"МЕН ОҒАН РИЗАМЫН"

"МЕН ОҒАН РИЗАМЫН"

"МЕН ОҒАН РИЗАМЫН"
ашық дереккөзі
290

Бауыржан Момышұлы шерткен сыр

– Сен сөйлейсiң бе, мен сөйлеймiн бе?

– Сiз сөйлеңiз.

Баукең түсiнiп тыңда дегендей маған қадала қарап, сөзiн бастады.

– Әй, Бауыржан туралы Нұршайықов жазды ғой, Мамытбек те жазып па?– дептi бiр редактор.– Қойсаңдаршы, қашанғы жаза бересiңдер?

Мұның атын iштарлық дейдi. Iштарлық деген нәрсе ақылды кiсiнiң iсi емес. Iшi тар болса, оның басы да тар оңбаған бiреу. Iштарлық ақымақтарға ғана тән нәрсе. Бұл бiздiң ұлттық жазылмайтын ауруымыз.

Бiздiң қазақта бiр әке, бiр шешеден туғандар қастасып кеткен. Бұл iштарлықтан…

Әрине, iштарлық басқа халықта да бар. Бұл адамзаттық кемiстiк. Дегенмен iштарлық жағынан басқаларға қарағанда бiз әжептеуiр бәйге аламыз.

Ата-атаға, ру-руға, жерге бөлiну деген ауру тағы бар. «Ойбай пәлен екен, түген екен» дейсiңдер. Әрiберiден кейiн кiшкене ауылдың өзi бiрiн-бiрi бөледi. Сайтан алғыр, жерге, ата-атаға, ру-руға бөлiну шынымен-ақ жазылмайтын ауруға айналғаны ма?

Қонақта отырғанда өте сүйкiмсiз әсерде қаласың. Бiр-екi рюмке iшiп алған соң ру-руға, жүзге бөлiнiп шыға келетiндер бар. Өмiр тәжiрибемнен ұққаным – ата-атаға, ру-руға, жүзге бөлiп, жiкшiл топтың арқасын қоздырып жүр¬гендер – берекелi елiмiздiң берекесiн қашырып, қара басының қамын көздеген жағымпаз пайдакүнемдер, алаяқтар, қолынан iс келер, келмесiмен iсi жоқ билiкке ұмтылушы мансапқор– арамзалар. Олар қара халық қамын ойлаған болып өз мақсат-мүдделерiн жүзеге асыруды көздейдi. Қонақта, дастарқан басында жоғарыдағыдай өзара даурығысып таласушылар – арамзалардың құрбанына, қолшақпарына айналғанын түсiнбейдi, тiптi арамзалардың айтақтауымен өздерiне өздерi зияндық жасап жүргенiне мән бермейдi.

Бiрде қонақта бiр жап-жас жiгiт:

– Бауыржан ата, сiз қай жүзге жатасыз?– деп сұрады.

– Мен тұтас қазақпын. Менi бөлшектеу мүмкiн емес! Мен бiр қазақ емеспiн, бар қазақпын. Осындай сезiм сенiң де, сен секiлдi жастарымыздың да жүрегiне ұяласа екен деп тiлеймiн. Түсiнсең: «Дүниенi өзгерту үшiн өзiмiздiң өзгеруiмiз қажет» – деген ұлы көсем Махатма Ганди өсиетi бiзге де арналып айтылған.

Әлгi жiгiт үндемей, төмен қарап, ойға батып отырып қалды. Онысын жақсылыққа жорыдым.

Менiң ойымша, қара халық ешкiмдi алалап, жек көрмейдi. Қайта «күн – ортақ, жақсы – ортақ» деп кеңпейiлдiлiк, бауырмалдық танытып, жатты да жатырқамайды. Бұл бiздiң халқымыздың ұлылығы, кемеңгерлiгi. Ең өкiнерлiк жай – бәрiн бүлдiрiп, ел iшiне ылаң салып жүрген, жаңа айттым ғой, жағымпаз пайдакүнемдер, алаяқ, мансапқұмарлар. Егер осы арамзалардың қулық–сұмдығына алданбай, өз тiзгiнiн өз қолына алып, қолжаулықтан құтылар болса, менiң халқым жер жүзiндегi асыл халықтың бiрiне айналар едi. Бойында соған лайықты қасиеттердiң бәрi бар.

Жеңгей iшке енiп:

– Бауке, бүгiнгi келген газеттердi алайыншы? – дедi.

– Ал, ала қой, айналайын. Сенiң газет оқып жүргенiң менi өте қуантады. Баукең мысқылдай күлдi. Жеңгей стол үстiнде жатқан бiр бума газеттi алып, бөлмеден шықты.

– Қонақта сiз, бiз деп алғаш адамға ұқсап отырады. Кiшкене iшiп, қызып алған соң, бөлiнiп шыға келедi. Ызалана күлдi. Астапыралла– а! Мен байғұс үндеместен отырамын. Айтарын айтып қоя қойса да мейлi ғой, қызыл кеңiрдек боп таласады.

Алғаш менен батпай, байқап сөйлегендерiнiң бәрi жайына қалады. Соны көргенде «қайтiп ел боламыз? Келешегiмiз қандай күйге ұшырайды?» деп қайғырасың.

Баукең ұзақ үнсiз қалып, қайта сөйледi:

– Көршi халық өмiр тәжiрибесiне үңiлшi, қарағым. Бейнелеп айтсам, олардың кейбiр қатындары егiзден туғанда екеуден емес, төртеуден туады. Оның екеуi есалаң, бiреуiнiң шала– шарпы ақылы бар, төртiншiсi – ақылды. Сол төртiншiсi болмаса, ана үшеуi түкке тұрмайды. Түсiндiң бе? Көршi халықтың бақыттылығы– төрт баланың бiреуi ақылды боп туғаны. Ол ана үшеуiн билей бiлген.

Бiздiң тiзгiн ұстағандар–қара басының қамын көздеген жағымпаз пайдакүнемдердiң, алаяқтардың, қолынан iс келер келмесiне қарамай билiкке ұмтылушы мансапқорлардың арбауына, алдауына түсiп қалмай, олардан iргесiн аулақ ұстап, халқымызға адал қызмет етсе, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарар күнге жетер едiк. Осы ұлы мақсат жолында аянбай қажыр– қайрат жұмсап, күресуiмiз керек. Жеңiс, жақсылық өздiгiнен келмейдi.

«Ел жоқта шошқа төбеге шығады» деген қазақтың мақалы бар. Ол ел билейтiн ерi жоқ деген мағынаны бiлдiредi. Мұны еске алу себебiм, көршiмiз (үш ұлы оңбаса да, бiр ұлы ақылды болғандықтан) шошқаларды төбеге шығарған емес. Оның бақыттылығы осында. Менiң арманым – бiзден де сондай бiр ақылды ерлер шықса екен…

«Төртеу түгел болса, төбедегiнi алады, алтау ала болса, ауыздағы кетедi» дегендi қазақ өз тәжiрибесiнен, тәжiрибе болғанда да бүгiнгi, кешегi емес, ғасырлар бойғы тәжiрибесiнен алып айтқан. Ол мақалдың шыққанына қанша ғасыр болғанын бiлмеймiн. Бiлерiм, одан осы күнге дейiн керектi қорытынды жасай алмай келемiз. Айтамыз, еске аламыз, бiрақ, бiр таң қаларлығы, ұмытамыз. Бұған не себеп?

Баукең маған шамдана, шамырқана тiл қатты.

– Төрт пен алтының айырмасы қанша? Тағы басқа емес, ауыздағы кетедi дейдi. Бұдан өткен қайғы бар ма?

Мұны кезiнде түсiнген Абылай хан едi. Я считаю его генийальным человеком. Ол қазақтың Иван Грозныйы. Мына жақта орыс, мына жақта қытай деп қауiптi бiле бiлдi. Бiрақ мақсатына жете алмады. Қарғыс атқыр бөлiну кесiр келтiрдi. «Iстеуге өз қызметiн ерiнедi» деген Мiржақып ақын сөзi «халқым басын қоса алмады» деген сөз. Сол қасiрет сенiң өз басыңда бар. Жоқ деп айтып көргiн! Жоқ деп айта алмайсың. Айтып көр!

Сен неге маған жақтырмай қарайсың?! Мен өлер шағымда өтiрiк айта алмаймын. Алауыздықтың рахатын қазiр сен көрiп жүрсiң. Республиканы былай қояйық, оған түсiну үшiн сенiң бiлiмiң, өрең жетпейдi. Бiлiм деген нәрсеге түсiну керек. Шындықтың әдiлеттi сезiмiнсiз – бiлiм жалған. Өзгелердi алдаймын деу– өзiңдi өзiң алдау. Бұл нағыз оңбағандық! Медицинада жазылмайтын ауру деген түсiнiк бар. Оны қазақ «Сүйекке бiткен ауру өлгенде ғана кетедi» дейдi. Сүйектегi ауруды жазу қиын. Өзектi мәселенi шешу үшiн майда, ұсақ мәселелер кедергi жасайды. Менiңше, өзектi мәселенi бiзден де шыққан ақылды жас шешсе деп тiлеймiн.

Сен Сағындық Кенжебаев деген жiгiттi бiлушi ме едiң?

