ҰЛТЫМ ДЕП ӨТКЕН ҰЛЫ ТҰЛҒА

ҰЛТЫМ ДЕП ӨТКЕН ҰЛЫ ТҰЛҒА

ҰЛТЫМ ДЕП ӨТКЕН ҰЛЫ ТҰЛҒА
ашық дереккөзі
866

Ахаң 1929 жылы 12 мамырда НКВД-ға берген түсiнiктемесiне қоса, өз қолымен жазған өмiрбаянында: «Мен 1872 жылы 5 қыркүйекте, мешiн жылы тудым» деген. Бұл нақты деректi Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынов музей үйiнiң» директоры ресми растаған. Сондықтан осыған дейiн 1873 жылғы 28 қаңтар «Ахаңың туған күнi» деп келiнсе, оны Ахаңның өз қолымен жазылған өмiрбаянындағы күнге ауыстыру туралы осыдан бiрнеше жыл бұрын Үкiмет назарына бағыттап, республикалық баспасөзде бiрнеше мақала жариялап едiк. Ел тарихындағы осындай маңызды мәселеге осы күнге дейiн көңiл аударылмай келе жатқаны өкiнiштi-ақ. Сондай ақ, ұлтының сауатын ашуға бастау болған, «Қазақ әлiпбиiнiң» 1912 жылы Орынбор қаласынан басылып шығып, елiнiң қолына тигенiне де, мiне, биыл –100 жыл толмақ.

Ахаң туған жер Ахмет Байтұрсынов атамыздың дүниеге келген жерi – қазiргi Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданынының Сартүбек деген жерi. Сартүбекпен Аққұм және Ақкөл қапталдасып жатыр. Әр көктем сайын Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенiнен кенерi толығып, күмiстей жарқырап жатушы едi. Бұл Ақкөл тарих таразысынан өткен талай тарихи оқиғалардың да куәсiндей болған. Сонау ХIII ғасырда елдi бордай тоздырған, еңiреткен жоңғар шапқыншылығында қалмақтар Арқа жерiне дейiн енiп, осы Ақкөл, Торғай бойында қоныстаныпты. Содан Абылай хан үш жүздiң басын бiрiктiрiп, қалмақтарға қарсы соғыс ашады. Басы қосылған қазақ әскерi қалмақтарды жеңiп, оларды оңтүстiкке қарай ысырғанда, Абылай бастаған әскер осы Ақкөлдi бойлап өткен екен. Ұлытауда Абылайды ақ киiзге орап, хан көтергенде де кiшi жүз бен Арқаның басты билерi, батырлары осы Ақкөлдi асып барған екен. Қазақ елiнiң азаттығы үшiн Ақ патша әскерiмен талай айқасқан Кенесары хан да Торғай жерiнде көп тұрақтай алмай, Жетiсуға қарай бет алғанда әскерiмен осы Ақкөлде бiрер күн аялдапты. Ахмет Байтұрсынов өзiнiң өлеңдерi мен әндерiне де Ақкөл мен Аққұмды арқау еткен. Патшаның бұйрығымен 1843 жылы негiзi қаланған Торғай бекiнiсiнiң картасы бойынша қарағанда, Аққұм, Ақкөл жерi Торғай өзенiнiнiң арғы бетiнен, шығысқа қарай жайылып, бiр шетi Бетпақдаламен шектесiп жатса, Ахаң туған Сартүбек, Ақұм, Ақкөл аймағының бергi шетi Торғай өзенiмен, Тосын құмымен жалғасып жатыр. Бұл жерлердi негiзiнен үмбетей руы мекен еткен. Ахаңның үлкен атасы Шошақ, одан туған Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ), Ерғазы, Ермағанбет аса дәулеттi адамдар болмағанымен, ел арасында беделдi кiсiлер болған. Арғы тегiн қуалағанда, үмбетей руы Торғай өзенiнiң бергi бетiн жайлап жатқан рулармен туыстас, Шақшақ батырдан тарайды. Үмбетеймен туыстас бұл рулар Торғай өзенiнiң оңтүстiк жақтағы бергi бетiн, Тосын құмын және одан әрi Ырғыз жерiмен шектесiп жатқан жерлердi жайлап, қыстайды. Аққұм, Ақкөл аймағы мен Торғай өзенiнiң бергi бетiндегi осы аталып отырған жерлер сол кездегi уезд басқару әкiмшiлiгi бойынша «Тосын болыстығы» деп аталған. Сөз