«МЕН ТАЗА БОЛМАСАМ…»

«Мен таза болмасам, сен таза болмасаң, қоғам да таза болмайды».

Бұл мәтел қырғыздың аяулы ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Исхак Раззақовқа тән. Қырғыз журналистері және педагогтары көп қолданып, ұранға айналып кеткен бұл сөз Исхак Раззақовтың өзінің де берік ұстанымы. 1961 жылы 51 жасында жала жабылып, қызметінен алынуы – оның таза қызметіне советтік тоталитарлық биліктің берген «бағасы». Исхак Раззақовқа өмірден өткен соң, елу жылдан кейін ғана мемлекет тарапынан әділ баға берілді.

Ол «Қырғыз Республикасының батыры» деген ең жоғары атаққа ие болып, «Ақ сұңқар» алтын медалімен марапатталды.

Исхак Раззақов Қырғызстанның Бәткен облысының Лейлек ауда­нындағы Хорасан деген қыс­тақта 1910 жылы дүниеге келген. Үш жасында анасынан, сегіз жасында әкесінен айрылып, тұл жетім қалған бала Ходженттегі балалар үйінде, сосын Тәшкендегі мектеп-интернатта тәрбиеленіп, білім алады. 1936 жылы Мәскеудің жос­парлау институтын бітірген соң, білімді жас экономист әуелден-ақ үлкен қызметтерде істей бастайды. 29-жасында Өзбекстанның мемлекеттік жоспарлау комис­сариатының төрағасының орынбасары, бір жылдан кейін төрағасы, одан кейін Халық комиссарлары кеңесінің төрағасының орынбасары, сонымен қоса Халық ағарту комиссариатының комиссары болып, 34-жасында Өзбекстан КП(б) ОК-ының үгіт-насихат бойынша хатшысы қызметіне көтеріледі.

Исхак Раззақовтың көрші рес­публикада еңбек еткен жылдары Өзбекстан КП(б) ОК-ының бірінші хатшысы Усман Юсуповтың жетекшілік қызметімен (1937-50-жылдар) тұспа-тұс келді. Усман Юсуповқа өзінен он жас кіші Исхак Раззақовты інісіндей жақсы көріп, қамқор болады. Ұлы Отан соғысы кезінде Қырғызстан КП(б) ОК-ының бірінші хатшысы Алексей Вагов Усман Юсупов­қа «Естуімізше, сіздерде шаруа істерін жақсы білген бір қырғыз жігіті бар екен. Соны бізге жібермейсіздер ме?», – деп телефон шалады. «Сіз­дер ол жігітке қандай қызмет бер­мекшісіздер?», – дейді Усман Юсупов. В. Вагов «Мемлекеттік жос­пар комиссариатындағы жауапты орынға…», – деп жауап қайтарады. Сонда Усман Юсупов: «Ол жігіттің аты-жөні Исхак Раззақович. Біз оны Қырғызстанның Мемпланына емес, дәл cіздің орныңызға даярлап жүрміз. Жіберсек, сол орынға ғана жібереміз», – деген екен. Сөйтіп, өзбектер «баптап жүрген қырғыз құлыны» Мәскеудің пәрменімен 1945 жылы Қырғыз ССР-інің Министрлер Советін басқаруға жіберіледі. Бұл қызмет 1950 жылға дейін істеп, сол жылы Қырғызстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Кеңес тарихындағы қырғыздан шыққан бірінші хатшы. 1961 жылы 8-9 мамырда өткен Қырғызстан КП ОК-ның пленумында «халық шаруа­сын басқарудағы жіберген үлкен қателіктері және республиканың партия ұйымдарына жетекшілік етудегі кемшіліктері» үшін бірінші хатшы Исхак Раззақов және Министрлер кеңесінің төрағасы Қазы Диқамбаев қызметтерінен алынады. И. Раззақов Мәскеуге шақырылып, КСРО-ның мемлекеттік эконо­микалық кеңесіндегі қара­пайым экономистің жұмысына жіберіледі. Шешім шығар алдында Мәскеуде, СОКП-ының саяси бюросында Раззақовтың мәселесі үш жолы қаралып, оны орнынан түсіруді СОКП-ының ОК-ының бірінші хатшысы Н. С. Хрущев қолдамайды. Ф. Козлов және М. Суслов деген ОК-ының аппарат қызметкерлері жүгіріп жүріп, Хрущевті көндіріп дегендеріне жеткен. Орталыққа Исхак Раззақовтың республикада көтерген бастамалары және оны іске асыруы ұнамай қалған. Одақта алғаш рет мектеп оқушыларына сәскелік тамақты ұйымдастыруды Раззақов көтеріп, 1-7-класстың балаларына ыстық тамақ бергізген. Қырғыз Үкіметі денсаулығы нашар нәрестелерді ерекше қамқорлыққа алған. Республикада қырғыз ұлтын­дағы жас мамандарды әзірлеу, «Орыс мектептерінде қырғыз тілін оқыту» жөнінде қаулыларды қабыл алған. Әлгі пленумның алдында-ақ, И. Раззақов пен Қ. Диқамбаевты Мәскеуге шақырып алып, СОКП-ының ОК-ының хатшысы Ф. Козлов «сіздер халыққа Одақтық Үкіметтен де жақсырақ көрінейік дедіңдер ме? Коммунизмге бәрінен бұрын жетейік деп жатқан шығарсыңдар» деп ұрысқан көрінеді.

Исхак Раззақовтың Қырғыз­станның өсіп-өркендеуіне қос­қан салымы орасан зор. Басқа­ларын айтпағанның өзінде, ол республикаға жетекші болып тұр­ғанда өлкеде көптеген өнеркәсіп мекемелері салынған. Олардың арасында Одақтық дәрежедегі ірі өндіріс орындарының қатарына кірген, әр бірінде он мыңнан астам адам жұмыс істеген ауыл шаруа машиналарын жасау, әскерлік-қорғаныс бағытындағы физикалық жабдықтар және «Қырғызавтомаш» зауыттары, тоқыма фабрикасы және бірнеше су-электр станциялары бар. Халық шаруасындағы жетістіктері үшін республика

1955 жылы Ленин орденімен марапатталған. Бішкекте (Фрунзеде) Ғылым академиясы, Мемле­кеттік университет, Қырғыз қыз-келіндер педагогикалық және Қырғыз дене тәрбие институттары, Ош және Пржевальск (Ыстықкөлде) қалаларында педагогикалық институттар ашылған. Жастарға жоғарғы техникалық білім беру мақсатында оның бастамасымен құрылған политехникалық инсти­тут қазір өзінің есімін алып отыр (И. Раз­зақов атындағы Қырғыз мемлекеттік тех­никалық университеті).

Исхак Раззақовтың өз халқына сіңірген үлкен үлесінің бірі «Манас» дастанына қатысты. 1951 жылы Бішкекте «Манас» эпосына арналған бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Мақсаты – дастанды әдебиет тарихынан алып тастау. Осы конференцияда оқымыстылардың арасынан «Манасты» сақтап қалу бойынша негізгі сөзді айтқан Мұхтар Әуезовтің, Әуезовті қостап сөз сөйлеген бірнеше ғалымдардың пікірлеріне сүйеніп, Қырғызстан компартиясы ОК-ының халықтық эпосқа деген көзқарасын тұжырымдап, оң қорытындыны айтқан Исхак Раззақовқа болатын. «Манасқа» қарсы шыққандар да аз емес-ті. Бұл батырлық жырларға қарсы «соғыстың» кезі болатын. «Манас» жығылса, кезек қазақтың «Алпамысына», алтайлықтардың «Алып Манашына» және басқаларға келмек.

Кезінде Мұхтар Әуезов Исхак Раззақов туралы «Сіздер, қырғыздарым, осындай ұлы кісінің қадіріне жетпей, оны мойытып алмаңдар» деп айтқан екен. Өзбекстанда және Қырғызстанда істеп тұрған уақытында Исхак Раззақов төрт рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, I дәрежелі Ұлы Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Ол Мәскеуге кетірілген соң, мүлде ұмытылды. Қырғызстан тәуелсіздігін алғанша осылай болып келді. 1974 жылы Тәшкенде өткен Өзбек ССР-інің құрылғандығының 50-жылдық салтанатына шақырылып, Құрмет грамотасымен марапаталыпты да, Мәскеуде өткізілген Қырғыз ССР-інің 50-жылдығына шақырылмапты да.

Исхак Раззаков өз ісіне ғана жауапты емес, сөзге де шебер адам болған. 1955 жылы Алматыда ауыл шаруашылығына арналған одақтық мәжіліс өтеді. Сөз кезегі Қырғызстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы Исхак Раззақовға да беріледі. Никита Хрущев баяндамашының сөзін бөліп, «Исхак Раззақович, ашығын айтыңызшы, Қазақстан биыл 1 миллиард пұт бидай береміз деп жатыр. Қырғызстан қанша пұт бермекші?», – дейді. Сонда, Раззақов бөгелместен, өзін салмақты ұстап: «Никита Сергеевич, қырғыз бен қазақ бір туған халық, сондықтан, қырғыздар қазақ бауырлас­тарымен бірігіп, 1 миллиард 10 миллион пұт бидай беруге қамданып жатыр» деп Хрущевті бас етіп, елді қыран-топан күлкіге бөлеп, ду қол шапалақтатқан екен.

