«БАЗАРБАЕВТАР» – АРЗАН КҮЛКІ ЕМЕС

«БАЗАРБАЕВТАР» – АРЗАН КҮЛКІ ЕМЕС

«БАЗАРБАЕВТАР» – АРЗАН КҮЛКІ ЕМЕС
ашық дереккөзі

Қазақы қалжың мен әдемі әзілді табыс көзіне айналдырғандар бар. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» қағидасына сүйенетін олар әдептің шегінен шықпауды көздейді. Бастысы – қалжың арқылы Қазақ қоғамына оң ықпал ету, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Солардың бірі – Нұрлан Қоянбаев. КВН сахнасы мен Ресейдің Жоғары лигасында еліміз бен ұлтымызды «Қазақтар» командасы арқылы танытып жүрген ұланның бүгінде қазақтілді шоу-бизнесті дамытсам деген талпынысы бар. Бүгінгі сұхбатқа отандық шоу-бизнестің ахуалы, қазақ тілінде түсірілетін шығармалардың сапасы мен саны, шетелдік дүниелерге иек артушылық және талай көрерменнің көңіліне жаққан «Базарбаевтар» отбасылық комедиясы арқау болды.

«БҰЛ ЖАҒДАЙ БАР ҚАЗАҚТЫҢ

БАСЫНДА БАР»

– Нұрлан, әңгімемізді «31 арнаның» жаңа жобасы – «Базарбаевтардан» бастасақ. Сериалды түсіруге не себеп болды?

– «Базарбаевтар» – отбасылық комедия. Ата-ана, ұл-қыз, келін мен күйеу бала т.б. бірге отырып емін-еркін көре беретін дүние. Мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге жат іс-әрекетті кездестірмейсіз. Қазір бір отбасының мүшелері түгел отырып көретін дүние азайып кетті ғой. Кісіні қысылтатын анайы сюжеттерден құралатын фильмдер мен сериалдардың рухани азық ретінде берері аз. «Базарбаевтарды» түсіруге себеп болған да осы жайт. Атауына келсек, қазақта «балалы үй – базар» деген әдемі мақал бар. Отбасылық комедияға жататын бұл сериал Алматыдағы қарапайым үш бөлмелі пәтерде өтеді: Саламат пен Айғаным және балалары – Шерәлі, Арсен, сондай-ақ, бірінші курс студенті Гүлнәр. Отағасы – Алматы метросының құрылысына белсенді атсалысып жатқан маман, бригадир, Айғаным – белгілі тележүргізуші, сондай-ақ туған-туыс, құда-құдағилармен ішкі-сыртқы саясат сияқты барлық мәселені қадағалап отыратын ханым. Үлкен ұлы Шерәлінің жасы 25-те. Ол болашағынан үміт күттіретін футболшы. Ортаншы ұлы – Ералы Кембридждің студенті, кіші ұлы Арсенді көршілер мен мұғалімдердің бәрі жақсы көреді, ал Гүлнәр – әкесінің сүйікті қызы. Отбасындағы қызық оқиғалар Шерәлінің шаңыраққа келін түсіруінен басталады. Базарбаевтардың басындағы жағдай қазіргі қазақ отбасыларының көпшілігінде бар. Мысалы пәтер тапшылығы, бір үйде бірнеше адамның бірге тұруы, жақын адамдар арасындағы қарым-қатынас пен сенімді сынайтын түрлі жағдайлар… Бірақ бастарына түскен кез келген қиындықтан Базарабаевтар жол таба біледі. Бұл жобаны «Kazteleproduct» «31 арнамен» бірлесе отырып түсірді. Бірінші маусым аяқталды. Енді бұйыртса, екіншісі басталмақ. Рөлдерде ойнағандар: Бекжан Тұрыс, Райхан Халиолдина, Нұрдәулет Шертім, Аида Жантілеуова, Гүлнәр Сильбаева, Дастан Қалдыбаев, Нұржан Тұтов, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Бақыт Әліпбаева, Әлихан Байсұлтанов т.б. Негізі «ситуациялық комедия» («Базарбаевтардың» жанры осы) – кәсіби біліктілікті талап ететін жұмыс. Алайда әзілдің ортасында бірнеше жылдан бері жүргендіктен, комедия жанры бізге қиынға соққан жоқ. Жәммид Көшербаев және Нұрдәулет Шертім үшеуміз «Базарбаевтардың» сценарийін жазуға отырдық. Сериал түсіру туралы ұсынысымыз басшылар тарапынан қолдау тауып, шұғыл дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Халық – сыншы, талғампаз көрерменге ұсынатын жобамыздың сапалы болуы үшін қаражатты да аяған жоқпыз. Декорацияны жасауға ресейлік Игорь Фролов деген жігітті шақырдық.