жүзiнде болыстықты басқаратын адам «елдiң қалауымен сайланады» дейтiн ол кезде. Бiрақ iс жүзiнде болыс уезд бастығының мақұлдауымен сайлаудан өтетiн. Ахмет Байтұрсыновтың бала кезiнде де, Торғай бекiнiсiндегi орыс-қазақ мектебiнде оқып жүргенде де, Тосын болысын ұзақ жылдар бойы арғы атасы Шақшақтан, одан бергi атасы Шақшақ Жәнiбек батырдан тараған Дәуiтбай ұрпақтары биледi. Ал Ақкөл, Аққұм аймағын мекен еткен ру басы Шошақ пен оның балалары өз жерiнде ғана емес, Торғай бойын жайлап жатқан барлық рулар арасында беделдi, сыйлы едi. 1885 жылы Қарғалы байланыс бекетiнде өтiп жатқан болыс сайлауына уезд бастығы Яковлев арнайы келiп қатысады. Болыстыққа Дәуiтбай ұрпағы өтедi. Содан тас салушы сайлаушылар алдында дау туындайды ғой. Сол даудың ортасында жүрген Шошақұлы Байтұрсын уезд бастығынан сайлаудың қайтадан әдiлдiкпен өткiзiлуiн талап етедi. Яковлев Байтұрсынды тыңдағысы келмей, дөрекi сөздер айтып, жүрiп кеткiсi келiп атын тебiне бередi, сол кезде намыс қысқан Байтұрсын қолындағы шыбыртқыны сiлтеп қалады. Оның бiр ұшы Яковлевтiң мойнын орап, Байтұрсын шыбыртқыны қайта тартып қалғанда, уезд бастығы атынан ұшып түседi. Бұл орыс патшасының өкiлi үшiн, оның қасына ерген атты казактар үшiн бұрын-соңды болмаған масқара оқиға болды. Бұл сол кезде болыс сайлауына келген қазақтар үшiн де таң қалдырған оқиға болғанымен, Шошақ ұрпақтары үшiн бұл iстiң арты қайғылы оқиғаларға жалғасты. 1886 жылы сот шешiмiмен Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ) он бес жылға Сiбiрге жер аударылатын болды. Осы уақытқа дейiн мыңғырған малын ғана бағып, жаз жайлауға көшiп, қыс қыстауға бет алып, уақытын өткiзiп жүрген қалың қара қазақ орыстардың Торғайға бекiнiп, онда әскер ұстап отырғанына көп мән бермейтiн. Мына оқиғадан кейiн,жұрт шошынды, қазақтың орыс боданына мықтап түскенiн жан-тәнiмен сезiндi, бiрақ сол кезде отаршыларға қарсы қол­дарынан еш қайран келмейтiнiн де бiлдi. Кейiн Ахмет Байтұрсыновтың «Оқ тиiп он үшiмде, ой түсiрiп, Бiтпеген жүрегiмде бар бiр жарам… Адамнан туып, адамның iсiн етпей, Ұялмай не бетiммен көрге барам!» деп жазғаны бар. Балалық шағынан сұмдық әдiлетсiздiктiң куәсi болып, жүрегi жараланған Ахаң өлеңiндегi осы сөзiн ғұмырының соңына дейiн қағида қылып ұстады, орыс отаршыларына қарсы, елiмiздiң тәуелсiздiгi үшiн күрестi және халқының көзiн ашып, сауттандырып, мәдениетi дамыған елдер қатарына қосу үшiн жанқиярлықпен қызмет еттi. Ұлы ұстаз Ахаң өз еңбегiнiң алғашқы жемiсiн көзiмен көрдi де. Өзi ғылыми түзген «Қазақ әлiпбиi», грамматикасы, «Әдебиет танытқышы» жарық көрiп, кезiнде оқу орындарында оқытылды. Отаршылдыққа қарсы күрес барысында Бұл жерде «ХIХ ғасырда қазақ жерiнде революцияшыл, яғни төңкерiсшiл идеялар болды ма?» деген сұрақтардың туындауы орынды. Ал ХIХ ғасырдың ортасында орыс отаршыларына қарсы Кенесары хан саналы түрде соғыс ашты. Хан үш жүздiң халқынан қолдау тапқанда орыс әскерiн жеңiп, орыс бодауынан шығуы да мүмкiн едi. Бiрақ ен далада ыдырап орналасқан елдiң басы бiрiкпедi. Әр хан әр жаққа тартты. Кенесарының орыс