Шетінеп кеткен сәби үшін жәрдемақы алып келген әже жауапқа тартылды
Шетінеп кеткен сәби үшін жәрдемақы алып келген әже жауапқа тартылды
Сыр өңірінде шетінеп кеткен немересі үшін жәрдемақы алып келген әйелдің заңсыз ісі әшкере болды. Бұл туралы "Астана" телеарнасының тілшісіне облыстық прокуратураға қарасты басқарманың аға прокуроры Ерлан Жоланов хабарлаған. Арал ауданының прокурорлары мәселенің мән-жайын зерттей келе, 2010 жылдың 8 қазанында дүниеге келген сәби 12 қазан күні шетінеп кеткенін анықтады. Алайда немересінің өмірде жоқ болғанына қарамастан әжесі бір жыл бойы мемлекеттен жәрдемақы алып келіпті. Заңсыз пайдаланылған қаржының көлемі – 117 мың 129 теңге. Арал аудандық соты әйел мемлекетке келген шығынды толық қайтаруға міндеттеді. Сондай-ақ, істеген ісі үшін жауапкершілікке тартылады. Қызылорда облыстық прокуратурасы басқармасының аға прокурары Ерлан Жолановтың айтуынша, әйел немересінің туғаннан кейін бір жылдан кейін қайтыс болғанын айтқан. "Арал ауданы соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 420-бабының 1-бөлімі бойынша кінәлі деп табылып бір жылға бас бостандығына шектеу қойылды. Себебі осы аталған немересінің бір жылдан кейін қайтыс болған деп жалған айғақ берген", - деді Жоланов.