КЕҢ АРАЛ КӨРІНІСТЕРІ

КЕҢ АРАЛ КӨРІНІСТЕРІ

КЕҢ АРАЛ КӨРІНІСТЕРІ
ашық дереккөзі

Хирошима – Жапон архипелагының 61,3 пайызын құрайтын Хонсюдiң батысындағы префектура, атауы «кең арал» деген мағынаны бiлдiредi. Солтүстiгiн Шиманэ мен Тоттори, Шығысын Окаяма, Батысын Ямагучи, ал Оңтүстiгiн Жапон теңiзi алып жатыр. Сонау ерте заманда Хирошима жерiнде Аки, Биңго деген уәлаяттар болған. Хирошима қаласы Эдо дәуiрiнде бекiнiстiк қала ретiнде белгiлi болған. Қала тарихында бес жүз жыл бұрын салынған Ридзйо ақ сарайының орны бөлек. Хирошима ұлттық сусын сакэ өндiрiсi жөнiнен Жапония бойынша үшiншi орын алады. Әйгiлi «Мацуда» (Мазда) автокөлiгiнiң отаны да – Хирошима. Бұнда Мацуда өндiрiстiк қалашығы орналасқан. «Мазда» автомобильдерi әлемнiң әр түкпiрiне Хирошима жағалауы арқылы жеткiзiледi. Жойқын жарылыстан соң тып-типыл болған префектура орталығы ХХ ғасырдың екiншi жартысында қайта бой көтерiп, әлемге Бейбiтшiлiк шаһары ретiнде танылды. Теңiз ортасындағы Миядзима аралы – префектураның маңдайындағы жұлдызы. Хирошима шаһарындағы Бейбiтшiлiк алауы осы аралдағы мәңгiлiк оттың тамызығынан тұтанған. Хирошиманың кең даңғылымен келе жатып салқын самал ескенде мына аңыздар еске түстi. Кең аралдан жазылып алынған, елдiң кешегiсiн көз алдыға әкелетiн көркем аңыздар:

БОУШЮКИРИ АСУЫ

Аштық жылы болған оқиға. Қуаң­шы­лықтан бүкіл өсімдік қурап қалыпты. Жол жиегі өлікке толыпты. Тоуджоу қаласының Аватасында Ооокутэра деген ғибадатхана бар. Бір күні Ооокутэрадағы ошйоусан (дінбасы) Такэморидегі жерлеу рәсіміне барады. Үй иесі бай жерлеу рәсімі біткенде ошйоусанға Тоуджоу сакэсі мен дәмді ас ұсынады. «Сакэ ішпеймін, соба (кеспе) ғана жеймін» деген ошйоусан тамаққа бас салады. Аш байқұс собаны кекірігі азғанша жепті. Әбден тойған соң үйіне қайтыпты. Күн батар шақ. Такэмориден Аватаға өтетін асуға ошйоусан ырсылдап әрең көтерілді. Асу үстінде екі самурай кездесті. Аш самурайдың көзі дінбасының теңкиген қарнына түсті.

– Ошйоусан, жерлеуден келе жатырсың ба?

– Иә, – деді ошйоусан ырс-ырс етіп.

– Не берді?

– Собаға тойғызды. – Жұрт аштан қырылып жатқанда ошйоусанның собаға тойғаны самурайдың ызасын келтірді.

– Артынан шай ішкен шығарсың? – Шайға да, сакэге де қарамадым. Собаны соға бердім.

Ошйоусан самурайдың бірімен осылайша сөйлесіп тұрғанда екіншісі артынан қылышын сұқты. Өкіріп, шалқалай құлап бар жатқан ошйоусанның қарнын самурай жарып жіберді. Шайнамай жұтқан ұзын соба ақтарылып түсті. Содан бері Тоуджоу қаласының Авата мен Такэмори арасындағы асу Боушюкири (боушю – дінбасы, кири – жарылған) деп аталатын болыпты.

АЛХОРЫ БАҒЫ

Аки елінде (Хирошима префектурасының батысындағы көне ел) Умэнокичоуджя (алхоры ағашының байы) деген еңбекқор шаруа болыпты. Таң атқаннан түннің бір уағына дейін тынбай еңбек етіпті. Оның жалғыз жұбанышы алхоры бағы екен. Алхоры гүлдегенде тамашалаудан қуаныш табады дейді. Умэноничоуджяның жалғыз ұлы бар екен. Шаруа баласына көрші ауылдың қызын айттырып әпереді. Бір күні шаруа баласына былай депті: «Мен көз жұмсам да, осы бақты сақта. Үйді сатсаң да, бақты ешкімге берме. Көшер болсаң, алхорыны түгел қазып әкет». Умэнокичоуджя көп ұзамай дүниеден озады. Ұлы әке өсиетін орындап, алхорыны күтіп, баптапты. Біраз жыл өткенде балалы болады. Бірде шаруа науқастанып қалады. Емделу үшін егістігін сатуға мәжбүр болыпты. Уақыт жылжып, әкеден қалған сарай да тозады. Тек бақтағы алхоры ағашы ғана гүлдеп тұрады. Шаруаның қарызы көбейіп, амал жоқ сарайын да сатуға мәжбүр болады. Ол алхорыны қазуға барады. Кетпені бір қатты затқа тиеді. Ағаш түбінен үлкен құмыра шығады. Іші тола алтын екен. Осы алтынмен қарызын өтеп, егістігін қайтарып алады. Дәулеті тасыған бай болады.

Уақыт жылжып, шаруа мен кемпірі қартайып дүниеден өтеді. Бақты күту кезегі немереге келеді. Умэнокичоуджяның немересі әкесі сияқты еңбек етпей, уақытын ойын-сауықпен өткізеді. «Жұмыс істеп неғыламын? Алхорының түбінде алтын бар емес пе?» деп, сакэсін ішіп жата беріпті. Күніне екі жамбыдан жұмсап, алтынды көл-көсір шашады. Күн сайын алтын буы бұрқыраған ваннаға түседі. Бір күні дүниесі таусылып, тақыр кедейге айналады. Умэнокичоуджяның немересі алтын алмақ болып, бір алхорының түбін қазады. Ешқандай алтын шықпайды. Ол келесі ағашты қопарады. Құмыраның сынығы да көрінбейді. Ол бүк түсіп жатып ойға шомады. Байқаса атасынан қалған сарай да, егістік те бөтеннің қолына өтіп кеткен. Маңдай тердің қадірін білмеген немере қайыр сұрап тентіреп кеткен екен. Умэнокичоуджя сарайының орнын көрген ел «әкесі тер төкті, баласы қамсыз өтті, ал немересі қайыршы болды» десіпті.

ҚЫЛМЫСКЕР

Тоуджоу қаласында Чюдзаэмон деген қарақшы болыпты. Арақ iшiп, құмар ойын ойнап, ұрлық жасап, елдi тонап күнелтiптi.

Чюдзаэмонның қорлығын бастан кешкен ел оны алыстан көрсе-ақ безе қашады екен. Чюдзаэмонның қарақшылығы күннен күнге күшейiп кеткен соң жұрт қазыға шағымданыпты. Қазы көп қылмыс жасаған Чюдзаэмонды дарға асу туралы қатал үкiм шығарады. Қарақшыдан құтылатын болдық деп қуанады ел.

Жаза жүзеге асатын күнi таңертеңнен ызғырық соғып, ауа райы да бiр ерекше оқиғаның боларынан хабар берiп тұрғандай. Чюдзаэмонды атқа отырғызып, аяқ-қолын байлап, ауылдың әр көшесiмен жүргiзедi. Жұрт қылмыскерге тас лақтырып, балағаттап жатса да Чюдзаэмон мiз бақпапты.

Бiр кезде топ iшiнен бiр кемпiр шығып: – Саған осы жаза лайық, – деп, ауыр сөздердi төгiп-төгiп жiберiптi. Чюдзаэмон бұл кемпiрдiң қызын өлтiрген едi.

Ат үстiндегi аяқ-қолы байлаулы Чюдзаэмон күлiмсiреген қалпынан танбайды.

Дар ағашы Сэндагавара алаңына қой­ы­ла­ды. Қылмыскердiң қалай өлетiнiн көру үшiн жи­налған халықтың санында шек болмайды.­ Чюдзаэмон аттан түсiрiлiп, дар ағашына жа­қын әкелiнедi. Сол сәтте ол қазының алдына­ тiзерлеп, былай дептi:

– Халайық, менiң соңғы тiлегiмдi айтуға рұқ­сат етiңiздер!

– Жә, немене, қашып құтылғың келе ме?

– Өкiнбестей болу үшiн соңғы рет анаммен жүздессем деймiн.

– Болмайды.

Чюдзаэмон қазының аяғына бас ұрып, анасымен кездестiруiн өтiнiп, кемсеңдеп жылаған соң қазы:

– Анасы осында келсiн, – дептi.

Қарт ана тәлтiректей басып, дар ағашына жақындайды.

– Шеше, емшегiңнен соңғы рет емiзшi.

Кемпiр солған емшегiн баласының аузына тосады. Содан соң жан даусы шыға шыңғырған күйi шалқайып барып құлап түседi. Чюдзаэмон қаны сорғалаған емшектiң үрпін жерге түкіріп тастайды да:

– Мен анамның арқасында қылмыскер болдым.

Жиналған жұрт тым-тырыс.

– Уа, халайық, тыңдаңыздар! Мен тыпырлап жүре бастаған бала кезiмде көршi үйдiң гэтасын ( ағаштан жасалатын аяқ киiм) шешеме әкелiп бердiм. Менiң қылмыскерлiк жолым содан басталды. Кейiн ауыр қылмыстар жасауға бейiмделдiм. Сонда бiреудiң дүниесiн тонап әкелгенде «шешем ұрсатын шығар» деп ойлайтынмын. Бiрақ шешем маған «балам, бұның дұрыс емес қой» деп те айтқан емес. Қайта, менiң жасаған әр қылмысымды құптап, дем берiп отырды. Шеше, сен неге мен алғаш ұрлық жасағанда ұрыспадың? Неге қой деп айтпадың? – дедi де, Чюдзаэмон еңкiлдеп қоя бердi.

Демiн iшiне тартып, өңi қашқан кiсiлер Чюдзаэмон мен оның анасына кезек-кезек қарады. Ызғырық жел Чюдзаэмонның ақ кимоносының етегiн желпiп өттi.

Қазы үкiмдi орындауға бұйрық еттi. Қылмыскер өлген соң оның анасының омырауынан қан тоқтамай жантәсiлiм еттi.

Бiр жыл өтiп, көктем келдi. Сэндагавара алаңында шөптiң басы қылтиғанда екi басты жылан пайда болыпты дейдi. «Чюдзаэмон мен оның анасының күнәһар рухтары жыланған айналды» деп жориды жұрт. Екi басты мақұлықты Чюдзаэмон жыланы деп атайтын болыпты. Сол жыланның тұқымы ма екен, Хирошимадағы көк майсалы шалғында екi басты жылан қазiр де қылаң берiп қалады.

Жапон тілінен аударған

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА