ТІЛ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛТЫН КӨМБЕСІ

ТІЛ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛТЫН КӨМБЕСІ

ТІЛ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛТЫН КӨМБЕСІ
ашық дереккөзі
337

Кездейсоқ таныстық. Қысқа ғана уақытты алған сұхбат барысында оның сөз саптауы, өзін-өзі ұстау мәнері, жылы да жұмсақ үні тәнті етті. Қазақстанға тәуелсіздікпен тұспа тұс көшіп келген оның жиырма жыл өмір сүрген Отанға деген ықыласы ерекше. Қазақ ұлтына, қазақ тіліне деген ниеті түзу. Мемлекеттік тілді әсіресе жастар арасында дамытуда сөзбен шектеліп қалмай, түрлі шаралар арқылы жүзеге асырып келеді. Сыйласуды, өзін сыйлатуды білетін «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығындағы шешен мектебінің ұстазы Белла Асламбекова ханым шешен халқының басына күн түскен зұлматтарда құшақты айқара ашып қарсы алған қазақ халқының кең пейіліне, қонақжайлығы мен бауырмалдығына дән риза.

– Белла Әлиқызы, тіл үйретуде қандай мәселеге басымдық бересіз?

– Мен «Достық Үйінде» шешен мектебін жүргіземін. Мектебіміз көпұлтты. Өзге ұлыстарға қарағанда шешен тілін үйренуге құлшынғандар арасында қазақтардың көптігін мақтанышпен айта аламын. Олар негізінен шешендермен достасқан отбасылар. Менің тарихи Отанымды көруге құмартады, шешендер мен шешен тіліне үлкен құрметпен қарайды. Ал мен қазақ халқы мен Қазақстанның мемлекеттік тілін сыйлаймын. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, бізге салт-дәстүрімізді жаңғыртуға, Ана тілімізді тегін үйретуге жағдай жасалған екен, демек менің міндетім – жастардың бойындағы Қазақстанның мемлекеттік тіліне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, оны дамыту. Әр сабағымызда оқу бағдарламамызға сәйкес міндетті түрде осы мәселені ескеріп отырамыз. Қолымызда Қазақстанның төлқұжаты бар, Қазақстан азаматы болып табыламыз. Демек, азаматтық парызы. Егер ол парызын орындамаса, мемлекеттің азаматы емес. Меніңше, кез келген нәрсе ата-анаға, отбасындағы тәрбиеге байланысты. Сонымен бірге мектеп қабырғасындағы ұстаздар қауымының да қосар үлесі мол. Тілді үйретудегі немқұрайдылық, жауапкершіліктің жоқтығы оқушылар аттестат алар кезде әсер етеді. Бізге балалар мектеп бітіргенде аттестатпен бірге мемлекеттік тілді, тым болмаса, ауызекі деңгейде сөйлеп шығуы керек. Сонда ғана олар колледжде де, институтта да өздерін еркін сезіне алады. Мен шәкірттеріме әрдайым: «Егер кедергіге тап болсаңдар, ол дұрыс. Тер төгу қажет. «Сабасына қарай піспегі» деймін. Бүгінде алты айлық тіл үйрену курстарына Америкада немесе Германияда өздерін еркін сезіну үшін барады. Сол үшін ақша төлейді. Ал бізде мемлекеттік тілді үйрену тегін. Негізі мұндай курстарды ақылы етіп, міндеттеу керек еді. Өйткені тіл – ұлттық құндылықтардың алтын көмбесі. Тіл өлсе, ұлт та жоғалады. 2010 жылы Үндістанда Бо тайпасының соңғы тұяғы саналатын бір әйел көз жұмды. Әлгі әйелдің қасіреті сол, тайпаның тілін о дүниеге өзімен бірге ала кетті. Отбасында ата-анасын сыйламайтын бала көршісін де құрметтемейді. Сондықтан тілге деген құрметті өскелең ұрпақ бойына біртіндеп сіңіру қажет. Өткен Олимпиада кезінде алтыннан алқа тағынған бір спортшы қызымыз Қазақстанның әнұраны ойнап жатқанда қосыла шырқай алмады. Шырқау тұрмақ, тіпті аузын жыбырлатуға жарамады. Ал теледидардың бергі жағында отырған біз кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, жанарымыздан қуаныштың жасы төгілген. Туған еліңнің әнұраны көкте қалықтағанда қуанбау, егіле жыламау мүмкін емес. Өкінішке қарай, алтын алған жеңімпаз қызымыз әнұранның сөзін білмейтін болып шықты. Біз жолдасым екеуміз соған қамықтық. Мен мұны отандық спорт комитетінің кемшілігі деп білем. Сені өсірген, баптап, бәйгеге қосқан мемлекеттің әнұранын білмеу – үлкен қателік. Оның сұрауы да болуы тиіс. Егер келешекте Олимпиадаға баратын барлық спортшыдан әнұранның сөзін талап етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

– Мемлекеттік тілге қатысты айтқан сөзіңізге келсек, жуырда еліміздегі танымал саясаткерлердің бірі Петр Своик «Қазақстанда шын мәнісінде орыс тілі мемлекеттік тіл деңгейінде» деген ой айтты. Сіздіңше, солай ма?

– Бұл қалжыңбастың жай қылжағы. Зиялы қауым өкілі ғана емес, есі дұрыс адамның айтпайтын сөзі. Ақылға сыймайтын нәрсе. Менің барлық күш-жігерімді мемлекеттік тілге, оны дамытуға арнауым бекер емес.

– Бірақ қазақ қоғамында Ана тілін білмейтін қандастардың кездесетіні де жасырын емес…

– Бұл жетпіс бес жыл бойы жүргізілген орыстандыру саясатының кесірінен.

– Бірақ бұл да сылтау сияқты. Өйткені Тәуелсіздік алған 20 жылда мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгермеу мүмкін бе?

– Қазақстан КСРО кезеңінде өте қатты жапа шеккен мемлекеттердің қатарында. Мені таңғалдыратыны, адамдардың балаларын Ана тілін білуге бейімдемеуі. Қарға қарқылдаса, оның баласы да дәл солай қарқылдайды, бұлбұл сайрағанда оның балапаны да дәл солай сайрайды. Бауыр еті – баласына Ана тілін тым болмаса тұрмыстық деңгейде үйретпеуі дұрыс емес. Менің айтпағым басқа, Кеңестер Одағы сауатсыздықпен күресті. Ол кезде жоғары оқу орнын бітірмегендер кемде кем болатын. Адамдар нәпақа табуға қиналмайтын, жұмыссыздық жоқ еді. Ертеңгі күнге деген алаңдаушылық та жат болатын. Есесіне орыстану процесі өте күшті әрі ерекше қарқынмен жүрді. Мен Қазақстанға 90-жылдары келдім. Бірақ оған дейін бірнеше мемлекетте болғам. Әсіресе Солтүстік Кавказ, Закавказьеде. Ол жақтардың бірде бірінде Қазақстандағы секілді орыстану процесі аса күшті емес. Құшағына 5 Франция сыйып кететін Қазақстанға Қазан төңкерісіне дейін де саяси тұрғыда сенімсіз тұтқындарды жер аударған. Мұның да ықпалы бар. Мен бұдан да сорақы жайтты білемін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаттарының бірі радио арқылы: «Мен Алматыға ежелгі Верный атауы қайтып берілмей тұрып өліп кетемін бе деп қорқамын» деді. Мұны естігенде мен: «О-о-о, қазақ халқы не деген толерантты, төзімді?» деп таң қалғанмын. Әлбетте шовинистік пиғылдағы бір отандастың айтқаны. Бірақ бірнеше күн бойы өз-өзіме келе алмай жүрдім. Верный қаласы – кімге Верный? Кімге сенімді? Орыс патшасына. Алматы – ежелден қазақтарға тиесілі мекен. Мүмкін қателесермін, бірақ сатып алған тарихи кітаптарымның бірінде Алматы – Үш ата атанған. Тәуелсіз, демократиялық елде өмір сүріп отырған азаматтың мұндай сөз айтуына болмайды.

– Өзге елдердегі орыстану процесі қалай жүрген, сіздіңше?

