МҰҢЛЫ МЕКЕННIҢ ТҰРҒЫНЫ
МҰҢЛЫ МЕКЕННIҢ ТҰРҒЫНЫ
XV ғасырда Самарқанда, Бұхарада, Ғиратта әдеби өмiр қалпына келе бастады. Жәми бастаған парсы тiлiнде жазатын жазушылар ерте дәуiрдегi классикалық поззияның үлгiлi үрдiстерiн одан әрi дамыта алға түстi. Формалистiк түр қуушы эпигон да пайда болады. Осы кезеңнiң аяғында тәжiк-өзбек әдебиетiнiң бұрыннан келе жатқан өзара байланысы күшейедi. Бұған Жәми мен Науаи достығы үлкен себепкер болады. Осы уақытта екi тiлде жазатын қалам иелерi шығады.
Жәми – XV ғасыр поэзиясындағы жарық жұлдыздардың бірі. Жәми XV ғасырдың классикалық қазынасына нүкте қойып, аяқтаушы атанды. Ол ғасырдағы әдеби синтездің аяқтаушысы еді. Оның алдында ғана өткен Хафиз синтезі, – толыққанды болса, Жәми синтезі – жинақтаушы синтез еді.
Жәми ғұмыр кешкен дәуір – Орта Азия мен Таяу Шығыста феодализмнің орныққан уақыты еді. Яғни Шыңғысхан шапқыншылығынан кейінгі феодализмнің қалыптасқан кезеңі болатын. Орта Азия мен Хорасанда экономикалық һәм мәдени өрлеу байқалды.
Жәмиге тағдырдың таяғы көп тие қойған жоқ еді. Жастайынан даңқтың дәмін татты. Бірақ ол одан үнемі қашып жүрді. Ақын даңқтан қашты. Сарай маңына шақырған әміршілер де көп еді, алайда ол дүниеге қызықпады, бармады, қарапайым өмірді қалады. Жәми — гуманист, сөйтсе де кейбір шығармаларында діннің дәнін көбірек себуге тырысты. Өйткені XV ғасырда Орта Азияда гуманистік идея бүркемеленіп, дін арқылы тарайтын. Жәми өмір кешкен әлеуметтік-саяси жағдайлар оның адамсүйгіштігінің күшті және әлсіз жақтарын көрсетті.
Нуриддин Әбдірахман Жәми 1414 жылы 7 қарашада Жам өлкесінде, Хорасан Харджирде дүниеге келді. Бала кезінде үй-ішімен Гератқа көшіп келіп, өмір бойы сонда тұрады. Әуелі Герат, сосын Самарқан медресесінде оқиды, маңайындағыларды зор қабілеттерімен таңқалдырады. Атасы мен әкесі мұсылман шариғатының білгірлері еді. «Накшбандия» дейтін сопылық ұйымға кіреді. Жәми кейін сопылардың шейхы болды, тимурид билеушілерінің, мұсылман дін ілімін қуушылардың, суфизмнің арасында беделі биік еді. Әр түрлі әкімдер оны сарай маңына шақырды, бірақ ол бармады, дәруіштік өмірді қалады, жерді өңдеді, өлең жазды.
Жәми араб, парсы тілдерін, Гератта, кейін Самарқан барғанда оқып үйренді, риториканы, фәлсафаны, заң ғылымын, дін ілімін, космографияны, математиканы және басқаларын оқыды. Жәми жүзден астам еңбек жазыпты. Негізгілері мыналар:
«Қасиетті үйдегі достықтың лебі» – бес жүздей софы қайраткерлерінің, көптеген ірі шайырлардың өмірін қамтиды.
Екінші кітабы — «Бахаристан», «Көктемгі бақ» баласы Зиялиддин Жүсіпке арнап жазған. Жеті бөліктен тұрады. «Бахаристан» Сағдидың «Гүлстанын» еске түсіреді. Өлеңі, қарасөзі аралас.
Жеті дастаннан тұратын «Жеті тақ», «Хафт оуранг» Шығыс поэзиясына белгілі «Бестіктің» «Хамса» жалғасы іспеттес. I. «Алтын шынжыр», 2. «Саламан мен Абсал», 3. «Ізгілерге сыйлық», 4.«Тақуалардың тасбиғы», 5. «Жүсіп-Зылиха», 6. «Ләйлі- Мәжнүн», «Ескендірдің даналық кітабы». Әр поэманың өзінің жеке дара қасиеттері бар, фәлсафасы, мистикасы, дидактикасы бар. Бірінші және үшінші, төртінші поэмалары құлық жайлы новелла, мысал әңгімелерден құралады, бұл жағынан Низамидің «Құпиялық қазынасына» келеді, екінші, бесінші, алтыншы поэмалары Низамидің «Ләйлі-Мәжнүнін» елестетеді. Ең соңғысы «Ескендірдің даналық кітабы» Александр Македонский образын өзінше бейнелейді. Низамидің «Искандер намасіне» жауап секілді.
Ғазалдарының үш жинағы бар. 1. «Жастық шаққа кіріспе», 2. «Алтын тасты алқаның ортасы», 3. «Ғұмырдың қорытындысы». Жәми бұлардан басқа дін ілімі, поэтика, риторика жөнінде көптеген трактаттар жазған.
Екі сұңқар әңгімесін үдетті:
«Шөліркеулер жүйкемізді жүдетті.
Мынау мимырт ми дала да мезі етті,
Көз ашқалы көргенім сол демекті.
Кетсек шіркін алыс жаққа қалықтап,
Хан қолында тұрсаң сосын шалықтап».
«Әр қилы ғой ақымақтың әр ісі.
Жастауына айтты сонда кәрісі:
Жете алмассың кейін осы күніңе,
Зар боларсың саңқылдаған үніңе.
Саған тарлық етіп жүрме осы құз
Аштық, өлі ет, олжа біздің досымыз.
Суық болса дірілдейді денеміз,
Ыстық желде бозарып-ақ кетеміз.
Шырақ, осы біле білсең жақсы әнін,
Өзіне алатын сақинасы патшаның».
Шығармашылығының толысқан шағында Жәми 1472-1473 жылдары Герат-Хамелан, Курдистан, Бағдад, Кербала Неджефтен Мекке мен Мединеге сапар шегеді. Қайтадан Дамаск пен Тебриз арқылы Гератқа оралады. Жол бойы Жәмиді қарсы алып, шығарып салушыларда есеп болмайды. Жәми Герат қаласында 1492 жылы 9 қараша күні дүние салады. Халық көп қатысады. Науаи жақын досы Камалиддин Абдульас Низамиге ұстазының толық ғұмырнамасын құрастыруды тапсырады. Өзі Жәми жайлы «Абыржығандардың бестігі» «Хамсат аль мутахай-иран» кітабын жазады, ұстаз досымен кездесулерін, әңгімелерін келтіреді.
Жәми мен Науаидің қай жылы, қашан кездескені жайында дәл мәлімет жоқ. Сірә, 1469 жылы Науаи Гератқа келгенде кездессе керек.
Жәмидің халық арасында беделі болғандығы сондай, жергілікті әкімдер одан тайсалып тұратын. Реті келсе ақынға сыйлықты үйіп-төгетін. Бірақ Жәми соның бәрін де жеке басының пайдасына жаратпай, халық үшін пайдалы құрылыс ісіне жұмсаған. Сондай қаражатқа ол өзі тұрған қалада екі мектеп, бір жатын үй салдырған.
Ақынның бар жиған дүниесі кітап болыпты. «Дүниеде кітаптан өткен сүйкімді дос табылмас, біздің мынау мұңлы мекенімізде одан басқа жұбатушы жоқ. Онымен өткен әрбір сәтің жүз ләззәт әкеледі, алайда ешқашан ренжітпейді» – деген сөздері ғасырған ғасырға жетіп отыр.
Бұл ойын «Жүсіп – Зылиха» поэмасында одан әрі дамыта түседі:
…Кітаптан ғой – достық және даналық,
Көкірегіңді ашады ол сәт сайын,
Даналыққа ұстаздай-ақ қаралық.
Ақылшымды келістіріп мақтайын,
Неше түрлі әңгімені шертеді,
Іші толған маржандардың кесегі.
Өткен-кеткен жайларды кең қозғайды,
Шындық жолын көрсетеді, тозбайды.
Келешектен хабар беріп тұрады,
Сөз маржанның мұхитына барады.
Жәми орасан уақытын кітап оқуға жібереді. «Біз қарапайым дала адамдарымыз» дейтін ол. Әр кеш сайын ол келушілермен әңгімелесіп, сауалдарына жауап беретін. Аз сөйлеп, көп тыңдағанды ұнататын. 1469 жылы Науаи Гератқа келеді. Екі ақын бір-бірімен танысады. Таныстық бертін келе нағыз достыққа ұласады. Науаи Жәмиді өзіне ұстаз санайды. Біраз мәселеде екеуінің көзқарастары бір жерден шығып отырады. Екеуі де соқыр сопылықты, жемқорлықты, зорлықты ұнатпайды.
