ҰСЫНЫСЫМ ҚОЛДАУ ТАПҚАЙ!

ҰСЫНЫСЫМ ҚОЛДАУ ТАПҚАЙ!

ҰСЫНЫСЫМ ҚОЛДАУ ТАПҚАЙ!
ашық дереккөзі
311

Алматы қаласының Әкімі Ахметжан ЕСІМОВ мырзаға

Құрметті АХА!

«Әркімде әртүрлі ой бар» демекші, мен де өзімнің мына бір ойымды Сізге ашық білдіруді жөн көрдім:

Алматының аса көркем көшелерінің бірі «Абай даңғылы» ғой. Оның басталған жерінде ұлы ақынның еңселі ескерткіші тұр. Жарасымды ма? Әрине! Егер сол арадағы Республика мәдениет сарайы «Абай атындағы мәдениет сарайы» болса, тіптен тамаша болар еді! Ескерткіш, Даңғыл, Сарай үшеуі осындай үйлесімге сұранып-ақ тұр ма? Әрине!

«Абай атында…», иә, осындай сәтте қай-қайсысымыздың болсын тіл ұшымызға: «Абай атында опера және балет театры бар емес пе?!» деген сұрақ келе қалады. Орынды сұрақ. Ал мұндағы орынсыздық – ол театрға әу баста Абай атын берудің асығыстық болғандығы. Бертінде операның кейіпкері болғаны демесек, ұлы ақынның операға, балетке нендей, қандай қатысы болыпты? Өлеңдерінен, қара сөздерінен опера, балет өнерінің «иісі» біліне ме?

Өнер, білім, ғылым, әдебиет… ордаларына сол салада мол еңбек сіңірген қайраткерлердің аты қойылуы – қашан, қай елде болсын дәстүрлі, заңды мәселе. Осыны ескерсек, опера және балет театрымызға қазақ опера өнерінің көшбасшысы болған, бүгінде туғанына 100 жыл толғанын бүкіл еліміз тойлап жатқан атақты Мұқан Төлебаевтың атын қою дұрыс болар еді! Бұл ұсынысқа Бас ақынымыздың аруағы ренжімес дегім келеді.

М. Төлебаев кезінде Қазақ республикасының тұңғыш әнұранының әуенін жазды. Әзірше теңдесі жоқ ғажап қуатты әуен! Ал сонда партия мен үкімет басшылары саясат үшін «бригадалық тәсіл» жасап, Мұқаңа Е. Брусиловский мен Л. Хамидиді күштеп қосақтады. Ол «құбылысты» зерттей келгенде, Брусиловскийдің «Мұқан әуенінің қайырмасына бір пікір айтқаны», ал Хамидидің ешқандай қатысы болмағаны анықталды. Латиф ақсақалдың: «Менің қатысым жоқ, тіркей салды ғой» дегені бар.

Ол әнұранның өлеңін Қайым Мұхамедханов жазса да, партия мен үкімет басшылары «брига­да­лық тәсілмен» оған Ғ.Мүсірепов пен Ә. Тәжібаевты қосақтап жіберген.

Қайым ақсақал көпе-көріне қиянатқа кеңес дәуірінде еріксіз көнсе де, еліміз тәуелсіздік алысымен ақиқатты іздеді және тапты. Ол, қаншама жыл қуғын-сүргін көрсе де, өлеңінің түпнұсқасын сақтаған екен, соны ұстай барып сотқа жүгінді. Қосалқы екі автордың «үлестері» Қакеңнің «Ер қазақ» деген сөзін «Біз қазақ» деп түзету ғана болғанына көз жеткізген Жоғарғы сот: «Қазақ КСР гимнінің авторы – Қайым Мұхамедханов» деп шешті. Өкінішке қарай, Мұқан Төлебаев, «өзі жоқтың – көзі жоқтықтан» қосалқы авторлармен бірге қала берді. Опера және балет театрымызға атын қойсақ, құрметті Аха, Мұқаңның аруағы сол бір өкініштің салмағынан аздап болсын серпілер ме еді, қалай ойлайсыз?

Тек жақсылыққа тілектестік сәлеммен,

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық әдеби «Алаш сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті журналшысы

Серіктес жаңалықтары