Жаңалықтар

ӘДЕМІ БОЯУЛАР, ӘСЕРЛІ ӨРНЕКТЕР

Микроб дейтін зымиян бар. Баланың қолына қона қоюға құмарлығында шек жоқ. Ата жауы — сабын.

Ал, мықты болсаңыз, осыны өлеңге айналдыра қойыңызшы. Ойланып қаласыз, ә?! Ал Сұлтан Қалиұлы, мықты болған соң, мұны баяғыда-ақ өлеңге айналдырып қойған. Кел, үлкендер, оқиық:

Бетті, қолды сабындап

Жиі жуу пайдалы-ақ.

Тұра алмайды дамылдап

Микробтар тайғанап.

Беу, үлкендер, ойланайықшы. Баяғы ферма орталығындағы жалғыз медпункттің бормен әктелген дәлізінде ілулі тұратын түсінікті, түсініксіз сурет-плакаттар көз алдыңыздан жалт етіп өте шыққан жоқ па? Неге жалт етті? Жалт еткізген қуат көзі — «Микробтар тайғанап» деген бір-ақ жол. Микробтар тайғанақтап жүрген суретті сол бір өткен замандарда «точно» көрген сияқтымыз. Бұл — сіз бен біз. Ал сіз бен біздің балаларымыз бен немерелеріміз ше? Әлгі «микробтар тайғанап» деген жолды оқыған балаларымыз бен немерелеріміз сол микробтардың қалай тайғанайтынын көру үшін ғана қол жууға жүгіре жөнелетін сияқты. Микробы жоқ қолдарға түсе бермейтін бір тапқырлық, міне, осы.

Әріге кетсек, бұл микроб пен оның тума-туыстары 1913 жылы ұлт шаруасына жегіліп жүрген Ахмет Байтұрсыновты мақала жазуға мәжбүр еткен. Ахаң «Зарарлы микробтар — дененің дұшпаны, жауы» деп те, «Тән мен микроб арасындағы соғыс — күнде болатын соғыс» деп те түсіндіріп-ақ баққан. Одан беріге келсек, бұлар орыс Корней Чуковскийге «Мойдодыр» деген ертегі шығартқызғанын, оны «Пионер» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсыноваға «Кірқоймас» деген атпен қазақ тіліне аудартқанын, әрине, ұмытқан жоқсыз.

Бір шумақ туралы осынша ежелеп айтып отырғанымыздың себебі неде?

Әсіресе, қазіргідей алаөкпе шақта күнделікті күйбеңдерден қолы босай бермейтін үлкендердің балаларға ұсынатын бағдарламалық сөздері сол баяғысынша тым шектеулі: «Тентек болма», «Сабағыңды оқы», «Апайыңнын (кейде ғана: ағайыңның) айтқанын тыңда». Бұл тіркестерге түскі ас пен кешкі дастарқанның алдында еш өзгермейтін бір сауал қосылады: «Қолыңды жудың ба?». Өз сезіміне өзі өртеніп жүретін былайғы ақындарға қарағанда мойнына жауапкершілік жүктері көптеу түсетін, жай ғана ыссылы-суықты суреттеулерге қоса үгітшілік, насихатшылық (бәлкім, ұйымдастырушылық та) міндеттерді мүлтіксіз атқаруға тиіс балалар ақындары сәбилерге әлгі бағдарламалық сөздерді түсінікті шумақтармен жеткізуге тиіс. Міне, Сұлтекеңе «Микробтар» деген өлеңдер топтамасын, соның ішінде біз мысалға алған әлгі шумақты жазғызған да осы талап.

Жалпы ежелгі қазақпен әуелден бірге жасасып келе жатқанмен ғылыми әйтпесе ресми атауы қазаққа кейін кірген сөздер көп. Соның бірі осы «микроб» болса, тағы біреуі, мысалы, «спорт».

Ғұмыр бойы кең далада шалқып тірлік кешкен атам қазақ, сірә, күні кешеге дейін ат бәйгесі мен көкпардан басқаны адамзатқа қажеті бар спорт түрлеріне жатқызбағанға ұқсайды. Беріге дейін жеткен «Асық қуған азар, доп қуған тозар» дейтін тіркес — соның қарапайым бір мысалы. Ал спорттың қаншалықты мәртебелі іс-қимыл екені кешегі Лондон Олимпиадасында, әсіресе, әр жеңістен соң Әнұранымыз шырқалған қуанышты шақта анық миымызға жетті. Сұлтекең мұны, әрине, бұрыннан-ақ қапысыз білетін. Жазған дүниелерінің бірі, мысалы, «Спорт жұмбақтары». Ал енді жұмбақ жасырып көрейік.