– Мен Грузия, Армения, Дағыстан, Солтүстік Осетия, Украина, Латвия, Литвада болдым. Ол жақтарда орыстану сая­саты аса күшті емес. Ал Қазақстанда керісінше. Мұнда тіпті балаларын сүндетке отырғызудан бас тартқан отбасыларды кездестірдім. Олар балаларын аяғандықтан бас тарттық дегенмен, сүндетке отырғызу – қазақтардың ежелден келе жатқан салты емес пе? Негізі ұлтқа, ұлттық құндылықтарға қатысты пікір айтқанда өте сақ болу керек. Өйткені ұлтжандылық пен шовинизмнің арасы тым жақын. Мен қайда болсам да Құрандағы бір сүреге жүгінемін. Онда Алла Тағала: «Мен сендерге аспан мұхитын, су мұхитын бердім. Мен сендерге жеміс ағаштарын да бердім. Бәріңді ортақ бір отбасы етіп жараттым. Мен бәріңнің тыныштық пен бейбітшілікте үйлесімді өмір сүргендеріңді қалаймын. Бірақ егер сендердің біреулерің адамдарды көзінің сызығына, бет терісінің түсі мен тіліне қарай айыратын болса, оған менің мейірім шапағатым түспейді» деген.

– Меніңше, төзімділік пен бейбітшіліктің жарқын көрінісі – Қазақстан. Осының арқасында Алла бізді талай зұлматтан сақтап келеді. Солай емес пе?

– Дұрыс айтасыз! Оған күмән жоқ. Айтпақшы, Достық үйіне ресейлік «РенТВ» телеарнасында жұмыс істейтін екі жігіт келді. Олар менен Қазақстанда қалай тұрып жатқанымызды, жағдайымыздың қалай екенін сұрады. Мен оларға: «Білесіздер ме, мен мұнда 90-жылдан бері тұрамын. Мұндағы өзге ұлт өкілдері көкте еркін самғаған құс сияқты, суда еркін жүзген балық сияқты. Қазақ сияқты төзімді, мейірімді, қонақжай да ақкөңіл халқы бар, Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты кемеңгер президенті бар мемлекетте басқаша өмір сүру мүмкін емес» дедім. Менің бір жазушы ағам болды. Сол кісі өзінің естеліктерінде: «Бізді Қазақстанға жер аударғанда мен өте жас едім әрі көшіп келгендердің ең кішкентайы болатынмын. Қыстың көзі қырауда бізді пойызбен әкелді де, бір стансадан түсіріп кетті. Қақаған аяз. Бойды қарыған ызғар. Неге екені белгісіз, жа­уып тұрған ақша қар маған көкпеңбек болып көрінген. Мен жан-жағыма жаутаңдай қарап: «Анам қайда? Менің анам қайда?» деп сұраумен болдым. Жанымда анамның не себепті болмағанын мен түсіне алмағам ол кезде. Сәлден кейін бейтаныс адамдар келді де бәрімізді бөліп алып, үйлеріне алып кетті. Мен келген үйдегі бір әйелдің мені құшағына қысып, бетімнен сүйгені, арқама шәлі жапқаны, менің аяз қарыған бойымды жылытқаны есімде. Ол мені бауырына қысып тұрып үнсіз ғана егіліп жылаған. Кейін анамның орнын басқан сол әйелдің аты Жұлдыз еді. Мен өмірімде екі-ақ рет жыладым: Отанымнан айырғанда және туған топырағымнан жырақта жатқан алыс елдегі бейтаныс бір әйел бетімнен сүйіп, арқамнан қаққанда», – деп жазған… Кейінірек ержетіп, шаңырақ көтерген сол ағам қызының атын Жұлдыз қойды. Ол қазір Шешенстанда тұрады. Қазақстанның киелі топырағын құрметтейтіндер көп менің тарихи Отанымда. Елге барған сайын бір қария менен келесі келгенімде Қазақ жерінің топырағын ала келуімді өтінетін. Мен үнемі ұмытып кете беретінмін. Бірде есіме түсіп, топырақ ала барғанда ол кісі қайтыс болған екен. Көз жұмардың алдында: «Қазақстаннан тым болмаса бір уыс топырақ келсе, қабіріме шашыңдар» деп өсиет етіпті балаларына. Мен апарған топырақты балалары атаның қабіріне септі. Бүгінде шешен ақсақалдары Қазақстанды екінші Мекке атайды. Егер кімде кім сені жақсы көрсе, сен туралы үнемі жақсы сөз айтады. Ал жек көрсе, саған деген өшпенділік сезімі болады. Біздің халықта «Досты дұшпанға айналдыруға болады, ал дұшпанды досқа айналдыру әсте мүмкін емес» деген қанатты сөз бар. Демек Қазақстан мен қазақ халқының кең пейілін алыста жатса да құрмет тұтатындар баршылық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары