ХАДИСТЕН ХАБАРЫНЫЗ БАР МА?

ХАДИСТЕН ХАБАРЫНЫЗ БАР МА?

ХАДИСТЕН ХАБАРЫНЫЗ БАР МА?
ашық дереккөзі
Хадис және сүннеттің мағынасы
 

Исi мұсылман қауымның Құраннан кейiн сусындайтын қайнар бұлағы – қасиеттi Хадистер. Ақ пен қара арпалысқан алмағайып дүниеде адам баласына қараңғы түнде темiрқазықтай жарқырап жол сiлтейтiн Құран Кәрiм болса, өмiрдiң бұралаң жолдарында кездесетiн түрлi жағдаяттарды қалай қабылдап, қалай әрекет етуге боларын, түйiндi сұрақтардың шешiмдi жауаптарын Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с) айтқан нақылдары ретiнде ұрпақтан ұрпаққа жеткен Хадистерден табуға болады. Алланың елшiсiне уахи түскен қасиеттi Ораза айы да жақындап келедi. Сабырлылық пен iзгiлiкке шақыратын бұл қасиеттi айды мұсылман жамағаты жыл сайын ерекше ықыласпен күтедi. Сонымен бiрге, Хадистердiң Ислам дiнiмен бiрге келiп, халқымыздың салт–дәстүрi мен тұрмыс–тiршiлiгiмен бiте қайнасып кеткенi турасында бүгiнде айтылып та, жазылып та жүр. Ұлт болмысының асыл өзегiне айналған Хадистер жайлы не бiлемiз? Төмендегi мақаланың арқауы осы тақырыпты қозғайды.

Хадис – Ислам дінінің Құран Кәрімнен кейінгі екінші орындағы басты қайнар көзі. Аллаһ Тағала «Расында сендер үшін Аллаһты да, ахирет күнін де үміт еткендер және Аллаһты көп еске алған кісілер үшін Аллаһтың елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб с. 21-аят) аятымен Өз елшісінің сөздері мен іс-амалдарын, өмір жолын мұсылмандарға үлгі-өнеге етіп берді. Тілдік жағынан ескі сөзінің антонимы, жаңа мағынасын беретін хадис сөзі хабар, сөз мәнінде де келеді. Осы сөзден хабар беру, жеткізу, айту сияқты кейбір етістіктер туындайды. Мысалы: «Рабыңның нығметінен хабар бер» (Дұха, с. 11-аят.) аятында осы сөзден туындайтын «хабар бер», «жеткіз» мағынасындағы етістік туындаған. Терминдік мағынасы жағынан хадис жалпы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздеріне таңылғанымен, ислам ғалымдарының арасында осы сөздің мағынасын анықтауда әр салаға қарай түрлі көзқарастар қалыптасқан. Фиқһ негіздері ілімі (Усул) ғалым­да­рының анықтамасында Хадис – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзі, ісі және құптағандары. Бұл тұрғыда ол осы мағынада қолданылатын сүннет сөзінің синонимы болып табылады. Кейбір хадис ғалымдарының пікірінше, хадис сөзі тек Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне ғана емес, сахабалар мен табиғиндердің көзқарастары мен іс әрекеттерін бейнелейтін хабарларға да таңылады. Бұл жерде хадис сөзінің мағынасы хабар ұғымының баламасы ретінде келеді. Осыған сай сахабаның сөзі, ісі және мақұлдауы мауқуф хадис, Табиғиннің сөзі мен ісі хадис деп те аталады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерімен айналысып, хадис тізбегін және ондағы жеткізушілер мен хадис мәтінін зерттеген ғалымды мухаддис, одан сәл жоғары дәрежедегі хадис ғалымы хафиз, ал барлық хадистерді меңгерген Хадистанушы хаким деп аталады. Кей жағдайда хафиз термині мухаддис сөзінің баламасы ретінде де қолданылады. Хадис сөзіне қатысты түрлі мағынадағы анық­тамалар болса да, хадис сөзін Пайғамбардың (с.а.с.) сөзі, ісі және қандай да бір сахабаның іс-әрекетін көзбен көріп, мақұлдауы деп қабылдаймыз. Танымал сахаба Әбу Һурайра (р.а.) тарапынан қойылған бір сұраққа Пайғамбардың (с.а.с.) берген жауабында келген хадис сөзі оның айқын дәлелі болады. Әбу Һурайра (р.а.): «Мен О, Аллаһтың елшісі! Қиямет күні сенің шапағатыңа бөленетін ең бақытты жан кім?» – деп сұрадым. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Ей Әбу Һурайра! Сенің хадиске деген құштарлығыңды көріп, бұл хадис жайлы сенен бұрын ешкім сұрамаса керек деп ойлағанмын! Кім шын жүрегінен немесе жан дүниесімен «Лә иләһә илләллаһ», – деп айтса, сол Қиямет күні шапағатым арқылы ең бақытты жан болады», – деді», деген. (Бұхари, Білім кітабы, 99). Хадис сөзі тілдік тұрғыда сөз, жаңа мағыналарында келсе, шариғатта сүннет сөзінің баламасы ретінде, қолданылады. Сүннет сөзінің тілдік мағынасы – жол, ұстаным деген мағынаны береді. Аллаһ Тағала «Сендерден бұрын да жолдар өткен. Жер жүзін кезіңдер, жасынға шығарушылардың соңының не болғанын көріңдер.» (Әл-Имран с. 137-аят) аятынан және Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кімде-кім исламда жақсы жол салса (жақсы амал жасаса), оның сауабын, әрі Қияметке дейін оны орындаған адамның да сауабын алады. Кімде-кім Исламда жаман жол салса (жаман амал жасаса), оның күнәсін, әрі қияметке дейін оны орындаған адамның да күнәсін алады», – (Муслим, 1017; Ибн Мәжә, 208) деген сөзінен Сүннеттің адам өмірінде басшылыққа алған қағидасы, өмір сүру салты мен ұстанымы екенін аңғаруға болады. Шариғаттағы сүннет ұғымы екі мағынада түсін­діріледі. Фиқһ ғалымдарының (құқықтанушылар) анықтамасы: Сүннет – жүзеге асырылуымен сауап таптырып, орындалмауымен күнә мен азапқа душар етпейтін шариғат үкімі. Фиқһ негіздері ілімі ғалымдарының (негізтанушылар) анықтамасы: Сүннет – Аллаһ елшісінен (с.а.с.) жеткен бар­лық сөз, іс-әрекет және құптау. Хадис ғалымдары осы аталған тақырып­тар­ға қатысты әрбір мағлұматты түбегейлі те­рең зерделеп, кітаптарына енгізген.
ХАДИСПЕН ЖЕТКЕН
ҚАСИЕТТІ СӨЗ  

Аллаһ Тағала Пайғамбарымыз Мұхам­мед­ті (с.а.с.) бүкіл адамзатқа ақырғы елші етіп, оған көктен келген кітаптардың соңғысы бол­ған қасиетті Құран Кәрімді түсірді. Осылайша ол өзіне дейінгі Пайғамбарларды рас­таушы және олардың шариғаттарын толық­ты­рушы, ақырғы Пайғамбар болды.

