ЕЛДІК ПЕН БІРЛІК ЖЫРШЫСЫ

ЕЛДІК ПЕН БІРЛІК ЖЫРШЫСЫ

ЕЛДІК ПЕН БІРЛІК ЖЫРШЫСЫ
ашық дереккөзі

«Бесіктегі бала бес түлейді» дейді атам қазақ. Анықтаңқырап айтсақ, дүниеге келгеннен қырқынан шыққанға дейінгі баланы «нәресте» дейміз, қырқынан шығып екі жасқа толғанға дейін ол «бөпе» («бөбек») аталады, екі жас пен бес жас арасындағы бүлдіршінді «сәби» дейміз, бес жас пен он бес жас арасындағыларды «бала» дейміз, он бес пен он сегіз жас арасындағы жеткіншектерді «бозбала» (немесе «бойжеткен») дейміз.

Ал енді «жігіт» жасына жетіп қолына қалам ұстап, кеудесін кернеген жұмбақ сезім алғашқы өлең шумағын құрастыруға мәжбүр еткен шақтан жетпістің табалдырығына таяған шаққа дейінгі аралықтағы талантты ақын қанша түлейді екен? Оны, әлбетте, өзінен басқа ешкім білмейді. Өйткені одан бергі кезеңде ол әріптестерінің жазған-сызғандарымен танысты, әлем әдебиеті марғасқаларының туындыларын зерделеді: біреуінен үйренді, біреуінен жиренді. Ізденді, талпынды. Соны ойлардың сорабына түсті, тың ойлардың жалына жармасты. Салауатты азамат, салиқалы адам ретінде қалыптасып, өмір жолдарынан өтті. Мұның бәрі, әрине, қаламгер қолтаңбасында өз өрнегін қалдыратыны анық. Сондай-ақ мұны ақын талантының қайта түлеуінің, сүйсінуге тұрарлық жаңа сүрлеу-соқпақтарға қадам басуының бел-белесі ретінде де қабылдауға болады-ақ. Айтулы ақын Рафаэль Ниязбекке қаратып айтып отырған бұл әңгімеміздің, міне, осындай астары бар. Оның ақындық жол-сапарының өзіндік ерекшеліктері жайында шығармашылығын арнайы зерттеушілер бәтуа жасай жатар. Дей тұрғанмен, біз, оның туындыларын тұшына оқитын замандастары, қаламдастары мен қарапайым оқырмандар, Рафаэль ақынның шынайы талант иесі ретіндегі ізденістері жайынан біршама қанықпыз. Әйтсе де, түрлі себеппен, көпшілігіміз оны жұртшылыққа жария қыла да бермейміз: не мұның бәрін қағазға түсіруге шорқақпыз, не уақытымыз жетпейді, не құлқымыз болмайды. Алайда қолынан келетін, уақыт та табатын, зауқы да соғатын, әділін айтып ағынан жарылатын оқырмандардың да болғаны және қазір де бар екені мәлім. Соның дәлеліндей мына бір лебіздерге назар аударайық. «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншіде дәл түседі» деген әңгіме бар. Тірлікте бұлай болмауы да мүмкін. Бірақ көркем шындық өмір шындығынан гөрі иланымдырақ қой қашан да. Сенесің. Ұсақ аңның күшігі өйтпес, жолбарыстың баласына сыйып-ақ тұр. Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін», – депті Қадыр Мырзалиев сонау сексенінші жылдардың басында шыққан «Сөз сиқыры» атты кітабында ақынның алғашқы жинақтарына баға бере келіп. Рафаэль ақынның шығармашылық қайта түлеуінің келесі кезеңдері жайында «сыни пікірдің семсері» аталуға лайық Зейнолла Серікқалиев ағамыз кезінде: «Рафаэль Ниязбеков ер жетіп, есейе келе, енді міне, рухани өрісін де, жанрлық, тақырыптық танымын да кеңейтіп, күндердің күнінде – ғасырлар тоғысында халықаралық кеңістікке өтіп кетті. Жылауық емес, жұлқынған, замандас­тарын дәйім қайрайтын қайсар жүрек. Сезінетін ғана емес, поэзиясында да, прозасында да – біздің бүгінгі барша тіршілігіміз дірілін күллі қайшылық-нұрымен қалтқысыз дәл бейнелейтін, бәрін көретін ақындық жүрек», – деп жазған еді. Ал Рафаэль шығармашылығының бүгінгі кезеңін ақын-жазушылардың беделді басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінің өзі «Ақындардың ақыны» деп дәріптеген дарабоз шайыр Есенбай Дүйсенбайұлының Рафаэль Ниязбекке арнаған: «Махаңдары жоқ қазаққа мақтану керек сенімен!..» деп аталатын өлеңімен бейнелеуге болады-ақ. Үзінді ғана келтірейік: Қазақтың үлкен ақыны, Үйсінмін деуге хақылы. Арсы-күрсі мінезде, Адайға нағыз жақыны. «Именной» қанжар-сапылы, Ичкерияның Батыры!.. Азуын айға білердей, Арқасын әруақ шірердей. Екіталай кез болса, Ерлікті ерттеп мінердей. Ашуы аспан тірердей – Ат көтере алмастай, Атанды мертіктірердей! Аузынан шыққан сөзі де өр, Өлеңі де өр, өзі де өр. Бақан бет мына заманда – Махамбеттердің көзі дер! …Бір осы