вера Панованы жаңа романы үшiн Сталиндiк сыйлыққа ұсынады — ол бұған дейiн де бұрынғы романдары үшiн бiрiншi, екiншi дәрежелi сыйлықтарды дәйектi түрде алып келе жатқан едi. Комитет романды оқып шыққаннан кейiн, бұ жолы сыйлықты бермеу жөнiнде шешiм қабылдайды. Бiрақ бұған Сталин араласады:

— Тағы да — үшiншi дәрежелi сыйлықты берелiк. Бiрақ бiзде төртiншi дәрежелi сыйлықтың жоқ екенiн Панова жолдасқа айтыңыздар, — дейдi.

Сталин Фадеевтен "Степан Разин" романы үшiн С.Злобиндi Сталиндiк сыйлық алуға неге ұсынбадыңыздар деп сұрайды. Фадеев оған Злобин қоғамдық жұмыспен айналыспайды, оның еш жерден қарасы да көрiнбейдi…дейдi.

— Бәлкiм, ол дәп сол кезде жазып отырған шығар? — деп сұрайды.

ХАТШЫЛАР

…Сталин Жазушылар одағына телефон соғады — бiрақ оны Фадеевпен де, Сурковпен де — Одақтың ешбiр басшысымен жалғастыра алмайды. Тек олардың хатшылары ғана жауап бередi. Сталин Саяси бюро мүшелерiне:

— Рим империясының нелiктен күйрегенiн бiлесiздер ме? — деп сұрайды. Және оған өзi жауап бередi: — Өйткенi оны хатшылары басқара бастаған едi!

ДЕМЬЯН БЕДНЫЙ

Сталин Демьян Бедныйға:

— Сiз өзiңiздiң нелiктен жаман ақын екенiңiздi бiлесiз бе? Өйткенi поэзия мұңлырақ болуға тиiс, — дейдi.

ПАСТЕРНАКПЕН СӨЙЛЕСУ

Түнде Пастернактiң пәтерiнде телефон қоңыраулата жөнеледi.

— Сiзбен Сталин деген кiсi сөйлесiп тұр. Борис Леонидович, сiз ақын Мандельштам туралы не ойлайсыз?

Пастернак Мандельштамның тұтқынға алынғанын жақсы бiлетiн, сол себептi де:

— Иосиф Виссарионович, бiз бұдан да басқа бiрдеңе туралы сөйлеселiк, — дейдi абайлап.

— Жолдас Пастернак, бiз тиiстi кезiнде дос-жарандарымызды сiзден гөрi тәуiрiрек қорғаушы едiк, — деп жауап қайтарады Сталин. Сөйтiп трубканы iле салады.

Жұрттың айтуына қарағанда, Мандельштам қаза тапқаннан кейiн, Пастернак ғұмыр бойы өкiнумен, ар азабын тартып өткен көрiнедi.

ӨЗIҢНIҢ САУЛЫҒЫҢДЫ ОЙЛА

Кремльде болған қабылдау кезiнде артист Абрикосов:

— Сiздiң денсаулығыңыз үшiн, жолдас Сталин! — деп стақан толы арақты аузына құя салады.

Сталин оған:

— Өзiңнiң саулығыңды ойла, — дейдi бәсең үнмен.

* * *

Мемлекеттiк әнұран авторларының бiрi, ақын Эль-Регистанға Сталин:

— Сiз неге үрiмкелерiңiздiң бәрiн түбiне дейiн iшесiз? Сiзбен сөйлесе беруге кiсi онша қызықпайды, — дейдi.

Мұны маған С.В.Михалков айтқан едi.

БӘРI ҚОЛДАЙДЫ, БIРЕУI — ҚАРСЫ

Ждановтың ұсынысы бойынша, өзiнiң бiр симфониясы үшiн, композитор Голубев Сталиндiк сыйлық алуға ұсынылады. Оны кiмнiң қолдайтынын елдiң бәрi бiлетiн де оның сыйлықты алатынына және бiрiншi дәрежесiн — ешкiм күмәнданбайды. Лауреаттардың тiзiмiн Сталинге қол қойдыруға әкелгенде, ол:

— Голубев… Симфония… Бәрi қолдайды, бiреуi — қарсы. Ал мына қарсы бiреу кiм?

— Шостакович, жолдас Сталин.

— Шостакович жолдас бiзден гөрi музыканы көбiрек түсiнедi, — дейдi де Сталин Голубевтi лауреаттар тiзiмiнен сызып тастайды. Симфония шынында да әлсiз болады, бiрақ бәрi қолдап, дауыс берген ғой.

"МИРОТВОРЦЕВ " — ПАТШАНЫҢ ҰЛЫ

Алдияр Александр III өзiнiң бiр жол-сапарында қайдағы бiр қарапайым әйелмен жақындасып, күнә жасайды да, одан кейiн кездейсоқ бала бола қалса, кiм туғанын хабарлауын сұрайды.

Айы-күнi жеткеннен кейiн, алдияр ұл туды деген хабар алады. Бұған жауап ретiнде жоғарыдан жеделхат келедi: "Ұлан Сергий деп аталсын, әкесiнiң аты менiкi, ал фамилиясы — лақаптан". Хош, сонымен жалғанның жарығына Сергей Александрович Миротворцев пайда болады. Өз уақытында ол патша отбасының қанды зауалынан аман қалады, өйткенi өзiнiң шыққан тегiн жария етпейдi. Алайда кейiнiрек, отызыншы жылдары, чекистер оның кiмнiң ұрпағы екенiн түрткiлеп жүрiп, тауып алады да оның алдағы тағдыр-таланына, дәуiрге лайықты сыбағасын бермек болады. Ол туралы қағаз Сталинге келiп түседi де, оның бетiне өз шешiмiн жазады: "Әкесiнiң сондай жәлеп болғаны үшiн, ол айыпты емес".

С.А.Миротворцев профессор болады, құнарлы қызметi үшiн Сталиндiк сыйлықты алады.

АЛЫСЫРАҚ КЕТСЕҢ…

Сталин Қара теңiзде "Троцкий" кемесiмен жүзiп жүрген кездерi Саяси бюроның адамдары:

— Сен не, Троцкийдiң үстiнде әлi де ұзақ жүзесiң бе? — деп әзiл қашырғанын Молотовтың айтқаны бар.

Мұның есесiне Троцкий Одессадан шет жұрттарға "Ильич" пароходымен мәңгi жүрiп кеткен ғой. Бәлкiм, бұл кездейсоқ нәрсе шығар…

Ал, бұған дейiн ол орасан көп дүние-мүлiк алып, баяу жүрiстi пойызбен Алматыға жер аударылып кетерде, ол Сталиннен:

— Жайымен жүрсем алысқа жетемiн бе, қалай? — деп мән-жайды анықтай түспек болады.

— Алысырақ кетсең, тыныш боласың, — деп Сталин сөздi нақтылай түседi.

КҮТIП ҚАЛДЫҚ

Жоғары мектептiң халық комиссары Кафтанов соғыс кезiнде ғылыми жұмыстарға басшылық етедi. Ол тығыз байланыста болған минометтiк басқарманың бастығын тұтқынға алады. Мұны бiлетiн Кафтанов Саяси бюроның отырысында Сталинге төрт күннен берi сол жолдасқа телефон шалып, таба алмай жүрмiн, — дейдi де:

— Сталин жолдас, сiзден бiр өтiнiш, соны жазаласаңыз! — дейдi үстемелеп.

— Оның өзi қайда? — дейдi Сталин.

— Бiзде, — деп жауап бередi Берия.

…Бiраз уақыттан кейiн әлгi жолдас есiк жақтан көрiнедi.

— Отырыңыз, бiз сiздi күтiп қалдық, — дейдi Сталин.

БАҒАЛАУ

Артиллериялық жүйенiң конструкторы В.Г.Грабин, маған, өзiн 1942 жылдың қарсаңында Сталин шақырып алып:

— Сiздiң зеңбiрегiңiз Ресейдi құтқарып қалды. Сiз ненi қалайсыз — Социалистiк Еңбек Ерi атағын ба, әлде Сталиндiк сыйлықты ма? — деп сұрайды.

— Маған бәрi бiр, жолдас Сталин.

Оған анасын да, мынасын да бередi.

"МҰНАЙ БОЛАДЫ…"

Соғыс кезiнде Сталин Байбаковқа қысқа мерзiм iшiнде жаңа мұнай кенiшiн табуға тапсырма бередi. Бұл мүмкiн емес, деп Байбаков қарсылық бiлдiргенде, Сталин:

— Мұнай болса — Байбаков та болады, мұнай болмаса — Байбаков та болмайды! — деп жауап қайтарады.

