Болашақ – өткен тарихты қорыту

Болашақ – өткен тарихты қорыту

Болашақ – өткен тарихты қорыту
ашық дереккөзі

Ел тарихының сүйенері – мұрағат екені сөзсіз

Өткенін қастерлеп, бүгінгісін керегіне жарататын тарихи, мәдени және сан түрлі ғылым салаларындағы шежіренің шындығын сақтап, халқымызға жеткізетін бірден бір қасиетті орын – еліміздің мұрағаттары.

Мұрағатты сақтау, оны түгендеу өркениетті елдердің үрдісі.

Тәуелсіздікпен бірге қазақ халқының тарихы мен тағдырына қатысты құнды деректерді сақтап отырған мұрағаттардың өркениетті ел мұрағаттары қатарына көтерілуіне мемлекет тарапынан мән берілді, Қазақстанның мұрағат жүйесі заңмен рәсімделді, 1998 жылы 22 желтоқсанда Елбасы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңға қол қойды, мұрағат ісін дамыту бағдарламалары жасалды, мұрағаттарды басқару саласында нормативтік-құқықтық актілер, ережелер, стандарттар әзірленді. Мұрағат жүйесіндегі мекемелер техникалық жағынан заман талабына сай жарақтандырылды. 2006 жылы Елордада Тәуелсіздік ел тарихын жинастыратын, сақтайтын және пайдаланушыларға жеткізетін Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты ашылды. Мұрағат ісі саласында Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Армения, Литва, Эстония, Польша, Египет елдерімен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді.

Тәуелсіздік жылдары Түркия, Египет, Қытай, Ресей, Армения, Өзбекстан, Венгрия, Германия, Польша, Франция, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты 209974 кадр микрофильм, 17568 парақ ксерокөшірме, 113 түрлі-түсті слайд, 52 киноқұжат, жүздеген сирек кездесетін ғылыми басылымдар мен ғылыми еңбектер алынды.

Енді сол шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорына 2011 жылы қосылған қомақты мұралардың бір-екеуіне тоқталып өтсек…

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары түрткі болып Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсыруымен мұрағатты сарапшы мамандар 2011 жылдың қазан, қараша айларында Польша Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты Болеслав Валигори атындағы Орталық әскери мұрағатта Қазақстан тарихына қатысы бар құнды құжаттарды іздестіру-зерделеу мақсатында жұмыстар жүргізді.

Аталмыш мұрағаттан «Прометей» Лигасының қызметі, жекелеген ұлттық эмигранттық ұйымдар шығарған газет-журналдар туралы, сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы қызметіне байланысты тың деректер табылды.

Мұрағаттағы XX ғасырдың 20-30 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Еуропаны паналаған өкілдерінің, яғни эмигранттардың саяси қызметін үйлестіріп отырған «Прометей» Лигасының қорында сақталған құжаттар құрамы сараланып, 74 іс зерделенді.

Бұл істердегі деректерді екі топқа бөліп қарастыруға болады, бір топта Түркістандағы басмашылар қозғалысының тарихына және осы өңірдегі кеңес өкіметінің орнығуына қатысты материалдар топтастырылған. Бұл құжаттарда басмашылар қозғалысының барысы, Ибрагим бек, Энвер пашаның қызметі, Түркістандағы Қызыл Армияның көшірілуі, КСРО өңіріндегі Орта Азия халықтарының азаттық қозғалысы туралы «Руль», «Рижский курьер», «За свободу» газеттерінде, поляк баспасөзінде жарияланған материалдар бар. Олардың арасында басмашылар көтерілісі туралы орыс тілінде дайындалған мақаланың қолжазбасы бар, авторы белгісіз. Бұрынғы бұхар әмірі Саид Мир Әлімханның қызметіне, оның Түркістан, Ауғанстан және Бұхара тарихындағы рөлі туралы Мұстафа Шоқайдың еңбегі айрықша қызығушылық тудырады.

Құжаттардың келесі бір тобы «Прометей» ұйы­мының қызметіне қатысты. «Прометейдің» Ұлттар Лигасы Ассамблеясына үндеуінің мәтіні бар. Бұл құжаттар көшірме түрінде сақталған, яғни «Прометей» басшыларының құрамының қолтаңбалары жоқ. Дегенмен бұл құжаттар «Прометей» ұйымының қызметін зерделеу барысында таптырмайтын маңызды дереккөз. «Jornalde Geneve» және «Jornaldes Nations» журналдарында француз және ағылшын тілдерінде 1934 жылы жарияланған «Прометейдің» XV Ұлттар Лигасы Ассамблеясының төрағасына хаты бар. Мұнда бұл құжаттың француз тіліндегі машинкалық нұсқасы және оның поляк тіліндегі аудармасы бар.

Осы тектес құжаттар тобында «Прометей» ұйы­мының статусы сипатталған, онда КСРО-дағы орыс емес халықтардың өкілдері – саяси эмигранттар қызметін үйлестірген ұйымның мақсаты мен міндеттері көрсетілген, арасынан Мұстафа Шоқайдың қолы қойылған құжат та табылды.

Құжаттардың басым бөлігі «Прометей» ұйымының шеңберінде эмигранттардың күнделікті қызметін көрсетеді, «Прометейдің» жұмыс жоспары, регламенті, «Прометей» журналын ұйымдастыру жарғысы, эмигранттық мерзімді басылымдарды қаржыландыру туралы құжаттар, прометейлік басылымдардың есебі жинастырылған.

Мұнда «Promethee» журналында басылған Түркістан туралы басылымдар тізімі бар. Сондай-ақ, Мұстафа Шоқай мақаласы жарияланған «La Revuede Promethee» журналының алғашқы нөмірі туралы коммуникаты бар. 1934 жылы мамыр айындағы М. Шоқай қатысқан «Прометей» басшылық құрамының жиналысының хаттамалары бар. Бұл құжаттар Қазақстан ғалымдары мен мұрағатшыларының шетел мұрағаттарынан осы уақытқа дейін жинақтаған көптеген құжаттарының сырын ашуға септігін тигізері сөзсіз. Мұстафа Шоқайдың өтініші бойынша алынған кеңестік, түркістандық газеттер тізімі де қолымызда. М. Шоқайдың «Итало-абиссинский конфликт» мақаласы, «Прометей» ұйымының мерзімді басылымдарында 1938 жылы жарияланған мақалалардың қысқаша аңдатпалары бар. «Прометей» ұйымының бюджеті туралы қаржылық есептер, Польша үкіметінің «Прометей» құрамындағы эмигранттық ұйымдар басшыларының, оның ішінде М. Шоқайдың да іссапарын қаржыландыру туралы мәліметтер, М.Шоқайдың сапарлары туралы мәліметтер бар. Жекелеген құжаттарда 30-жылдардағы КСРО-ның дамуын талдауға арналған орыс тіліндегі құжаттар жинастырылған, бірақ авторлары көрсетілмеген. Енді бір істе Ю. Пильсудскийді жерлеуді ұйымдастыру туралы құжаттармен қатар, осы қаралы жиында М.Шоқайдың сөйлеген сөзі бар. «Прометей» ұйымының қызметіне қатысты құжаттардың көпшілігі поляк тілінде, француз, орыс тілдерінде жиі кездеседі, ағылшын, неміс, шағатай тілдерінде де құжаттар ішінара кездеседі.

Іздестіру-зерделеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде аталмыш мұрағат қорынан «Түркістан Ұлттық бірлігі» ұйымына, М.Шоқайдың эмиграциядағы қызметіне қатысты құжаттардан 605 парақ түсіріліп алынды.

Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің басшысы Орталық мемлекеттік мұрағаттың 90 жылдық салтанатты жиналысында аталмыш құжаттар көшірмесін есепке алу, әрі қарай қоғам игілігі үшін пайдалану үшін мұрағат қорына тапсырды.

Польша Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты Болеслав Валигори атындағы Орталық әскери мұрағатпен байланыс орнатуға, мұрағатшы мамандардың мұрағат қорларымен нәтижелі жұмыс жасауына Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы елшілігі (Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі А.Волков, кеңесшілері М.Баймұхан, А. Абдрахманов) қолдау көрсетті. Экспедицияны ұйымдастыруда экспедицияның ғылыми кеңесшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Кәкенқызы Көкебаеваның еңбегі ерекше.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Ұлттық мұрағат қоры тағы бір белгілі тұлғаның құнды құ­жаттарымен толықты.

Қолжазбалардың небір қиын оқылатын, әрі сирек кездесетін құнды нұсқаларын тауып, танып, әлемдегі қолжазба қорларына қызығушылық танытып отырған ғылыми орталықтар мен ғалымдарға, бүкіл араб елдеріне, Франция, Ұлыбритания, Иран, Пәкстан, Ауғанстан, Татарстан, Өзбекстан, Түркия елдеріне аты мәлім Насролла Мүбашшир ат-Тарази мұрағаты Орталық мемлекеттік мұрағат қорына қосылды.

Насрулла Мүбашшир ат-Тарази – Мысыр ұлттық кітапхана қоры мен архивіндегі шағатай, парсы, тарихи осман тілдеріндегі 23 мың қолжазбалар мен шығыс басылымдарының көрсеткішін жасаған библиограф, ориенталист, тегі қазақ, Мысырдың атақты ғалымы, профессор.

