ҚАНЫШ СӘТБАЕВ СОТ ТА БОЛҒАН

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ СОТ ТА БОЛҒАН

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ СОТ ТА БОЛҒАН
ашық дереккөзі
1469

Ал осы қызметiнен ол қалай кеттi?

Бұл кездесу 1960 жылы Павлодарға қарай кетiп бара жатқан поезда, жол үстiнде болған едi. Вагон-ресторанда қасыма келiп отырған сұңғақ бойлы, жүзiнен мейiрiм есiп тұрған ақсақал маған сондай көңiлдi кейiпте күлiмсiрей амандасты. Аман-сәлемнен кейiн тамақпен бiрге 100 грамға тапсырыс берiп, түрiме анықтап тағы бiр қарап алды да:

– Балам, тентек сумен тәбет ашатын неғылған қағынған шал деп отырсың-ау. Мен бүгiн кезiнде Баянауыл сотында бiрге қызмет iстеген, қырық жыл көрiспей кеткен Қанышпен кездестiм.

Ұстазымның атын естiп елең ете қалдым. Ол кiсiнiң халық соты болып қызмет iстегенiн, сол қызметтен оқуға кеткенiн бiлетiн едiм, бiрақ судьялықты неге тастағанынан хабарым жоқ болатын.

Өзiн Бозжанмын деп таныстырған жайдары қария шешiле жөнелдi. Менiң де инженер-геолог екенiмдi, "Майқайың" комбинатының кен қорының таусыла бастағанын, тек терең қабаттарда кен сiлемi бар екенiн дәлелдеп зерттеу жүргiзгенiмдi естiп, тiптi арқаланып кеттi. Әңгiме тиегiн ағытты.

– Қаныш ағаң бiраз уақыт Баянауылда учаске судьясы қызметiн атқарды, мен соттың хатшысы болдым. Ол кезде сауатты азаматтар сирек кездесетiн, заңгер болмаса да Қаныштың әжептәуiр оқуы бар едi. Бiрде – Қаныш сот қызметiн одан әрi iстемеймiн деп оқыс мiнез көрсеттi. Оған себеп күтпеген болған оқиға едi. Кезектi сот мәжiлiсiнде сауда магазинiнде iстеп, "растрата" жасаған, жасы жетпiске шыққан қарияның iсi қаралды. Соттың үкiмiмен шал жасаған "қылмысы" үшiн 15 жылға кесiлдi. Ол кезде басқаларға сабақ болуы үшiн, заң бойынша мұндай "қылмыс" қатал жазаланатын. Соттың үкiмi жарияланған соң сот төрағасы Қаныш сыпайы түрде ақсақалдан ақырғы айтар сөзiңiз бар ма деп сұрады. Кәрiлiк пен уайым әбден дендеген әрi мына үкiм дегбiрiн алған шал отырған орнынан зорға тұрып. "Ұлықсат болса бiр-екi ауыз сөз айтайын", – дедi. "Балам, кеңес заңының үкiмi әдiл, мен сол заңға қайшы қылмыс жасаппын. Бiрақ өкiметтiң дүниесiн қара басым үшiн қажет деп ұрлаған жоқпын, хат тануым шамалы едi, шамасы есептен қателескен болуым керек. Басқа не айтамын. Жас судьяға көптен-көп рахмет. Өйткенi, ол менiң қартайған жасыма 15 жас қосып, ұзартып берiп отыр. Алла жазса тағы бiраз уақыт өмiр сүретiн болдым. Мiне, менiң ақырғы сөзiм осы… " Осы сөздер нәзiк жанды Қанышты қатты толғандырды, көңiлiн босатты, ертеңiнде ол өтiнiш жазып, сот қызметiн тастап кеттi .

