ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАЙМЫЗ ДЕСЕК...

ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАЙМЫЗ ДЕСЕК...

ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАЙМЫЗ ДЕСЕК...
ашық дереккөзі

Қазақстан Парламентi Мәжiлiс жанындағы Көшi-қон және отандастармен байланыс жөнiндегi Консультациялық кеңес дөңгелек үстел ұйымдастырған болатын. Онда көшi-қон процесi және оралмандардың бейiмделуi деген екi түрлi мәселе бойынша сөз қозғалды. Бiз сол жиынға қатысқан бiрнеше оралманның пiкiрiн назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қайрат БОДАУХАНҰЛЫ, оралмандардың республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгi басқарма төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты: Мемлекет құқықтық және әлеуметтiк экономикалық тетiктер арқылы оралмандарды республиканың демографиялық жағдайларына және облыс, аудандардың экономикалық мүмкiншiлiктерiне сәйкес орналастыру керек. Бұл мәселе әлi де болса толыққанды шешiмiн тапқан жоқ. Мемлекеттiк көшi-қон квотасын саралап отырсақ, былтырғы жылғы республика аумағына белгiленген квотаның 37,4%-ы (5615) оңтүстiк облыстарға бөлiнген. Солтүстiкке – 23,2%, орталық облыстарға – 6,7%, батыс облыстарға – 25,4%, шығысқа – 7,3%-ы бөлiнген. Демек, мемлекеттiң басты саясаты солтүстiк өңiрлердегi демографиялық ахуалды реттеу болса, квота мөлшерiн осы өңiрлерде арттыру қажеттiлiгi туады. Қоныс аударушылардың басым көпшiлiгi оңтүстiк өңiрлерге орналасуға ынталы. Мұндағы басты фактор ауа райының қолайлы жағдайы мен оңтүстiк өңiрлердегi ұлттық тiл мен салт-сананың анағұрлым жоғары деңгейi. Әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда солтүстiк өңiрлерде мүмкiншiлiк жоғары, бастысы баспана бағасы төмен, фермерлiк шаруашылықпен, егiншiлiкпен айналысуға ыңғайлы. Бұл бағытты құқықтық тұрғыдан реттеу керек сияқты. Яғни, кәсiпкерлiктi дамытуға белгiлi дәрежеде жеңiлдiктер мен қолдаулар жасалса. "Халықтың көшi-қоны туралы" Заңға сәйкес қоныс аударған оралманның белгiлi уақыт аралығында арнайы бейiмдеуден өтуi қарастырылған. Әсiресе, алыс шетелдерден келетiн ағайын үшiн тiркеуге тұру (алдымен мекен-жай табу), сан ондаған құжаттарды толтыру, әр мекеменiң алдынан өту үлкен қиямет. Яғни, кейбiр оралманның қаншама жылдар бойы құжатсыз жүруi де осы себептен. Тiлдiк, кәсiптiк бейiмдеу, алған бiлiмiн қайта жетiлдiру, жоғары арнайы, кәсiптiк оқу орындарына қабылдау, арнайы тест арқылы бiлiмiне баға беру жүйеге қойылмаған. Квота шеңберiнде қоныс аударған оралман-студенттердiң мәселесi аса күрделi. Жоғары немесе арнайы оқу орнының бiрiншi, екiншi курсын тәмамдап келiп оқуын осында жалғастырғысы келсе дайындық бөлiмiнде оқу талап етiледi, келесi жылы қайта абитуриент болуға тура келедi. Әлеуметтiк кепiлдiк жүйесi әлi де болса толық шешiмiн таба алмай отыр (жұмыссыздық, баспана, зейнетақы, жәрдемақы, басқа да әлеуметтiк кепiлдiк жүйесi). Ең күрделi мәселенiң бiрi – баспана. Оралмандардың квотаға енуге ерекше талпынуының да басты мақсаты осында. Оралмандардың басым көпшiлiгi ауылдық мекендерге орналасуда. Алайда, оларға шаруашылық ұйымдастыруға, фермерлiк iс-қызметпен айналысуға қолайлы жер учаскелерi берiлмейдi. Өйткенi, бұған дейiн таратылып қойған. Заңмен белгiленген жер қоры дәлелсiз, яғни жұмыс iстемейдi. Ал, ертең келетiн ағайын үшiн ше? Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, "Еуразия" университетi әлем тарихы және археология кафедрасының меңгерушiсi профессор: – Соңғы саяси жағдайларды қарап отырсаңыз, геосаяси мүдделрдiң қақтығысынан, жаңа мемлекттер бой көтерiп, кейбiр елдердiң аумақтық тұтастығына нұқсан келуде. Мысалы, Югославияны бөлшектеп, 6 тәуелсiз мемлекет жасады. Қазiр ол бөлшектеу саясаты Сербияға жүргiзiлiп жатыр. Екi айдан берi Косово бөлiнiп шықты. Бұның себебi неде? Албандар Сербияның байырғы тұрғыны емес. Олар Осман империясы кезiнде тұрақтанған. Соңғы кездерi халқының санын көбейтуге күш салды. Ал, аумақтық территорияны сақтауда Сербия дұрыс саясат жүргiзбедi. Дәл осы прецедент бiзде қайталанбас үшiн не iстеуiмiз керек? Өйткенi, елiмiздiң шығысы мен солтүстiгiнде әлi де ормандай болып отырған орыс ағайындардың сепаратистiк пиғылы күшейе беретiн болса, бұның соңы ұлттық қауiпсiздiгiмiзге сына қағуы мүмкiн. Ал, оңтүстiк-шығысымызда ұйғырлар Қытай шекарасына жақын отыр.Кейбiр сарапшылардың мәлiметiне қарағанда, олар қазiр Алматы облысында әр-түрлi әдiспен жердi сатып алып жатқан көрiнедi. Осының барлығы жақсылыққа апармайды. Егерде, бiз өзiмiздiң бостандығымызды баянды етемiз, аумақтық территориямызды тұтастай дерлiк сақтай аламыз десек, шеттен оралып жатқан қандастарымызды жүйелi әрi кешендi түрде қазақ аз мекендерге әкелiп орналастыруымыз керек. Тәуелсiздiк алған 16 жыл iшiнде елiмiзге жыл сайын 35-40 мыңның айналасында қазақ келiптi. Бiздiң мәлiметiмiзге қарағанда шетте жүрген қазақтар жылына 200 мың балаға көбейедi екен. Демек, бiз жылда шеттегi қазақтың өсiңмiн де әкеле алмай отырмыз. Мен өзiм Омбыдан келген қазақпын. Бiр жағдайды айта кетейiн. Қазақтың байырғы жерiнде қазiр 100 мыңға жуық бауырлар тұрады. Қырыққа жуық бiр орысы жоқ таза қазақ ауыл бар. Ке¬зiндеАлаштың бүкiл мықтылары осында оқыған немесе туған. Бүгiн Омбыдағы қазақ жастары тек қана орысша сөйлеп басқа ұлттан қыз ала бастады! Ертең олардың болашағы белгiлi. Омбыда бiр қазақ мектебi жоқ, бiр секунд қазақ радио, телевиязаны көре алмайсыз. Газет пен театр атымен жоқ. Осыдан 100 жыл бұрын жүргiзiлген Столыпиннiң аграрлық реформасы неге күштi сипатқа ие болды? Олар жылына Қазақстанға, Сiбiрге 400-450 мың халықты көшiрiп әкелген. Ол кезде темiр жол жаңа ғана түсiп жатқан. Тас жол, темiр жол, әуе жолы деген жоқ. Соған қарамастан қара шекпендiлердi көшiрiп әкелiп, керемет жақсы жағдай жасаған. Еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейiн, әр қайсысына 15 десятинадан жер берген. 1 десятинаңыздың өзi 1 гектардан артық. Бiздердiң сұрап отырғанымыз – 10 сотық жер. Ол жаңағы жердiң жүз елуден бiр бөлiгi ғана!. Сондай-ақ, оларға үй-жайын салуға құрал-сайман, құрылыс материалдарын да берген. Ақшалай көмек көрсеткен. Оларды салықтың барлық түрiнен бастабында 10 жыл, кейiн 5 жылға босатқан. Бес жылдай балаларын әскерге алуға тыйым салынған. 3-4 жылдың iшiнде олар байып кеткен. Сөйтiп Сiбiрдегi және Қазақстандағы ең байы – қарашекпендiлер едi. Бiз ол көмектiң оннан бiрiн де көрсете алмай отырмыз! Олар көшу -қон ережесiн бiр-ақ парақ қағазға сидырған. Сонымен қатар, Қазақстан үкiметi тiл мәселесiн шешу үшiн миллондаған қаржы бөлiп отыр. Бiрақ, оның қайырын аз көрiп отырмыз. Оның есесiне бұл қаржыны қандастарымызды көшiрiп алуға, олардың бейiмделуiне жұмсаса, ұтарымыз мол болар ма едi. Демография мәселесiнiң түйiнi де осында жатыр. Жұмыс күшiн де шеттегi қандастарымыздың есебiнен шешу керек едi. Тұрақты тiркелудi шешудiң бiр-ақ амалы бар. Көшi-қон комитетiнiң басқармалары орналасқан ғимаратта үй кiтабын ашып, сол жерге уақытша тiркеуге алып, бiр сәтте-ақ шешуге болады. Квота жыл сайын 15 мың отбасыға бөлiнiп келдi. Бiрақ, келгендердiң барлығы бiрдей оған қол жеткiзе алмайды. Үш адамның бiреуi ғана квота ала алады. Сондай-ақ, азаматтық алу мәселесi де ең кемiнде 1-1,5 жылға дейiн созылады. Израильде ұшақтан түсiсiмен, қолына төлқұжатын ұстатады екен. Бiзде оған мүмкiндiгiмiз болмаса да, бiр айдың айналасында шешуге болмай ма? Жер бөлудi жергiлiктi әкiмшiлiктердiң мойнына артып қойды. Оның өзi жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа айналып кеттi. Яғни, қандастарымызды орналастыруды бiздiң ең ескеретiнiмiз – қарашекпендiлердiң қазақ даласына қалай қоныстанғандығы. Соларға жасалған қамқорлықтың оннан бiрiн жасасақта та, қандастарымыздың бейiмделу мәселелерi бiрталай шешiмiн табар едi. Сосын Солтүстiк облыстарға баратын адамдарды ынталандыру, оларға берiлетiн көмектiң көлемiн 2-3 есеге арттыру, үй-баспанамен қамтамасыз ету мәселелерiн шешу. Және оларды квотамен орналасқан жерлерiнен кетпеуiн қатадағалап, қолынан қол хат алуы керек. Егер, кететiн болса берген мүкамалдардың бәрiн қайтарып алатындай келiсiм-шарт жасасқан жөн. Квотаға енген қазақстарға ақшалай көмек емес, он сотық жерiн қоса беру керек қой! Оларды қалалардан, iрi өндiрiстерден елу-алпыс шақырым жерден алшақтатпай орналастыру керек: бiрiншiден, мал ұстап күн көредi және қаланы асырайды, және балаларын оқыта алады. Тағыда айта кететiн мәселе: көшiп келем деген қазақтың құжаттарын алдын ала дайындау керек. Оларға шақыру қағазын жiбергенше – тiркеу, паспорты және үйi дайын болу керек. Сосын ғана "пәлен бай күнi паленбай жерге кел" деп шақыру қағаз жiберу керек. Мен өз басым бейiмдеу орталықтарды салуға қарсымын! Бiз миллиардтаған ақшаны осыған жұмсағанша, осы ақшаға квотадан тыс жылына 12-13 мың кiшiгiрiм үй салып, оларға оралмандарды орналастыруға болады. Бұл мәселе шешiмiн табуы үшiн, Көшi-қон мәселелерiмен айналысатын арнайы министрлiк керек, сондай-ақ, шеттегi қазақтарды тарихи отанына репартациялайтын арнайы заң қажет. Досан БАЙМОЛДА, техника ғылымдарының докторы, халықаралық журналист: – Бұл жиында көптеген пiкiрлер айтылды. Оның түйiнi – көшi-қон проблемасы толғауы тоқсан, түйткiлдi мәселе екендiгiне келiп сайды. Сыртқы көшi-қонмен бiрге iшкi көшi-қонның сан тарау мәселелерi келiп қосылды. Сондықтан, осыдан он жыл бұрын "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң қабылданған болатын. Осы уақыт аралығында ол 8 рет өзге¬рiске түскен екен. Осы заңды қай¬та қарап, көшi-қонға қатысты жаңа заң қабылдау қажет деген пiкiрге тоқталдық. Сондай-ақ, көшi-қон проблемаларымен айналысып отырған Көшi-қон комиетiнiң құзыры өте төмен. Ол мемлекеттiк көшi-қонға бөлiнген 15 мың отбасын көшiрiп алу және қаражатын таратып беру iсiмен ғана шектелiп отыр. Ол ағайындар келген жерiнде қандай iспен айналысқан, көшiп келгеннен кейiнгi ахуалы қалай? Бұның барлығына Көшi-қон комитетi бас қатырмайды. Сондықтан, осы комитеттiң құзырын жоғарылату керек. Ол агенттiк немесе министрлiк дейгейiнде қайта құрылуы керек. Шетелде жүрген қазақ мәселесiне келетiн болсақ, қазiр жалпақ есеп бойынша, 5 миллион қазақ бар деймiз. Бiрақ, бұл нақты дерек пе? Оны кiм санады? Олардың дәл санын шығаруға болады. Әр мемлекеттегi Қазақстан елшiлiктерi арқылы оның нақты санын алуға мүмкiндiк бар. Мысалы, Ресей мен Өзбекстанда қанша қазақ барын айту қиын. Мысалы, бiр кiсi айтты "Өзбекстанда шамамен 1,5 миллион қазақ бар деймiз. Бiрақ, нақты саны – 3 миллионнан асты" деп. Оған да мән беру керек. Өзбектердiң саясатында олар төлқұжатында "өзбек" деп жазылмаса, жақсы деңгейдегi жұмыстарға қабылданбайды. Сол себептен де ерiксiзден өзбек боп жүргендер қаншама. Қытайдағы қазақтардың саны да тұманды. Ресейдегiлердiң санын 800 мыңның айналасынан асырмай отырмыз. Ол да бекер. Бүкiл Алтайдан Оралға дейiнгi шекара маңындағы тұтас қазақ даласы екенi талассыз шындық. Онда тек қазақтар өмiр сүредi. Яғни, шеттегi қазақтардың өмiрiн арнайы зерттейтiн ғылыми-сараптама орталығы құрылуы керек. Егер, Көшi-қон және демография агенттiгi қайта құрылатын болса, ғылыми орталық соның жанынан ашылуы қажет. Әрi оралмандар құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. "Оралман" деген кiм? Ол жағы да ашық айтылмайды. Шетелден келiп азаматтығын алып алғаннан кейiн, 10 жыл өтсе де, "оралман" болып жүре бередi. Сондай-ақ, қазiр осыдан он жыл бұрын жарамсыз болып қалған үйлердiң иелерi пайда бола бастады. Кезiнде жергiлiктi әкiмшiлiк бұл үйлердi оралмандарға сатқан немесе баспана ретiнде берген. Алайда, жекешелендiрiп алып үлгермеген пәтерлердiң иелерi келiп, үйлердi тартып алып жатыр. Сотта қаралған iс байырғы иелерiнiң пайдасына шешiлуде. Мұндай мысалдарды мен көптеп бiлем. Былтыр Алматыда "оралмандарға тегiн, тiптi, қайтарымсыз несие бергелi жатыр екен" деген әңгiме гу ете түстi. Оралмандар ол үшiн құжат жинап, бiраз уақыты мен қаржысын сарп еттi. Тiптi, кейбiреулер бұдан бизнес жасап, оралман куәлiгiн мың долларға дейiн жасап бердi. Нәтижесiнде, құжат өткiзгендер мыңдап саналады. Әрi бұл банк қызметкерлерiне берiлдi. Бiрақ, ақша алған жан туралы естiген емеспiн. Ертең бұл да құжат өткiзген ағайындардың мойнына iлiнiп жүрсе қайтемiз. Демек, елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiк мәселесiнiң бiр ұшы оралманға да келiп тiреледi. Кешегi бiртұтас Сербия алдымен екi автономиялық республикаға бөлiнiп, одан Косово бөлiнiп шығуымен аяқталып отыр. Бұл талайларға сабақ болатын прецедент. Ендеше, оның салдары Қазақстанда қайталанбас үшiн елiмiз ең алдымен қазағы аз мекендерге шеттен келетiн оралмандарды көптеп орналастыру мәселесiн қолға алуы керек. Ол үшiн жаңа стратегиялық құжат қабылдануы тиiс. Онсыз ұлттық қауiпсiздiгiмiзге сына қағылып жүрмесiне кiм кепiл?

Есенгүл Кәпқызы