БІЗГЕ БАЛА НЕ ҮШІН, КІМ ҮШІН КЕРЕК?

БІЗГЕ БАЛА НЕ ҮШІН, КІМ ҮШІН КЕРЕК?

БІЗГЕ БАЛА НЕ ҮШІН, КІМ ҮШІН КЕРЕК?
ашық дереккөзі
1422

Мына жарық дүниедегi кез келген тiршiлiк иесiнiң ең басты, ең қасиеттi борышы, жәй борышы ғана емес, ұлы мiндетi – өмiрге ұрпақ әкелу. Соның iшiнде Адам баласының мойнына артар жүк тiптен ауыр. Өйткенi Құдай оған мақұлықтарға бермеген ақыл-ой берген. Сол ақыл-ойды ұрпақ тәрбиесiнде бiз қалай пайдаланып жүрмiз? «Бала – бiздiң болашағымыз» десек, сол болашақты қалай елестетемiз? Жеке бастың, отбасының болашағы бiр бөлек, ал Қазақстан деген ұлы Отанның, Қазақ деген ұлттың болашағын қандай сипатта көремiз? Бiз жер бетiнде, қалай десек те, салыстырмалы түрде, саны аз халықтардың бiрiмiз. Ендеше ертеңгi күнi мүлде құрып кетпес үшiн, ұлттығымыздан тұтастай айрылып қалмауымыз үшiн осы саны аз халықтың саналы азаматтары не iстеуi керек? Тiптi ұрпақ тәрбиесi дегенде де жоғарыға қарап жалтақтап, билiкке қарап қалтаңдап отыра беремiз бе?

Мiне, бүгiн осы сауалдар төңiрегiнде белгiлi жазушы Мереке Құлкеновпен әңгiме қозғаған едiк. Д.Ә: – Қоғамда не көп, мәселе көп. Бұл – тіл мәселесі, дін мәселесі. Аттап бассақ мәселе шыға келеді. Бір қызығы, осы мәселелердің түп-төркінін, оның себебін көбінде жоғары жақтан, биліктен іздеп жатамыз. Әрине, кейде бұның да жөні бар шығар. Дегенмен өз басым осы көп «әттеген-айдың» негізін отбасындағы тәрбиеден іздеймін. Байқасаңыз, бүгінгі қоғамда қазақша білмейтін қаншама ұрпақ қалыптасты. Қиындықтың, кедергінің біразын солардан көріп отырмыз. Ұлттық мүдде, қазақтық қалыпқа қатысты батыл бір ой айтсаң, қарсы уәжін айтып шыға келетін де солар. Соны кейбір орыстілді басылымдар шебер пайдаланып, сол өз бауырларымызды бізге қарсы айдап салуда. Егер әу баста ата-аналары оларға үйінде қазақша тәрбие берсе, ұлтжанды, отаншыл етіп тәрбиелесе осындай болмас па еді деген ой келеді. Сол сияқты бір жеткіншек «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып, ақыры сонда қалып қойса, оған биліктің не кінәсі бар? Мемлекет ақшасын беріп, оқытты. Жылына жүздеген бала шетелде оқып келеді. Сонда қалып жатқандары болса, ол да отбасындағы тәрбиенің кемшілігі емес пе екен? Бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз осы – бала бізге кім үшін, не үшін керек? Кеңестік идеологияда Отан үшін деді де, Павлик Морозовтар өзін асырап отырған әкесін ұстап берді. Соның бір ұшқыны Қазақстанда да болды. Олар – өз заманының құрбандары. Ал қазір ше? Баланы не үшін, кім үшін өмірге әкелеміз? М.Қ: – Қазақтың қазақ болғалы ең үлкен мақсаты – өмірге ұрпақ әкелу. Қазақтың эпостық жырларында да «бәрі ұрпақ үшін» дейді. Ұрпақ – бала. Қазақ өз ұрпағын тәрбиелеуге кезең-кезеңмен келгеніне таңғаламын. Өмірге келетін балаға айтылатын бесік жырының өзі қандай! Ата-бабамыз ғасырлар бойы өзінің тәрибесіне осылай мұқият, сақ жолмен келді. Ауылдық жерлерде әлі күнге соны пайдаланып келеді. Бірақ біз Кеңес үкіметінің кезінде Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болып іргемізді бекіткеннен кейін, біздің тәрбиемізге басқа халықтың тәрбиесі араласып кетті. Өте