Құран Кәрім – діни, әрі болмыс­ заң­ды­лықтарына қатысты барлық мәселелерді толықтай қамтыған иләһи кітап. Негізінен, Құран Кәрім аяттарының біраз бөлігі мағына тұрғысынан толықтай түсіндірілген болса, басым бөлігі жалпылама түрде берілген. Сондықтан Аллаһ Тағала Құран Кәрімде жалпылама түрде берілген аяттардың мағынасын ашып түсіндіру міндетін елшісі Мұхам­медке (с.а.с.) жүктеген. Яғни Аллаһ елшісінің (с.а.с.) сүннеті Құран Кәрімнің басым бөлігін құрайтын, мағынасы жалпылама түрде берілген аяттарын баяндаушы, ең алғашқы Тәпсірі болып табылады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде мұсылман­дар­ға намаз оқуды, Ораза ұстауды, Зекет беруді және қажылыққа баруды бұйырған. Атал­мыш құлшылықтар мұсылман адам үшін өте маңызды, өйткені олар Исламның парыздары болып саналады. Солай бола тұра Құран Кәрімде намаздың күніне неше мәрте, қанша ракағат оқылатындығы, үкімдері, яғни оны бұзатын және бұзбайтын жағдайлары мен парыздары айтылмаған. Сондай-ақ Құран Кәрімде ораза, зекет­ және қажылыққа қатысты үкімдер де то­лы­ғымен баяндалмаған. Осы секілді Құран Кәрімде баяндалмаған көптеген маңызды үкімдерді сүннеттен ғана табамыз. Сүннеттің маңыздылығын Пайғамбары­мыз­дың (с.а.с.) сүннетінің өзі қуаттайды. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қоштасу құтпасында айт­қан: «Сендерге екі нәрсені қалдырып барамын, ол екеуін бекем ұстасаңдар ешуақытта адаспайсыңдар: Аллаһтың кітабы және Пайғамбарының сүннеті,» (Малик ибн Әнәс, әл-Муатта, 1, 186.) деген сөзі анық дәлел болады. Сахабалар да Пайғамбардың (с.а.с.) көзі тірісінде, әрі дүние салғаннан кейін де Пайғамбар (с.а.с.) сүннетін ұстану әрбір мұсылманның міндеті екендігін көрсеткен. Құран Кәрім мен сүннетті ұстануда үлгі болған. Муаз ибн Жәбәлді Аллаһ елшісі (с.а.с.) Иеменге жіберіп тұрып, Аллаһтың кітабынан таппаған жағдайда немен қазылық ететінін сұрағанда, оның: «Аллаһ елшісінің сүннетімен үкім шығарамын,» – деп айтуы бірден–бір мысал. Сахабалар бізге дінді, яғни, оның негізгі қайнар көзі болған Құран Кәрім мен сүннетті толыққанды жеткізген. Аллаһтың қалауымен сахабалар Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге ислам дінінің негізін қалаушылар болған. Олар исламды қабылдаған күннен бастап, бүкіл өмірлерін Аллаһ және онық хақ дініне арнаған. Осылайша олар исламның жер бетіне таралуына бірден-бір себепкер бола білген. Сахабалардан кейін келген ғұламалар да қандай да бір үкімдіҚұран Кәрімнен таппаған жағдайда сүннетке сүйенгені белгілі. Демек, сүннет – мұсылман баласының аса қажетті рухани қайнар бұлағы. Өйткені қа­сиетті Құран Кәрімдегі әмірлер мен ты­йым­дардың мән маңызын сүннеттен үй­ре­неміз.
ХАДИСТЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ
 

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде басталған хадистің жазылуын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – хадис жазу үшін келген сахабаларға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) рұқсат етпегені. Екіншісі – тыйым жойылып, жазуға рұхсат етіліп, хадис жазуды қалаған сахабалар сахифаларды (хадис жазбалары) жазуға кіріскен кезең. Алғашқы кезде хадистің жазылуына уақытша тыйым салынуына бірден-бір себеп – сол кезде Құран Кәрім аяттары да жа­зылып жатқан еді. Бұл жазылған хадисті аятпен шатастырып алмас үшін жасалған сақтық шаралары болатын.

Әбу Сағид әл – Худриден риуаят етіл­ген хадис жазуға тыйым салған хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менен бір нәрсе жаз­баңдар. Кім менен Құран Кәрімнен бас­қа бір нәрсе жазған болса, жойсын», – деп бұй­ырған. (Муслим – 2298) Әбу Сағид басқа хадисінде: «Хадис жазу үшін Аллаһ елшісінен (с.а.с.) рұқсат сұ­рағанымда, маған рұқсат бермеген болатын», – деген. Бұл тұрғыда Әбу Һураирадан жеткен бір хабарда: «Біз хадис жазып отырғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) жанымызға келіп: «Жазып отырғандарың не нәрсе?» – деді. Біз: «Сенен естіген хадистер», – деп жауап бердік. Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаһтың кітабынан басқа кітап жазасыңдар ма? Сендерден бұрын келген Үмбеттер Аллаһтың кітабының жанында басқа кітаптар жазып адасты», – деді» деп келеді. Сол себепті ха­дис­тің жүйелі түрде жазылмағанына негізгі екі нәрсе себеп болды. Бірінші – Муслимнің Са­хихінде келгендей хадистің жазылуы сол кез­дегі түсіп жатқан Құран Кәрімнен араласып кетпес үшін тыйым салынғандығы; екін­ші – Алғашқы мұсылмандардың есте сақ­тау қабілеттерінің ерекшелігі және көп­ші­лі­гінің жазу білмеуі мен кейбіреуінің жаңа үй­ренгендіктен қателесуі мүмкіндігі себеп болды. Сонымен қатар, алғашқы кезде Пай­ғам­бар (с.а.с.) тағылымдары мен діни сұх­бат­тарын қағаз орнына қолданылған құрма жа­п­ырағына, теріге, сүйектер мен жазық тас­тарға жазу және оларды сақтаудың қи­ынға соғуын хадистің хатқа түсуіне ай­тарлықтай кедергі болды. Дегенмен Пай­ғам­бардың (с.а.с.) көзі тірісінде хадистің маң­ыздылығына ерекше көңіл бөлгендіктен кей­бір сахабалардың сахифалары (хадис жаз­балары) жарық көргенін айта кетуіміз керек. Мұсылмандардың қатары бірте-бірте кө­бей­іп, Ислам дінінің күннен-күнге дамып Мекке, Мәдина қалаларынан шалғай жерлерге таралуы, сонымен қатар мұсылмандардың арасында жазу білетіндердің санының артуы мен жазу өнерінің өркен жаюы қысқа мерзімде нәтижесін берді. Сол себепті көп уақыт өтпей Пайғам­ба­рымыз (с.а.с.) хадис жазғандарға тыйм сал­май, Хадис жазатындарға рұқсат етті. Хадистердің жазылуына қатысты көптеген хабарлар бар. Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына: «Ілімді кітапқа түсіріңдер», – деп те бұйырған болатын. (Ибн Абдулбарр, Жамиғу баяни Әл – Илм). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадис­те бір кісі келіп Аллаһ елшісіне (с.а.с.) еске сақтау қабілетінің нашарлығына шағымданған. Пайғамбар (с.а.с.) оған: «Қолыңнан жәрдем сұра!», яғни «Жаз!» – деген. (Әл – Хатиб әл – Бағдади, Тақиду әл – илм, 65 – б.). Абдуллаһ ибн Амр: «Пайғамбарымыздан естіген әрбір сөзді жазып жүрдім. Мақсатым оларды жаттау болатын. Бірде құрайыштар: «Пайғамбардан естіген әрбір сөзді жазасың, алай­да ол да бір адам, көңілді кезінде айт­қандары секілді ашулы кезінде де сөй­леуі мүмкін», – деп хадистерді жазуыма қарсылық білдірді. Сол себепті әдет­тегі жазуымды тоқтаттым. Кейін құ­рай­ыш­тар­дың сол сөзін Пайғамбарымызға (с.а.с.) айтқанымда, ол (с.а.с.): «Жаз! Жаным құдiрет қолында болған Аллаһпен ант етейін, менен тек хақ нәрсе ғана шығады», – деп рұқсат берді», – деген (Ахмад ибн Ханбал, Муснәд. Х. 21; Әбу Дуіт, Әс – сунән, ІІ. 286.). Пайғамбарымыздан (с.а.с.) хадис жазған саха­балардың бірі Әнәс ибн Малик (р.а.) өмі­рінің соңына қарай: «Балаларым, бұл ілімді (хадисті) жазыңдар», – деп (Әд – Дарими, әс – Сунан, І. 105.) өсиет қалдырған болатын. Ол хадис үйрену үшін келген адамдарға хадис жазған парақтарын шығарып: «Міне, мынау, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) естіген және қайта оған оқып берген хадистер», – деп қуана айтқан. (Әл – Хатиб әл – Бағдади, Тақиду әл – илм, 96 – б.). Сахифа – сахаба кезеңінде кейбір сахабалар тарапынан парақшаларға жазылған алғашқы хадистер жазбасы. Қазіргі кезге жеткен кейбір хабарлар мен тарихи деректерге сүйене отырып, саңлақ сахабалардың қағаз беттеріне түсірген хадис жазбалары (сахифалары) болған тұлғаларды атасақ Абдуллаһ ибн Амр ибн әл – Ас, Әл – Жәбир ибн Абдуллаһ, Әли ибн Әбу Талиб, Сәмура ибн Жундаб, Әбу Һурайра, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Сағыд ибн Ұбада әл-Ансари. Ибн Сағыд жеткізген бір хабарда Абдуллаһ ибн Амр сахифа жайлы: «Аллаһ елшісінен естіген хадистерді жазу үшін рұқсат сұрадым, маған рұқсат етті, менде бұл сахифаны жаздым», – дейді. (Ибн Сағыд, әт – Табақат әл – кубра, VІІ, 189 – б.) Ибн Сағыд осы хабардың соңында Абдуллаһ ибн Амр Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жазған сахифасын «Садиқа» деп тағанын айтса, өзге деректерде бұл хадис жинағының «Әс сахифату әс–садиқа» деп аталғандығын көреміз. Ибн Әл–Әсирдің айтуынша, Абдуллаһ ибн Амр сахифасына мың хадис енгізген. Ахмад ибн Ханбалдан Әбу Қабил: «Бір күні Абдуллаһ ибн Амрдың жанында болғанбыз. Сол жерде Константинополь мен Римнің қайсысы бірінші алынатындығы сұралды. Абдуллаһ бір сандық алып келіп, ішінен бір кітап шығарып: «Пайғамбардың жанында жиналып жазып отырған болатынбыз. Осы сұрақ сұралды. Аллаһ елшісі Константинопольдің (Стамбул) бірінші алынатынын айтты», – деген» хадисті риуаят еткен. (Ахмад ибн Ханбал, Әл – Муснад, ІІ, 176.). Имам Ахмад Әли ибн Әбу Талибтің мінбеде тұрып: «Аллаһқа ант етемін, бізде сендерге оқып жүрген Аллаһтың кітабы мен мына сахифадан басқа нәрсе жоқ» – дегенін риуаят еткен. Әбу Һурайраның көзі тірісінде жазылған танымал хадис жазбасы өзінің Иемендік жерлес шәкірті Хаммам ибн Мунаббиһтің сахифасы. Бұл жинақ «Әс–Сахифату әс–сахиха» деп аталған. Кейін Хаммам сақтап, риуаят еткендіктен, Хаммамның сахифасы деп танылған. Хадистерді қағаз бетіне түсірген сахабалар Пайғамбарымыздан (с.а.с.) өздерінің ғана естіген хадистерін жазып, оған басқа сахабалардың естіген хадистерін араластырмаған. Ең танымал сахифа иесі Абдуллаһ ибн Амр «садиқа» атты сахифасымен танысқысы келген Мужаһидке: «Бұл менің Аллаһ елшісінен (с.а.с.) естіген әс – сахифату әс – садиқа. Менімен Аллаһ елшісінің (с.а.с.) арасында осы хадистерді маған жеткізген ешкім жоқ», – деп пайғамбардан (с.а.с.) өзінің ғана естіген хадистерді жазғанын білдірген. Хаммам ибн Мунаббиһтің сахифасы да тек Әбу Һурайраның Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткізген хадистерінен құралған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Сахаба дәуіріндегі хадистердің қағаз бетіне түсіріліп, кейбір хадис жазбаларының жарық көруі, хадис тарихында алар орны ерекше.
ХАДИСТI ЖЕТКІЗУ
 

Сахабалардың сүннетті риуаят етіп басқаларға үйретуіне түрткі болған себептер бар еді. Олардың ішінде негізгісі – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабаларды хадис риуаят етулеріне ынталандыруы еді. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен бір риуаятта: «Естігендер естімегендерге жеткізсін. Расында, менен естіген адам өзінен жақсырақ ұғатын біреуге жеткізуі мүмкін», (Сахих әл – Бұхари, Білім кітабы, 67.) деп келсе, басқа бір риуаятта: «менің айтқанымды естіп (сол сөздерді) ұғынып, түсініп және (адамдарға қалай естіген болса, солай) жеткізген адамның Аллаһ Тағала жүзін нұрландырсын», – делінген. (Әбу Дәуіт, Термези, Ибн Мәжәһ).

Сол секілді Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Менен бір аят болса да жеткізіңдер…», – дейді. (Сахих әл – Бұхари). Сол себептен де сахабалар Пайғамбарымыз (с.а.с.) қатысқан түрлі жиындар мен сұхбаттарды жібермеуге тырысқан. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Иә, Аллаһ! Менің ізбасарларымды мейіріміңе бөлей гөр!» – дейді. Жанында болғандардың бірі «Ізбасарларыңыз кімдер?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Менен кейін келіп, менің хадистерімді жеткізіп, оны адамдарға үйреткендер», – деп жауап берген. Аллаһ елшісі (с.а.с.) сахабаларына айтқан сөздерін жаттауды бұйырып, оның атынан жалған сөйлеуге қатаң тыйым салған. Пайғамбар (с.а.с.): Пайғамбардың (с.а.с.) көзі тірісі, уахидің келіп отыруы хадиске төнген жалғандық пен өзгерту секілді қауіп–қатерден қорғайтын сенімді сақтаушы болған еді. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) бар кезде сахабалардың хадисті талқылу барысында күмәнданған жерлерін Аллаһ елшісіне (с.а.с.) барып, дұрысын, анық- қанығын білуге мүмкіншіліктері болған. Омар ибн әл – Хаттабтан (р.а.): «(Бірде) Аллаһ елшісінің көзі тірісінде Һишам ибн Хакимнің «Фурқан» сүресін оқып жатқанын естіп, қырағатына құлақ түрдім. Ол Аллаһ елшісі маған үйретпеген бірнеше қырағатта оқып жатыр екен. Сонда намазда тұрғанда оның жағасынан алуға шақ қалдым, бірақ намазды аяқтауын күттім. Намаздан соң оның шапанын шеңгелдеп: «мен оқып жатқаныңды естіген сүрені саған кім үйретті?» – дедім. Ол: «Мұны маған Аллаһтың елшісі үйретті», – деді. Мен: «Өтірік айтасың, Аллаһ елшісі маған оны сен оқығаннан басқаша үйретті», дедім де, оны жетелеп отырып, Аллаһ елшісіне апарып: «Мен мынаның «Фурқан» сүресін сен маған үйретпеген қырағатта оқығанын естідім», – деп шағымдандым. Аллаһ елшісі: «Жібер оны! Оқы, ей, Һишам!», – деді. Ол (Пайғамбарға да) мен оқып жатқанын естіген қырағатта оқып берді. Аллаһ елшісі: «(Бұл сүре) осылай түсірілген», – деді. Сонан соң (маған): «(Енді) сен оқы, ей, Омар!» – деді. Мен оны өзі үйреткен қырағатта оқып бердім. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.): «(Бұл сүре) осылай түсірілген. Расында, бұл Құран Кәрім жеті қырағатта түсірілді, одан өздеріңе оңай келгенін оқыңдар», – деп айтты», деген (Сахих – әл – Бұхари). «Негізінен ап-ашық үкімдерді, әрі тура жолды Кітапта адамдарға баян еткенімізден кейін жасырғандар, соларға Аллаһ лағнет етеді, әрі барлық лағнет етушілер лағнет айтады. Бірақ Тәубе еткендер жағдайларын түзеткендер және шындықты баян еткендер басқа. Міне, солардың тәубесін қабыл етуші, аса мейірімдімін» (Бақара сүресі, 159 – 160 аяттары) деген аяттың мағынасы діннің екінші қайнар көзі болған сүннетті қамтитындығын түсініп, оны білмегендерге үйретуді сахабалар өздеріне міндет санаған. Көп хадис риуаят еткен Әбу Һурайра : «Егер Құранда екі аят болмағанда, бірде-бір хадис риуаят етпес едім», – деп жоғарыдағы екі аятты оқыған болатын. (Сахих әл – Бұхари, Білім кітабы, 118.) Әл – Бара ибн Азиб: «Біз барлық хадистерді Пайғамбардың (с.а.с.) өзінен естіген емеспіз. Олардың кейбірін өзге сахабалар жеткізген болатын. Біздер көбіне түйе бағумен шұғылданатын едік», – десе, басқа бір хабарында: «Пайғамбардың сахабалары Аллаһ елшісін тыңдауға мүмкіншіліктері болмаған жағдайда еске сақтау қабiлеті жоғары сахабаларды тыңдап, Пайғамбардың сұхбатында болғандардың айналасына жиналатын», – деген. Осы тұрғыда Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадис­те Пайғамбарымыз (с.а.с.) білген ілімін өзге адамдарға жеткізудің маңыздылығын: «Білген бір нәрсе өзінен сұралғанда оны жасырған адам қиямет күні оттан ауыздық тағады», – деп айтқан. (Әбу Дәуіт, Білім кітабы, 9; Термези, Білім кітабы, 3; ибн Мәжәһ, Кіріспе, 24.). Айша анамыздың көптеген сахабалардан артық хадис риуаят еткені секілді ұлағатты жайттарды ескерсек, Пайғамбар (с.а.с.) сүннетін келер ұрпаққа жеткізуде ер адамдармен қатар әйел сахабалардың да қосқан үлесін ұмытпағанымыз жөн. Кейбір деректерде хадис жеткізген сахабалардың саны шамамен 1300 деп келсе, Ибн әл – Жәузидің айтуы бойынша 1060 сахаба хадис риуаят еткен. (Талғат Кочжигит, хадис тарихы, 76 – б.). Сахабалар риуаят (хадис жеткізу) еткен хадистерінің санына қарай екі топқа бөлінеді: а) Мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар. Олар әл – Муксирун деп аталады. Олардың саны жетеу. ә) Мыңнан аз хадис жеткізген сахабалар. Олардың бес жүз бен мың арасында хадис риуаят еткен сахабалардың саны төртеу. Олар әл – Муқиллун деп аталады. Мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар. Әл – Муксирун. Әбу Һурайра (р.а.) – 5374 хадис риуаят еткен. Әл – Бұхари мен Муслимнің сахих жинақтарында, екеуінің бір ауыздан Әбу-Һурайрадан риуаят еткен хадистерінің саны 325 болса, Әл –Бұхаридің өзі 93 хадис, Муслим 189 хадис жеткізген. (Әс-Суюти, Тәдрибу әр-рауи, 401-б.) Ахмад ибн Ханбалдың Муснәд жинағында Әбу Һурайраның 3848 риуаяты қамтылған. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.)-2630 хадис риуаят еткен. Ахмад ибн Ханбал оның 2019 хадисін жеткізген. Әнәс ибн Мәлик (р.а.) – 2286 хадис риуаят еткен. Ахмад ибн Ханбал Муснәд жинағында Әнәстің (р.а.) 2178 хадисін қамтыған. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) – 2210 хадис жеткізген. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) – 1660 хадис риуаят еткен. Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.) – 1540 хадис риуаят еткен. Әбу Сағид әл – Худри (р.