V АСТАНАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫ

V АСТАНАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫ

V АСТАНАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫ
ашық дереккөзі
276

Елордада бесiншi рет өткiзiлген Астаналық экономикалық форумда халi мүшкiл әлемдiк экономиканы тығырықтан алып шығудың нақты шаралары қарастырылды, экономикасы рецессияға ұшыраған Еуропалық Одаққа кеңестер берiлдi, байлыққа жетудiң басты шарттары айтылды, келесi жылы Қазақстанда Дүниежүзiлiк дағдарысқа қарсы Конференция ұйымдастыруға шешiм қабылданды.

Астаналық экономикалық форумды бүгінде сарапшылардың басым бөлігі «Азиялық Давос» деп атап жүр. Өйткені форум ауқымы уақыт өткен сайын кеңіп, оның шеңберінде өткізілетін шаралар саны 60-тан асып кеткен. Ал виртуалдық кеңістіктегі пайдаланушылар қатары 30-дың үстінде. Демек, Астаналық экономикалық форумның маңызы Давос пен Санкт-Петербургтік форумнан кем емес. Әрі Астаналық экономикалық форумда айтылған кеңестерді G-20 жиындарында жүйелі түрде талқыға салып отырады. Үстіміздегі жылдың 22-24 мамыры аралығында Елордада өткізілген V Астаналық экономикалық форумда әлемдік экономиканың бүгінгі мүшкіл халі, Еуропалық Одақтағы рецессия, америкалық және қытайлық экономиканың даму жолдары, мұнай-газ саласының әртүрлі бағытта даму мүмкіндіктері, ядролық энергетика т.б. Жер шары үшін маңызды мәселелер халықаралық деңгейде жан-жақты талқыға салынды. Шараның ұйымдастырушылары – «Еуразиялық ғалымдардың экономикалық клубы» ассоциациясы, Қазақстанның 14 министрлігі, ҚР Ұлттық банкі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік экономикалық форум, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, Жаңартылған Бреттон-Вуд комитеті, Мадридтік комитет т.б. Ал демеушілері мен серіктестеріне келсек, бас демеуші – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ресми демеушілері – «ҚазАгро» АҚ, «РуссНефть» АҚ.

Халықаралық қаржы қоры директорының орынбасары Мин Жу, Дүниежүзілік сауда ұйымы жетекшісінің орынбасары Алехандро Хара, Нобель сыйлығының лауреаттары Роберт Мандэлл, Эдуард Пресскот, Кристоф Писсаридес т.б. атсалысқан V Астаналық экономикалық форумды қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов: «Форумның ең негізгі мақсаты – былтыр Елбасының жасаған G-global идеясы бастамасын Нобель сыйлығы лауреаттарымен, арнайы шақырылған шет елдердің бұрынғы және қазіргі ел басшылары, үкімет басшылары, сарапшылармен талқылау еді. Меніңше, форум өте сәтті өтті және нәтижелі болды» – деп мәлімдеді. Қайрат Нематұлының айтуынша, G-global туралы пікірталасқа Түркия Премьер-министрі Реджеп Эрдоган, Германияның экс-президенті Келлер, Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэр, Италияның экс-премьері Романи Проди т.б. көптеген сарапшы-экономистер қатысқан.

Былтыр желтоқсан айында Нұр­сұлтан Назарбаев Астанада Дүние­жү­зілік дағдарысқа қар­сы конференция өткізіп, Аста­­налық эконо­микалық форум жанынан G-Global жобасын құруға ұсыныс айтқан болатын. «Дағдарысқа қарсы көзбояушы шаралар әлемді дағдарыстың жаңадан өршіп келе жатқан толқынынан құтқармайды деп мен бұған дейін де айтқан болатынмын. Осы сөздерім іс жүзінде дәлелденіп отыр. Әзірге ешкім бірауыздан қабылданатын әлемдік дағдарысқа қарсы жоспарды ұсынып көрген жоқ. Өкінішке қарай, G-20, G-8 форматтары да олардың тиімсіздігін растады – тіпті, әлемдік дағдарысқа қарсы жоспарды талқылау ісі де басталған емес. Мен әлем үшін тиімді дағдарысқа қарсы шешімдерді іздестіру ісіне қатысушылардың санын әлдеқайда кеңейтуді ұсынамын. Жаңа коммуникативтік алаңды G-Global деп атасақ деймін. Ол Breton Woods электрондық желісі ретінде де жұмыс істей алады. Ал Астаналық экономикалық форумды осы жұмыстың негізгі алаңына айналдыруға болады»,– деп мәлімдеген Қазақ Президенті бұл мәселені халықаралық қауымдастық талқысына салуды көздеген. Өткен аптада Астаналық форумда бас қосқан шетелдік қонақтар Н.Назарбаевтың G-global бастамасына қатысты ұсынысын бірауыздан қолдады. Сонымен қатар олар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша 2013 жылы Дүниежүзілік Дағдарысқа қарсы Конференцияны шақыруға келісті.

Астанада бесінші рет өткізілген экономикалық форумның ерекшелігі сол, шараға Нобель сыйлығының 12 лауреаты мен көптеген дүниежүзілік деңгейдегі сарапшылар атсалысты. Қазақстанның жалпы экономикалық өсіміне жоғары баға берген олар Қазақстанның идустриалды-инно­вациялық дамуы, соңғы жылдары экономикалық өсімнің тұрақтылығы, экономиканы дербестендіруге ба­ғыт­талған бағдарламалардың нә­ти­желілігі, Халықтық IPO секілді бағдарламаларын жүзеге асыру секілді өзге де мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына байланысты ақыл-кеңестерін ұсынды.