– Сырттай бiлем.

– Мен оған ризамын.

Осы сәт дәлiз жақтан:

– Бауыржан, сенi бiреу телефонға шақырады,– деген Күләнда апаның қарлығыңқы үнi естiлдi.

– Қазiр, әпке.

Баукең орнынан асықпай тұрып, дәлiзге өттi.

– Алло. Бұл кiм? Иә, иә, рақмет, айналайын. Әй, оттамағын! Мен саған аға емес, жезде боламын. Сенбесең, әпкеңнен сұрағын. Бұдан былай менi аға дегеннен гөрi жезде дегенiң жарасады. Түсiндiң бе? Ей, күлме. Е, мұның ендi дұрыс, сен түсiнетiн жiгiтсiң…

Ғафу ма? Ғафу Қайырбеков бiздiң маңдайалды ақынымыз. Иә, дәл солай… Қуандық дейсiң бе? Қуандық Шаңғытбаев менiң ең жақсы көретiн iнiлерiмнiң бiрi. Оның бiздiң қазақ поэзиясында өзiне жарастықты орны бар. Оны мен жас кезiнен бiлем. Түрiкмен Бердi Кербабаев екеуiн қатар қойсаң, бiр-бiрiнен айнымайды. Қайсысы қазақ, қайсысы түрiкмен екенiн ажырату қиын. Әй, сен неге күлесiң?. Иә, солай, Сау бол, балдызжан…

Баукең орнына кеп отырды.

– Ойымды бөлiп жiбергенiн қарашы. Сөзiмiз кiм туралы едi?

– Сағындық Кенжебаев туралы.

– Мен оған жаңа ризамын дедiм ғой. Неге деп сұрақ қой.

– Неге?

– Ол тың игеру жылдары Қазақстан Комсомол жастар одағы комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Бүкiлодақтық комсомол жастар одағы комитетiнiң бюро мүшесi болған жiгiт. Одан хабарың бар шығар?

– Бiрiншi хатшы болғанынан хабарым бар.

– Мансапқұмар жас үшiн ол үлкен лауазым. Солай емес пе?

Абайсызда Баукеңнiң шамына тиiп алармын деп мен үндемедiм.

– Келiссең, келiс, келiспесең, қой. Сағындық (Баукең бұл сөздердi тiстене, жiгерлене айтты) сол үлкен лауазымның бетiне түкiрген азамат! Түсiндiң бе?

– Түсiндiм.

– Өтiрiк айтпа! Сен түгiлi менi сенiң әкең алдай алмаған. Түсiнсең, айт, оны Хрущев не үшiн орнынан алды.

– Ол жағын бiлмейдi екем.

– Бiлмеймiн деп мойындағаның– адалдық. – Баукең байсалды тiл қатты.– Сенiң бiлмеймiн дегенiң заңды. Себебi, сұрқия саясат оның ерлiгi туралы айтқызбақ түгiлi, атын да ататпай қойды. Ал ол халқымыздың ары үшiн, намысы үшiн басын қатерге тiгiп, перзенттiк борышын адал атқарған азамат!

Баукең бұл сөздердi жiгерлене, тiстене айтты. Iле темекi тұтатып тартып:

– Әрине, кейiнгi буын– сендердiң одан хабарларың жоқ. Оның себебiн жоғарыда айттым,– деп бiраз үнсiз қалып, қайта сөйледi.– Бүкiлодақтық Комсомол жастар одағы көсемдерi бас қосқан бюрода Сағындық Кенжебаев: «Қазақстан тыңын игеруге өңкей түрмеден шыққан баскесерлер келiп, халқымызға көп зиянын тигiздi. Бұдан былай бiзге қылмыскерлердi емес, жұмыскерлердi жiберулерiңiздi өтiнемiз» – деп сөйлеген. Оның ол өтiнiшi орынды, әдiл. Соған қарамастан өзiмбiлермен, өркөкiрек Хрущев оны орнынан алып тастады.

…Бiрде үйiме бiр таныс профессор кеп, сөзден сөз шығып, Сағындықтың жазықсыз жазаланғаны жөнiнде пiкiрiмдi бiлдiрiп едiм:

– Өзiне де сол керек, Бауке, Әйтпесе, саясатқа қарсы сөйлеп несi бар? – десе бола ма? Ой, ашуымның қозғаны-ай!

– Оттамағын!– деп қатты айқайлап жiберiппiн.– Маған құлдың сөзiн айтпа!

– Бауке, бiз қарсы болайық, қарсы болмайық, бәрi бiр өз басымызды өзiмiз жұтқаннан басқа ештеңе iстей алмаймыз. Оның бiр дәлелi– Кенжебаев. Ол не ұтты?

– Ол көп нәрсе ұтты. Бiрiншiден, мен¬мен басшылардың қазақтар туралы астамшыл ойын өзгерттi. Екiншiден – халқымыздың ерлiк рухының ояу екенiне көз жеткiздi.

– Ой, Бауке, сiз де айтады екенсiз. Халқымыздың ерлiк рухы 1916-шы жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң қанды қырғынымен бiрге сөнген.

– Оттапсың! Бiздiң ғана емес, кез келген халықтың ерлiк рухы еш уақытта сөнбейдi, сөнуi мүмкiн емес. Бiр дәлел айтайын, 1930-шы жылдардың басында бiздiң Шымкент жақта Созақ көтерiлiсi болды. Одан хабарың бар шығар?

– Хабарым болғанда қандай, Бауке. Ондай көтерiлiс республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде болды. Бәрi де қан төгiспен басылды.

– Дұрыс айтасың, кез келген көтерiлiс қан төгiссiз болмайды.

– Ол көтерiлiстер тұрмыстың ауыртпалығына төзбегеннен туды. Менiңше, төзу керек едi. Сонда адамдарымыз босқа қырылмас едi.

– Бұл ойыңа мен қосылмаймын. Бұл қате, зиянды ой. Сенiңше, Сағындық Кенжебаев та тұрмыстың ауыртпалығына төзбеген жан болып шыға ма? Үй десең, үйi, қызмет десең, қызметi бар. Ол тағы жастар көсемi. Оған не жетпедi?

– Бауке, менi кiнәласаңыз да айтайын, оның әлгiндей деп сөйлеуi– үлкен қателiк. Үндемеуi керек едi.

– Жоқ! Ол емес, сенiң үндемеуiң керек!

– Бауке, мен де елiмдi, жерiмдi сүйемiн.

– Сүймейсiң, оның өтiрiк! Сен мансапты сүйесiң. Өзiң жоғарыда республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде көтерiлiс болды деп айттың ғой. Ендi маған жауап бер, қанға бөгiлетiнiн бiле тұра халқымыз неге бас көтердi?

– ?

– Бiлмесең, бiлiп қой, теңдiк үшiн бас көтердi. Бұл халқымыздың ерлiк рухының сөнгенi ме, сөнбегенi ме?

– ?

– Бала кезiмде әкем айтқан мына эпизод есiмде. Созақ көтерiлiсiне қатысқандардың бiр тобын Шымкент қаласына жаяу айдап әкеледi. Бәрiнiң қолын артына байлаған, үстi-басы қан. Қажып, әлсiрегенiне қарамастан көтерiлiсшiлер қала көшелерiнде қарсы ұшырасқан келiмсектердi басымен соғып, денесiмен қағып, не аяғымен теуiп, тұсынан өтiп отырған. Мен мұны құлдық өмiрге қарсы өшпендiлiк деп бiлем.

– Бауке, шындықты қалайша мойындамайсыз? Одан жағдай өзгердi ме? Өзгерген жоқ қой. Әсiресе, Кенжебаевтың жоғарыдағы сөзi – ақымақтық.

– Сен қалай ойласаң, олай ойла. Менiңше, айтар сөзiн айта бiлген Сағындық нағыз ер, нағыз саналы азамат! Ол бүгiнгi жастарымызға, келер ұрпағымызға үлгi.

– Бауке, кешiрерсiз, мен сiздi түсiнбейдi екем, – деп профессор ызалана орнынан тұрып, көңiлсiз қоштасты.

Баукең темекiсiн тарта отырып:

– Ол маған ренжiдi, мен ренжiгем жоқ,– дедi көк түтiндi көкке үрлей.– Егер Сағындық әлгi профессор секiлдi жағымпаз, мансапқұмар есiңде болсын жағымпаздар, мансапқұмарлар, қорқақ келедi болса, қызметтен тағы өсер едi. Ол ондай арсыз жолдан саналы түрде бас тартты. Бұл үлкен-кiшi демей бәрiмiздi ойлантатын қадам. Түсiндiң бе?

– Түсiндiм.

– Менiң сенерiм–жастар. Бiздiң қатемiздi жастар ғана түзей алады деген үмiттемiн.

Жастар-перiштелер, олар өз халқының арман-мұңын жоқтаушылар, үмiтiн алға жалғаушылар, жасып-жалтақтауды бiлмейтiндер. Бiздiң жастарымызда кемелдiк, кемеңгерлiк жоқ деген пiкiрмен мен мүлде келiспеймiн. Олармен бәсекеге түскiм келiп, кейде делебемнiң қозатыны да сондықтан…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ

Серіктес жаңалықтары