Тез арада Татария мен Башкириядан жаңа мұнай кендерi ашылады.

ВАННИКОВ

Соғыс алас-қапасында Ванниковты аяқастынан абақтыдан босатады да Сталинге алып келедi, бұл оны дереу халық комиссары етiп тағайындайды. Ванников:

— Ертең мен — кешегi зэк (тұтқын) халкоматқа барамын. Қарауымдағылар арасында менiң қандай абырой-беделiм болмақ? — дейдi.

— Сiздiң абырой-беделiңiздiң болуына бiз қамқорлық жасаймыз. — Түрмеде отыратын уақытты тапқан екенсiң! — деп жауап бередi Сталин.

Ертеңгiлiк Ванников жұмысқа келгенде, оның столының үстiнде оған Социалистiк Еңбек Ерi атағын беру туралы Указ жарияланған "Правда" газетi жатыр екен.

ТӨРТ РЕТ ТАРАН

Ұшқыш Борис Ковзан — Ұлы Отан соғысының бiрегей батыры, ол әуеде төрт рет (!) таран жасап (жау ұшағымен соқтығысып) тiрi қалған. Ол маған Батырлық Жұлдызын тапсырғаннан кейiн, оны Сталин шақырып алып, iстiң мән-жайын егжей-тегжейiне дейiн анықтап сұрағанын, айтып бердi. Ол тiптi Ковзанның бұдан әрi нендей iспен айналысқысы келетiнiне ықылас бiлдiредi.

— Өз бөлiмшеме қайтып барамын да соғыса беремiн, — дейдi металл кескiлеп тастаған жаралы ұшқыш-истребитель (жойымпаз).

— Менiң ойымша, сiздiң осы соғысқаныңыз да жетедi, — дейдi Сталин. — Ал, әлi де болса оқи түссеңiз, мәселенки, академияда бөгет болмас едi.

— Менiң оған шамам келмейдi, жолдас Сталин, — деп ол имандай шынын айтады.

— Сiз маған оқимын деп уәде берiңiз!

— Уәдем-уәде, жолдас Сталин.

— Ал үйдегi жай-күйiңiз қалай?

— Осы жаңада ғана ұлды болыппын.

— Құтты болсын! Елiмiзге адамдар керек.

Ұшқыш аулаға шыққан кезде оны машина тосып тұр екен, оның артқы отырғышында жатқан үлкен құтыны ашып қараса, жаялықтар мен жөргектер қойшы әйтеуiр жаңа туған нәрестеге қажет нәрселердiң бәрi бар екен.

Ковзан өз бөлiмшесiне қайта оралады, оны жоғары жақтағы генерал шақырып алады:

— Кәне, ендi не iстеймiз?

— Қызметке әзiрмiн, — деп жауап бередi ұшқыш.

— Ал, Сталин жолдасқа нендей уәде берiп едiң?

— "Бәрiн де бiледi" — деп ойлады Ковзан. Оның академияға түсуiне тура келедi, ал қабылдау емтиханы кезiнде ол бiрде-бiр сұраққа жауап бере алмайды. Бiрақ бәрiбiр қабылданады.

КҮМӘН-КҮДIК

Брондытанкiлер әскерiнiң маршалы Катуков бiр сөзiнде өзi Сталиннiң кабинетiнде болған кезде — генерал Ивановтың фамилиясын атап өтедi.

— Ол әлгi өз ұлтына опасыздық жасайтын Иванов емес пе? — дейдi Сталин.

Бұрын Ивановтың еврейлiк фамилиясы болған екен.

— Соның дәп өзi, — деп жауап бередi Катуков.

— Ал, ол орыс халқына опасыздық жасамай ма?

НЕ IСТЕЙМIЗ?

Қызыл Армия Бас штабының бастығы А.М.Василевский армия генералы И.Д.Черняховскийдiң үстiнен түскен тұтас бiр папка өсек-өтiрiктi И.В.Сталинге көрсетедi. Онда сөз болатын нәрсе, оның тамыр әйелдерi көп дегенге саяды екен

— Бұған не iстеймiз? — деп сұрайды Василевский.

— Не iстеймiз? Не iстеймiз? — деп Сталин ойланып қалды да артынша. — Қызығып-қызғанамыздағы! — дедi.

ЦУНАМИ

Соғыстан кейiн Курил аралдарындағы аса қуатты цунамиден 28 мың адам қаза табады, олардың арасында әскерилер де көп болады.

Бiр әскери бөлiмшеде ту ұстаған солдат тiрi қалады. Бұл туралы Сталинге айтқан кезде, ол сол солдатты Батыр атағын алуға ұсынуға шешiм қабылдайды. Солдатпен басшылары сөйлеседi, сонда ол стихиялық күйзелiс кезiнде, мен қайтсем де аман қалу қамын ойладым, ал ту маған тек кедергi жасады, жалпы алғанда мен оған кездейсоқ тап болдым деп шынын айтады, Сталин бұны бiлгеннен кейiн:

— Қап әттеген-ай, бiзде адалдық үшiн награда жоқ қой! — дептi.

Дегенмен де солдатты ынталандыруға әмiр етедi. Маршал Василевский оған офицерлiк матадан форма тiгу жөнiнде, үйiне барып-қайтуға, жолды есептемегенде, 30 тәулiк демалыс беруге бұйырады.

МӘҢГIЛIК ДАҢҚ

"Отанымыздың ар-намысы мен тәуелсiздiгi жолындағы соғыстарда қаза тапқан батырлар даңқы мәңгi арта берсiн!" деген сөздердiң Жоғарғы командашының бұйрығында тұңғыш рет қалай пайда болғанын генерал И.Н.Рыжков айтып берген едi.

— Василевскиймен бiрге Сталинге бара жатырмыз. Бiздегi бұйрық жобасында "Мәңгi есте сақтайық…"— болатын. Сталин дереу оқып шықты да "есте сақтайықты" — "даңқпен" ауыстыруды ұсынды: "еске сақтайықтан шiркеудiң иiсi аңқып тұр" — дейдi Сталин.

ШIРКЕУ

Бүкiл Русьтiң патриархы Алексий Мәскеуде шiркеулер ашу туралы өтiнiшпен Сталинге сөз салады.

— Ашыңыздар. Орыс аналарын ардақтап, дұға оқитын да, жоқтап, жылайтын адамдары да баршылық, — дейдi Сталин.

Бұдан жiгерленген патриарх ендi рухани оқу орындарын ашуға да рұқсат сұраудан тайынбайды. Сталин дiн iлiмi мектептерiн ашуға да рұқсат етедi, ал семинариялар туралы былай дейдi: "Рухани семинариялардан орта қолды революцияшылдар шыққан жәйттердi тарих кәмiл бiледi! Ал, бiрақ солар бiрдеңе iстеп жарытпады. Мiне, көрдiңiз бе, мен де семинарияда оқыдым, бұдан оңды iштеңе шықпады ғой".

Бұл туралы маған Югославия гвардиясының бұрынғы бастығы Момо Джурич айтқан едi — ол бiздiң патриархпен бiр ұшақта ұшырасады және онымен бiрге тiптi арақ та iшедi.

Осы тақырыпта тағы бiр тыңдауға тұрарлық оқиға бар. Бiрiншi әлемдiк соғыста бiр дәрiгер-хирург ауыр жараланады. Өзiнiң тiрi қалатынына онша сенбеген пақырың, егер өлмесе, Құдайға қызмет етермiн-ақ деп өзiне-өзi серт бередi. Шынында да өлмейдi. Сертiнде тұрып, село священнигi болады. Екiншi әлемдiк соғыста партизандар қатарына қосылады да өзгелерден көбiрек сауатты болғаны себептi, партизан әтрәдi штабының бастығы болады, бiрақ жаралылар мен аурулардың молаюына байланысты, өзiнiң алғашқы кәсiби мамандығын есiне түсiруге тура келедi. Және көптеген адамдарды ажалдан құтқарады.

Айрықша көзге түскен партизандар құрметiне Кремльде өткен қабылдау кезiнде бұның күллi тарихын естiген Сталинге оны ертiп апарады. Сталин соғыстан кейiн оның немен айналысатынын бiлгiсi келедi. Бұл оған өз шiркеуiне оралатынын айтады. Сталин, әсiлiнде, оны медициналық қызметке ыңғайлағысы келген бе, қалай: "Еһе, Сiз кетсеңiз, бiз қандай ғажап хирургтен айрылатын болдық!" — дейдi. "Ал сiз кеткенде шiркеу қандай пастырден айрылды, Иосиф Виссарионович!" — деп жауап бередi поп-хирург-партизан.