Форумда кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолдары қарастырылды. Мәселен «Тиімді кәсіпкерлік – тиімді экономика» атты панельдік сессияда Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуындағы проблемалардың басын ашып, өзге мемлекеттердегі осы саланы қолдаудағы тәжірибені ескеру, үлгі алу көзделген. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрағасы Қайрат Әйтекенов, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның төрайымы Ләззат Ибрагимова, 1994 ж. экономика саласында «Кооперативті емес ойындар теориясының тепе-теңдік сараптамасы» үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанған Джон Нэш, Принстон университетінің профессоры, 2004 ж. экономика саласында Нобель сыйлығының лауреаты Эдуард Пресскот, Аризона университетінің профессоры, 2007 ж. экономика саласында Нобель сыйлығының лау­реаты Эрик Маскин, Принстон университетінің профессоры, Еуразия экономикалық комиссиясының коллегия мүшесі – экономика және қаржы саясаты бойынша министр Тимур Сүлейменов, Корея Кепілдендіру Қорының (KODIT) төрағасы және Бас Директоры Тайк-Су Ан, Шағын және орта бизнес корпорациясының президенті (SBC) Чеол-Кю Парк, Польшаның Кәсіпкерлікті дамыту агенттігінің (ПКДА) бас директорының орынбасары, Дауриуш Шевчик т.б. Форум шеңберіндегі пікірсайыстарда халықаралық сарапшылар қауымы жалпыға ортақ пайдалы кеңестерге де кенде болмады. Мәселен байлыққа қол жеткізудің басты шарттарына тоқталған Эдуард Прескотт қазақстандық шағын және орта кәсіпкерлікті үздіксіз дамыту керектігіне тоқталды: «Жаңа кәсіпкерліктің іргетасын қалаумен бірге ендігі жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлікті үнемі дамытып, ауқымын кеңейтіп отыруды назардан тыс қалдырмау қажет. Әсіресе кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың алдынан шығатын кедергілерді барынша азайтқан абзал. Мұндайда кәсіпкерлікті тиімді басқара білу үшін білім алуға ықпал ету де аса маңызды. Бұл байлыққа жетудің – маңызды шарты».

Сонымен қатар Экономикалық форум барысында Астана-Инвест форумы ұйымдастырылды. Бұл шетелдік қалталылардан инвестиция тарта отырып, отандық экономиканы дамытуға сеп болғаны анық. «Біздің Елбасы осы форумда инвестиция тартудың жақсы индикаторларын айтты. 2010 жылы 18 млрд. АҚШ доллары көлемінде сырттан тікелей инвестиция тартсақ, былтыр бұл көрсеткіш көлемі 19 млрд. АҚШ долларына жетті. Жалпы, инвесторлардың Қазақстанға деген көзқарасы дұрыс. Бірақ инвестицияларды тарту деңгейін жақсартуға қатысты айтылған пікірлер де болды» деген Қайрат Келімбетов бұл жиынның да өте нәтижелі өткенін жеткізді. АЭФ шеңберіндегі 3 форумда қазақстандық компаниялар мен Индонезия, Түркия, Германияның компаниялары арасында жалпы сомасы 1,5 млрд. долларға тең болатын 40 келісімге және 2 млрд. долларға теңгерілетін 50 келісімге қол қойылды. Форум өз жұмысын соңғы он жылда Жер шарының барлық мемлекеті үшін маңызды болған әлемдік құрылымның қайта түзілуіне баса мән берді.

«Зияткерлік меншіктің эконо­микалық дамуындағы рөлі» тақы­рыбында өткен сессияда Н.На­зарбаев Дүниежүзілік зият­керлік меншік ұйымының Бас директоры Френсис Гарримен кездесіп, «Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі барысында сіздердің тараптарыңыздан алатын ақыл-кеңес біз үшін өте маңызды», – деді.

Беларусь Республикасының ауыл шаруашылығы мен азық-түлік министрі, Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ұлттық ұйымының өкілдері, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының өкілдері (РАШҒА), салааралық бірлестіктері мен ассоциациялар өкілдері, сондай-ақ ресми және іскерлік орталардың жоғары қызметтегі шетелдік тұлғалары қа­тысқан «Кедендік одақ мемлекеттері: Бірыңғай ауыл шаруашылық Хаб» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық пен серіктестік жайы талқыланды. Соңғы он жыл ішінде ТМД аумағындағы Қазақстан және Ресей әлемдік нарықта ірі астық экспортерлері ретінде танылды. Ал Беларусь – сүт және сүт өнімдерінің ірі экспортері. Бүгінде осы елде өндірілетін сүт көлемі шамамен 4 млн. тоннаға жуық. Азық-түлікке, сондай-ақ бидайдың әлемдік бағасының өсуі халыққа, әсіресе әлеуметтік ахуалы төмен адамдарға кері әсер еткеніне қазір халықаралық қауымдастық алаңдап отыр. Өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты кейбір мемлекеттер тарапынан экспортқа тыйым салынуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшін тұстар, Кедендік одақтың ішкі және сыртқы экономикалық саясаттың ықпалы т.б. саларанған дөңгелек үстелде «Кедендік одақ мемлекеттері ауыл шаруашылығы өнімдері мен астық экспорты саласында ірі және бәсекеге мығым мемлекеттер саналатындықтан, әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне ықпалы қалай болмақ?», деген сауал ортаға тасталып, осы бағытта қабылдануы тиіс жаңа бағдарламалар, Кедендік одақ шеңберінде астық пулын құру болашағы, Кедендік одақ мемлекеттерінің инвестициялық тартымдылығы жайлы пікір айтылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары