ТЕМІР ЖОНҒАН, ӨЛЕҢ ӨРГЕН
ТЕМІР ЖОНҒАН, ӨЛЕҢ ӨРГЕН
Балалар әдебиетіне қалам тарту екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Балаға арнап жазу нақтылықты, қысқалықты қажет етеді. Бұдан өзге айтатын ойдың жұп-жұмыр, ұғынықты, жатық әрі бейнелі болуы да басты талап. Содан ба екен, бүгінде балалар әдебиеті кенжелеп қалған сияқты.
Көптеген мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымыз әуелгі дүниесін балаларға арнап жазса да, уақыттың талабына сай басқа арнаға бет бұрып жатты. Бұл бәлкім, балалар әдебиетінің нарық заманы табанының астында қалғанын айғақтауы да мүмкін. Соған қарамастан, кішкентай оқырмандардың сұранысын жерге қалдырып отырған жоқпыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде балалар шығармасына арналған «Дарабоз» халықаралық бәйгесі өткізілсе, жақында ғана «Қазақмыс Тобы» мен Жазушылар одағы балаларға арналған үздік әдеби шығармалардың «Балауса» атты бәйгесін ұйымдастырды. Там-тұмдап болса да, балалар әдебиетіне жаңа, тың шығармалардың легі қосылды. Әдеби ортаға жаңа есімдер таныла бастады. Соның бірі – «Қазақмыс» корпорациясында инженер-технолог болып қызмет атқаратын Ернұр Сейдахметтің талабы таудай. Ол «Балауса» балалар бәйгесінің жүлделі үшінші орнына «Еңбек шынықтырады» деген өлеңдер жинағы арқылы қол жеткізді. Өзі қыз-қыз қайнаған өндірістің ортасында жүріп, қолынан қаламы мен ақ қағазын тастаған емес. Ернұрдың жүрегі әдебиет деп соқса, құрыштай білегі қара жұмысқа төселген. Күндіз қызу еңбек, кешкісін жазу үстелі жанын рақатқа бөлейді. Бірақ та Ернр Сейдахмет адал еңбектің адам баласын шынықтырып, өмірдің кез келген қиындығына төзімді ете түсетінін бір сәт естен шығармайды екен.
Бұған дейін әдеби ортада ауыз толтырып айта қоятын, дарынымен дараланған жас қаламгер кемде-кем еді. «Қазақмыс» корпорциясында инженер-технолог болып жұмыс істейтін Ернұр Сейдахметтің алдында осы олқылықтың орнын толтырамын деген кіршіксіз ниет бар. Ол осынау бір күштің арқасында өлең өлкесінің айдынына қанат қақты. Балалар поэзиясындағы жаңа есім – Ернұр Сейдахмет бала болып ойлап, бала болып сөйлей алады. Кішкентай балақайлардың мінез-құлқы мен тәтті қылықтарын дөп басуға құштар. Ең бастысы, бала жанына ненің қажет екенін біледі. Демек, баладай періште, мөлдір сезім мен пәк көңілден туған шығарма қашан да оқырманына жетеді, оқырманын тәрбиелейді.
Біз балалар әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен келген жас ақын Ернұр Сейдахметті әңгімеге тартып, ыстығы мен суығы қатар жүретін қос еңбектің жүгін қалай арқалап жүргенін сұраған едік.
– Өзім Жезқазған қаласының тумасымын. Мектеп табалдырығын Қостанай облысы, Сартоғай ауылында аттадым. Бірақ 1996 жылы отбасылық жағдаймен Жезқазған қаласына қайта көшіп келдік. Кішкентай кезімнен негізгі арманым – мұғалім болу еді. Он бірінші сынып оқығанда, басқа балалардың қалай сезінгенін білмеймін, өзім мектеппен қоштасқым келмейтін. Өйткені, балалық шақтан бір сәт алыстағым келмеді. Қалай да мұғалім болып сол ортаға қайта оралғым келетін. Мектептен кетсем, құдды бір балалық шақпен мәңгі қоштасатындай сезілді. Отбасылық жағдайыма орай, білім мен ғылымның ортасы Алматы мен Астана сияқты қалаларға кете алмадым. Сөйтіп, инженер-технолог мамандығын таңдап, 2007 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдадым. Міне, содан бері «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істеймін. Әуелі темір жонушы, ауысым шебері, инженер механик қызметін атқардым.