ӘРIПТЕС

Парижден Мәскеуге православие шiркеуiнiң iрi қайраткерi келедi, ол кезiнде Тифлисстiң рухани семинариясында Сталинмен бiрге оқыған екен. Өзiмен бiрге оқыған әрiптесiн көргiсi келедi, шақыру хатты алғаннан кейiн, ол қандай киiммен — шiркеулiк киiммен бе, әлде жай, дүниеуәи киiммен келуге болатынын сұрайды.

— Дүниеуәи киiм тәуiрiрек, — деп оған кеңес бередi.

…Өте жылы кездеседi. Сосын Сталин оның штаттық кәстөмiн қолымен ұстап:

— Құдайдан қорықпайсың, ал менен қорықтың ба? — дептi.

НАҚТЫЛАЙДЫ

Әскери баспаның бастығы генерал Маринов грузинге ұқсас, бұйра қарашашты, мысық мұртты кiсi болатын. Ол сөйлеп тұрғанда Сталин оған байыптай қарайды да содан кейiн:

— Сiздiң ұлтыңыз кiм, жолдас Маринов? — деп сұрайды.

Өзiн халықтардың көсемiне, оған қоса грузинге, грузинмiн деп айтуға Мариновтың жүрегi дауаламайды, бiрақ есебiн табады:

— Мен грузиндiк евреймiн, жолдас Сталин.

Сталин бұған:

— Жолдас Маринов, менiң бiлетiнiм мынадай: не грузинсiң, не еврейсiң, — деп жауап қайтарады.

ГАРРИМАНҒА ЖАУАП

Потсдам конференциясында Гарриман Сталиннен:

— 1941 жылы немiстер Мәскеуден он жетi шақырым-ақ жерде болған едi, мүмкiн, ендi қазiр сiзге құлатылған Берлиндi бөлiсу жаныңызға жағатын шығар? — деп сұрайды.

— Александр патша Парижге дейiн жеткен, — деп жауап бередi Сталин.

БIР ШЫНЫ БАЛТЫҚ СУЫ

Шабуылды операция нәтижесiнде совет әскерi Балтық теңiзiнен барып бiр-ақ шығады, сосын командашы генерал Баграмян Сталиндi қуанту үшiн, оған бiр шыны балтық суын жiбередi. Бiрақ сол шыны Кремльге жеткенше, немiстер плацдармды қайта тартып алып, бiздiң әскерiмiздi жағалаудан тықсырып, шегерiп тастайды. Сталин, өзiне шыныны әкелiп берген сәтте, бұл жәйттi жақсы бiлетiн, сол себептi де:

— Мұны Баграмян жолдасқа қайтарыңыз, ол мына суды Балтық теңiзiне қайтадан төксiн! — дейдi.

ПОМИДОРЛАР

Бүкiлодақтық ауылшаруашылық көрмесiне барған кезде Сталин экспонат ретiнде қойылған помидорлардың бұзылғанын байқап қалады, сосын ол машинаға отырып жатқанда бұны тағы да естерiне салады.

— Помидорды алып тастауды ұмытпаңдар! Алайда, тек қана помидорды — мен басқа ештеңенi де айтқан жоқпын, — дейдi.

ҰЛЫ ОҚЫТУШЫ

Чан Кайши Сталиндi "ұлы оқытушы" деп атайды, сонда Сталин оған:

— Балалардың сиқын! — дейдi.

ПЕТРУ ГРОЗА

Румынияның премьер-министрi Петру Гроза банкеттен кейiн Сталинге:

— Сiз бiлесiз бе, мен әйелдердi өте жақсы көремiн, — дейдi.

— Мен коммунистердi өте жақсы көремiн, — деп жауап қайтарады Сталин.

БIРДЕН-БIР, ОНЫҢ ӨЗI ДЕ…

Чехословакия коммунистерiнiң сәруары (лидерi) және Чехословакияның бiрiншi президентi Клемент Готвальдқа:

— Сен өзiңнiң бүкiл елiңдегi бiрден-бiр оңды адамсың, бiрақ соның өзiнде маскүнемсiң, — дейдi Сталин.

Орысшадан аударған Әбiлмәжiн ЖҰМАБАЕВ