отаршыларынан жеңiлу себебi осы. Бұл көтерiлiстiң маңыздылығы «орыс отаршыларына қарсы ендi қандай жолмен күресуге болады, оның бодауынан қалай құтылуға болады?» деген заңды сұрақтарды туындатты. Салыстырмалы түрде қарасақ, қазақ жерiн отарлап отырған Ресей патшалығының өзiнде де ХIХ ғасырдың 70-жылдарына дейiн орыс революционерлерi патшаны террористiк жолмен құлатуды көздесе, ХIХ ғасырдың аяғына таман ғана түрлi партиялар құрып, патшалық монархияға қарсы жоспарлы түрде күресуге бет алды. Ал қазақ жерiнде оқыған азаматтардың арасында төңкерiстiк ойлардың ұрық шашуы ХIХ ғасырдың аяғы едi. Оның бастауында осы Ахмет Байтұрсынов тұрды десек, артық айтқандық болмайды. Сөзiмiздi дәлелдеу үшiн Сәкен Сейфуллиннiң «Еңбекшi қазақ» газетiнiң 1923 жылғы 19 қаңтардағы нөмiрiнде жарияланған А.Байтұрсынов туралы мақаласында « …Өзге оқыған мырзалар шен iздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көнiп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет едi» деген сөзiн келтiруге болады. Сондай ақ, 1923 жылғы 4 ақпандағы «Ақ жол» газетi де «…Ұлт қамы дегендi көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң едi» деп, А.Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы төңкерiсшiлдiк рухтағы қызметiн атап көрсеткен. Орыс отаршылары жыл өткен сайын қазақ жерiне тырнағын батыра түскенiн, патшаның бұл саясатының әлi де тереңдей түсетiнiн А.Байтұрсынов ержеткен кезде, яғни мұғалiмдiк оқуды аяқтап, мектепте мұғалiм болып жүрген кезде, әсiресе орыстың оқымысты азаматтарымен, қазақтарды шоқындырумен айналысып жүрген миссионерлермен кездесiп, әңгiмелескен кезде ұғынды. Бұл шамамен ХХ ғасырдың басы, 1900 жыл. Содан бастап Ахаң сөз тү­сi­нетiн қазақты сөзбен ширатуға кi­рiс­тi. Осы мақсатта И.Крыловтың мы­­сал­ды туындыларын аударуды бас­та­ды. А.Байтұрсыновтың өмiрi мен шы­ғар­ма­шылығын сонау Кеңес Одағы кезiнде зерт­теген Рымғали Нұрғалиев өзiнiң «Алып бәйтерек» атты мақаласында бұл туралы: «Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегiне, сезiмiне әсер ету жолдарын iздеген…Кiсiлердiң мiнезi, өмiр ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсiресе патша отаршыларының зорлық-зомбылығы, жуандардың тепкiсi, елдiң азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап, кейде ашық жеткiзедi», – дейдi. «Қырық мысал» баспадан шыққаннан кейiн ел арасында көптеп тарады, Ахаң ойлағандай кiтап өзiнiң насихаттық рөлiн атқарып шықты. Кiтап шыққанға дейiн де Ахаң төңкерiсшiлдiк қызметiн тоқтатқан емес едi. ХХ ғасырдың басында патша әкiмшiлiгi орыстарды қазақ жерiне қаптата, көптеп қоныстандыру саясатын еркiн жүзеге асыра бастады. Бұрын қазақ шекарасы Орынбор, Омбыдан әрi асып жататын. Ендi Ресейден берi ағылған орыстар Орал, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Петропавл, Семей, Өскемен, Жетiсу облыстарының шұрайлы жерлерiне, Едiл, Есiл, Ертiс өзендерiнiң бойларына қоныстандырыла бастады. Яғни, бұл кезде патша қазақ жерiн де Сiбiр жерлерi тәрiздi Ресейге бiржола қосып алу және халқын шоқындыру саясатын бiртiндеп жүзеге асыра бастаған едi. А.Байтұрсынов патша отаршыларының бұл саясаты қазақ халқының келешегi үшiн өте қауiптi екенiн жүрегiмен сездi, бiлдi. Ахаң ол кезде Қарқаралыда қызмет етiп жүрген. Жан ұшырып жергiлiктi басқару әкiмшiлiгi тарапынан қазақтарға жасалып отырған қиянаттардың заңсыздығын айтып, петиция жазуға ұйғарды. Ол петицияға Қарқаралыдағы көптеген қазақ оқығандары қол қойған. Оған «Мыңдаған адам қол қойды» деген дерек те бар. Бұл –1905 жыл болатын. Содан бiр жыл бұрын А.Байтұрсынов Ресей Думасына қазақтар тарапынан депутат болуы туралы ел арасында сөз қозғап, сол кездегi отар елдерi арасында Думада тек қазақтан ғана депутат жоқ екен) – Думаға қазақтан бiр өкiл өткiзулерiне көмек сұрап, башқұрлардың, татарлардың, өзбектердiң белдi өкiлдерiне хат жазады. Сөйтiп патшалық Ресей Думасына қазақтан депутат болуын армандаған, сол үшiн көп iзденген, содан қазаққа бiр жеңiлдiк болар деп үмiттенген бiрiншi қазақ осы А.Байтұрсынов атамыз едi. С.Сейфуллиннiң «… сонау патша заманында ұлты үшiн дауыс көтерген кiсi едi» дейтiнi сол себептен едi. Мiне, ХХ ғасырдың басы төң­ке­рiс­шiл ойдағы қазақ оқығандары үшiн осылай басталған едi. Жалпы, Ахмет Байтұрсыновтың орыс отаршыларына қарсы төңкерiсшiлдiк бағыттағы күресi ХХ ғасырдың 20-жылына дейiн, яғни, «Алаш» партиясының қызметi тоқтатылғанға дейiн жалғасты. Ахаң әуел бастан-ақ «қазақ көзi ашық, сауатты, мәдениетi дамыған ел қатарына қосылса екен, әлеуметтiк теңдiктi сақтаған тәуелсiз мемлекет болса екен» деп армандаған. Ахмет Байтұрсыновтың орыстарды қазақ жерiне көптеп орналастыруға қарсы петиция ұйымдастыруын, оның «Қырық мысалын», «Масасын», отаршылдыққа қарсы идеямен қаруланған, сол идеяның жалынымен оқырмандарын жылытқан «Қазақ» газетiн шығаруын отаршылдыққа қарсы күрес жылдарындағы жемiстi еңбегi деп таныған жөн. Бұл жалғыз Ахаң мен көзi ашық оқыған азаматтары үшiн ғана емес, қазақ тарихындағы отаршылдыққа қарсы күрестiң белдi белесi болды. Отаршылдыққа қарсы күрес жылдарында А.Байтұрсыновтың жеке өмiрi де оңай болған жоқ. Тағдыры талай талқыға түстi. Басқасын айтпағанның өзiнде, тек петиция жазуды ұйымдастырғаны үшiн патша үкiметi оны екi рет түрмеге жапты, жер аударды. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновтың ХIХ ғасырдың аяқ кезiнен бастап, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылына дейiн созылған отаршылдыққа қарсы күресi револю­цияшылдық, төңкерiсшiлдiк сипатта болды деген жөн. Қазақ әлiпбиi, грамматикасы және әдебиет теориясы… Қазақ елiн сауаттандыруда тарихи рөл атқарған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әлiпбиiнiң» Орынбордан басылып шыққанына – биыл 100 жыл толып отыр. Араб графикасына бейiмделiп, бар болғаны 28 ғарiптен тұратын бұл әлiпби әдiстемелiк оқулығымен бiрге 1912 жылы елдiң қолына тиiп, ауыл балаларының сауатын ашу үшiн сол жылдан бастап қолданыла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдiсi көрсетiлгендiктен бiр жағынан оқытушыларға жеңiл болды, екiншi жағынан оқушы балалар бiр жылда хат тану мүмкiндiгiне ие болды. Бұрын араб ғарпiмен