Көк майсалы тор үйді,

Он көкпаршы ториды.

Қуған лағын кіргізбей,

Он бір батыр қориды.

«Бұл не екен?» дейсіз ғой қалың ойға батып. Мұндайда, мысалы, Самат Смақов пен Қайрат Әшірбеков еш іркілмей: «Көк майсаң — жасыл алаң, тор үйің — қақпа, лағың — доп, он бір батырың — он бір футболшы емес пе, соны да білмейсіңдер ме?» — деп саңқ ете түсуі мүмкін. Қазақ өлкесіндегі алғашқы футбол командасының бір мүшесі Мұхтар Әуезов болғаны туралы деректің растығы қандай ақиқат болса, футбол тақырыбына арналған тартымды жұмбақ иелерінің бірі Сұлтекең екендігі де сондай шындық. Бірақ, әрине, Қазақ елінде футбол өркендемей жатқанына құдіретті Мұхаң мен құрметті Сұлтекең кінәлі емес екені және рас. Бұл, бірақ, балалар ақындары емес, сірә, әлгі Лондонда негізінен зілтеміршілердің арқасында абырой жинап қалған спорт шенеуніктері шешуге тиіс мәселе. Бұл тіпті басқа әңгіменің еншісі болғандықтан, біз жұмбағымызға қайта оралайық.

Сұлтекеңді тәуір көретін аға ақындарымыздың бірі, балалар поэзиясы үшін Мемлекеттік сыйлық алған Мұзафар Әлімбаевтың кезінде: «Поэзиямыздың тұла бойы түгел-тұтастай метафораға толы түрі – жұмбақ; ал жұмбақ шығару – сөзбен әдемі сурет салу. Ақынның алғырының ғана пешенесіне бұйырар бақыт – осы жұмбақ. Бірде-бір жұмбақ жаза алмай кеткен жақсы ақындар да болған», – деп жазғаны бар.

Ал біздің Сұлтекеңде жұмбақтар жеткілікті. Бірлесіп жұмбақ шешіп көрейік.

Қатар-қатар тісім,

Сүзген орман ішін.

(Тарақ).

Әдемі-ақ емес пе?! Тіс те, орман да қазақы ұғымға лайық теңеулер.

Ән салады чемодан,

Ішінде жүр көп адам.

Естімейді сөзіңді,

Сөйлесең де сен оған.

(Теледидар).

Біздіңше, тап осы тұста, бәріміз айтып жүрген «көк жәшіктен» гөрі, орысшалау ныспыланса да, «чемодан» деген анықтама түсініктілеу тәрізді. Көз алдыңда тұрмаған соң, жәшіктің көлемі қандай екені белгісіз, ал чемоданның тұрқы қандай болатыны әр балаға әбден мәлім және оның ішінде көп адам жүргені, бұл адамдардың сенің сөзіңді естімейтіні мүлде қызықты суреттерді елестетеді.

Арбаң-арбаң жүрісім,

Не істемейсің күн үшін?!

Шыбындарға тор құрып,

Отырамын болдырып.

Тіл біте қалса, өрмекшінің тап осылай сөйлейтініне дау айта алмайтын тәріздісің.

Іші мұздап,

Құрыстап,

Дірілдейді бір шкаф.

Тоңызытқышты бұдан басқаша жұмбақтағандар да бар шығар, бірақ осы бейнелеудің солардан еш кемдігі жоқ та сияқты.

Міне, осындай жұмбақтар, әлгіндей өлеңдер жазатын Сұлтан Қалиұлын бұл арнаға түсіріп жіберген қай сиқыр?

Мысалы, Сұлтекең былай деп тұшымды сыр шертеді:

«…Бірде сабақтан келе жатыр едік, ұстахананың қасына таяп қалғанымызда, Нұржамал бір иір-иір темір тауып алды да, тік жоғары көтерді. Көтерді де, бір нәрсе айтуға ыңғайланғандай, айналасын түгел қарап шықты. Біз тоқтай қалдық. Ол даусын созып:

Бұл нәрсені Өсер ұста істеген,

Бұл нәрсені біздің қыздар аузына сап тістеген, – деді әндетіп.

Балалар ду күлді. Менің ойыма Миклухо-Маклайдан алған шегелерін тістеп көрген папуастар келді. Сондықтан ба екен, әлде өлеңнің табиғатында юмор бар ма, мен де күлдім. Өлең деген осылай болады екен ғой деген ой келді маған. Ішімнен қайталай бердім, қайталай бердім. Өлең болу үшін әр жолдың соңындағы сөздердің ұйқасып тұруы керектігін ұқтым. Ал ұйқас деген әлгі өлеңдегідей алдыңғы әрпі ауысқан сөздер деп түсіндім. Сөйттім де: «шапка – папка, болды – толды, жатыр – батыр» деп бір сөздің басқы дыбыстарын ауыстырып, екінші сөз жасап, ұйқас құра бастадым…»

Сол жалаңаш-жалпы «шапкалар» мен «папкалар», «болдылар» мен «толдылар» бертін келе бай, бақуатты ұйқастарға жол беріп, Сұлтекеңнің балалар қызығып оқитын өлеңдер жазуына тілектес болды. Фактімен сөйлейік.

Ақынның «Гүл» деген өлеңін оқыға­ныңызда көңіліңіз жылынып қалады. Жылып қалатыны да рас, бірақ, бұл ретте жылынып қалатынын басыңқырап айтқан мақұл. Себебі, қазіргі қазақ баласының тіршілігі Ілияс Жансүгіров жазатын «Нәйім, нәйім бауырсақ, Ағын суға шомылсақтан» өзге, берідегі Өтебай Тұрманжанов жазатын «Түйе бақтым, түлеп бақтым, Жылқы бақтым, жырғап бақтымнан» да басқаша.

Айталық, осы заманның түрлі жаңалықтарын толық қабылдап болған сәби кейіпкер қалбырға топырақ салып, үйге гүл отырғызады.

Жел ысқырып, қыс келді,

Жапырақтар түсті енді…

Ал гүл ше? Суықта гүл қайтпек? Сөйтсе:

Жаурамасын біліп гүл,

Сыртқа қарап күліп тұр.

Сырттағы ақша қарға әйнектен күле қараған әдемі гүлдің жанында тұрғандай әсер аласыз. Оның үстіне «біліп гүл – күліп тұр» деген үндес ұйқастар өлеңнің сәтті аяқталуына, газет тілімен айтсақ, мол үлес қосып тұр.

Жалпы, Сұлтан Қалиұлы ұйқас­тарды тілге жеңіл, құлаққа сіңімді етіп ұқыпты пайдаланады. Мына шумақты оқып көрейік.

Ұл-қызыңа ерген

Немерең – біз, әже.

Немереңнен өрген

Шөберең – біз, әже.

Ақынның бұл арадағы тапқырлығы – «ерген, өрген» деген сөздерді рет бойынша орынды қолдана білгені. Расында да ұл-қызға ерген ұрпақ немереден соң өрісін жая түседі ғой. Ал сәби «өрген» деген сөздің мағынасын бірден түсіне қоймаса, оны ұғындыратын атасы мен әжесі, көкесі мен апасы бар.

Әжеге еріп жүретін немеренің қандай болып өсері бәрімізді де толғандырады. Мәселен, баламыз тілазар болмаса дейміз. Ақынның «Тілазар емеспін» деген өлеңін оқи бастағанда да бүйірімізді осы ой түртіп жатады.

Нағашы атасы қонаққа келген бала тым қуанышты. Көңілі шат. Тіпті:

Атам үшін

Отқа да

Түсуге мен дайынмын, —

деп шалқиды. Несі бар, орынды. Сол ата ымырт үйіріле үйіне қайтуға жиналады. Атына мініп алған соң қамшысы үйде қалғаны есіне түсіп, «алып келе ғой» деп, немересін жұмсайды. Әлгінде ғана «отқа да түсуге дайын» жиен үйге аяқ баспай қояды.

— Тіл алмайсың сен, шырақ

Жалқаумысың, мұның не?

…Тіл алам-ау,

мен бірақ,

қорқам үйге кіруге.

Атасы үшін «отқа түсуге» даяр немере атасының қамшысы үшін қараңғы үйге кіруден қорқады. Таныс оқиға. Тіпті күні кеше өз басыңыздан өткен оқиға тәрізді. Көз батырлығынан гөрі сөз батырлығы көп сәби қылық, қулығы жоқ аңқау қылық. Сәбидің тап осы жолғы «отқа түсуге де дайынмын» деген сөзі де адал сыры, қараңғы үйге кіруден қорқып тұрғаны және ақиқат. Егер ақын сәбиді «қорықсам да атам үшін қараңғы үйге кіріп шықтым» деп сөйлетсе, бәлкім, сенбес едік. Өлең де санамыздағы ескі елесті жаңғырта қоймас еді.