Мысырдың Каир, Айн Шамс, әл-Азхар уни­верситеттерінде шығыс тілдері мен әдебиетінен, қолжазба, мұрағаттарды оқудың қыр-сырымен таныс­тыратын пәндерден сабақ берген профессор Насрулла ат-Таразидың жеке кітапханасының, мұрағаттарының бір бөлігі қазір Каир университетінің ориенталистика орталығында сақталған. Тағы бір бөлігін 2004 жылы баласы Мүбарак Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы елшілігінің және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Мысыр мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандардың өтінішімен Қазақстанның Ұлттық мұрағат қорына тарту еткен болатын. Енді бір бөлігін үстіміздегі жылы баласы Мүбарак Қазақстан Рес­публикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінінің Орталық мемлекеттік мұрағатына өткізді.

Жеті тілді меңгерген /пушту, француз, парсы, араб, түрік, қазақ, өзбек/ ғұлама ғалым Насрулла Мүбашшир ат-Тарази ислам тарихы, оның Орта Азия мен Қазақстан жеріне тарауы, шығыс тілдері мен әдебиеті, ескі тарихи қолжазба-құжаттарды оқудың қыр-сыры мен аударма өнері туралы еңбектердің авторы. Тұран елі, Түркістанның тарихы туралы, оның өткені мен бүгініне тоқталған ой-толғамдары бар. Насрулла Мүбашширдің жеке мұрағатында қазақ халқының мәдени-рухани мұрасында алар орны, тарихи маңызы құнды құжаттар мен қолжазбалар сақталған. Әсіресе әдеби, мәдени, тарихи, рухани салалардағы ғылыми зерттеулерге негіз боларлық құнды материалдар көптеп кездеседі.

Мысалы: Тіл, әдебиет, тарих және библиография салаларындағы түркілік дереккөздер жөнінде, Түркі халықтары мәдениеті мен өркениетінің әлем өркениетіндегі іздері туралы, Тарихи Түркістан туралы зерттеулері, баяндамалары – бүкіл Орта Азия халықтарына ортақ мұра. 20-30 жылдардағы Қазақ­стандағы қоғамдық-саяси жағдай жөніндегі естелік-дыбысжазбалар, белгілі шығыстанушылармен, түркі­танушылармен, дінтанушылармен, Мысырдағы Түркістан ұйымының мүшелерімен түскен, т.б. фотосуреттер де қайталанбайтындығымен ерекшеленеді.

Мұндай тарихи мұрағаттарға басқа көршілес елдерден де көз тігушілер көп.

Әлемдік деңгейде танымал болған тегі қазақ атақты энциклопедист ғалым, ориенталист, библиограф, ескі қолжазбалар мен құжат, мұрағаттардың білгірі Насролла ат-Таразидың жеке мұрағаты Ақпарат және мұрағат комитетінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, 2006-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Египеттегі Елшілігінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген Бақытты Батырша-ұлының көмегімен Қазақстанның Ұлттық мұрағат қорына алынды.

Сонымен қатар, 2011 жылы Ақпарат және мұрағат комитетінің ұйымдастыруымен Археография және деректану Ұлттық орталығы Қазақстан тарихына қатысты шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелеріндегі құжаттар туралы ақпараттық анықтамалықтың 1-4 томдарын, «История Казахстана в документах и материа­лах» альманағының 1 шығарылымын, «Археология Семиречья. 1857-1912 гг.» құжаттар жинағын дайындап, жарыққа шығарды.

Мұстафа Шоқайдың эмигранттық «Дни», «Последние новости» газеттерінде жарияланған мақалалары мен «Яш Түркістан» журналында жарияланған мақалаларының орыс тіліндегі нұсқалары, жазысқан хаттары мен оның Түркістанға қатысты еңбектері туралы баспасөзде жарияланған мақалалар топтастырылған ««Туркестан – наша общая колыбель. (Туркестан в документах личного архива М. Шокая. 1920-1940 гг.)» деген жинақ жарық көрді.

Қазақстан, Ресей және Беларусь мұрағатшылары бірігіп ХХ ғасырдың қаралы парағы, бұрынғы КСРО халықтарының ортақ трагедиясы, миллиондаған адамның өмірін алып кеткен аштықтың ащы шындығын көрсететін «Голод в СССР. 1929 июль 1932» 2 кітаптан тұратын құжаттар жинағының 1-ші томын жариялады.

«Болашақ – өткен тарихты қорыту» дейді дана халқымыз. Тарихтың табан тіреп, ой қорытатын дәйегі – мұрағат деректерін жинақтап, халық игілігіне пайдалануда мұрағат саласындағы уәкілетті органның жасап жатқан жұмыстарының бір парасы осындай.

Ғазиза ИСАХАН,

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Ақпарат және мұрағат комитетiнiң

бас сарапшысы