АВТОКӨЛІК ПАТШАСЫ

АВТОКӨЛІК ПАТШАСЫ

АВТОКӨЛІК ПАТШАСЫ
ашық дереккөзі

Әлемдік нарықта автокөліктердің орны ерекше. Қазір бірнеше ел өздерінің отандық автокөліктерін шығарып, бәсекеге түсуде. Әзірге бұл салада Америка, Жапония, Германияның автокөлік шығаратын компаниялары өздерінің сапалы тауар­ларының арқасында әлемдік нарықты жау­лап алып, басқаларға жол берер емес. Олар жыл сайын өз автокөлік түрлерін көбейтіп, техникалық жағынан жетілдіру үстінде. Сондай ірі компаниялардың бірі Америкадағы «Ford Motor Company» болып табылады. Бұл компанияның негізін қалаған Генри Форд. Ол кезінде автокөлік өндірісіне үлкен революциялық өзгерістер ендіріп, бәсекелестерінің алдына шығып қана қойған жоқ, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын да жоғары көтеріп жіберді. Сол кезде оның бұл бастамасы басқа елдердегі компанияларға да үлгі болды. Төменде Генри Фордтың өмір жолы мен компанияға сіңірген еңбегі жөніндегі танымдық материалды газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.

* * *

Генри Форд 1863 жылы Америкада техника мен технология енді-енді көрініс бере бастаған кезде өмірге келді. Ол шағын ғана ауылда өсті. Шикісары қағылез баланы ауылдастары келешекте автокөлік ханзадасы болады деп ойламаған. Не нәрсеге де қызыққыш бала үнемі тыныш отыра алмайтын. Ойыншықтарын бөлшектеп, қалай жасалғанын көріп, қайта жинап жататын. Әкесі сатып әкелген оятқыш қоңырауы бар кәдуiлгі сағатты да, Генри ешкім жоқта бөлшектеп, қайта құрастырып жататын. Әкесі оны шіркеу мектебіне оқуға береді. Ол сол мектепте сегіз жыл оқыған. Шіркеуде дін пәнінен сабақ беретін кейбір ұстаздардан басқаларының сауаттылығы төмен болса керек. Содан ба оның өмірінің соңына дейін жазған анықтамаларында қателер кездесіп жататын. Генри он алты жасқа толғанда отбасы Детройт қаласына көшеді. Ауылдағыдай емес қала өмірі оған ерекше әсер етеді. Өзінің еңбек жолын шағын кәсіпорынға механик болудан бастаған. Сосын сағат жөндеушісінің көмекшісі жұмысына ауы­сады. Арада екі-үш жыл өткен соң Томас Эдисонның компаниясына инженерлік қызметке шақырылған. Бұл кезде қаладағы жүргіншілердің көлігі қос ат жекккен тарантас болатын.

Сол кезден бастап Генри Фордты сол тарантастың орнын алмастыратын автокөлік ойлап табу қызықтырады. Инженерлік жұмыста жүріп үнемі автокөлік құрастырып шығаруды ойлаудан жалыққан емес. Соған дейін де елде автокөлік болды. Бірақ өте ыңғайсыз әрі сапасы сын көтермейтін, қуаттылығы төмен еді. Ал Генри сол көліктерден өзгеше, көпшілік тасымалға арналған түрлерін құрастырып шығаруды армандады. Ол сол кезде-ақ бірге жұмыс істейтін әріптестеріне: «Мен барлық адамдарға арналған автокөлік жасаймын. Оның сызба жобасын білікті мамандарға істетіп, қолда бар материалдарды орынды пайдаланатын боламын. Мен құрастырған көліктердің бағасы тым жоғары болмайды. Барлық адамдар сатып алатындай қолжетімді етемін»,– деп жүрді.

Генри Фордтың нар тәуекелмен 1893 жылы құрастырып шығарған алғашқы «Фордмобиль» автокөлігі сапалық жағынан сәтсіз шықты. Тұрқы да атсыз арбаға ұқсайтын ебедейсіз көлік еді. Сатып алушылар оған көңіл бөлмек түгілі қарамай да қойды. Алайда бұл сәтсіздік Фордтың талабын қайтарып, сағын сындыра алған жоқ. Қайта ол намысқа тырысып, ширыға түсті. Күн ұзаққа автокөлік жанынан шықпай, қозғалтқыш жағына үңілетін де жататын. Бірге жұмыс істейтіндер: «Генридікі бос әурешілік. Уақыттан ұтылғаннан басқа ештеңе емес»,– деп қолдарын сілтей салатын. Тіпті кейбірі оны «Беглистрит көшесіндегі есалаң» деп келемеждейтінді де шығарды. Сонда да Генри өз алған бетінен қайтқан жоқ. Ол автокөліктің негізгі осал жағы қозғалтқышында екенін сезуші еді. Соны жетілдіру жағын күндіз-түні ойлаумен жүріп, ақыры оның да көзін тапты. Сол жылы ол тағы бір автокөлікті құрастырып шықты. Бұл көліктің қозғағышы алғашқысына қарағанда тәуірлеу болғанмен, жұрт талғамынан көріне алмаған. Ол көлікке өзі мініп, Детройт көшелерімен жүріп, жарнамаласа да сатып алушылар тарапынан қызығушылық туғызбады. Қайта жұрт оны мазақтап, әжуа күлкіге айналдыра берді. Олар қанша әжуаласа да Генри өз ізденістерін тоқтатпаған.

ХХ ғасырдың басында Америкада тех­ни­калық дәуір өркендей бастаған еді. Авто­көліктердің жаңа түрлері шығарылып, тіптен жарыс та ұйымдастырыла бастаған шақ. Автокөліктер жарысына басқа қалалардан келіп тамашалаушылар көбейді. Генри Форд 1902 жылы өзі құрастырған автокөлігін сол жарысқа қосуды ұйғарып, тіптен сол кезде автокөліктен чемпион атанған атақты Александр Уинтонды жекпе-жек жарысқа шақырды. Жарыста оның көлігі озып келіп, жұрт аузына ілікті. Бұрын оны әжуа­лап жүргендер енді оның құрастырған автокөлігіне қызыға қарайтын болды. Ал келесі жылы ол құрастырған «Форд 999» автокөлігі басқаларды шаң қаптырып кетті. Бұл жеңіс Фордқа үлкен атақ әкелді. 1903 жылы 16 маусымда он екі инвестор «Ford Motor Company» деп аталған фирма құрып, оған 28000 мың доллар қаржы құяды. Олар фирма бастығына Генри Фордты тағайындаған.

Фирмада 26 автокөлік қолмен құрас­тырылады. Форд қол жұмысы ұзақ уақыт алатынын және қымбатқа түсетінін біліп, өнімділікті арттыратын жол іздеу керектігін түсінеді. Оның үстіне қымбат автокөліктерді сатып алушылар да аз. Қаржының көп бөлігі жұмысшылардың еңбекақысы мен бөлшектерге жұмсалып, пайда мандырымсыз болды. Енді қалайда автокөліктер санын арттырып, бағасын түсіру керек. Форд ары ойлап, бері ойлап, ең алдымен автокөліктің барлық бөлшектерін стандарттау керек деген тұжырым жасады. Ол үшін бөлшектерді өздері жасайтын цех ашу керек. Сонда ғана уақытты тиімді пайдалана алады. Оның бұл тұжырымын инвесторлар да қолдаған. Солай ол өндіріс орны ішінен бөлшектер жасайтын цех ашты. Оның бұл ісі артынша коммерциялық өндіріске конвейерлік тәсілді алып келді. Өндіріс жайы кеңейтіліп, жылжымалы жүйелер қондырылды. Сол жылжымалы жүйелер бастауынан автокөлік бөлшектері бөлмеден-бөлмелерге өтіп, өз бөлшектерін тиісті орындарына бекітетін жұмысшылардан-жұмысшыларға жетіп, конвейердің соңғы сатысынан құрастырылған су жаңа автокөлік шығарылумен болды. Ол әр жұмысшыдан өз ісіне машықтанған сапалы жұмысты талап етті. Содан бас­тап еңбек өнімділігі бірден артты. Оның өндірісті конвейерлендірілген батыл қадамы өнімділік жағынан күніне 1000 автокөлік шығаруға мүмкіндік беріп, басқа бәсекелес кәсіпорындардың алдына шықты. Конвейерлік тәсілмен ол автокөліктің жаңа төрт орындық «Ford T» түрі сатып алушыларға жол тартты. Бұл автокөліктің бұрынғыларына қарағанда сапалық жағынан артықшылықтары көп еді. Оны сатып алушылар саны күрт өсіп, Форд таңғаларлық коммерциялық табысқа қол жеткізді. Құрастыру конвейерінің арқасында саны көбейген автокөліктің бағасы да сатып алушылар үшін алғашқыларынан көп арзанға түсті. Атап айтқанда, төрт орынды «Ford T»-ның сатылу бағасы 1909 жылы 850 доллар болса, қолмен құрастырылып жатқан бәсекелес кәсіпорындар автокөліктерінің құны 2500 долларға бағаланған. Жыл өткен сайын «Ford T» автокөлігінің бағасы төмендей берді. 1913 жылы 550 долларға дейін түсті. Ал 1915 жылы 440 долларға дейін сатылды. Генри Форд 1914 жылы-ақ конвейерден 10 миллион автокөлік шығарып, рекордтық көрсеткішке ие болды. Сол кезде әлемдегі барлық автокөліктердің 10 пайызын осы «Ford T» құраған. Ал барлық шығарылған «Ford T»- тың саны 15 миллионға жетті.

Конвейерлік тәсіл еңбек өнімді­лігін арттырып қана қойған жоқ, жұмыс­шы­лардың жалақысын үстемелей түсті. Генри Форд оларға күн сайын тұрақты түрде 5 доллар (бүгінгі курсқа шаққанда 112 доллар) жалақы төлеуге келісім-шарт жасасқан болатын. Одан бөлек шылым тартпайтын, ішімдік ішпейтін жұмысшыларға ынталандыру мақса­тында қосымша үстеме төлеп те жүрді. Сондай-ақ ол жұмыс күнін 8 сағатқа, жұмыс аптасын 6 күнге қысқартты. Оның бұл бастамасы Америка үшін, тіптен ХХ ғасырдағы әлем өндіріс орындары үшін таңғаларлық жағдай болып табылды. Сол уақыттан бастап Американың барлық штаттарынан «Ford Motor Company»-ға жұмыс іздеу­шілер ағыла бастаған. Жұмысқа тұр­ғандардың тұрмысы жақсарды. Өздері де сол автокөліктерді сатып алатын халге жетті. Ал сатылымға түскен автокөліктер дүкендерде тұрмайтын. Көп кешікпей Форд серіктестерінің барлық акцияларын сатып алып, қожайын болу құқығын толық иеленді. Ол 1920 жылы әлемдегі ең көп автокөлік шығарушысы атанды. Тіптен оны «Автокөлік патшасы» деп те атайтын болды. Ол небәрі жиырма жылдың ішінде баяғы жұрттың мазағы болған әжуадан баршаны таңғалдырған осындай атаққа жетті. Оның байығаны соншалық, меншігінде тек автокөлік шығаратын зауыттар ғана емес, темір кеніштері, көмір шахталары, электр станциялары және автокөліктердің өндірісі үшін керек барлық шикізіт көздері болды. Ал серіктестері Бразилиядағы каучук плантациясын, әуежай, баспахана, киностудияларды өз меншіктеріне алды. Ол өз өндірісін жан-жақты шикізаттармен қамтамасыз етіп, ұтымды ұйымдастыруының арқасында сыртқы саудаға еш тәуелді болмады. Оның сол кездегі бар байлығын бүгінгі доллар курсымен есептеген «Forbes» журналының ақпаратында 188 миллиард доллар деп бағаланған. Бұл бүгінде ең байлардың қатарындағы Билл Гейтстің дәулетінен төрт есе көп. Бір сәті түскен кездесуде тілшілер Генри Фордтан: «Сіз әлемдегі ең бай адамсыз. Егер құпия болмаса, ендігі мақсатыңыз қандай?»,– деп сұрайды. Сонда Форд жымиып: «Мен ақшаға сатып алатын заттарға құмартпаймын, жай ғана өзім өмір сүріп жатқан әлемді жақсартқым келеді. Бар мақсатым сол»,– деп жауап беріпті. Шындығында ол сол мақсатына, бозбала кезіндегі арманына жетті де. Ол жыл сайын өзінің кәсіпорнына шығарылған көліктердің арзан, жұртқа қол жетімді болуы үшін күресті. Бұл бәсекелес кәсіпорындарына елеулі әсерін тигізді.

Алайда әр істің дамуы бар да, құлдырауы бар. Соңғы кезде Форд астамшылыққа бой ал­дырып, соншалық өз серіктестерінің авто­көліктердің сыртқы пішіні мен техни­ка­лық параметрлерін жақсарту жайлы небір тамаша ұсыныстарын қабылдамай, олардың орынды пікірлерін жоққа шығарып отырды. Ол автокөліктерге сән үшін емес, қатынас, жылжу, тасымал құралы ретінде қарады. Ал автокөліктер жайлылығы мен сәнділігіне қатысты өскен талаптарды ескере бермеді. Соның салдарынын даңқы әлемді жайлаған Форд автокөлік концерн күйреуден аз-ақ қалған болатын. Сол кезде атақты қаржыгер Зелигман мен оқ-дәрі магнаттарының бірі Дюпон қол ұшын беріп, құлдыраудан аман алып қалды.

Уақыт өткен сайын «General Motors» компаниясы әлемдік нарықтан өз орнын жаулап ала бастаған. Бұл компанияға қарағанда Форд автокөлік тұтынушыларға тек қара түсті көлікті ғана ұсынып жатты. Фордтың бұл бірбеткей мінезі 1927 жылы саудадағы автокөлік саудасын күрт төмен түсіріп жіберді. Ол өзінің автокөлік өндірісін бір жылға тоқтатып, жұмысшыларын таратып жіберді. Ал бұл кезде «GM» компаниясы сатып алушылар талғамына сай автокөліктерін неше түрлі түспен шығарумен болды. Сондай-ақ бұл компания басқаларға қарағанда өз автокөліктерін қарызға да беріп, рынокты жаулап алды.

P.S. Форд өзінің қателіктерін мойындай отырып, 1928 жылы нарыққа бұрынғы автокөліктерінен сән мен түрі жағынан мүлдем өзгеше «Ford A» үлгісін шығарды. Жұрт оны жылы қабылдады. Арада санаулы жылдар өткенде ол сұранысқа аса сай кішігірім «Ford AA» жүк автокөлігін шығаруды қолға алды. Бұл жүк тасымалы көліктері оның әлеуетін қайта көтеріп жіберді. Уақыт өте келе ол өзінің жолаушылар тасымалдайтын «Ford Trimatol» атты ұшағын да жасады. Ұшақ мемлекеттік сарапшылар тарапынан жақсы бағаланып, Америка территориясында ұшуға рұқсат етілді. Ол 1945 жылы өзінің орнын немересі Генри Форд ІІ-ге берді. Екі жылдан соң атақты автоконструктор өмірден өтті. Елiмiздiң тәуелсiздiк алғанына мiне, жиырма жылдан асып барады. Осынау уақыт бедерiнде «Болашақ» бағдарламасы арқылы қаншама жастарымыз шет елдердегi әлемге танымал жоғары оқу орындарын бiтiрiп, елге оралып еңбек етуде. Олардың арасында техникалық мамандықтарды игергендер де бар. Қазiр экономикамыз даму үстiнде. Отан бюджетiне жылдан-жылға қомақты қаржы жиналуда. Халық жоғары бiлiктi сол инженерлерiмiзден көп жаңалықтар күтуде. Оларға елiмiздiң техникалық саласын көтерiп, келешекте отандық автокөлiктер шығаратын болады деп сенiм артып отыр. Өкiнiшке қарай, нағыз қазақ автокөлiгi шығырылатын күннiң нышаны әзiрге байқалар емес.Бұл бiздiң Отанымызда Генри Форд секiлдi өз iсiне жан-тәнiмен берiлген жандардың жоқтығынан ба, кiм бiлсiн?!.

Көлбай Адырбекұлы