молдадан оқитын шәкiрттер үш жылда хат тануды әрең игеретiн. Ал, кирилл әрпiмен оқығандар өзiнiң қазақ қалпынан алыстай бастайтыны байқалды. Соның бiр мысалы ретiнде айтсақ, сол кезде Торғайдағы орыс — қазақ мектебiнде оқыған Әлiби Жангелдиндi кезiнде миссионерлер Ресейдiң христиандық дiни орталығына жiберген едi. 1913 жылы төте әлiпбидi игергендер саны көбеюiне байланысты Ахмет Байтұр­сынов Орынбор қаласынан осы әлiпбимен «Қазақ» газетiн шығара бастады. Ахаң «Қазақ әлiпбиiне» қоса, оны оқытуға арналған бiрнеше әдiстемелiк оқулылықты да әзiрледi. Олар Кеңес үкiметi тұсында ашылған мектептерде пайдаланылып, 1929 жылға дейiн қолданыста болды. Елдiң сұранысы мен Кеңес тұсындағы қазақ мектептерiнiң қажетiне орай «Қазақ әлiпбиiнiң» оқулықтары сол тұста тоғыз рет баспадан басылып шықты. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңiнде «Қазақ әлiпбиiн» дүниеге әкелген Ахмет Байтұрсынов қазақ тарихында тағы бiр ұлы қадам жасады. Ол сонымен бiрге – қазақ тiлi грамматикасын ( фонетикасын, морфологиясын, синтаксисiн және терминологиясын) жүйелi түрде ғылыми түзеген. Бағамдап қарағанда, бұлар көптеген адам ғылыми зерттеп қана жүзеге асыра алатын филология ғылымының төрт саласы. Сөйтiп ұлы Ахаң қазақтың дыбыс жүйесiн, сөз жүйесiн, сөйлем жүйесiн, терминологиясын толық зерттеп, қазақ тiлi грамматикасының негiзiн салды. Ахмет Байтұрсыновтың лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерiн кезiнде Орта Азия, бүкiл түрiк әлемi мойындап, қолдап және Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетiстiктерiн өздерiнiң грамматикасында пайдаланды. 1929 жылдан кейiн Кеңес үкiметi сая­сатымен Қазақстандағы мектептер әуелi латын, одан кейiн кирилл ғарпiне көшiрiлгенiмен, Қытайдағы екi миллионға жуық қазақ осы күнге дейiн Ахаңның 28 ғарiптi емлесi мен грамматикасын қолданады. Ахаңның тiл саласындағы ғылыми жетiстiктерiн сол кезде орыс ғалымдары да мойындаған. 1919 жылы професор Самойлович «Литература Востока» журналында, ғалым Е.Поливанов «О кир­гиз­ско казахской орфографии» бюллетенiнде жоғары баға берген. 1929 жылы Мәскеу баспасынан шық­қан «Әдебиет энци­клопедиясында» «А.Бай­тұрсынов аса­ көрнектi қазақ ақы­ны,журналисi және педагогi…Ол қазақ ем­лесiнiң рефор­маторы,грамматиканың және қазақ әдебиетi теориясының негiзiн салушы» деген анықтама берген. ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ оқы­ған­дары, интеллигенциясы, жазушылары, ақындары қазақ мәдениетiнiң, әдебиетiнiң, өнерiнiң iргесiн қалап, бекiтiп жатқан кез едi ғой. Ал Ахаңның сол кезде жазылған «Әдебиет танытқышы» қазақ мәдениетiн, әдебиетiн, ғылымын тағы бiр жаңа биiкке көтерiп тастады. Кеңес өкiметi кезiнде Ахмет Байтұрсыновтың өмiрi мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Рымғали Нұрғалиевке осы «Әдебиет танытқыштың» алғашқы нұсқаларының бiрiн берген КазГУ-дiң профессоры Бейсенбай Кенжебаев екен. Кiтапты 40 жыл сақтаған ол кiсi «бұл кiтаптың шарапаты тиетiн күн келедi,ол күндi мен көрмеспiн, сендер көрерсiңдер» деген екен. Мұндай адамды қазақта «әулие» дейтiн. Ахаң «Мәдениет тарихын» да жазды деген дәлелдi деректер бар. Бiрақ Ахаңның бұл кiтабы жоғалып, сақталмаған. Мұны әлi де зерттеу ғалымдардың еншiсiнде. Жалпы, әдебиет теориясын оқулық пәнi ретiнде жазып шығу үшiн әлемдiк фи­ло­софия, психология, әдебиет теориясы ғылымдарының тарихын терең бiлу қажеттiгiн кез келген адам пайымдайды. Бiр ғажабы, ХХ ғасырдың бiрiншi жартысында, жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» сол кезде «қазақ әдебиетiнiң қалыптасуының басында жүрмiз» дейтiн ақын-жазушыларды былай қойғанда, көршi Ресейдегi, Орта Азиядағы, түрiк тiлдес елдердегi әдебиет, филология мамандары да мойындады. Олар әдебиет тарихтарында, энциклопедияларында А.Байтұрсыновтың еңбектерiн атап өттi. Ахаңның «Әдебиет танытқышы» әрбiр сауатты адам түсiнетiндей түрде жазылған. Онда әңгiме, роман, өлең жанрларының көптеген түрлерiне ғылыми, теориялық терең сипаттама берiлген. Мұнда Ахаң көптеген қазақы терминдердi қолданған және оны оқып отырып, Ахаңның сөз түрлендiргiш қасиетiне таң қаласың. Ахаңның Тiл оқулықтары мен әдебиет танытқыштағы сол терминдерi өмiрде жатырқанбай қабылданды. Терминологияда ғылымның бiр саласы. Қазақта осы ғылымның негiзiн салған тағы – Ахаң. Ахаң осы «Әдебиет танытқышта» әдебиеттiң ауыз және жазба әдебиет болып бөлiнгенi туралы бiршама тоқтамдар айтқан. Ол әдебиетте қалыптасып отырған бұл көзқарастың жазба әдебиеттi ауыз әдебиетiнен көтерiп көрсету үшiн, ауыз әдебиетiн төмендету үшiн iстелгенiн айтады, Ахаңның ғылыми теориялық көзқарасы бойынша, «ауыз әдебиетi де, жазба әдебиетте шығармаға жататынын, олардың құндылығы айтылған ойына, мәнiне байланысты анықталады» Ал бiз «ауыз әдебиетi», «жазба әдебиет» деп әлi күнге дейiн бөлiп, жазба әдебиеттi дәсердей етемiз. Керiсiнше, қазiргi уақытта жастар арасында жазба әдебиеттен гөрi ХVIII-ХХ ғасырлардағы ауыз әдебиетi өкiлдерiнiң шығармалары зор ықпал ете бастаған тәрiздi. Осыған қарап Ахаңның «Әдебиет танытқышындағы» ауыз және жазба әдебиет туралы теориялық байламы өте дәл бағамдалғанына көзiңiз жетедi. Ғалым мұраларының ғылыми бағамдалуы Ахмет Байтұрсынов Ресей патшалығы мен Совет үкiметi тұсында да қоғамдық және мемлекеттiк қайраткер деңгейiнде қызметтер атқарған тұлға. Сондай-ақ ол шығарма адамы – ақын, жазушы, журналист, композитор. Шығармашыл болған адам, өз еңбегiнiң қоғамда қандай деңгейде бағаланғанын бiлгiсi келетiнi рас. Бұл – заңдылық. Өз еңбегiнiң нәтижесiн көрмей талай дарындылар өмiрден өттi. Ал Ахмет Байтұрсынов атамыз халық үшiн iстеген қызметтерiнiң, шығармашылығының бағасын өзiнiң елу жылдық мерей тойы Тәшкенде, Орынборда аталып өткен кезде, қазақ елiнiң басында жүрген мемлекет және әдебиет қайраткерлерiнiң аузынан естiп, баспасөз беттерiнен оқыды. Той кезiнде айтылған бағалы, құнды пiкiрлер орыс патшалығы тұсында екi рет сотталып, Совет үкiметi тұсында өкiмет басындағылардан психологиялық қысым көрiп келе жатқан Ахаңның мерейiн көтердi. Сонда С.Сейфуллин «Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман- шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кiсi… Қалай болса да жазушысы азғана, әдебиетi нашар қазақ жарлыларына оқу-тiл құралдарымен қылған қызметi таудай» деген-дi. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Садуақасов Ахаңның халқына сiңiрген қызметтерiне жоғары деңгейде баға бердi. Бұл – 1922 23-жылдың арасы едi. «Ол кезде ауылдағы есi кiрген баладан бастап, еңкейген кәрiге дейiн Ахметтiң есiмiн бiлушi едi», – деп айтып отыратын үлкендер. Олай дейтiнi, ол уақытта қыстық қант-шәйiн қамдау үшiн шыққан базаршылар, ауқаттылар мен саудагерлер қалаға барғанда басқа қажеттерiмен бiрге Ахаңның «Қырық мысалын», «Масасын», «Әлiпбиiн» алып қайтады екен. Кешке от басына ағайындар жиналғанда немесе ораза кезiндегi ауызашарда үй ақсақалы сауатты балалардың бiрiне Ахаңның мысалдарын, «Ер Сайынын» оқытып, жиналғандар керемет рухани қуат алады екен. Үлкендерi «осының бәрiн қалай бiле берген» деп мәз болып, бастарын шайқасады. Мысал­дардың мәнiн түсiнгендерi «Данышпан екен, ә» деп таңданысады. Ахмет Бай­тұрсынов есiмi халқымен қайта қауышты. Оның артында қалған орасан зор мұрасы халқына таусылмас қазына. Ұлы тұлғаның әлi де ашылмай, көрiнбей жатқан қырларын зерттеу ғалымдардың мiндетi. Жиырмасыншы жылдардың бас кезiнде Ахаңның еңбектерi туралы ең алғаш ғылыми пiкiр жазғандар: М.Дулатұлы, Шонанұлы, I.Омаров – «Ученая деятельность Байтұрсынов». 1927ж) және т.б. Ал Ахмет Байтұрсыновтың өмiрi мен шығармашылығын Кеңес Одағы тұсында зерттеген ғалымдар Рымғали Нұрғалиев пен Рәбиға Сыздықова болды. Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдардан бастап, Ахмет Байтұрсыновтың өмiрiн, саяси қызметiн, ақындық шығармашылығын және ғылыми еңбектерiн ғалымдар салаларға бөлiп, зерттеу жұмыстарын бастады. Осы көштiң басында тұрған жоғарыда аталған ғалымдармен бiрге, З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Ә.Қайдаровтың, Ө.Айтбай­ұлының, Т.Кәкiшевтiң ғылыми зерттеулерi Ахметтануды биiк белеске көтердi. Ахаңның еңбектерiн тереңдеп зерттеушi ғалымдар қатары көбейiп келедi. Оның iшiнде ғалым Ө.Әбдiмановтың «Ұлттың рухани көсемi», «Ұлт азаттығын ұлықтаған ақын», «Қырық мысал төл туынды», «Азатшыл ойға көшбасшы басылым», «Қазақ тiлiнiң ұстазы Ахмет Байтұрсынов» тәрiздi көптеген зерттеулерiн атап өтуге болады. Өткен жылы Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов музейiнiң директоры Райхан Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмiрбаяны» атты кiтабы баспадан жарық көрдi. Бұл да Ахметтануға қосылған зор үлес болды. Ахаңның артында қалдырған мұрасы бұлақтың көзi тәрiздi. Көзiн ашсаң, жарқырап жаңа қырынан көрiне бередi. Бiр сөзбен түйiндесек, осы күнге дейiн жазылған ғылыми зерттеулер Ахмет Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы, елiмiздiң тәуелсiздiгi үшiн күрескен ұлт қайраткерi, ақын, қазақ әлiппесi мен грамматикасының, терминологиясының және әдебиет теориясының негiзiн қалаушы ұлы ғалым, аудармашы, фольклорист, журналист, публицист, сондай – ақ, композитор екендiгiн дәлелдеп шықты.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,

Серіктес жаңалықтары