құрмет аз-ақ па?! Бірегей біткен ерім ең! Махаңдары жоқ қазаққа Мақтану керек сенімен!.. Сөйтіп, енді шығармашылығы осындай түрлі табиғи «қайта түлеуден» өткен, басқаша сөзбен айтсақ, алуан қилы ізденіс-талпынысты артта қалдырған, кемеліне келген ақынның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған мына «Қағанат» атты өлеңдер жинағы не дейді? Автор не жайында толғанады? Ол ата-бабадан мұраға қалған асыл қасиеттерімізді жоғалтып алмауға үндейді: Тұла бойы сомдалған қайғы, азаптан Қайсарлықты таппадың қай қазақтан? Бойын намыс қысқанда тайсақтамай, Мерт боларын білсе де Айға шапқан!.. Ол жастарды жігерлі, намысты ел азаматы болуға, өз қиын түйіндерімізді өз күшімізбен шеше білуге шақырады: Қайшылықта от бүркіп, жебе жұтқан, Азамат ер туады кемел жұрттан. Ел ішінен іздемей пайғамбарды Өліп-өшіп іздейміз неге сырттан?! Ол әлеумет арасына жік салушыларды, атаға, руға, жүзге бөлушілерді: Кімнің қанын сормаған сүлік-пенде, Бастайтындар көп әлі бүлікті елде, – деп айыптай келе: Ей, ағайын! Қазақтың байтақ даласы, Біртұтас дене, қарашы. Бөліне көрме, ендеше, Үш Арыстың баласы! Бөлінген елдің қашанда, Сөгілген алтын жағасы, – деген уәж айтып, бірлік пен ынтымаққа қылау түсірмеу қажеттігін ескертеді. Ол ауылдың бүгінгі хал-ахуалына аяныш білдіріп: Шаң суырып, сусыған құмы басқан, Көшелері – ыдыстай сыры қашқан. Алаңында асыр сап бала ойнаған – Бұралқы иттер таласып ырылдасқан… Таршылықтың күн кешіп қыспағында, Ұмыт қалған жұрт қанша құм шағылда. Ауылдарды неге естен шығарады, Жетілгендер ауылдың құрсағында? – деп күйзеледі. Ол Арал теңізі трагедиясын мысал ете отырып, туған жеріміздің табиғатын қорғауға, қолда бар құндылықтарымыздың қадірін білуге үндейді: Теңіз қайда кешегі сайрандаған? Бүгін жортып құйын жүр тайраңдаған. Құмға шөккен түйелер секілденіп, Кеме қанша сол құмда қайраңдаған?! Ол елімізге тағдырдың айдауымен келіп тұрақтап қалған түрлі ұлт өкілдерімен арадағы татулықты насихаттайды: Бейбіт тілеп, жерінде кие жүрген Қазақ жұрты барша ұлтты сүйе білген. Дүниені жылытып келеді әлі, Суық ызғар өтсе де сүйегінен. Ол тәуелсіздігіміздің туы деуге лайық бас қаламыздың келбетіне сүйсініп: Төрт түлігі қырына түлеп, өрген, Ата қазақ өмірге күле келген. Асқақтаған Астана, білсең егер, – Бабалардың рухы түрегелген! – деп тебірене келіп: Жоқшылықтың ішімде қасқыры ұлып, Жанарыма көрмеді жас тығылып. Тәуелсіз ел болғалы Кетілмеді Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып. Қазақ бұрын сөйлесе жерге қарап, Сөйлейді енді биікке – өрге қарап! – деп масаттанады. Қазақ қағанатының шаңырағы шайқалмасын, ынтымақшыл болайық, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық – міне, жинаққа енген жыр шумақтарының лейтмотиві осындай! Жалынды жырларымен жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген ақиық ақынды оқып отырғанда мақамына қарап Махамбеттің (оның 200 жылдығына арнап 200 өлеңнен тұратын тұтас бір кітап жазуы бекер деймісің!), мұң-шеріне қарап Мұқағалидың туындылары ойыңа оралғандай болатыны рас. Алайда ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар Рафаэль Ниязбек – бүгінде поэзия сүйетін барша қауым мойындаған талант. Қазақстан Жазушылар одағының И.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты. Бауыржан батырдың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық мүшәйраның бас жүлдегері. Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бірінші жүлдегері. Шешенстанның ең жоғарғы мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты («Шешендер» атты атақты дастаны үшін берілген осынау сыйлықтарды оған Ичкерия президенті Аслан Масхадовтың өз қолымен тапсырғаны барша жұртқа белгілі). Елдік пен бірліктің жыршысы ретінде мәлім майталман ақын Рафаэль Ниязбектің «Қағанат» атты бұл жыр кітабы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты туынды екенінде күмән жоқ.
Құрманғазы ҚАРАМАНҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты