САРКОЗИ НЕГЕ ЖЕҢІЛДІ?

САРКОЗИ НЕГЕ ЖЕҢІЛДІ?

САРКОЗИ НЕГЕ ЖЕҢІЛДІ?
ашық дереккөзі

Өткен жексенбiде, мамырдың 6-сында Франциядағы президент сайлауының екiншi кезеңi өттi. Бiрiншi кезеңде қазiргi президент Николя Саркози 27,1 пайыз дауыс жинап, «Социалистiк партия» атынан сайланушы, 28,6 пайыз дауыс жинаған Франсуа Олландыдан кейiнгi орынға табан тiреген болатын.

Екі кезең арасында жүргізілген сауалнамалар негізінде Франсуа Олланд көш бастайтындығы анық болды. Дегенмен Николя Саркози қарсыласынан қалмауды мұрат тұтты. Сөйтіп мамырдың 6-сы күнгі дауыс беру нәтижесінде Франсуа Олланд сайлаушылардың 51,62 па­йыз дауысына ие болса, Николя Саркози 48,38 пайыз дауысты қанағат еткен. Ресми мәліметтер сайлауға Францияның барлық сайлаушыларының 80,34 пайызы қатысқанын растайды. Францияның 64 қаласында электронды дауыс беру құралдары пайдаланылады, бұл жүйе 2007 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оны 1 миллионға жуық француз пайдалана алады.

САРКОЗИДІҢ ЖЕҢІЛІСІНЕ ДАҒДАРЫС КІНӘЛІ

Саркозиді жұмыссыздықтың белең алғаны және экономиканың кері кеткендігі үшін кінәлайды. Францияның қазіргі президентінің сайлауалды уәделерінің ішінен ең ірі жетістігі ретінде 2016 жылға дейінгі бюджетті дефицитсіз жеткізу туралы уәдесі. Сондай-ақ, ол миграциялық тәртіпті қатайтатынын айтты.

Оның басты қарсыласы, сайлауда жеңіс тұғырына көтерілген Олланд мемлекеттік шығындарды азайтуға қарсы болды. Оның бағдарламасы бойынша, елдегі аса байлар мен ірі компанияларға салынатын салықтың деңгейі көтерілмек, осының негізінде экономиканың мемлекеттік секторын қаржыландыруды арттыру көзделуде. Байларға салынатын салықты көбейтуді Николя Саркози де ұсынады. Алайда сарапшылар бұның тығырықтан шығудың жолы емес екендігін айтады. Өйт­кені байлар мен ірі корпорацияларға салынатын салықтың молаюы елдегі капи­талдың азаюына, шет мемлекеттердің бизнесінің кетуіне ықпал етіп, елде жұмыс орындарының жабылуына ықпал етеді дейді олар. Бұл ретте Олланд 1 миллион еуродан артық табысы барлардың 75 па­йызын алып алмақ. Сол арқылы әлеуметтік төлемдерді көбейтіп, жастарды жұмысқа орналастырудың мемлекеттік бағдарламасын жасамақ. Саркози салықты дәл мұндай жоғары деңгейде көтеруді құптамайды. Ал сарапшылар қазіргідей дағдарыс кезеңінде салықтың бүгінгі деңгейін сақтап қалудың өзі қауіпті екендігін айтады. Демек ол салықты көбейту елдің экономикасын тұралататындығына сенімді сарапшылар. Американың «The Associated Press» агенттігінің жазуынша: «Сайланған президент жұмсақ, рахымды, елді белшесінен қарызға батырып кеткен Саркозиден қиындықты мұраға алып қалуда. Француздардың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, иммигранттарды қоғамға қалай жымдастыруға қатысты көзқарастары әртүрлі» делінген.

ОЛЛАНД СЕНІМДІ АҚТАЙ АЛА МА?

Франсуа Олланд тек Францияда ғана емес, бүкіл Еуропадағы экономикалық саясатқа өзгерту енгізуге сенімді. Ол сондай-ақ, стратегиялық маңызды бағыттарда да өзгерістер енгізуді мақсат етеді. Мәселен ол Ауғанстандағы Францияның бітімгершілік әскерін елге шақырып алуды бірінші кезекке қойып отыр. Олланд алғашқы жеңіс сөзін сөйлеген сәтінде өзін барлық Еуропадағы өзгерістің құралы деп есептейтіндігін жеткізді.

– Барлық елдердің астаналарында біздің арқамызда қатаң экономиканың күні бітетініне сенетін, бізге иек сүйейтін адамдар бар. Сіздер барлық Еуропаға қарай жол тартқан қозғалыстың бір бөлігісіздер, бәлкім бұл қозғалыс барлық әлемге жол тартатын болар, – деді ол.

Олланд өзінің президент ретіндегі алғашқы қадамын басқа Еуропа мем­лекет­терінің лидерлеріне хат жазу­дан бастайтындығын айтты. Онда ол оларды континет экономикасын жақын­дастыруға арналған келісімнің шарттарын талқылауға қайта оралуға шақы­­ратын болады. Олланд мемлекет қаржыландыратын ынталандыру бағдар­ламаларын жасағысы келеді. Бұл Еуропа экономикасының қайта өрлеуіне мүмкіндік туғызады дейді ол. Егер экономика өспесе, Еуропа елдерінің қарызы жыл өткен сайын ұлғая бермек деген пікірде.

Франсуа Олланд президент ретіндегі алғашқы ресми сапа­рын Германиядан бастамақ. Оны жеңісімен алғашқылардың бірі болып құттықтаған Германия канцлері Ангела Меркель келіссөздер үшін Берлинге шақыратынын айтты. Германияның Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле Олландының жеңісін «тарихи» деп баға бере отырып, Франция мен Германия еуроаймағындағы дағдарыспен күресуде тізе біріктіретіндігіне сенімді екендігін жеткізді.

Ақ үй басшысы Барак Обама да Олландыны жеңісімен құттықтай отырып, оны мамыр айында Мэриленд штатының Кэмп-Дэвид қаласында өтеді деп жоспарлаған Үлкен сегіздіктің саммиті алдында Ақ үйге келіп кетуге шақырды. Олланд бұдан кейін Чикагода өтетін НАТО елдері саммитіне қатысып, француз әскерилерін Ауғанстаннан 2012 жылдың соңына дейін шығарып әкететіні жайында мәлімдемек.

Олландыны президент тұғырына көтерілгені үшін әлемнің түкпір-түк­пірінен құттықтаулар қарша борауда. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Николя Саркозиге қазақ-француз қарым-қатынасының нығаюына үлес қосқаны үшін алғыс білдіре отырып, Олландыны жеңісімен құттықтады.

Есенгүл Кәпқызы