а.) – 1170 хадис риуаят еткен. Имам Ахмад одан 958 хадис жеткізген. (Әс – Суюти, Тәдрибу әр – рауи, 484 – б; Талғат Кочжигит, хадис тарихы, 77 – б.). Мыңнан аз хадис риуаят еткен сахабалар. Әл – Муқиллун. Абдуллаһ ибн Масғұд (р.а.) – 848 хадис риуаят еткен. Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) – 700 хадис риуаят еткен. Омар ибн әл – Хаттаб (р.а.) – 537 хадис риуаят еткен. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) – 536 хадис риаят еткен. Сонымен қатар 31 сахаба жүздің үстінде хадис риуаят еткен болса, 14 сахаба үш жүзден астам хадис жеткізген. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен ха­дис­­­тердің дұрыстығына күмән тудырмай, кепілдік беретін бірден–бір себеп – барлық сахабалардың сенімділік сипатқа ие болуы. Сахабалар жайлы Таурат пен Інжілде де оларды сипаттап, дәріптеген аяттар бар. Ол жайлы Құран Кәрімде: «Мұхаммед – Аллаһтың елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында тым мейірімді. Оларды рукуғта, сәждеде көресің. Олар Аллаһтан мархабат, әрі ришалық тілейді. Олардың жүздерінде сәжделердің ізі бар. Олардың Таураттағы сипаттары осы. Інжілдегі сипаттары болса, бұл бас жарып, сосын қуаттанып, жуандап, өз сабағына тік тұрған егін сияқты. Бұл егіншілерді таңырқатып, онымен кәпірлерді ызаландырады. Аллаһ олардан иман келтіріп, ізгі істер істегендерге кешірім және зор сыйлық уәде етті», – деп келеді. (Фатх сүресі, 29 аят). Аллаһ елшісінің (с.а.с.) өзімен бірге болуға сөз беріп, сын сағаттарда қасынан табылып, уәделерінде тұрған адал достары жайлы ұмытпағандығын хадистерден байқауға болады. Әбу Сағид әл – Худри (р.а.): «Пайғамбар (с.а.с.): «Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер, өйткені сендерден бірің Ұхұд тауындай алтын садақа қылса да олардың біреуінің жұмсаған бір уысына да, тіпті оның жартысына да жетпейді», – деп айтты», – деген хадис жеткізеді. (Әл – Бұхари.) Имран ибн Хусайнның (р.а.): «Аллаһтың елшісі: «Үмбетімнің ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүргендер, сосын олардан кейін келгендер, сосын олардан кейін келгендер», – деді», (Әл – Бұхари) деп жеткізген хадисінен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әуелі сахабалардың дәуірінде, сосын олардан кейін келген табиғиндер мен әтбәғу ат – табиғиндердің кезеңдерінде өмір сүрген жандарды ислам тарихындағы ең ізгі адамдардан санағанын түсінеміз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде «… Жұлдыздар аспан қауіпсіздігінің кепілі. Олар жоғалған кезде аспанға уәде етілген нәрселер келеді. Ал, мен болсам, сахабаларымның қауіпсіздігінің кепілімін.Мен, кеткен кезде сахабаларыма уәде етілген (қауіпті) нәрселер келеді. Сахабаларым да үмбетім үшін қауіпсіздік кепілі, олар кеткен уақытта үмбетіме уәде етілген (бүкіл, бидғат) нәрселер келеді», – деп айтқан. (Сахих Муслим). Барлық хадис ғалымдары сахабалардың адалдығы мен сенімділігіне бір ауыздан келіскен.
Еркiн КҮЗЕМБАЕВ, «Бақалы» мешітінің имамы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бақалы ауылы (Басы. Жалғасы келесі нөмірде)