Мiне, осы уақиғадан кейiн Қаныш темiр мен мыс тасын iздейтiн оқуға кеттi. Сөйтiп көп уақыт көрмеген Қаныш ағамен Алла Тағаланың жазуымен ойламаған жерде тағы да жүздестiм. Бұл кездесу Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының бас ғимаратында болды. Мен осы ғимараттың екiншi қабатындағы "Президент отыратын қабылдау бөлмесiне" кеп кiрдiм. Қанекеңнiң хатшысы – аққұбаша келiншек жылы қарсы алып: "Президенттiң бүгiн қабылдайтын күнi емес, мына отырған төрағаларды қабылдайды, сiз ертең келгенiңiз жөн болар", – дедi. Мен ыңғайсызданып, "Балам, егер сен қарсы болмасаң осы жерде бiраз отырып, тым болмаса Қанекеңнiң жүзiн көрiп кетейiн", дедiм. Тегi менiң ауылдан келгенiмдi сезген болуы керек, көмекшi менiң бұл сөзiме қарсылық көрсеткен жоқ.

Әлден уақытта сыртқы есiк ашылып, iшке Қаныштың өзi де кiрдi. Ол маған баяғы қалпындағыдай бұл жолы да салмақты, бұрынғыдай парасатты болып көрiндi. Есiктен кiрiсiмен кiшiпейiлдiлiк көрсетiп, қабылдау бөлмесiнде отырғандармен қол берiп амандаса бастады. Бiраздан кейiн менiң жаныма келiп, сүйкiмдi көздерiмен бетiме тiк қарап, бiраз ойланып тұрып қалды. Мен де ыңғайсызданып орнымнан тұрдым. Бiр кезде күлiмсiреп: "Сiз осы Бозжан емессiз бе?!" деп қол бердi. Жүрегiм лүпiлдеп, қуанғаным сонша, "мен соның дәл өзiмiн" деппiн. Қандай сезiмтал, парасатты, өнеге алар абзал адам! Менi құшақтап бауырына басты, қолтығымнан алған күйi өзi отыратын кiшкентай жұмыс бөлмесiне апарды, хал-жағдайымды сұрады, бiраз уақиғаларды еске түсiрдiк. Бiрқауым әңгiме құрдық, өз машинасымен үйге апартып салдырды.

Келесi күнi қонаққа шақырып, менен елдiң, мен жұмыс iстеген Төртқұдық кенiшiнiң жағдайын сұрады. Мен кейiнгi жылдары алтын өндiретiн Төртқұдық руднигiнде бухгалтер болып iстегенiмдi айттым. Азамат соғысы кезiнде Қарқаралыдан Қытайға қашып бара жатқан ақ бандалардың қолынан атылған азаматтардың iшiнде менiң фамилиямның бар екендiгiн айтып, бiрақ жаралы болып, сол жерден қашып шыққанымды жеткiздiм… Осындай ел қорғауда көрсеткен ерлiгiмiз туралы газет бетiне шыққан мен туралы, яғни марқұм болған Бозжан жәйлi мақаланы көрсеттiм. Ақсақал мәз боп күлiп алды да:

"Осындай асыл жанмен таныс еткен тағдырыма разымын, онымен бiрге еңбек еткенiмдi өзiме зор бақыт деп санаймын. Құдайым оған саулық берсiн", – деп барып, сәл үнсiз отырды да: – "Балам, Қаныштың айтуынша қазақ даласыңда iстейтiн жұмыстар жеткiлiктi көрiнедi. Жер астында әртүрлi ашылмаған кен байлықтары бар екен… Ал өзiң Қаныштың жолын тандаған екенсiң, оның өте дұрыс болған. Тек Қаныштай халқыңа, елiңе талмай адал қызмет жаса. Алла Тағала жар болсын!" – дедi.

Ақсақалдың сол жолы берген батасы мен жүректен шыққан сөздерi осы күнге дейiн көңiлiмдi толқытады. Содан берi көп жылдар өттi, өмiр өзгердi. Қазақстанда металл кендерiнiң мол қорлары ашылып, өндiрiлiп жатыр.

