ОТАҒАСЫ ОТБАСЫНДА БЕДЕЛДІ МЕ?

ОТАҒАСЫ ОТБАСЫНДА БЕДЕЛДІ МЕ?

ОТАҒАСЫ ОТБАСЫНДА БЕДЕЛДІ МЕ?
ашық дереккөзі

Отбасындағы ер адамның рөлi қандай қазiр? Шаңырақтың тұрақтылығы мен берiк қорғанысының кепiлi – әке өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып жүр ме? Күйкi тiрлiктiң күйбеңi мен күйзелiсiне қазiргi еркек кiндiктiлердiң шыдамай, жүйкелерi жиi сыр беретiнi несi? Өз-өзiне қол салуда әйелдердi 4 орап алуына не себеп? Бала тәрбиесiнде, отбасын қаржылық қамтамасыз етуде әкелердiң қарым-қабiлетi қандай? Осы сауалдарға жауап iзделген дөңгелек үстелде бiраз мәселенiң бетi ашылды.

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Қазақстанда бұл мереке тойланбаса да, отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайтын біздің қоғамда әке мен ананың, баланың қарым-қатынасына қатысты мәселелер біз үшін де аса өзекті. Саяси шешімдер институтында өткізілген «Отбасылық құрылым: қазіргі ер азаматтардың отбасындағы рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде отбасылық құрылымның бүгінгі ахуалын талқыға салды. Бүгінде қазақстандық отбасында қандай жағдай орын алған? Дағдарыс па, бейімделу ме? Отбасындағы еркектің рөлі қандай? Отбасылық міндеттердің қайсысын мүлтіксіз орындайды немесе қайсысы қолынан келмей жүр? Отбасылардағы тұрақтылықты қалай сақтауға болады? Осы сияқты сауалдарға жауап іздеген сарапшылар қауымы қоғамдағы қордаланған бірқатар кемшілік пен қиындықтың бетін ашты.

Жасыратыны жоқ, қазір үйлену де, үй болу да қиын. Жыл сайын көптеген отбасының берекесі қашып, шаңырақтары шайқалатыны – соның айғағы. Мәселен, 2011 жылы 160 мың 494 жұп көңіл қосса, 44 мың 862 жұп ресми түрде ажырасыпты. Бейресми деректерді қоссақ, көрсеткіштің одан да жоғары екені анық. «Басына тартсаң аяғына жетпейтін» мына жалғаннан өз еркімен кетіп жатқандар да бар. Күйкі тірліктің күйбеңі мен күйзелісіне «қырық жаны» бар әйелдер берік көрінеді. Өйткені суицид, яғни, өз-өзіне қол жұмсау әйелдерге қарағанда, еркектер арасында 4 есе көп көрінеді. Жүрек-қан тамырлары ауруларына жиі ұшырайтын азаматтардың (35 жас­тан жоғары) әйелдерге қарағанда, 9 жыл кем өмір сүретіні тағы бар.

СШИ мамандарының Алматы мен Астана және 14 облыс бойынша 2305 адамға жүргізген әлеуметтік сауалнамада респонденттердің 51 пайыздан астамы «отбасындағы ерлердің рөлі өзгерді» деген пікірде болыпты. Оның 27 пайызы – «ықпалы өсті», ал 23 пайыздан астамы – «ықпалы төмендеді» деген. Сауалнамаға қатысушылардың 53,6 пайызы «еркектер – отбасының асыраушысы, қаржылық тұрақтылықтың қайнар көзі» деп бағалаған. Ал 37 пайызға жуық отандас азаматтарды отбасы мүшелеріне жол көрсетуші көсемдік рөлге лайық деген сенімде. Жағымды пікірге кереғар ой айтқандар да бар: әйелдердің 3,6 пайызы «қожайын ретінде қабылдамаймын» десе, 2,1 пайызы «еркектер – жалқау, жатыпішер» депті.

Кез келген отбасындағы маңызды шешімдер қабылдауда кімнің ықпалы зор? Бұл сұраққа 43,6 пайыз респондент – «отағасы», 29,5 пайызы «отбасында біреуге басымдық берілмеуі тиіс, маңызды шешімдер ортақ қабылдануы керек» депті. Гендерлік теңдік саясатының жоғын жоқтаушылар – қыз-келіншектер (35,3%) екені айтпаса да белгілі.

Өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалы зор. Респонденттердің басым бөлігі осындай пікірде. Алайда 23,8 пайыз отандастың айтуынша, әкенің бала тәрбиесіне араласуы шектеулі әрі сирек болуы қажет. Ата-аналық міндетін атқаруда респонденттердің 40 пайызға жуығы «балалармен бірге ойнайды», «түрлі тақырыпқа әңгімелеседі», 24 пайызы табиғатқа шығып, қыдырады. Есесіне, балалармен бірге кітап оқитындар аз – 9,3%.

Отбасы болғасын «ыдыс-аяқ сылдырамай» тұрмайды, бірақ сауалнамаға қатысушылардың ішіндегі азаматтық некеде тұратындары ғана ұрыс-керістің жиі орын алатынын мойындаған (18 пайыз). «Өте сирек ұрысамыз» – 38,6%, «айына бірнеше рет» – 19,5%, «аптасына бірнеше рет» – 8,1%, «күніне бірнеше рет» – 3,5%. Бір қызығы, сұраққа жауап бергендердің 11,2 пайызы ешқашан ұрыспаған, бейбіт өмір сүріп жатқандарын айтқан. Әлбетте, ұрыс-керістің басты себебі – қаржылық және күнделікті қиындықтар (43,4%).

Дөңгелек үстелдегі спикерлердің бірі – психология ғылымдарының кандидаты Майра Қабақованың айтуынша, қазіргі кезде отбасылық-некелік қарым-қатынастарды, әлеуметтік-психологиялық проблемаларды, әйел мен еркектің рөлдік қатынастарын реттейтін үдеріс жүруде. Ер адамдардың отбасындағы басты міндеті туралы пікірлердің алуандығынан кейде ой қайшылықтары туындайды. Сарапшылар қауымы азаматтардың отбасындағы ғана емес, тұтас қоғамдағы рөлін саралап алуға кеңес береді. Бұл орайда М.Қабақова: «Зерттеушілердің көпшілігі тіпті, еркектердің рөлінің дағдарысқа ұшырағанын көлденең тартады. Аталған дағдарысқа бірнеше себеп бар. Бастысы, еркектер мен әкелердің көпшілігінің бастапқы беделі мен мақсат-міндетіне сәйкес келе алмауы. Күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін, кімнің неге жауап беретінін жете түсінуі қажет. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың екеуі де өздерінің отбасылық рөлдеріне қанағаттануы шарт. Бұл шаңырақтағы үйлесімділік пен тұрақтылыққа кепіл болады» дейді. Бұл орайда психолог маман баланың тұлға ретінде қалыптасуына әке мен шешенің қандай ықпал ететінін мысалға келтіреді: «Ананың міндеті – бала күтімі, қамқорлық, байланыс, эмоционалдық қолдау. Әкенің міндеті – стратегиялық жос­парлау, сарапшылық міндет, ойындар бойынша серіктестік».

Психологтар бала тәрбиесінде, әсіресе ұл баланың келешегіне әкенің ықпалы қажет екенін айтады. Ол үшін әке ұлымен сәби кезінен бастап дос болуы керек: «Әкесіз өркениет жоқ. Осы себепті әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет. Қоғамның құрылуы әкелерден бас­талады. Оны шешудің бірнеше жолы бар: отбасы проблемалары бойынша зерттеулер жүргізу; қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде БАҚ, кино арқылы арттыру; бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін көрсету; психологиялық тұрғыда үлгі тұтуға болатын отбасыларды насихаттау; «Жас отбасылар мектебі», «Болашақ әкелер мектебі» т.б. курстарын ашу керек». Сонымен қатар сарапшылар отбасылық құндылықтар, шаңырақтағы отағасылардың міндеті мен мақсаты, аналық міндеттер, бала тәрбиесі, аталар мен әжелердің рөлі т.б. туралы газет-журналдар шығаруға ұсыныс айтты. Қазақстанның Психологтар ассоциациясының өкілі Нина Настичтің мәлімдеуінше, халықаралық статистикада Жер шарында бақытты адам жоқтың қасы. Бақытты болудың шарттары бала бойына бесіктен сіңуі қажет. Сондықтан ұл мен қыз тәрбиесінің екі түрі болуы керек: «Қазіргі қоғамда отбасылық, білім, тәрбие, медицина, ғылым т.б. салаларда дағдарыс байқалады. Ал дағдарыс дегеніміз отбасылық тәрбиеден басталады емес пе? Адамдар арасындағы қарым-қатынаста өзімшілдік шарықтау шегіне жетті. Бірақ өзімшілдік адамдардың белгілі бір деңгейге дейін жетуіне үлкен ықпал етеді, сол үшін де қажет. Еркектердің тәрбиесіндегі маңызды жайт: 0-3 жас аралығында балаға әке қажет емес, 3-8 жас аралығында әке баланың сенімді досына айналуы тиіс, 7-18 жаста – тәлімгері, 20 жастан кейін баланы тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ол – ендігі дайын өнім. Оны өзгерту мүмкін емес».

Жалпы тәрбиеде психологтар жасөспі­рімдер әлемінде агрессия мен суицидтің етек алып бара жатқанын байқайды. Бұл жастардың әлемді, өмірді өз бетінше қабылдауынан. Жаңа ұрпақтың деңгейіне жету үшін балалар мен ересектерді жаңаша тәрбиелеу керек. Қазір еркектер үйленгісі келмейді, ал қыздар тұрмысқа шығып, бала тууға құлшынбайды. Бұл – жеке адамдардың ғана емес, қоғамның проблемасы. Демек, отбасылық құндылықтарды үйдегі ата-анамен бірге ұстаздар қауымы да мектеп қабырғасында насихаттағаны абзал.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