– Сөйтіп, балалық шақтағы арманыңмен біржола қоштастың ғой…
– Өмір басқа арнаға бұрып жіберді. Бірақ әдебиетке деген іңкәрлік пен құштарлық балалар әдебиетіне алып келген сияқты.
– «Балауса» бәйгесінен жүлде алғаныңды білеміз. Балаларға арнап жазуды қашаннан бері серік етіп келесің?
– Мектепте қазақ әдебиеті пәнінен бәріміз шығарма жаздық қой. Сол пәннің мұғалімі Рымбала апай шығармашылығымды шыңдай түсуге үлкен ықпал етті. Ол кісі үнемі «жазғандарың өлең болып төгіледі. Сенен үлкен ақын шығады» дейтін. Бірте-бірте өлең жазуға тапсырма беретін. Бірақ ол кезде аса қатты көңіл қоймап едім. Бір күні газетті ақтарып отырсам, «Астана – Бәйтерек» атты дәстүрлі байқау жариялапты. Бұл 2007 жыл болатын. Ақтарып қарасам, балалардың бейнесін, қылығын баяндайтын бес-алты өлеңім бар екен. Бір нәтижесі болар дедім де, сол өлеңдерімді байқауға жібере салдым. Ұйымдастырушылар үш айдан кейін «Сіз жеңімпаз болдыңыз!» деп хабарласып тұр. Республикалық байқаудан үшінші орын алғаннан кейін өзіме деген сенімділік пайда бола бастады. «Балаларға жазсам менен бірдеңе шығады екен. Қолымнан келеді екен ғой» деп түпкілікті деңгейде ден қоя бастадым.
– Балаларға жазу қиынның қиыны. Өлеңдеріңді балалар қалай қабылдап жатыр?
– Меніңше, балаларға жазу үшін автордың өзі бала жүрегін сақтау керек. Бала болып ойлап, бала сияқты мұңайып, бала секілді күле білу керек. Құдайға шүкір, қазір мектептерден, балабақшалардан жақсы пікір естіп жатырмын. Бірақ адам өз бағасын өзі білу керек. Өзіне-өзі сыншы. Автордың қалай жазғаны өзіңе көрініп тұрады.
– «Балауса» бәйгесінде жүлде алған «Еңбек шынықтырады» деген өлеңдер топтамасының кейіпкерлері еңбек адамдары ма?
– Өзім өндіріс ошағында еңбек етіп жүргендіктен де, кейіпкерлерім де еңбек адамдары. Олардың мықтылығына күн сайын тәнті боламын. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын да солар. Өндірісте жүріп, шығармашылық жұмыспен айналысу оңай емес. Дегенмен, еңбек адамдарымен күн сайын аралас-құраласып жүріп, жеңіс пен жеңілістің қандай күшпен келетініне көзім жетті. Мыс сапырған қолдар, жұмысшының еңбекке деген құлшынысы шабытымды еселей түседі. Осы ортада еңбек ететін әр жұмысшының өзі әрбір өлеңімнің кейіпкері болуға лайықты. Түтін будақтаған мұржа, таңертең жұмысқа асығып, кешкісін шаршап-шалдығып қайтып бара жатқан адамдар, үздіксіз айналып жатқан механизмдер, қарапайым еңбек адамы. Сол себептен де алыстан кейіпкер іздеп әуреге түспеймін. Бәрі өзімнің маңайымда жүр.
– Өндірісте жүріп, өлең жазуға қалай уақыт тауып жүрсің?