Жәми мен Науаи арасындағы қатынас тек ұстаз бен шәкірттің арақатынасы емес еді, бұлар бірін-бірі терең түсінетін достар еді, Науаи талантына Жәми әрдайым жігер отын қосып отырды, өлең құрудағы шеберлігіне риза болды. Жәми өзінің дастандарында Науаи ақындығының жетістік жақтарын қуана айтты. «Жүсіп – Зылиха», «Ләйлі – Мәжнүн» шығармаларында Науаи шеберлігіне тәнтілігін көрсетті. «Ләйлі – Мәжнүн» поэмасында Науаи туралы Жәми былай дейді:
Достығыңды кеңейтеді дос деген,
Үмітіңнің құрма ағашы көктеген.
Достық кілті көнермейтін қазына,
Мәз боларсың мерекелі жазына.
Достық деген дархан бағың, сенімің,
Әсем әндей әлдилейді сені мың.
Жазады ол жаралы жан жүрегін,
Содан табам дүниенің тірегін.
Екі ұлы ақынның арасындағы достық көпірі осылай қаланған. Науаи «Ескендір» поэмасын жазып бітіргеннен кейін оны оқыту үшін Жәмиге алып барады. Өйткені бұл түркі тілінде жазылған алғашқы жәдігерлердің бірі еді. «Сондай үлкен еңбекке жанашыр кісінің құнды пікірі керек еді. Жәмиден басқа кім айтады, «Дастанды сондықтан алдым да, апарып оның алдына қойдым. Бүкіл сөздік байлығымды оның аяғына төктім. Менің қайығым кітап теңізіне қарай жылжығанда, ол қолын созды. Әр парағын байыппен қарап оқыды. Оқып отырып, сауал қойды, мен жауап бердім, Сонда ол жауабыма риза болды», – дейді Әлішер Науаи.
Сонда Науаи дастандарының бірінші оқушысы Жәми болған екен. Досының, шәкіртінің шығармаларына Жәмимен арадағы қарым-қатынасының қалай болғанын жазып кеткен. Науаи досына керек кезінде қаржылай, заттай көмек беріп тұрыпты. Екі ақынның махаббат, достық, адамгершілік дүние жайлы ойлары бір-бірімен үндесіп отырған. Сондықтан да бұл екеуінің тамаша достығы кейінгі ұрпаққа аңыз болып қалған. 1476-1477 жылы Науаи Жәмидің басшылығымен «Нахшбендия» қауымына кіреді. Бұл ұйымның негізін қалаушы Бехааддии Нахшбенди болатын. Ал суфизм дегеніміз — VIII ғасырда Испанияда пайда болған діни-мистикалық ілім. Араб халифатында кең тараған.
Ал Нахшбенді фәлсафалық теорияларға көп бойлап бара алмады. Негізгі қағидасы Мұхаммед пен оның ізбасарларының өсиетімен жүріп отыру еді, сопылар пайғамбардың өміріне еліктеді. Ерікті түрде қайыршылық тірлік кешті. Қайыршылығы басқаға кесірін тигізген жоқ. Қол еңбегімен тамағын асырады. Нахшбендінің өзі жерге бидай, бұршақ сеуіп, күнін көрді. Үйінде жинаған дүниесі болмады. Қыста сабан, жазда жөке жастанды, қолына күтуші қызметкер ұстаған жоқ.
Адамның басты міндеті, өзінің жақынына қызмет ету деп білді, адамдарға шыдамды бола білу керек десті. Жәми өмірі бұл ұғымға кірген соң да өзгермеді, ғылыми жұмыспен айналысты, айналасындағы жақындарына, достарына көңіл бөлді. Науаи да осы ұйымға кіреді, мұндағы ойы Жәмимен онан сайын жақындаса түсу еді. Жәми суфизмді өзінше түсінді. Тентек, білімсіз дәруіштерді ол жек көрді.
Гераттың бір жас жігіті Самарқанға барып, дәруіштерге қосылды да, солардың ілімін үйреніп келеді. Жәми оған айтады: «Мавераннахрға барам деп, сен сопылыққа әбден бас шұлғып келіпсің, пайдалы ілімді үйренбекке ұмтылмайсың. Барлық ойыңды ғылым мен даналықты меңгеруге бағыштаған абзал. Біз надан сопылардың өмір ерекшеліктерін зерттеп байқадық. Бұлардың бәрі де қараңғы әрі зиянкес адамдар».