Сонда бұл өлеңнің құндылығы ақиқатты айтқаны ғана ма? Ол ғана емес. Осы өлеңді оқыған бала былайғы жұртқа білдіргісі келмейтін өзінің бір әлсіздігін байқай қояды. Әрине, қорытынды шығаруы да мүмкін.

Біз жиі айта беретін тәрбие мәселесі осы арада да алдымыздан шығады. Мәселен, батырлыққа тәрбиелеу үшін «батыл бол» деп дәмсіз үгіт айта беру қажет емес. Бір мезет баланың өзіне таныс фактіні жылы юмормен жаба тоқыса да жеткілікті.

Тәрбие туралы әңгімемізді жалғай түселік. Өкінішке қарай, мекемесінде еш уақытта тәрбие сағаты өткізілмейтін үлкендер осы тәрбие мәселесіне келгенде көбірек ақсап жатады. Сол себепті ересектер балаларға арнаған шығармаларды, баласын ғана емес, өзін-өзі тәрбиелеу үшін оқып тұрса да, еш артықтық етпейтін тәрізді. Неге олай екенін мына өлең түсіндіреді.

Шопан атасының аулақтағы үйінде демалыста жүрген немеренің тұрақты бір тілегі бар:

Шаршасам да болдырып,

Күндіз сыртта көп жүрем.

Көкжиекке телміріп,

Қонақ келсе деп жүрем.

Неге? Баланы дастарқанға қойы­латын өрік, мейіз, науат қызықтыра ма? Жоқ. Бала қонақтар айтатын әңгімені ұйып тыңдайды екен. Әрине, әдемі әсер алады. Кеудесіне әлдебір күш енеді.

Күші екен бұл ненің,

Көңіл бекер таса ма?

Көбейіпті білгенім,

Өсу деген осы-ау, ә?

Бұл жерде қонақтар баланың қоршаған орта, өмір-ғұмыр туралы түсінігін кеңейтушінің рөлін атқарып отыр. Демек білікті ұстаздардың «қонақтың мазасын аласыңдар» деп баланы дастарқанға жолатпауымыздың қате екендігін ескертуі орынды. Екіншіден, осы біздің өзіміз қай жерде қандай қонақпыз?

Міне, әке де, бала да қатарласып отырып оқып, әркім өз керегін қиналмай теріп алуға болатын осындай өлеңдер, іздеп қарасаңыз, Сұлтекеңнен табыла береді.

Мысалы, Сұлтекеңнің «Біздің ойын» деп аталатын топтамасы бар. Мынау дүниенің жалғандығына әбден көзі жеткен, «күмістен жаратылған қанаты бар» үлкендердің «сәби болғысы келетіні» (Мұқағали) қандай рас болса, алаңсыз ғұмыр сүрудің қадірін біле бермейтін балалардың үлкен болғысы келетіні (ақынның өлеңіне үңілсек, ұстаз, дәрігер, суретші, шаштараз, астроном, т.б.) сондай анық. Және балалар ересектердің қолынан келетін шаруаны оп-оңай тындыруға болатынына соншама сенімді болады. Сол себепті де:

Қиялменен

Келешек

Асуларға самғаймыз.

Ойнап жүрміз демесек,

Ағалардан аумаймыз, —

деп шалқып та алады. Орынды дәлел, оралымды түйін.

Ал жаңылтпаштар ше?

Әдебиетті зерттеушілер бір замандарда жаңылтпаштар ойын-сауықтарда ән білмейтіндерге (ол кездерде де екінің бірі Біржан мен Ақан болмаған ғой) арнайы жаза ретінде қолданылғанын баян етеді. Рас шығар. Жаңылтпаштарды қайталап шығудың жаза болатын себебі, байғұс бозбала ән шырқап келістіре алмай бір қызарақтаса, қара сөзден қайта-қайта жаңылып және күлкіге ұшырайды ғой. Мысалы, мына жаңылтпашты іркілмей қайталап шыққан балаға бәйге беруге де болар еді:

Сары ала ара

Балалы араға

Бал ала бара ала ма?

Бал ала бара алмаса,

Бала бал ала бара ала ма?

Жаңылтпаштармен бірге, әсіресе, 4-7 жас аралығындағы балаларға қажетті жанр, балалар ақындарының қай-қайсысы да аттап өте алмайтын фольклорлық үлгі — санамақтар. Әуелде «Бір дегенім — білеу, екі дегенім — егеумен» басталған терең тамырлы санамақтар кейін өркениет өзгерісіне қарай жаңаша сипаттар алды. Сұлтекеңнің «Неше құс?» деген санамақ өлеңі, айталық, арифметикадағы қосу амалымен бірге жануартану пәнінің міндеттерін де атқаратын болса, «Қанша кісі?» атты санамағы цифрлармен бірге туыстық атауларды да қоса ұғындырады, ал «Өнерлі балалар» деп аталатын санамақ он екі баланың қайсысы қай кәсіпке икемді екендігін нұсқай отырып, сол арқылы өнерлінің жолы даңғыл болатынын және ескертіп тұрғандай әсер қалдырады.

Фольклор жанрларын жанамалай сөз еткенде де соқпай кетпейтін бір саламыз — ертегілер. Сұлтекеңде ертегілер де аз емес: «Ғажайып тас», «Бақ атай туралы аңыз», «Қоян неге қорқақ?», «Аңғалдардың ажалы», «Бақыт деген не?», «Сор»…

Жасырарлық құпия қалып жарытпаған мына заманда балаларды ертегілермен алдау, әрине, қиын. Дегенмен үлкендердің, дәл кітаптағыдай оқиғалар мына өмірде болмайтынын біле тұрса да, дәмді романдар мен тартымды повестерді бәрібір оқитыны сияқты, балалар да сюжеті қызықты ертегілерден бас тарта алмаса керек. Оның үстіне ертегілер, сәбилердің қалауындағыдай, кейіпкерлердің ылғи бай болып, барша мұратқа жетуімен аяқталуына қоса алуан түрлі шытырман тірліктерді алға тартады ғой. Ал шытырман оқиғаларға араласуға құмартпайтын бала жоқ. Сұлтекең, міне, сондай гәптерді есте ұстай отырып, оқуға жеңіл, мәні мағыналы ертегілерді қиналмай құрастырады. Және тек жалаң оқиғаларды бірыңғай қуалап кетпей, құлақта қаларлық қосымша ой-түйіндерді де тиімді пайдаланады.

Үлкенге де, кішіге

Қайырымды халқымыз.

Қырсық шалған кісіге

Көмектесу — салтымыз, —

деген тәрізді арагідік кездесетін шумақтар аңқаулық пен адалдық, ерлік пен елдік, қамқорлық пен қайырымдылық туралы ертегілерде автор ұстанған мақсатты шеберлікпен шегелей түседі. Қысқасы, бұл салада да ақынның қаламы тек олжа іліктіріп қана жорғалайды.

Ақынның осындай алуан жанрды қамтыған ақжарқын туындылары туралы тағы не айтуға болады?

…Анау бір жылы өзінен екі сынып жоғары оқитын Нұржамалдың Өсер ұста істеген бұйым туралы шығарған екі жол өлеңі Сұлтекеңнің есінде мықтап сақталып қалыпты. Бұл жай да жаңа жолдың басталуына бір себепші болған шығар. Ал ондай басқа да көп себептер (қоршаған орта, білім, қабілет, т.б.) әлбетте аңғарымпаз жанды ілгері жетелей береді. Мұны біздің ақынымыз бала тілімен жазылған «Айналам» деген өлеңінде мойындайды да:

…Бара қалсам көлге де,

Қызықтарды көрем көп.

Бар әсерім кеудеме

Құйылады өлең боп.

…Бұлбұлға да сайраған

Сүйсінемін жыр арнап.

Байқап жүрмін,

Айналам

Мені ақын ғып шығармақ.

Амандық болса, биыл күзде 90 жасқа толатын Мұзафар ағасынан бақандай жиырма жас кіші, оның есесіне желтоқсанда 60-қа толатын Арасанбай Естен қаламдасынан тура он жас үлкен, қазақ балалар әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Сұлтан Қалиұлының өлеңдерін оқыған қанша бала кейін ақын болып қалыптасқанын біз білмейміз. Ал оқып, сосын ойланғандар, жаттап алғандар мен шаттанғандар, әрине, өзінің жағымсыздау кейпін танып қалып аз-мұз ұялыс тапқандар көп, өте көп екенін ойша шамалаймыз. Айталық, ақынның «Қандай болып өсемін» деген 320 беттік кітабы кезінде, мысалы, 25 мың данамен жарық көргені бар. Сондай да замандар болған.

Сол себепті де тағы бір оқушы Нұржамал:

Бұл өлеңді Сұлтан ақын тоқыған,

Бұл өлеңді біздің қыздар сөмкеге сап оқыған, – деп жатса, таңданатын ештеңесі де жоқ. Өйткені балалар өздеріне бөлекше әсер еткен нәрсе туралы өлең шығаруға құштар келеді ғой.

Ертай АШЫҚБАЕВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты

Back to top button