қатты араласты. Өйткені біздің оқыған-тоқығандарымыз өзінен жоғары тұрған мемлекеттің тәрбиесіне қызықты. Менің де балам осылай болса екен деді. Кейде таңғаламын, күні кешегіге дейін біздің мықты аға-апаларымыз «Біздің балалар ұяң, әсіресе қыздар. Неге олар іштегісін сыртқа шығарып айтпайды?» деп жүрді. Ал атам қазақ «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді мықты ұстанған халық емес пе еді. Сонда іштегісін сыртқа шығаруды қалай түсінеміз. Ашық қылам деп, шашық қылу ма бұл? Үлкендеріміз қашан да қызға ең бірінші ибалылықты, ізеттілікті үйреткен. Сөйте тұрып өзінің бүкіл болмысын сақтауды үйретті. Арыға бармай-ақ, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» алайықшы. Қандай ізгілік? Ұлпан оның бәрін қалай игерген? Қайдан алды? Ол біздің топырағымыздағы байлықты бойына сіңірген. Ал біз оны ығыстырып қойып, басқа елдің тәрбиесін алғымыз келеді. Д.Ә: – Алғымыз келген жоқ, зорлап алғызды ғой. Жаңа әдемі айттың, біздің тәрбиемізге шын мәнінде басқа ұлттардың араласуы көп болды. Олар өз тәрбиесін тықпалады. Мәселен, моноұлттық мемлекет Жапонияны алайықшы. Олар қалай өсіп-өркендеп дамыды. Ешкім олардың саясатына бас сұқпады. Олар ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан тәрбиесін сақтап қалды. Керемет отан­шыл. Бүгінге дейін бүкіл жұртының жапондық-шығыстық менталитетпен көрінуінің өзі соны дәлелдейді. М.Қ: – Дұрыс. Бұл елді жақсы еске салдың. Жапондармен біздің тәрбиеміздің ұқсастығы көп. Кәдімгі қазақы тәрбие жағынан. Мысалы біздің келіндердің сәлем салатыны сияқты жапондардың кез келген әйелі иіліп тұрады. Үлкеннің алдын кес­пей, бүгіліп сәлем салуы өркөкірек адамның өзін тәубесіне келтіретін сияқты. Д.Ә: – Сондайды көргенде, мына біздер – ер-азаматтар сәлем салып жатқан келіннің, қыз баланың бетіне қарауға ұяласың. Ол әрбірден соң бізге де тәрбие. Сәлем салып жатқандарды мұсылман дініндегі бір ағымдар оның өзін шірік деп бізден алыстатып отыр ғой… М.Қ: – Ғаламдық даму кезінде қазақ өзінің бұрынғы тәрбиесімен қалып қоя алмайды. Заманына байланысты тәрбие де жетіледі, алға жылжиды. Өзің айтпақшы, бізге орыстардың ықпалы өте күшті болды. Абайдан, Махамбеттен бастап орысқа қарап өстік. Шын мәнінде, орыстан үйренетін нәрсе көп. Бірақ талғамымыз аз болды. Таңсық пен қаңсықтың ара-жігін айыра алмадық. Тіпті кейбір мәселеге келгенде орыс­тан да озып кеттік қой. Д.Ә: – Ең алдымен оның дәні тілден ғой. Алаш қайраткерлерінің ұлтжанды, отаншыл болуы бір-ақ дүниеден сияқты. Олар оқыды, бірақ кешегі қаланың қазағы сияқты баласын туа салып, орыс балабақшасына тығып жіберген жоқ. Алдымен ата-анасының бауырында болды да, қазақша тәрбие алды. Қазақша тілі шықты. Молдадан білім алды. Содан кейін ғана жоғары оқу орындарында орысша оқыды. Ал қазіргі «папа-мамалар» баланың тілі шықпай жатып жат ортаның мәдениетіне салып жібереді. Әуелі ана тілін бойға сіңіріп алу керек қой. М.