Өкiнiшке қарай, Қаныш ағадай асылдарымыздың ғажайып қайраткерлiлiгiмен дамыған кен өндiрiстерi кейiнгi нарық экономикасы кезiнде қирап, талан-таражға салынды, ырыс – қазына байлығымыз шетел алпауыттарының қолына берiлдi. Сөйтiп, адамның игiлiгi үшiн iстелетiн iс өз орнын таппай жатыр. Ал осындай байлық иесi – жер иесi халықтың жадау жағдайын еске алсақ, жер қойнауы қазынаға тұнып тұрған елдiң бүгiнгi күйi налытады. Қаныштай асылдарды тудырған халқымыз осынау шырғалаңнан шығар жолын тауып, тығырықтан құтылар ма екен? Жер байлығы – халық үшiн, қазақ үшiн деп бар даусыңмен айқайлағың келедi. Ол үшiн алдымен атқарылар iс – өнеркәсiптi қалпына келтiру қажет. Сонда ғана ел тұрмысын жақсартуға мүмкiншiлiк туар едi. Сол үшiн ұмтылу керек, жер қойнауындағы қазына өз егесiнiң игiлiгiне айналуы қажет.

Өкiнiштiсi, Қазақстанда бағалы металл кендерiнiң мол қорлары соңғы жылдары түгесiле бастады. Себебi, металл кенiн өндiру күрт өстi, ал олардың қорын үнемi толықтырып отыру қажеттiлiгi мүлдем ұмытылғандай қазiр. Бұған қоса Қазақстанды тек шикiзат базасына айналдырған шетел алпауыттары тек қана металлға бай кендердi өндiрумен шұғылданып, бұрыннан қалыптасқан технологиялық әдiстердi дөрекi бұзуға жол ашты. Осының салдарынан геологиялық ғылыми зертттеу мен кен барлау жұмыстарына көңiл бөлiнбей отыр.

Осыдан туындайтын өзектi мәселе, уақыт оздырмай қолға алатын iс -тез арада кен өндiрiсi салаларын мемлекет өз басқаруына алуы қажет. Сонда ғана шетел алпауыттарының аранын жабуға болады. Оларға кен иелiгiн бермей, тек бiрiгiп жұмыс iстеу мүмкiншiлiгiн туындату, яғни жергiлiктi халықтың мұң-мұқтажымен үнемi санасып отыруы керек. Әсiресе жұмыскерлердiң еңбек ақы мөлшерi, әлеуметтiк жағдайлары, бала бақшалары, жол тораптары сияқты халық тұрмысын айқындайтын әлеуметтiк ахуал шетел фирмаларымен келiсiм шарттарын жасағанда ұмыт қалмауы тиiс.

Сонымен қатар кен орындарын зерттеу және барлау, алынып жатқан кен қорларының мөлшерiн үнемi толықтырып отыру, кен игеруде жаңа технологияны қолдану тәрiздi жұмыстарға ерекше зер салу қажет.

Тағы бiр маңызды мәселе – кен орындарының аса құнды жаңа түрлерiн ашу және оларды пайдаланудың ұтымды жолдарын iздестiру де қажет. Себебi бұлар өндiрiстiң прогрессивтi жаңа салаларын құруға, дамытуға өте қажет шикiзаттар болып табылады. Осы проблемалар шешiмiн таппай тұрып елiмiздiң экономикасы дамыған мемлекеттер қатарына қосыла қоюы қиын. Демек, жаңа iрi кен орындарын табу және оны игеруге айрықша назар аударған жөн. Оларды ашу, зерттеу үшiн үкiмет қаражат көздерiн белгiлеп, ұдайы көмек көрсетуi тиiс. Және кен өндiрудi шетел алпауыттарының қолына түгел бермей, ұлттық компаниялар құру қажет. Сонда ғана құлдырап кеткен өнеркәсiптi қалпына келтiруге және өндiрiстiң прогрессивтi жаңа салаларын дамытуға мүмкiншiлiк туады. Бүгiнгi айтар шындық осы, бұл халқымыздың тәуелсiздiгiнiң негiзi.

М. Бәкенов, ҚҰҒА академигi, профессор.

Серіктес жаңалықтары