Сол жылы Қырғызстанға Ленин орденін тапсыру салтанатына Н.С. Хрущевтің өзі келіп қатысады. Ол тілі ащы, әзілкеш адам болған емес пе, Раззақов сөйлеп жатқанда, «Тауларымыз биік дейсіз, кемшіліктеріміз оның тасасында көрінбей қалады деп тұрасыз ба?» деп киліге кетеді. Сонда Раззақов «Сіз айтқан биік Алатауымыз қырғыз халқын ежелгі заманнан бері талай жаудың шапқынынан, көптеген азап-тозақтардан қалқалап қалған, жолдас, Никита Сергеевич!», – деп жиналыс болып жатқан Қырғыз опера және балет театрында отырған қырғыздардың көңілін асқақтатып, бір көтеріп тастапты, Президиумда отырған Н.С.Хрущев үндей алмай, төмен қарап, үстелді шұқылай беріпті.

1959 жылы Мәскеуде бірінші хатшылардың жиналысына қатысқандар асханада бірге тамақ ішіп қалса керек. Жеті-сегіз адам бір үстелде дастархандас болып, Литваның жетекшісі Антанас Снечкус Исхак Раззақовичке қарап, «Қырғыздар тамақты қолмен жейді дейді, осы рас па?», – деп кекете сұрау береді. «Иә, солай, не, сендер тамақты аяқтарыңмен жейсіңдер ме?», – деп ол Снечкусты ұялтып қойыпты.

Оны орнынан түсіру үшін арнайы ұйымдастырылған пленумда алдымен республикадағы жағдай туралы баяндама жасаған Исхак Раззақовқа залдағы делегаттар жиі-жиі қол соғып, қошемет көрсете берген. Сонда Мәскеуден келген өкілдер сөзіміз өтпей қала ма деп күйбелектеп, қатты пүшәйман болады. Бірақ, бірнеше күн бойы өкілдердің «емтиханынан» өткен баяндамашылар қорыққандарынан бірінші хатшыны амал жоқ сынап шығады. Әйтсе де, қаулы қабыл алынып, президиумдан түсіріліп, залға отыруға «жөнелтілген» Раззақовты залдағылар орнынан тұрып, құрметпен тосып алыпты.

Исхак Раззақов 1967 жылы Мәскеуде Мемлекеттік жоспарлау комитетінде бөлім басшысы болып жүргенде, денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығады. 1979 жылы қайтыс болып, сүйегі Мәскеудегі Кунцево зиратына қойылады. Жақындарына «сүйегімді өртемесін» деп өсиет қалдырыпты. Ол жат жерде өлсе де, сүйегінің туған жеріне ақыры бір келерін алдын ала сезген сияқты. Бірінші хатшы қызметінен түсіп, әріптестерімен қоштасып, ақырғы жолы қызметтік көлігімен үйіне кетерде, жүргізушісіне «Волгасын» қаланың сыртына қарай әудем жерге айдатып, тоғайлы жерге тоқтаттырып, жаяу басып кетеді. Кешігіп бара жатқан соң, жүргізушісі артынан ақырын барса, ол «Айналайын, туған жерім, бармақтайымнан жетім қалып, бөтен жерде жүріп, ақыры анамды тапқандай, туған жерімді тауып келіп едім. Қолымнан келгенше істедім. Туған елім үшін ешнәрсе аянғаным жоқ, жақсы істей алмаған болсам, кешір, жерім! Мен сені қайырылып көрем бе, жоқ па? Көрсем, енді қашан көрем!», – деп солқылдап, жерді құшып, жылап жатыр екен.

2000 жылы Асқар Ақаевтың жетекшілігі тұсында қырғыз еліне ардақты жанның сүйегі Бішкекке алынып келініп, «Алаарша» зиратына құрметпен қайта жерленді.

Жақында 31 тамызда Қыр­ғызстанның тәуелсіздік ал­ған күнінің құрметіне Бішкек қала­сының маңындағы Боз Бөлтек ауылында биіктігі 75 метрлік қырғыз туы (дүние жүзіндегі ең биік үшінші ту ) орнатылды. Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ, Ис­хак Раззақов көлігін тоқтатқан жер болатын.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі

Back to top button