– Жазатын адам уақыт табады. Бастысы қолдан келсе болғаны. Күндіз қарапайым еңбек адамдарының арасында жүріп, кешкісін содан алған әсерімді қағазға түсіремін. Бұл орта тәжірибе жинауға, өмірді түсінуге септігін тигізіп келеді. Ауыр жұмыстың ішінде жүрсе де, қиындыққа мойымай, үнемі күліп жүретін еңбек адамының жан-дүниесіне терең үңілемін. Металлургтердің маңдайынан аққан ыстық тері кәдімгідей жанға шуақ сыйлайды. Мұның бәрі өлеңіме арқау болып жататыны рас. Өз жұмысым көңілімнен шығады. Бұл менің нан тауып отырған кәсібім. Өндірісте еңбек ету қиын болса да, бәріне үлгеруге тырысамын.
– Кейде «Осы мен адасып жүрген жоқпын ба?», «Егер балалар әдебиетіне бет бұрсам үлкен ақын болар едім» деген өкініш болмай ма?
– Басында осындай ойдың жетегінде кететін едім. Бірақ, тәубе шығармаларымды жазып жатырмын. «Қашан үлкен боламын?», «Тентек доп» атты өлеңдер жинағым жарық көрді. Болашақта қаламымды қару етіп, балаларға арналған талай дүниелерді өмірге әкелемін деген ойдамын. «Қазақмыс» корпорациясында ылғи қара жұмысқа берілген азаматтар істейді деген қате түсінік. Шахтада істейтін Мұса Тілеуұлы деген ақын бар. Алдыңғы буын ағаларымыздың қатарында Ғазиз Естанаевтың өзі шығармашылығымен көпшіліктің көңілінен шығуда. Сондықтан қалам мен өндірісті қатар алып жүруге әбден болатындығына көзім жеткен.
– Балалар әдебиетінің өкілдері шығармашылығыңды қалай бағалап жатыр?
– Алматыға барғанымда көптеген қаламгерлермен кездестім. Жылы пікірлерін естіп, марқайып қалдым. Балалар жазушысы Арасанбай Естенов «Қанатың талмасын, жаза бер!» деп батасын берді. Болат Үсенбаев «Тентек доп» деген кітабыма алғы сөз жазып, ақындық әлеміне басқан қадамыма сәттілік тіледі. Одан да басқа қаншама ағаларымның маған деген ыстық көңілін сезгендей болдым. Әрине, әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен білімнің ордасы Алматыда шығармашылық орта қалыптасқан. Осы қалаға аяғым тартып тұрады. Сол ағаларыммен жақынырақ араласудың бақытына ие болу арманым. Бірақ Жезқазғанда тұрсам да, әдеби ортадан қол үзбеуге тырысамын. Жуықта, 28 мамыр күні С.Қожанов атындағы театрда «Балдәурен» атты жеке шығармашылық кешімді өткіземін. Мұнда ана, бала туралы жазған өлеңдерім оқылып, әндер орындалады. «Балдәурен» деп аты айтып тұрғандай, кішкентай құлыншақтарға арналған жырларымнан шашу шашамын. Бүгінде алғашқы кешімнің сәтті өтуі үшін дайындық үстіндемін. Осы тұста үнемі қолдау білдіріп жүрген ыстық ұжымым – «Қазақмыс» корпорациясына ерекше алғысымды жаудырғым келеді.
Белгілі ақын Болат Үсенбаев жас ақын Ернұр Сейдахметтің балаларға арналған өлеңдер мен аудармалардан тұратын «Тентек доп» атты кітабының алғы сөзінде: «Баланың дүниетанымы, жас ерекшелігі, қызығушылығы мұқият ескерілген. Жансыз заттарға жан бітіруге бейім. Ернұрдың балғасы да, шегесі де, сүргісі де сөйлейді. Мұндай шеберлік ақын деген атқа лайық азаматтың ғана қолынан келеді. Өлеңдерінің ойы орамды, тілі жатық, қарабайырлықтан ада. Балалар ғана емес, ересектер де тұшынып оқиды…» деген баға беріпті. Ернұрдың сәбилік пен данышпандық арасында өмір сүретін балаларға арналған өлеңдерін оқып отырып, осы үдеден толық шығып жүргеніне куә болдық. «Қазақмыс» корпорациясының қыз-қыз қайнаған өндіріс алаңында жүріп, қолынан қаламын тастамайтын жас ақынның қол жұмысы мен ой жұмысына үлкен береке тіледік.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