Бұл тұста да Жәми мен Науаи көзқарастары дөп түсті. Жәми шәкіртінің, өлең жазудағы талантын жоғары бағалады, адам сүйгіштігін қадірледі, өзі де оған қайырымы кең еді. Екі ұлы ақынның достығы аңызға айналды.
Жәми шығармашылығымен Иран әдебиетінің гүлдену дәуірі аяқталды. Үш ғасыр бойы әдебиетті үнсіздік билейді. Парсы тілді ақындар көбеймесе азайған жоқ, әйтсе де арасында айтулы алыптар болмады. Дүние жүзі әдебиетінің тарихына енетін ақындар тумады. Бұл тұсты Гете тап басып айтқан: «Барлығын ол бір бауға байлады, еліктеді, жаңартты, кеңейтті, өзінен бұрынғы өткендердің ізгілігін де, қателерін де бойына анық жинағандықтан, кейінгі келер өнерлі ұрпаққа көп жұмыс қалдырмады. Мұндай жағдай үш жүз жылға созылды».
Жәми шығармашылығы иран классикалық поэзиясының «алтын күзі» еді. Ол сол күздің жемісін жақсы жинап кетті. Көптеген қасидалар, ғазалдар, мағыналы мәснәуилер, ырғақты, проза, фәлсафалық өлеңдер қалдырып кетті. Феодализм дәуірінде поэтикалық ағымдардың арасындағы күрес кейінгі кездегідей күшті өрістемеген еді. Жәми арқылы екі тенденцияның алдыңғы қатарлы және реакциялық тенденцияның күресін көресіз.
Жәми шындыққа ұмтылған ұстаздықты әдейі қалап алды, сарай маңынан, байлықтан ат-тонын алып қашты, екіжүзділікке ұрынған дәруіш тірлігін сынады. Халық жағында болып, еңбек етуге шақырып, озбырлыққа, үстемдікке қарсы шықты. «Егер де Құдайсыз өзінің әділеттілігімен атын шығарса, ол елге мейірімсіз діндар билеушіден анағұрлым жақын» деген сөзді Жәми «Саламан мен Абсал» деген поэмасында айтқан-ды. Жәми дінге еріктілікке шақыра отырып, кейбір өлеңдерінде шииттерді ұнатпайтындығын білдіреді.
Жәми Әлішер Науаиды шәкірт, дос, қамқоршы тұта тұрып, ұлы ойшыл Әбу Әли ибн Синаға қарсы шыққан қызық жан. Жәми ірі философ ақын. Ол поэзияның қоғамдық мәніне маңыз беріп, езушілерге қарсы күресте поэзияның ролі мен күшіне сенеді. Поэзия формалистік еліктеуге түсе бастағанда классикалық анық стильдік үлгілі бейнелері үшін күресті. Сарай жанындағы ақша құмар ақындарды сынады.
Ақының кім бүгінгі? Бақытсыз жан;
Байғұсың «қыр» мен «бірді» айырмаған.
Табиғаты, ойы да төменірек,
Дос, кеңесші көрінер елден ерек.
Күні-түні жүгірген екіленіп,
Аяғын күйдірген ит секілденіп.
«Ақын» деген қысқа сөз мағыналы,
Оған көп харакеттер бағынады.
Ар-ұяттан безінсе салтағы аз,
Ондай жеңіл байғұста болмайды мәз.
«Ақынның сөз өнері – айтайын деген ойын мүсіндеуінен көрінеді» деген сөзді айтқан Жәми еді. «Сұлудың бетіндегі жалғыз меңге қызығуға болар, ал ол егер тым көбейіп кетсе несі сән», – дейді шайыр.
Жәми шығармаларының шыңы – «Ескендірдің даналық кітабы» саналады. Ақынның осы кітабында мол салмақ жатыр, өйткені ол бұдан бес ғасыр бұрын әлеуметтік утопия жайында ой айтады, көркем формада айтады.
Адамдар өзара тең деген Орта ғасыр утопиясы жөнінде де осыны айтуға болар еді. Осындай ілгері ғасырларға ой тастаған утопия үшін Шығыста қаншама толқулар, көтерілістер болып өтті. Бұл идея бұдан бірнеше жылдар бұрын жазылған «Гильгамеш» поэмасында бар-тын. Аңызда аязы, ыстығы, әлімі, қызғанышы жоқ тамаша ел бар. Бұл утопия иран тілдес халықтардың арасына кең тарады. Фирдоуси «Шахнамасында» Александр Македонский брахмандарға барғанда сондай бір елге тап болады. Мұндай утопия Әбу Әли ибн Синаның фәлсафалық трактатында да бар. Фахриддин Гургани «Вис және Рамни» дастанын осындай ізгі оймен аяқтады. Низамидің «Искандор-намесінде» бұл утопия өзгешелеу суреттеледі. Барлығы да халықтық әлеуметтік утопиядан бастау алады.
Жәмидің сол уақыттың өзінде сондай биік ой айта білетіндігі – батылдығы дер едік. Ол батылдығы «Ескендірдің даналық кітабы» туындысынан көрінеді.
Дүниені жауламаққа Ескендір,
Құпияны білемін деп ескен бір.
Оңай емес жорық жасау далаға,
Тап болады бір ғажайып қалаға.
Қызық екен бұл қаланың тәртібі,
Әкімі де, ханы да жоқ артығы.
Еңбек десе сезілмеген тарлығы.
Жер үстінен табылып тұр барлығы.
Таза құлық жайлаған ел мекенін,
Білмейді екен соғыстың не екенін.
Мұнда әрбір жанұяның бағы бар,
Құлыпсыз да, кілтсіз де ашылар.
Шах айтыпты, «бұ не қызық жалғанда»
Ұрыларға есік ашық қалған ба?
Айыптымыз, бізде ұры болмайды,
Кедей де жоқ, байлар да жоқ, жоқ қайғы.
Біздегінің барлығы да тепе-тең,
Жайқалады жерге түйір дән сепсең.
Бітік егін ойлантпайды басқаны,
Жомарт-ақ қой біздің жақтың аспаны.
Шах айтыпты «Бәріне таң қаламын,
Қолға қылыш алмапты бір адамың.
Жүргізбеген өз үкімін халыққа,
Өз заңдарын шығармаған жарыққа.
Өкіметсіз тұрғаныңды түсінбен,
Таңқалдырып тұрсың бейбіт күніңмен.
Жоқ деді олар бізде мүлдем заңсыздық,
Қанау, озбыр дегендерді бір сыздық.
«Ескендірдің даналық кітабында» Жәми оған тек қана ескі әскери басшы емес, мұсылман пайғамбары, шындықты іздеуші ретінде қарайды. Жәми әсіресе осы поэмасында шындық пен жақсылықты қорғауға үндейді.
Жүрегіңе жолатпа сауда сату жалғанды,
Шындығыңмен ұрып жық дандайсыған адамды.
Жақсылық пен сенімнің жолымен жүр әманда,
Жарқын достық ғажайып күш береді адамға.
«Алтын шынжыр» поэмасында Жәми надан сопыларды аяусыз сынайды.
Сопылар бар жексұрын, ондайлардан аулақ бол,
Бейнесі жоқ адамдық, надандықпен таппақ жол.
Не берсең де қомағай өңешіне тығады,
Жолап кетсе жаныңа зиян болып шығады.
Ет пен шарап, бос жүріс кәсіп еткен ұйқыны,
Ойламайды өмірді бітеді деп бір күні.
Жәми «Ескендірдің даналық кітабында» қарапайым еңбек адамының образын жасайды, тапқырлықтың, даналықтың солардан шығатынын дәлелдейді, мұнысында әлеуметтік сатира бар. Патшалардың сарай маңындағы байбатшалардың ақылсыздығын, қатаңдығын әшкерелейді.
Жәми төрт құбыласы түгел адамның бейнесін сопылық трактаттарынан, поэма, ғазалдарынан іздестірді. Ақын шығармаларына терең бойлап барған кісі сыншылдығынан гөрі адам сүйгіштікке, жоғары этикалық нормаларды уағыздауға, жүрек пен махаббатты сыйлауға жиі барғанын байқайды. Соншалықты қатаң ғасырда мұндай мәселелерді қозғауы оның талантының айқын көрінісі еді.
Жәми поэзиясының ең басты кейіпкері де, тақырыбы да – адам. Идеалы да адам. Сондықтан да сонау XV ғасыр көгінен жарық жұлдыз боп көрінген, уақыт озған сайын шұғыласын алыс ғасырларға шашып келе жатқан қымбатты есім біз үшін Әбдірахман Жәми екені хақ.<