– Неліктен Ресейден? Қазақстанда Фроловқа тең келетін маман табылмады ма?

– Біз оларды Ресейде тұратындығы үшін шақырмадық, кәсіби маман ретінде танитындықтан, олардың шеберлік қарым-қабілеті қаншалықты екендігін білгендіктен шақырдық. Ресейде тұратындығына олар кінәлі емес қой. Игорь Фролов миллиондаған көрерменнің көңіліне жаққан «Папины дочки», «Воронины» сияқты комедиялық сериалдарының декорациясын жасаған. Комедия жанрындағы сериалды күнде түсіріп жатқан жопыз. Сондықтан продюсер ретінде «Базарбаевтарды» бастарда алдымен мықты команда жинауды мақсат тұтқан едім.

– Естуімізше, қоюшы-режиссерді де Ресейден шақырдыңыздар ғой?

– Иә, сериалдағы режиссерлік тізгінді ресейлік азамат Стас Буловқа тапсырдық. «Ситуациялық комедия» жанры отандық кино нарығына енді-енді енуде. Әрине, Қазақстанда да кәсіби режиссерлер көп шығар. Оған күмәніміз жоқ. Бірақ уақыт тапшылығынан әрі бұрыннан танитындықтан, тәжірибелі маман ретінде Буловқа сенім арттық. Сериалды түсіруге, дайындық жұмыстарына өте аз уақыт бөлінді. Жұмыстың сапалы да нәтижелі болуы қаражатқа, актерлердің шеберлігіне, ең бастысы, режиссерға байланысты. Түсіру алаңындағы атмосфераны қалыптастыратын – режиссер. «Базарбаевтарда» ойнаған актерлердің барлығы да Стастың адамгершілігіне, жұмыс істеудегі тәсіліне, кәсіби шеберлігіне тәнті болды.

– «Базарбаевтарда» қазіргі Қазақ қоғамына қажетті тәлім-тәрбие алатын нәрсе көп. Мысалы мемлекеттік тілді насихаттау, өскелең ұрпақты кітап оқуға, білімді болуға жетелеу, қазақы салт-дәстүрді сақтау… Сериалдың сценарийі кімнің талқысы мен сүзгісінен өтеді?

– Сценарийді жазғанда да «өзіміз – би, өзіміз – қожа» қағидасына сүйенген емеспіз. Алдымен біраз сыншылардың талқысына ұсындық, сосын Ресейдегі білікті мамандардың пікіріне жүгіндік. «Сырт көз – сыншы» деген, бұл бізге үлкен сабақ болды әрі жұмысымыздың жемісті шығуына ықпал етті.

– «Базарбаевтарда» басты рөлдерде ойнайтын актерлер қалай іріктелді?

– Актерлер мәселесінде ең басты мақсатымыз талантты да жаңа есімдерді ашу болды. Актерлерді таңдауға, іріктеуге мен араласқан жоқпын. Өйткені сериалға түсуге мүдделі таныстарым, достарым көп, олардың қиылғанына қарап, «көңіл жықпастыққа» салынуым мүмкін еді. Сондықтан іріктеу міндетін режиссер ретінде Стас Буловқа жүктедік. Ол ешкімді танымайды әрі тамыр-таныстыққа жол бермейді. Кастингте бақ сынаған тіпті маған да рөл бұйырған жоқ. Өйткені менің табиғатыма сәйкес келетін рөл табылмады. Оған мен ренжіп не ашуланған емеспін. «КВН-нан» Нұрдәулет пен Гүлнар ғана. Гүлнардың өзін түсірілім басталам дегенше ойландық…

– Гүлнардың актерлік шеберлігіне күмән жоқ. Бірақ Базарбаевтар сияқты қазақы отбасында Ана тіліне шорқақ қыздың болуы қаншалықты қисынды?

– Қазақша білмейтін қандастардың қоғамда бар екені рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Негізі сериалдың сценарийі өмірдегі оқиғалардан алынған. «Әзіл-студионың» тұрақты көрермендері жақсы біледі, осыдан 4 жыл бұрын аталған әзіл бағдарламасына түсіп жүргенде Гүлнар қазақша мүлде сөйлемейтін. Ұжыммен қоян-қолтық жұмыс істеуінің арқасында қазір қазақшасы тәп-тәуір. Демек бір қандастың Ана тілін меңгеруіне ықпал ете білдік. Бұл да – біз үшін үлкен жетістіктердің бірі.

– Отағасының рөліндегі Бекжан Тұрыс – елге белгілі актер. Бірақ ол театр саласында тер төгіп жүрген азамат. Кино табиғатына бейімделуде қиындық болған жоқ па?

– «Базарбаевтар» ағамыздың телеви­де­ние­де­гі және кино саласындағы алғашқы жұмысы емес. Түсірілім кезінде Бекжан ағамыз Базарбаевтар отбасының шын мәніндегі отағасына айналды. Ағамыздың Базарбаевтар телехикаясына қатысқанына өте қуаныштымыз. Түсірілім алаңындағы жас актерлер үшін де бұл үлкен тәжірибе болды.

– Актерлерге кәсіби шеберліктен басқа қандай талап қойылды?

– Кез келген тележобаның басты мақсаты – көрермен көңілінен шығу. Бұл сөзбен айтып жеткізілуі қиын, өте нәзік нәрсе. Бастысы – көрерменді сыйлау, оның талғамымен санасу. «Базарбаевтар» шығармашылық тобы алдына қойылған осы міндетті жоғары деңгейде орындады.

«РУХАНИ СЕРПІЛІС ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТӨҢКЕРІС ЖЕТІСПЕЙДІ»

– Нұрлан, «Базарбаевтардың» төртінші баласы, отбасының ортаншысы – Ералыны экраннан неге сирек көреміз?

– Ералының Лондонда жүруі де тегін емес. Базарбаевтар айлық табыстары орташа дәулеттіге жататын отбасы. Алайда балаларының болашағын ойлаған ана мен әке жоғары білімді халықаралық деңгейде алуын қалайды. Біз осындай сюжеттер арқылы әрбір қазақ отбасына ой салуды, алға жетелеуді көздедік. Лондонда тек «қалталылардың» ғана ұрпағы емес, Базарбаевтар сияқты қарапайым отбасының да балалары оқи алатынын көрсетіп, теледидар арқылы қандастарымызға, әсіресе ауылдағы ағайынға рух бергіміз келді. Ең маңыздысы – ақша емес, алысқа ұмтылған талап пен жүрек, «балам білімді болса» деген ата-аналық тілек. Әрине, бүгінде халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақтың қарадомалақтары көп. Демек, Қазақ қоғамы үшін шет елдерде білім алу – таңсық емес. «Базарбаевтарда» сонымен қатар әлемдік қатынас құралына айналған ағылшын тілін меңгеру де насихатталады. Тіл арқылы кез келген жабық есіктерді ашуға болады. Әр қазақ бойына анасының сүтімен сіңген өз тілін сақтай жүріп, шет тілдерін меңгеруге ден қойса, құптарлық іс.

– Сериалдың жалғасын көрермен қашан тамашалай алады?

– Жоспар бойынша, көрермендерге Базарбаевтар отбасы туралы хикаяның жалғасын күз айларында ұсынбақпыз.

– Қазір отандық мамандар сериалдар түсіруге құлықсыз. Есесіне шетелдік дайын өнімдерді сатып алады. «Базарбаевтар» сияқты қоғамды жақсылыққа үндейтін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жаңғыртуға ықпал ететін рухани дүниелер неге аз?

– Өте ауқымды сұрақ. Шынында да, көрерменге өз тауарымызды ұсынудың орнына түріктер мен кәрістердің дайын сериалдарын сатып алуға неге құмармыз? Бір қарағанда, сырттан алған дүниелерді ел көріп жатыр әрі қаржылық тұрғыдан алғанда шығыны аз. Киноиндустрия саласының қыр-сырымен жақсы қанықпын дей алмаймын. Тек қарапайым көрермен ретінде ой айтсам, шығармашылық тұрғыда батылдық аз. Ішкі ширығу мен рухани серпіліс жетіспейді. Меніңше, менталитетімізге сай дүниелер жасауға әрбір телеарнаның басшысы мүдделі болуы керек. «31 арнаның» тарапынан ұсынысымыз қолдау тапқанына, олардың да қазаққа қызмет етсек деген ниеті үшін алғысымызды білдіреміз. Амандық болса, алда талай жоспарымыз бар.

«БӘРІ ДЕ САПАҒА БАЙЛАНЫСТЫ»

– Шоу-бизнес ұлт пен ұлысты талғамайды. Бірақ отандық БАҚ-тағы орыстілді дүниелер мен шетелдік өнімдердің салмағы басым. Әсіресе, фильмдер мен сериалдарда. Қазақтілді киноиндустрияның кенжелеп қалуына не себеп?

– Бірақ қазір орыстілділерге қарағанда қазақтілді мамандарда мүмкіндік көп. Оларға ұсыныс та жиі айтылады. Қоғамдағы қазақтардың, яғни қазақтілді тұтынушының қатары өскендіктен, қазақтілді мамандарға деген сұраныс та артып келеді. Мәселен бүгінде қазақша ән айтатын әншілерге сұраныс көп. Шығармашылығы шет тілінде немесе орысша әндерден құралатындар қазақтілді әріптестерімен бәсекеге түсуге қабілетсіз боп қалды. Неге? Өйткені қазір қазақша сөйлеу, қазақша ойлау, қазақы менталитетке сай болу сәнге айналды. Ана тілін білмеу қандастарымызға жат әдетке айналып келеді.

Бұл жерде жеке пікірімді айтсам, рейтинг мәселесіне қатысты ұсынысым бар. Қазір орыс тіліндегі сериалдарды кешкі 8-ден 11-ге дейін көрсете береді. Бірақ мемлекеттік тілдегі бағдарламалар, сериалдар, фильмдер мен басқа да жобаларды рейтингке бағынышты етпей, көрермендер теледидарды көп көретін уақыттарда беру керек. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Мысалы Украинаның кинотеатрларындағы фильмдер тек украинша қойылады. Ондағы орыстілділердің көптігіне қарамастан! Бірақ ешкім «шовинизм» туралы сөз қозғап, «бүйректен сирақ шығарған» емес. Ал Қазақстанда қит етсе, «ұлтаралық татулық» пен ресми мәртебеге ие орыс тілінің құқығы жайлы айтып, аттандап шыға келеді. Немесе кинотеатрларға қазақша көрсетсе, пайдадан қағылады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әсіресе басылымдар арқылы халыққа үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп отыру қажет.

– Ол үшін қоғамның санасын өзгерту қажет сияқты?

– Әрине, қоғам талап етпейінше, тұтынушылық сұраныс деңгейі өспейінше, мемлекеттік тілдегі жобалардың жұлдызы жанбақ емес. Ол үшін әр азамат мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету үшін кез келген салада үлес қосуы тиіс. Мәскеуде жұмыс істеуге байланысты бізге бірнеше рет ұсыныс түсті. Бірақ ондай ұсынысты қабылдауға әлі ертерек. Қажыр-қайратымыз, қарым-қабілетіміз барда неге елімізге, жерімізге еңбек етпес­ке? Меніңше, біздің буын нан табу үшін сыртқа, шет мемлекеттерге кетпеуі керек. Қазір қыдыратын заман емес. Рухани серпіліс пен батылдық керек. Қателесуден, өзіңді көрсетуден қорықпаған жөн. Неге біз түріктер мен кәрістердің сериалдарын қанағат тұтуға мәжбүрміз? Өскелең ұрпақ еліктегіш келеді. Қазір теледидар арқылы көретін дүниелер дегеніңіз – үлкен насихат емес пе? Өзгенің салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен жастар мен балалардан қазақы менталитетті, ұлттық құндылықтарды талап ете аламыз ба кейін? Ұлттық мүддеге қызмет ететін шығармалардың санын неге көбейтпеске?

– Шығарма демекші, 31 арнаның «Қазақша концерті» – мемлекеттік тілді насихаттайтын жаңа жоба ғой?

– Әрине! Келешекте тіпті Филипп Киркоров сияқты ресейлік танымал әншілерді, халықаралық деңгейдегі шетелдік әртістерді шақырып, қазақша ән салдыруды көздейміз. Бірақ Қазақстанның мемлекеттік тілін насихаттауда қолымыздан келетін жұмыстарды жалғастыра бермекпіз. Бастапқыда «Қазақша концерт» деген атаудың өзін дұрыс түсінбей, уәж айтқысы келгендер де болды. Оған құлақ асқан жоқпыз. Концерттің ерекшелігі сахнаға Роза Рымбаева сынды елімізге сыйлы да танымал әншілермен қатар жас таланттар да шыға алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