"ОВ ПЕН ЕВ-ТЕН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?
"ОВ ПЕН ЕВ-ТЕН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?
Әрқашан игi бастаманың басы-қасында жүретiн "Ұлт тағдыры" қозғалысы өздерi бiр кезде көтерген "ов" ("ова"), "ев", ("ева") қосымшаларының орнына "ұлы", "қызы" деп жазуға көшу туралы мәселеге қайта оралды. Бұл шараны "Ата тегiмiзге қайтып оралайық" деген акция аясында жүргiзудi құп көрген олар жаңа туылған нәрестелер мен кәмелетке толып, жеке куәлiктерiн қолына алатын азаматтардан бастау керектiгiн айтады.
Қаперлерiңiзде бар шығар, 1996 жылдың 2-сәуiрiнде Елбасының "Ұлты қазақ азаматтарының тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы" Жарлығы заңдық күшiне мiнген-тұғын. Онда: "Ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы. Әкесiнiң атын жазған кезде оған азаматтардың жынысына қарай "ұлы" немесе "қызы" сөздерi қолданылады" деп анық жазылған. Мiне, содан берi қанша уақыт! Алайда, әлi күнге дейiн елiмiздiң кейбiр облыс жұртшылығы бұған мұрнын шүйiре қарап, "ов", "ева"-дан еш арыла алмай келетiнi өкiнiштi. Әрине, бұл "бармақ астынан кiр iздейтiндер" үшiн ұлтараздық мәселенi қоздыра түсу емес, керiсiнше әрбiр қазақтың қазақ екендiгiн ата-тегiнен-ақ айшықтап көрсету.
"Ұлт тағдырының" қайта айналып соғып отырған мәселесi — халық жылы қабылдаған, Елбасы бекiткен Жарлығының тамырына қан жүгiрту. Өйткенi, "Әлемдегi халықтың барлығы өздерiнiң ұлттық негiзiн сақтап жазуға бейiм. Мәселен, "молдован — Кодру, әзiрбайжан — Мамедоглы, грузин — Махарашвили, украин — Костенко, армян — Акопян, орыс — Иванов" болып құжатын алып жатса, бiз неге "қызы", "ұлы" жалғауымен жазбаймыз?!" – дейдi акцияны ұйымдастырушылар. Бiр айта кетерлiгi, "Қазақ бол!" деп аталатын шараның өткiзiлуiне себепкер болған мектеп оқушылары екен. Көшедегi тақтайшада, қақпада жазылған "Қазақ бол!" деген ұранды сөздi көрген ұйымдастырушылар қазақ жастары¬ның ойынан дөп түсiп, мұны республикалық деңгейге көтеруiн мақсат еткен. Акцияны жүзеге асыруға бүгiнде "Ұлт тағдыры" қозғалысының тоғыз облысының төрт облыстағы бөлiмдерi жұмыла кiрiсiптi. Қозғалыс төрағасы Дос Көшiм: "Егер бұл шара тез арада халыққа таралсын десек, зиялы қауым, қайраткер азаматтар мектеп оқушыларымен кездесiп, ұлттық рух тұрғысында жиi әңгiме өткiзiп тұруы керек" — деп санайды. Шынында да, басқаны айтпағанда, былтыр Тәжiкстан Президентi Эмомоли Рахмон да "ов" пен "ева" -дан құтылуға орай барша халқын үгiттеп, әуелгi тәжiрибенi өзiнен бастағанын жұрт бiледi. Сонда, бiз кiмнен кембiз?
Биылғы оқу жылында қазақ мектебiн тәмамдалғалы отырған 200 мыңдай оқушы бар екен. Олардың әрқайсысының қолына осы ашық хатты тарату үшiн қаражат қажет екенi анық. Сол үшiн де әр облыс төңiрегiнен ашық хатты көптеп басып шығарып, тарататын жомарт азаматтар шығып жатса, қанеки! Акция негiзiнде дайындалған ашық хат кәмелетке толған жастар мен перзентханаларға таратылады. Ал қорытындысы күзге қарай жария етiлмек.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