Қ: – Қазақ Кеңестік Социалистік Республика құрылғаннан кейін қазақтың баласы өртеңге шыққан гүл сияқты күнге қарай ұмтылды. Біздің күніміз – қала болды. Алматы секілді ірі қалаларға ұмтылдық. Бірақ арман қуып келген баланың басы тасқа тиеді. Өйткені ол тіл білмейді. Ортаға сіңісе алмайды. Қазір «мәмбетизм» деген шықты ғой. Әке-шешесіне, туған топырағынан алған тәрбиесі қалаға келгенде түкке аспай қалады. Бұл біздің бүкіл ұлттық тәрбиемізге әсер етеді. Тілін бұрып екі айдан кейін орысша сөйлей бастайды. Тіпті Қытайдан келген тілі тұп-тұнық қазақтар да орысшаға икемделе шүлдірлей бастады емес пе. Д.Ә: – Демек, ортадан құдіретті ештеңе жоқ. Орта өзінің тәрбиесін әкеледі, өзі икемдеп алады да, жандүнені деформацияға ұшыратады. М.Қ: – Жалпы, әлемдегі беделді тілдер – ағылшын, француз, қытай, орыс тілін құрметтеуге тиіспіз. Бірақ кейде сол тілде сөйлеп отырып, сол тілді жек көруге тура келеді. Мысалға орыс тілінің қазақтың ана тіліне осыншалық қиянат жасағанына жаным удай ашиды. Кеңес үкіметінің саясаты өзінің қарамағындағы бұратана халықтың бәрін өзінің тілінде сөйлеткісі келді. Үн-түнсіз әрбір мектепке, балабақшаға орыс тілін кіргізді. Қазір де шетте қалып, өгейлік көріп отырған тіл емес ол. Заман өзгерсе де адамның өзгергені шамалы. Баяғы инерциямен әлі де балаларын бірден орыс мектебіне жетелей жөнелетіндер жеткілікті. Д.Ә: – Мереке, бұл мәселенің негізгі себептері ғана. Қай уақытта да отбасынан гөрі ортаның немесе бізді билеп отырған жоғарының ықпалы басым. Бұл жеке әңгіме. Ең өкініштісі, осының бәрін біліп, сезіп отыратын ұлттың зиялы деген азаматтары баласы мен немересін кезінде орысша тәрбиелеп алып, ал қазір заман солай болды деп өзін ақтаған болады. Бұл ақтағаннан не пайда? Солардың біразы қазір қарттар үйінде отыр. Өйткені немерелері қарамайды. Балаларына берген тәрбиесі анау болды. Нәтижесінде, өзі мәпелеп өсірген «шұбар жыланда» үлкенге деген мейірім қалмаған. Ата-анаға, туған-туысқанға мейірімі жоқ балада отаншылдық сезім қайдан болсын?! Реті келіп шетелге кетсе, олар қайтып келмейді де. Бәрі баланың бойындағы тәрбиеге байланысты. М.Қ: – Мысалы үшін бір кезде дүниеге келген екі жазушыны алайық. Екеуі де Алматыға келіп, үйлі-баранды болды. Бірі баласын тек қана қазақша тәрбиеледі, қазақша оқытты. Жетелеп жүріп қаланың ана шетіндегі жалғыз қазақ мектебіне оқытты. Ал екіншісі тек орысша тәрбиеледі… Д.Ә: – Кешегі Сағат Әшімбаев пен Шәрбану апасыз балаларын қалай тәрбиелегені көз алдымда. Олар екі баласын қаланың мектебіне емес, ауылдан келетін балалар оқитын №2 мектеп-интернатта оқытып, тәрбиелетті. Біздің де балалардың сол мектепте оқуына Сәкең ықпал жасады. Оның алдындағы аға буын – Қалмұқан Исабаевтың бес баласы болды. Ол кісі балаларын дұрыс тәрбиелеу үшін әйелін жұмысқа тұрғызған жоқ. Үйіне кіріп барған кезде балалары киіміңді алып, ілтипат көрсететін. Сондай-ақ біздің замандастарымыз да балаларын қазақша тәрбиеледі. Өйткені бізге жол көрсеткен алдымызда Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков сынды ағаларымыз болды. Бүгінде сол ағаларымыздың балалары ата-анасын алақандарына салып отыр. Міне, қазақша тәрбиенің игілігі! М.Қ: – Тәрбие деген өте қиын сала. Бұл жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Ал отбасыңа қалай тәрбие бересің? Қоғам, Отан алдындағы жеке жауапкершілігің қандай? Үйдегі баланы тәрбиелеуге байланысты мүмкіндігің қаншалықты болды? Қоғамдағы жаманды-жақсылы нәрселердің бәріне қарсы тұра алдың ба? Оның керегін алғызып, керек емесін ысырып қойдың ба? Еліміз 20 жылда қаншама өзгеріске ұшырады. Бүкіл әлемнің мінез-құлқы, адамды адамның тануы, білуі бәрі өзгерді. Қазақ өзінше жік-жікке бөлініп кетті. Мысалға қарасаңыз, ақшасы бар, жағдайы жақсы қазақтар баласын қарапайым мектепке бергісі келмейді. Айына 100-150 мың теңге төлейтін мектепке береді. Ол көшедегі балалармен араласа алмай қалады. Оның өзінің ортасы бар. Кейін шетелдегі беделді жоғары оқу орындарында оқиды. Өйткені, ақшасы бар. «Сананы тұрмыс билейді» деген сияқты тұрмыстағы өзгешеліктер де адамның тәрбиесіне қатты әсер етеді. Арамызға жік түсіп жатыр. Жалпы алғанда, көше сыпырушы қазақ баласының жаратылысымен жаңағы байдың баласының жаратылысында айырмашылық жоқ. Ал бірақ ана бала әкесінің көше сыпыратынына намыстанады. Ол да тырысқысы келеді. Ол үшін білім алуы керек пе, әлде қалтасында ақшасы болуы керек пе? Демек адамның мүмкіндігінен басқа тәрбие деген де болады. Оған ешкім қарсы тұра алмайды. Д.Ә: – Шетелге оқуға кетеді делік. Солардың біразы шетте қалып жатады. Сонда біз баланы шетел үшін тәрбиелеп жатырмыз ба? Қызымыз ағылшынға, арабқа, қытайға тұрмысқа шығып жатса, не болғанымыз? Біздің намысымыз қайда? М.Қ: – Қазақ деген халықта тәрбиеге лайықты басқа да істер болуы керек. Өзіңнің қызыңның патриот болып өсуіне жағдай жасау қажет. Ол осы жердегі жігіттен ана жақтағы арабтың жігітін әлдеқайда артық санайды. Өйткені оның мүмкіндігі көп. Тұрмыстық жағдай адамның тәрбиесіне қатты әсер етеді. Бір әйелді білемін. Тәуелсіздік алған жылдары үйіне шетелдің адамдарын тұрғызды. Ол тіпті ақша алмады да. Есесіне олар балаларына ағылшын тілін үйретті. Содан әлгі шетелдіктер үш қызын шешесімен бірге алып кетті. Біз баяғы ата-әже тәрбиелеген сезімдерден айрылып қалдық. Ұлттық тәрбие мен қазіргі тәрбиенің арасында үлкен кеңістік бар. Д.Ә: – Менің жеке ойымда: Балалар ең алдымен ата-анасына керек. Олар ең әуелі сол ата-анасын сыйлап, соларды құрметтеуі тиіс. Ол үшін не істеу керек? Қазақша оқытып, қазақша тәрбиелеу керек. Әрбірден соң өз басым баланы балабақшаға берудің өзіне күмәнмен қараймын. Оны «Жылыжайдың қияры» деген әңгімемде жаздым да. Баланы балабақшаға беруге деген қарсылығым кемпірдің сөзінде айтылады. «Балаларың қайда?» деп сұрайды кемпір. Сонда кейіпкерім «бақшада» дейді. Сонда кемпір: «Е, балам, бақшаң да жақсы, ата-әжесі де жақсы, бірақ бәрінен де шешесі жақсы» дейді. Бұл – өздерің тәрбиеле деген сөз. Сонда ғана жемісін көресің. Яғни баланы ата-әжесіне берсең, орта жолда қалады, балабақшаға берсең қоғамның баласы болып кетеді. Мүмкіндігінше өз көз алдыңда өсіргенге не жетсін! М.Қ: – … Әлгі әйел үш баласын тек қана шетелге жіберу үшін тәрбиеледі. Қазір соның «жемісін» көріп жатыр. Сексенге келгенде, Алматыда қара басы қалт-құлт етіп жалғыз отыр бір үйде… Д.Ә: – Көзімнің бір жеткені, бала әке-шешесін қалай құрметтесе, ол басқаны да солай құрметтейді. Отбасындағы бүкіл болмыс – отаншыл­дықты, ұлтшылдықты сіңіреді. Ал кейбіреулер: «Менің балам Америкада қызмет істеп жүр» деп мақтанып жатады. Сол да отаншылдық па? М.Қ: – Оның неше түрлі себептері бар. Басты себеп – орыс балабақшасы мен орыс мектебі. Мысалы бір отбасы бір баласын қазақшаға, екіншісін орысшаға берген. Екеуінің әке-шешесі бір. Бірақ психологиясы бөлек. Д.Ә: – Қызылордадан бір ақсақал келді. Төрт балам бар дейді. Оның екеуін орысша, екеуін қазақша оқытыпты. Қазір орысша оқыған екі баламның жандүниесі екі бөлек дейді. «Қайсысы жаныңызға жақын?» десем, «Балам-ау, қазақша оқығандары жақын ғой. Баламның баласына басқа тілде оқыт деп айтпас едім» деп іштей өкінішін білдірді. Өз басына түскеннен кейін айтып отыр ғой. М.Қ: – Айта берсек, мәселе көп қой. Жарайды, балалар орыс мектебінде оқи берсін дейік. Бірақ сол мектептен олар ең алдымен өзі өмір сүріп жатқан елдің тарихын, мәдениетін, әдебиетін біліп шығуы керек қой. Ең өкініштісі, осы жағы тарих пәнінде де, басқада да ескерілмеген. Космополиттер қайдан шығады дейміз сосын. Д.Ә: – Бізде ең көп реформаға ұшырайтын жер – оқу-ағарту саласы. Жыл сайын тәжірибені сынақ ретінде енгізумен келеміз. Бұған қарсы тұруға балалар да, ұстаз да, тіпті ата-ана да дәрменсіз. М.Қ: – Радиодан екі ұстаздың әңгімесін тыңдадым. «Жапониядан электронды оқулық жасап әкелдік. Тек тілін бассаң болды, өзі сайрап қоя береді» деп соны жарнамалап жатыр. Жарайды делік. Бірақ ұстаздың бір тақырыпқа деген көзқарасы, ой-пікірі, балаларға жеткізуі қайда қалады? Мұндайда ұстаз бен оқушы арасындағы байланыс жоғалмай ма? Д.Ә: – Кезінде Оқу министрі болған Әди Шәріпов деген азамат болған. Сол кісіден кезінде біреу «Баланы қалай тәрбиелеу керек?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Жоқ жерден жұмыс тауып бер, еңбектен артық тәрбие жоқ» депті. Осы жерде бір қызық айтайын. Телеарнадан «Кәмелетке толмаған балалар үйінің балалары жалданып ақша табады екен» дегенді жаңалықтан айтып жатыр. Сөйтсек, жұмысқа жалдағандарды заңға тартыпты. Неге? Себебі «Қылмыстық кодекстің» 133-бабында кәмелетке толмаған балаларды жұмысқа салғандарды жазалайтын бап бар көрінеді. Ал біз 6-7 жас­тан бастап жұмыс істедік. Сөйтіп жүріп ақша таптық. Біз балаларды ең үлкен тәрбиеден айырып тастаған жоқпыз ба? М.Қ: – Қазіргі миллиардерлердің бәрі бала кезден қиындық көріп, ауыр еңбек еткендер. Олар еңбекпен келетін нанның тәтті екенін біледі. Біз де жазғы демалыста шөп шауып, егін салдық. Мал да бақтық. Еңбек адамды бәрінен құтқарады. Д.Ә: – Еңбек мұқтаждықтан, зерігуден, пәле-жаладан құтқарады. Қаладағы азаматтар тәрбиені үйде береміз дейді де, баласын ауылға жібермейді. Ауылдың ауасын жұтып, еңбектің дәмін сездірмейді. Қара жұмыс та адамды шынықтырады. Баланы ауылдың мәдениетімен де тәрбиелеу керек. Баланы қалада тек қазақша оқыту аздық етеді. Әке мен шешеге жандүниесі жақын болу үшін баланы ел жақпен жиі араластыру жөн. … Сөз соңында айтарым: Баланы өзің үшін тәрбиелеу керек. Сені ойлаған бала Отанының да қамын ойлайды.
Әңгiменi жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары