ЖАЗУШЫНЫҢ ҚЫЗДАРЫ ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Қызылжар өңірі дарынды тұлғаларға кенде емес. Он тоғызыншы ғасырда ғұмыр кешкен Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Толыбай сыншы, Қожаберген жырау сияқты ақын-сазгерлерден бастап кешегі Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов сынды көрнекті жазушылардың ерке Есіл өзенінің бойында кіндік қандары тамған. Жерлестері қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан осындай тума таланттарын есте сақтап, оларға ескерткіштер орнатты, есімдерін көшелерге, мектептерге, мәдени ошақтарына берді.

Мәселен, көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың есімі Петропавл қаласының орталық көшелерінің біріне, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға, қазақ сазды-драма театрына берілген. Сәбеңнің туған ауылында мұражайы бар. Жуырда жазушының қыздары Жанна мен Баян әкелерінің туған жерінде болып қайтты.

Ең алдымен құрметті меймандар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада болды. Бұл мәдени ошақта көрнекті жазушының есіміне лайық істер атқарылуда. Биыл кітапханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Кітап қоры ондаған мың басылым болып табылатын кітапханада оқырмандарға заман талабына сай қызмет көрсетіледі, Интернет-клуб ашылған. Кітапхана директоры Бибігүл Әбілмәжінованың айтуынша, жыл сайын жазушының туған күніне орай облыстың барлық кітапханаларында Сәбит оқулары ұйымдастырылады. Бұл мәдениет ошағы Қазақстанның ең үздік кітапханаларының үштігіне кіреді.

Кітапханада Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық бөлме-мұражайы орналасқан. Оның жәдігерлерімен танысқан жазушының қыздары Сәбит Мұқановтың “Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер” кітабын (ол 60 жылдан бері қайта басылған жоқ), “Адасқандар” романының жаңа басылымын, буклеттер, суретті құжаттар бар дискіні сыйға тартты. Сондай-ақ Кәкімбек Салықов, Есләм Зікібаев, Ғалым Малдыбаев, Владимир Шестериков, Зейнолла Әкімжанов сияқты ақындардың Сәбеңе арналған өлеңдері жарияланған кітап та мұражайдан өзінің лайықты орнын тапты.

Кітапханадағы тартымды кездесуден кейін Сәбеңнің қыздары әкелерінің туған жеріне барып қайтты.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

Солтүстік Қазақстан облысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button